Жұма, 29 Наурыз 2024
Шынның жүзі 5471 0 пікір 11 Қараша, 2014 сағат 13:25

Маңғыстау: кесеміз - алтын, ішкеніміз - сарқын...

Әлемге аста-төк байлығымен танылған Қазақстанның Тәуелсіз ел атанғанына ширек ғасыр болып қалды. Содан бері  не өзгерді, не ұттық? Әрине, ауызымызды қу шөппен сүртуге болмас, қол жеткізген жетістіктеріміз бар, оны бізден ешкім тартып та алмас. Дей тұрғанмен өмірдің тәлкегіне бәріңіз де куәсіздер, азап-тозаптың бәрі іштеріңізде сайрап тұр десем артық айтпаған болармын. Қараңдаршы, бүкіл қазақ елінің өндіретін мұнай-газының 80-90%   батыс облыстардың үлесінде. Ал енді аталмыш пайыздық көрсеткішімізге одан әрі үңілетін болсақ, көрсетілген көлемдегі «қара алтынның» 70% Маңғыстау мен Атырау өлкелерінің еншісінде. Бұл енді не білдіреді, көрсетілген аймақтар жайнап тұруы керек дегенді білдіреді. Ал, бізде бәрі керісінше. БАҚ-қа көз жүгіртсек, батыс аймақтар, яғни мұнай-газ өндіруші облыстар, еліміздегі өндірілетін «қара алтынның» табысының тек 1 пайызын ғана місе тұтады екен. Жоғарыдағы көрсетілген байлықтың үлес салмағына қарасақ, маңдайымызға қандай орасан мол байлық біткен деп таңғаламыз. Сондағы, бүткіл табыстан көріп отырған пайдамыз 1% мөлшерінде. Бұл  жерде мен, билік қара халықты таза қорлап отыр деп тіке айта аламын. Біздер осындай көлемдегі байлықтың үстінде отырып неге итаршы өмір сүруіміз керек? Тәуелсіз ел атанып, өз билігімізді өз қолымызға алған жиырма үш жылдың ішінде бір миллиард 100 млн. тонна мұнай өндіріппіз (бұл енді бұлтартпас факт). Осы аз байлық па? Бұл көлемдегі «қара алтынымыз» әлемдік нарықтағы бағамен есептегенде триллион АҚШ долларын құрайтын қаражат (соңғы жылдары мұнайдың бағасы тұрақтап, бір баррелі 110 долларды айналшықтап тұр, тек кейінгі кезде аздап сыр бере бастады). Бұл деген қандай шексіз мол табыс, түстеріңізге кірмей ме? Шындығында осындай көл-көсір байлықтың табысының жемісін   қара халық көріп отыр ма? Неге біз, өз мүдделерімізді, керек десеңдер, үлестерімізді аяқ-асты етеміз?! Бұл не деген енжарлық? Бұл байлық алаштың жерінен шығып жатқан қазақтың байлығы емес пе? Әлде, көрінген келімсекке бұйырған майшелпек пе? Триллион доллар деген табыс өте көп қаржы, бірталай дүниені былғайды (бұл ақиқатты ешкім жоққа шығара алмас). Тап осы жерде айтар едім, біздің тас бауыр биліктің қиындыққа тап болдық, қаржы тапшы, батыс елдерінде кризис болып жатыр деген желеулері, біздің ел үшін, мынандай қаржымен, бос сандырақ. Дұрысы өз елін, өз халқын тонауды тоқтату керек, бар болғаны осы ғана. Елдегі 17 млн-ға жетер-жетпес халықты жоғарыдағы көрсетілген қомақты қаржымен ұшпаққа шығаруға болмайтын ба еді? Кім қарсы уәж айтады бұған айтыңдаршы? Бұл мол қаржының есеп-қисабы қайда? Қайда сіңіп жатыр, сұрауы қайда? Не деген әділетсіздік? Не деген теңсіздік? Бұндай адам төзгісіз әділетсіздікті көріп отырып, қалай қақсап айтпаймын, менің Маңғыстауым тоналып жатыр деп. Әрине, маған қарсы уәж айтатындарда табылар, бұл мол қаржының ішінде инвестиция құйып жатқан шетелдік инвесторлардың үлесі бар, мұнай-газ өндірісіне кететін түрлі бағыттағы шығындар, тағысын тағы бар деп. Сонда да аз ақша емес-ау (тіпті триллион доллардың жартысы кетсе де-Қ.