Сейсенбі, 23 Сәуір 2024
Біздің шенеунік 11925 0 пікір 16 Қараша, 2014 сағат 09:52

МӘДЕНИЕТ МИНИСТРІНІҢ «МӘДЕНИЕТІ»

2008 жылғы Пекин, 2012 жылғы Лондон олимпиадасының чемпионы, 2007, 2008, 2011 жылғы әлем чемпионаттарының чемпионы Илья Илин рекорд жаңартып, әлем чемпионының алтын тұғырына тағы да көтерілді.
- Жаттығу кездерінде серпе көтеруде 245 килограмды оңай алып жүргенмін. Сондықтан серпе көтеруде сенімді болдым. Осы жолы 239 килограмды ала бергенде, техникалық қателік жіберіп қойдым. Ал 242 килограмды көтеру — үлкен жетістік. Бұл жетістігіммен тоқтап қалмаймын. Енді біраз үзіліс жасап тынығамын да Лондонға барып үйреніп жүрген ағылшын тілін дамытып келемін. Сосын Рио-де-Жанейродағы олимпиадаға дайындықты бастаймын,- деді Ильин жарыс соңында журналистерге берген жедел сұхбатында.
Алматыдағы Балауан Шолақ атындағы спорт кешенінде өтіп жатқан әлем чемпионатында Ильяға дейін Қазақстан спортшыларынан Зүлфия Чиншанло, Жасұлан Қыдырбаев — алтын, Жазира Жаппарқұл, Владимир Седов — күміс алған еді. Әлем чемпионаты бүгін, 16 қарашада аяқталады.
Илья Ильинді жеңісінен кейін бірден телефонмен президент Нұрсұлтан Назарбаев құттықтады.
- Сіздің тапсырмаңыз орындалды, Президент мырза, - деді Илин жүрекжарды қуанышын жасыра алмай.
Ильяның кезекті жеңісіне елімізде қуанбаған адам кемде кем шығар. Бәріміз тұрып қол соқтық. Ильяның жеңісін әйгілеп асқақтаған әнұранымызды шырқап, тебірендік. Міне, дәл осы кезде аса бір ыңғайсыз жағдай көрініс тапты. Зілтеміршіміз 242 кг-ды бағындырып, жаттықтырушылар ортасына мерейі тасып оралғанда арсалаңдап қасына жетіп барған Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы қазақ елінің әнұраны асқақтап, көк байрағы көтерілген кезде де қалта телефонына қайта-қайта қарағыштап, қыбы кетіп тұрған. Шамасы, ар жағында әнұранды ұрмайтын біреу қоңырау шалып қоймаса керек, кенет ол телефонын Илиннің қолына ұстата қойды. Ильяның әнұранға деген құрметі шексіз екен, Мәдениет министрінің мінін жауып, әнұранды әріқарай шырқай берді.
Атасының атынан бас тартқан министр өзіне тікелей соққан қоңырау иесінен қорқатындығы сондай – тіпті әкесінің де атын ұмытып қала жаздаған сияқты. Әлде «қорққан мен қуанған бірдей» демекші, министіріміздің қуанған түрі осы болды ма екен. Әйтеуір, сасып-сабдырап, алабұртып ұялы телефонына «ұрланып» қарай берді. Министрдің қолбалаша қолды-аяққа тұрмай зырлағаны, жанұшыра жүгіріп Ильяның құлағына телефонын тоса бергені көрермен қауымды бей-жай қалдырмады, әлеуметтік желілерде әжептеуір әңгімеге жүк болып үлгерді. ӘЖ-дегі жазбалардың бірінде, мысалы, Ақберен Елгезек былай деп жазды: 
- Грецияның мәдениет министрі мұражайға ұры түскені үшін өз еркімен қызметінен кетті, Италияның мәдениет министрі өз елінің ән марафонында ұтылып қалғаны үшін өз еркімен қызметінен кетті, Ұлыбританияның мәдениет министрі декларациясында 150 мың долларға бағаланған үйінің маңайында көтерілген шудың нәтижесінде өз еркімен қызметінен кеткен...
Біздің ұғымға болмашы боп көрінетін осындай "қылмыстардың" қасында өз мемлекетінің ең киелі рәміздерінің бірі - Әнұранды сыйламаған министр не істеу керек?
Жо-жоқ, ол отставкаға өз еркімен кетпейді. Күтпеңіздер. Президент Ата заңның кепілі ретінде, мемлекеттік нышандардың қорғаушысы ретінде елдің абыройын айрандай төккен министрді өзі орнынан алып тастау керек. Әнұранға пысқырмаған адам елге түкірді деген сөз. Бұл барып тұрған көргенсіздік, тіпті қылмыс. Мәдениет министрі осындай елді әлем енді жабайы, мәдениетсіз деп қабылдаса, обал жоқ бізге. Өкінішті. Ұят.
Abai.kz 

0 пікір