Б.). Бір деректерде, 1995 жылдан бері елімізге құйылған, шетелдік инвестицияның жалпы көлемі 184 млрд. доллар құраған көрінеді. Ал Бас прокуратураның мәліметінше, тек соңғы он жылда, елімізден 140 млдр. доллар шетел асқан (оффшорлық аймақ деген тойымсыз жалмауызға тап болдық-Қ.Б.). Енді бұған дейінгі жылдарда атышулы көк қағаздың қанша млрд-ның шетелге жөнелтілгенін бір құдайдың өзі біледі. Осы шетел асқан мол қаржылар қандай жолмен, қандай заңды тұлғалардың шотына, нақты кімдердің қалтасына кетті ол жағы біздің билікке белгісіз көрінеді (ал, бұл жердегі, яғни, оффшорлық аймақтардағы түрлі айла-тәсілдерді үкіметтегілер білмейді дегенге кім сенеді). Сонда бұл үкімет не бағып отыр, сыртқа ағып жатқан капиталды ауыздықтамағанда? Мысалы, шетелдік журналистік ұйымдардың бірі 2013 жылғы оффшорда тіркелеген кәсіпкерлердің тізімін жариялағанда 64 қазақстандықтың бар болғаны әшкерленген. Бұл тізімде біздің бұрынғы министіріміз Н.Қаппаров, экс-әкім И.Адырбековтар жайғасқан. Осы тізімнің көлеңкесінде қалғандар қанша ма? Біздің шенді-шекпенділердің бәрі миллионер болып болған-ау деймін (әрине доллармен–Қ.Б.). Бүйдеп қалай айтпайсың. БАҚ-да министірлеріміз Е.Досаев, Н.Қаппаровтардың байлығы жарияланып-ақ жатады. Бір деректерде 110 млн. доллар деп көрсетсе, екінші біреуінде 115 млн. доллар деп өсіріп қояды. Бұл жәйттар нені білдіреді, түсінген адамға мемлекеттік қызметтің арқасында майшелпекке әбден кенелуге болады деген ақиқат. Сөйтіп біздің елде мемлекеттік қызмет пен бизнестің аралас-құралас болып кеткені соншалық, арам табыстың құдайы берді. Қалай болғанда да, күңгірт жолмен түсіп жатқан табыс, капитал дейміз бе, әйтеуір, толассыз шетел асып жатыр. Осы жерде белгілі экономист А.Алибаевтың еліміздегі экономиканың 40 % көлеңкелі сипатқа көшті дегені дұрыс-ау деймін. Қарап отырсақ, азғана уақыт ішінде, мемлекетіміз үшінші рет қаржы амнистиясын өткізгелі отыр. Бұл неғылған шеті жоқ жарылғаушылық. Бұның аржағында қандай саясат бар деп үңілсек, сол баяғы, ұрлық-қарлықпен  шетел асқан капиталды заңдастыру, елге қайтару. Осылайша, біздің билік көлеңкелі экономикадағы күңгірт капиталды жарыққа шығарып жатырмыз деп жаһанға жар салады. Жақсы, 2001 жылы бірінші рет қаржы амнистиясын өткізгенін түсіністікпен қарайық. Кезінде, биліктің қақсап қоймаған өтпелі кезеңінен өтіп, етек-жеңімізді жинап дегендей, шалыс кеткен қаржыларымызды қайтарғанымыз, яғни заңдастырғанымыз дұрыста болар (бұл акция науқанында-500 млн. долларды бюджетке түсірдік деп жалаулатты ғой біздің шенеуніктер). Әрине капиталды заңдастыру деген қағида әлемдік тәжірибеде бар үрдіс. Бар екен деп, бұл әдісті қайта-қайта қолдана беруіміз, ұрлық ақшаның, елімізден шетел асып толастамай тұрғанын білдірмей ме (осы жерде өз артымызды, өзіміз ашып отырған жоқпыз ба?-Қ.Б). 2006 жылы осындай арам капиталды екінші рет заңдастырып тағы да қарық болдық. Бұл жолы жоспарды артығымен орындап 5 млрд. долларды қазынаға түсірдік (үшінші рет қыркүйекте басталғалы отырған кезекті қаржы амнистиясында биліктегілер 12 млрд. доллар түседі деп қолдарын ысқылап отыр-Қ.Б.). Сонда деймін-ау, бұлар, кейін қайтатын ұрлық ақшаның көлемін қалай болжап есептеп отыр-күмән көп. Әлде өздерінің «расчеттары» бар ма? Ертеңгі күні, осы акцияның қорытындысында көрсетілген көлемдегі қаржы кейін елімізге оралатын да болар. Соған қарағанда, тәуелсіз экономист Айдар замандасымыз айтқандай, біздің елдегі көлеңкелі экономика 40% емес-ау, әрірек асырыңқырап кеткендей көрінеді маған. Осылайша елімізден қашып-пысып кеткен арам қаржыны қорқытып-үркітіп елге қайтара беретін болсақ, қандай ой түйуге болады халқым-ау. Менің ойыма, біздердің жасырақ кезіміздегі «Италиялық мафия» (комиссар Катанидің мафиямен күрестегі жанкешті әрекеттері) атты шулы хабарды теледидардан жиі көретініміз есіме түсіп отыр. Аталмыш елдегі экономикалық қылмыстардың өршігені соншалық, түйені түгімен жеп жатқандай әсер қалдыратын еді, біздерге. Сол айтқандай, біздің елде осындай алаяқ жолға түсіп кеткен жоқ па деп қорқам.Тағы да қайталаймын. Өткен жиырма үш жылда 1 миллиард 100 млн. тонна мұнай өндіріп, неге күйзеліске түсеміз? Осы сұрақ менің ойымнан кетпейді. Содан да «мафия» деген пәленің есіме түсіп отырғаны. 2001 жылдан бастап «қара алтынның» бағасы еселеп өсті, тіпті бір жылдары мұнайдың бір баррелі 147 долларға дейін көтерілді (бұндай бағамен триллион доллар табысты қалай таппайсың). Соңғы жылдары мұнайдың бағасы жүз доллардан төмен түскен жоқ (тек бүгінгі күні, қыркүйек айынан бастап доллар төмендеді). Мұнайдың айналасында үлкен саясат бар екенін де түсінеміз. Сонда да деймін-ау, бізге қара халыққа, жоғардағы көрсетілген түйіткілді мәселелерді неге түсіндірмеске. Халықтың басын айналдырудың реті де, шеті бар емес пе? Бұндай қитұрқы әрекеттерге қашанғы төзуге болады? Белең алған келеңсіздіктерді көріп отырып, біліп отырып, Маңғыстауымның жоғын неге жоқтамаймын. Көтерілген мәселелерді мен, 15 жылға жуық уақыт қозғап келемін. Бұл қалай деп елеңдеген жұртымды, һәм жерлестерімді көре алмадым. Күйзеліске түсіп қорланғасын (қараңдаршы, өткен 53 жылда, киелі жерімнен 550 млн. тонна мұнай өндірілді, қызығын кім көріп отыр-айтыңдаршы?-Қ.Б.), «Қор болған Маңғыстауым» атты мақаламды жария еттім. Қалай бүйдеп айтпаймын, бұл имансыз билік көзімді бақырайтып қойып тонап жатса. Шындығымды айтсам, Маңғыстауымның халқына, жұмыссыз қан жұтып жүрген жерлестеріме қарным ашты. Егерде турасын айтатын болсам, бүгінгі таңда, қазақ елінде жұмыссыздық өршіп тұр. Кейбір деректерге үңілсек, ауылдық жерлерде тұратын халықтың, жалпы қазақтардың 60 пайызы өзін-өзі асырайтын «Самозанятый»  деген топты құрайтын көрінеді. Осылардың көпшілігі ресми статистикаға кірмейтін көрінеді (жалпы осы «самозанятый» деген шырақтар қай заңмен қорғалған?-Қ.Б.). Заңмен қорғалмаса оларды кімдер деуге болады? Енді келіп осы топты жұмыссыз қатарына қосып жіберсек, еліміздегі жұмыссыздықтың көрсеткіші 40 % -ға жетіп жығылатын түрі бар (ал ресми деректе, біздің елде бар болғаны 600-700 мың адамдай жұмыссыз көрінеді). Рас болса, бұндай көрсеткіш деген масқара емес пе? Маңғыстау облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметі бойынша, соңғы жылдары жұмыссыздық аймағымызда 8 пайыздан 7,2 пайызға дейін төмендеген деп көрсетілген. Бұдан не түсінуге болады? Бұдан түсінетініміз: өлкемізде 76 мың адамның шамасында жұмыссыз бар деген сөз. Жұмбақтамай, неге бірден 76 мың деп көрсетпейміз. Осы жұмыссыздардың санын пайыздап көрсету таза көзбояушылық әрекет, яғни халықпен жасырынбақ ойнаудың бір түрі. Көрсетілген мәліметте 2013 жылы барлығы 15500 адам жұмыс іздеп хабарласқан, олардың 8 мыңнан астамы жергілікті бюджеттің есебінен жұмысқа қамтылған. Ал енді хабарласпағаны қанша ма? Жүні жығылып, «хабарласқаннан не пайда» деп тарығып жүргендер қанша ма? Сонымен бұндай көрсеткіштермен кімді алдарқатады, мен осыған түсінбеймін. Осы жұмыссыздық жөнінде мен айтар едім, ауылдық жердегі әрбір үш үйдің біреуінде жұмыссыз сорлы мен мұндалап тұр деп. Бұл өмір шындығы. Соңғы жылдары Жаңаөзен қаласы мен Мұнайлы ауданында халықтың саны күрт өсіп отыр. Аталған екі қаламызда халық саны 150 мыңға жетсе, іргеміздегі ауданда 120 мың тұрғынды қусырып қалды. Жоғарыдағы мәліметтегі облыс бойынша көрсетілген 76 мың жұмыссызды, алысқа бармай-ақ, тек осы екі әкімшілік аумақтан бастарынан шертіп тұрып табуға әбден болады. Егерде биліктің оларға жұмыс тауып беретін мүмкіндігі болса. Мысалы, Жаңаөзен қаласын алайықшы, «Өзенмұнайгаздан» басқа, бұл шаһарда не бар көзге ілінетін, яғни тұрғындарды ауқымды жұмыспен қамтитындай?.. Әрине, бюджеттік мекемелердегі қызметкерлер бар, оқитын оқушылар, студенттер бар, балабақшадағы бүлдіршіндер, зейнеткерлер т.б. дейік, сонда да алақандай қаладағы 150 мың тұрғын өте көп жан. Бұл атышулы қалада жұмыссыздардың жетіп-артылатынына да шек келтірмейміз. Осы жұмыссыздықпен қатар, мұнайға белшесінен батқан қазақ елінде кедейшілік деген көрсеткіш тағы бар. Бір деректерде, еліміздегі 17 млн-ға жуық халықтың 60% кедейшілікке ұрынған деп көрсетіледі. Нақты ұрынып жүргендер де жоқ емес-ау. Бүл енді үкіметті ойландыратын мәселе. Билік болса, 2014 жылдың екінші тоқсанына арналған кедейшілік шегі деп 7986 теңгені бекіткен. Бұл соманы бір айдың әр күніне шақсақ 266 теңгеден келеді екен. Сонда деймін-ау, мына ақшамен кім жарылғайды, бұл не тірлік? Бұндай тірлікпен қалай ел боламыз? Мен тіпті түсінбедім. Біздің қазақ мемлекетін айналамыздағы көршілес елдер мұнай-газға кенеліп отыр деп, қызыға да, қызғана қарайды. Бұл енді таза шындық. Осы шындықты көзге шұқшитып айтсам, мұнай-газға бай мемелекет болсақ та, жетісіп отырғанымыз жоқ. Бүгіндері балалардың мектепке баратын қыркүйек айы басталып, мұғалімдерді мәпелеп- мадақтап, оларға гүл ұсынып, әйтеуір жыл сайынғы әдетімізше оларды қолпаштап жатырмыз. Оданда,  мұғалімдердің мардымсыз жалақыларын көтеріп, неге жарылғамаймыз? Олардың жұмысын кім жеңіл деп айта алады? Алатын орташа айлығы 50 мың теңгенің айналасында, тіпті ішіп-жеуіне жетпейді. Ал ұстаздардың әлеуметтік жағдайларын шешетін, яғни еңбектерін бағалайтын министрлеріміз болса, талтаңдап жүріп 600 мың теңге табыс табады (мұғалімдерді алдарқатып, уәдені үйіп-төгетін депутаттарымыздың да жалақысы осындай көлемде). Осы жерде айта кету керек, министр мырзалардың жалақысы тағы да көтерілген-ау деймін, себебі парламент қабырғасында бұл қалай деген депутаттарымыздың өкпе-наздары көрініп қалып жатыр. Бұл сарбаздарды оқытып-тоқытып, тәлім-тәрбиесін беріп, азаматтық келбетін қалыптастырып, оларды мектептегі алтын ұясынан жан-жаққа ұшырып жіберетін, осы мұғалімдер емес пе? Неге олар өздерінің сүйікті ұстаздарының еңбегін бағаламайды? Бұл шенді-шекпенділер, онсыз да күйсіз емес, уыстарындағы «тендер» деген майшелпекті армансыз сорып жатқан жоқ па? Бұл жерде депутаттар айтуы мүмкін, біздердің тендерге не қатысымыз бар деп, олардың да бизнестерінің қатысы барына ешкім күмән тудырмас. Бұл елде депутат болу тек қалталылардың маңдайына біткенін жұртшылық жақсы біледі.

Жалпы біздің биліктегілер халықты алдарқатуға шебер. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы, яғни 2000-ға дейінгі аралықты, бұл мезгіл өтпелі кезең, шыдай тұрыңдар, бәрі дұрыс болады деп біздің дінсіз билік жұртшылықты иландырып келді. Біз соған сеніп мойнымыз салбырап жүре беріппіз. Сөйтіп алдай келеді де 2001 ж. алғашқы қаржы амнистиясын өткізіп 500 млн долларды қазынаға түсіреді.

Сонда бұл қайырсыз билік, қайдағы өтпелі кезеңді айтып отыр, тап сол кезендегі ұрлық-қарлықпен қолды болған қаржыларды рақымшылық жасап кейін қайтарып отырса. Мен айтар едім, сол кезең, таза «прихватизация» дәуірі болды деп (керек десеңдер, елді тонау, талан-таражға салу уақыты болды). Тап сол тоқсаныншы жылдардың аяғында ғой, мұнайшылардың жалақымыз неге кешіктіріліп жатыр деген айқай-шуы орын алғаны. «Маңғыстаумұнайгаз» мұнайшылары офистерінің алдындағы қаламыздағы жалғыз даңғалды жауап тастап, көлік жүрісін тоқтатып, әрекет етті (сонда, қазынаға қайтарылған 500 млн доллар қаржы қайда тығылған, яғни, мұнайшыларға жетпей жатқан?). Маңғыстау мұнайшылары қомақты еңбек ақы талап етіп бас қосса, оларды күшпен тұншықтырып, бұл дәрменсіз билік, басқа проблемалар жоқтай, Жаңаөзен қаласының атауын өзгертуге әлек. Яғни, «Бекет-ата» шаһарына өзгертеміз деп жұртшылықты алдарқатып, олардың көңіл-күйлерін басқа жаққа  аударады (әйтеуір, халықтың қарсылығынан кейін бұл мәселе басылып қалды). Бірақта қасиетті атамыздың атын өткен жылы жүк тасымалдайтын кемеге беріп жіберді (күндердің – күнінде «Жаман айтпай жақсы жоқ» дегендей, бұл кеме су айдынында апатқа ұшырап, жанар-жағармайы төгіліп көк теңізді бүлдірсе қайтеміз?) Сөйтіп, хабар-ошар бүкіл әлемді шарлайды емеспе? «Бекет-ата» кемесіндегі жанармай төгіліп айдай айдын бүлініп жатыр деген жүзіқаралыққа тап болмаймызба? Онсызда Астанадағы атамыздың атындағы елеусіздеу көше, жаңбыр жауған сайын суға батып жатады. Бұндай күйелі ағаштан атамыздың абыройын қорғай білейік ағайын.

Жоғарыда мұғалімдердің еңбек ақысының мардымсыздығын көрсеткенімдей, жалпы қазақ еліндегі орташа айлық жалақыға келетін болсақ -700 долларды құрайды екен, ал орташа зейнетақы-250доллар. Енді біздің мемлекетіміз құсаған мұнай өндіруші Норвегия еліне қараңдаршы, оларда орташа айлық-5500 доллар, ал орташа зейнетақы-2800 доллар. Көрдіңіздер ме, «қара алтынның» қызығын көріп отырған халық деп осыларды айтуға болады. Орманнан басқа айтарлықтай байлығы жоқ, мұнайы тағы жоқ, Финляндия елінде орташа зейнетақы 2,5-3 мың  еуроға дейінгі аралықты қамтиды. Қандай қамқорлық! Қазақ еліндегі ең төменгі күнкөріс мөлшері 20 736 теңге (114 доллар) ал еуроодақ мемлекеттерінде – 1200 еуроның төңірегінде, аржағын өздерің біздің ақшамен салыстырындар. Міне жанашырлық!  Ал енді, кезінде бір одақта болған, яғни бұрыннан аралас-құралас мемлекеттердің әлеуметтік жетістіктеріне назар аударайық. Бұларда бізден озып тұр. Біздің елдегі балаларға төленетін жәрдемақыны, олардікімен салыстырмалы түрде алып көрелік. Бүлікшілдермен жағаласып жатқан Украина-1,5 есе, мұнай-газдан ада Беларусь-2есе, көршіміз Ресей-5 есе біздікінен жәрдемақыны артық төлейді екен. Ресейде сонымен қатар, «аналық капитал» деген жобамен қомақты көмек тағы да көрсетіледі (бұл азуы алты қарыс алпауыт елмен Еуразиялық экономикалық одаққа біріккелі жатырмыз, жұтылып кетпесек болар еді). Бұл жәрдем, анау-мынау емес, 10 мың доллар көлемінде. Міне, мемлекеттік көзқарас деп осындайда айтады. Біздің ел болса жылына 80 млн. тонна мұнай өндіріп отырып, ең болмағанда балалардың жәрдемақыларын толыққанды жететіндей етіп өсіре алмайды, басқасын айтпай-ақ қояйық. Бұл деген нағыз масқарашылық ғой. Тағы бір күлкілі жәйт, егеменді болған 23 жылда 1 млрд. 100 млн. тонна мұнай өндіріп отырып жанар-жағармайға тапшымыз (соңғы уақытта, елімізде, жыл сайын 80 млн тоннадан кем мұнай өндіріліп отырылған жоқ). Бұны қалай түсінуге болады? Бұл деген шектен шыққан бассыздық, бұл енді арсыз биліктің бетпердесінің көрінісі. Басқа сөздің ретін таба алмай отырмын. Мұнайды былай қойғанда, Қазақ елі, жалпы қазба байлықтарының қоры бойынша дүниежүзінде 6-шы орында. Қазақстанның жер қойнауында «Менделеев кестесіндегі» (яғни, химиялық элементтер таблицасындағы) 110 элементтің 99-ы бар екен. Минералдық-шиказаттық базасы 5004 кенорыннан тұрады, ал бағасы шамамен 46 трлн. АҚШ долларын құрайды деп көрсетеді кейбір дерек көздер. Енді не айтуға болады, халқым-ау. Менің Маңғыстауым болса, тағыда қайталаймын, өткен 53 жылда 550 млн. тонна мұнай өндіріп (250 млн. тоннасы Кеңес одағы кезінде өндірілді-Қ.Б.) не жетістікке жетті-айтыңдаршы? Көпшілік халқымыз уайым-қайғыдан басқа ештеңе көріп отырған жоқ. Біріккен Араб Әмірліктеріне барып қараңдаршы, 20-30 жылда мұнайдың арқасында қандай дәрежеге жеткенін (ғажайып жетістіктерге жетіп, шалқып өмір сүріп отыр десем, артық айтпаған болармын). Мысалы бұл елде сәбилердің өмірге келуін құшақ жайып қарсы алады, бір араб туылса мемлекет оған есепшот ашып 40 мың АҚШ доллар салады. Бұл ақша, жыл сайынғы түрлі әлеуметтік бағдарламалар бойынша еселеніп отырады. 18-жасқа келгенше қанша қаржы болады? Ел ішінен жанашыр азаматтар табылып, БАӘ-не барып, бұл жұмақ аймақтың бар жетістігін көзбен көріп, оны деректі материалдар қылып жинап алып келіп, біздің елдің жағдайымен салыстырып халыққа паш етсе ғой шіркін (осы араб әмірліктеріне талтаңдап барып қыдырыстап, мәз-майрам боп жүрген жерлестіріміз екі жақтың тіршілігін салыстырып қарамайма екен, бұл қалай деп?). Сол уақытта бәріңіздің тасқараңғы көздеріңіз жарқ етіп ашылар еді. Сонда ғана, біздің елдегі әдеттегідей биік трибуналардан қақсап айтылатын «құлпырып жатырмыз», «гүлденіп келеміз» деген жел сөздердің бәрі бос ұрандар екенін (керек десеңдер, бос сандырақ екенін) анық түсінесіздер. Сөйтіп «қара алтынға» бай екі елдегі, екі түрлі тірлік, бар шындықты ажыратып, ақ пен қараны көзге ұрып тұрып көрсететіні анық ақиқат. Қарсы уәж айтатындарға мен дайынмын. Сонымен елді тонап, жер байлығының несібесін өзіне бұйыртпау деген қоғам алдында, халықтың алдында, керек десеңдер, тарих алдында кешірілмейтін қылмыс.

  

Қамысбай Бесінбергенұлы,

заңгер, Ақтау қаласы 

Abai.kz   

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1584
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2284
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3621