Жұма, 29 Наурыз 2024
46 - сөз 7638 0 пікір 1 Желтоқсан, 2014 сағат 12:52

ТҮЗДЕ АДАСҚАН ТӨРТ КҮН

Он алты жасар Дулат Мырзағали басына түскен қиындықты жеңіп шықты.

Жалпы биылғы жыл Нұра ауылындағы Т.Жүргенов атындағы орта мектептің 11- сынып оқушысы Дулат Мырзағали үшін елеулі ауыртпалықпен басталды. Дәл жаңа жыл басталған алғашқы күні төрт мүшел жасқа толатын әкесі Әбілсейіт кенеттен қайтыс болды. Шешесі Қарлығаш алты баламен қалды. Отбасындағы балалардың үлкені және кенжесі қыз балалар. Қалғаны төрт ұл бала. Сондықтан да Дулат әке шаңырағын жалғастыратын үлкені болып саналады. Өзінен үлкен  апасы Райхан Ақтөбе ауыл шаруашылық колледжінде оқиды.

Қалың жұртшылықты дүрліктірген оқиға мектеп оқушыларының күзгі каникулы кезінде орын алды. Нұра ауылдық округі орталығынан жеті шақырым жердегі Мамыр ауылындағы үйіне барған Дулат «қолың тигенде асау тайға бас үйретіп берерсің» деген нағашысы Жантайлақтың өтінішін   жадында ұстап жүрді. Зейнеткерлікке шыққан нағашы атасының өзімен құрдас баласы да бар. Алайда ол кісі Дулаттың ат құлағында ойнайтын ептілігін ескеріп қолқа салған еді.

Қарашаның 10-ы күні ертеңгілік сағат 8-дің шамасында Дулат нағашысының үйіне келді. Ол жабағы кезінде бас үйретіліп, құнанында мойнына құрық тимеген асауға, ер тоқым салып, үстіне қарғып мінді. «Ыбырай тамы» деп аталатын қорым орналасқан қыр беткейіне қарай атпен шауып кеткен Дулат сол кеткенінен мол кетеді. Нағашысы болса “ат әбден жуасыған соң қайтып оралар” деген оймен бейқам жүре береді. Баласының қайтып оралмағанынан секемденген Қарлығаш кешкілік Жантайлақтың үйіне келіп: «Дулатты қайда жібердіңіз?» — деп сұрайды. «Асауды үйретіп кетіп еді, оралып келіп қалар,» — деп жауап береді ол кісі.

Қас қарайған кезде ғана бүкіл ауыл дүрлігіп, Дулатты іздеуге шығады…

Ал асаумен құйғытқан Дулат ауылдан жиырма шақырымдай қашықтыққа ұзап кеткенін сезбей де қалады. Түс қайта айналаны қалың тұман басады. Айдаладан бір белгіні байқайды. Қасында жол бар екен. Соған түсіп алғанды жөн көреді. Жайылып жүрген бір топ сиыр кездеседі. Малдарды топтап айдағанымен, олар алға баспайды. Сөйтсе, ол сиырларды далаға қарай айдаған екен. Бұл әрекетінің дұрыс болмағанын Дулат кейіннен ғана сезеді. Әйтпесе сиырлардың өрістен қайтуын күтіп, соңына ерсе, ауылға жетері сөзсіз.

Ауылдан айдалаға ұзап кеткен Дулат өзінің адасқанын аңғарды. Бір бөгеттен өтті. Оның қай жер екенін білмейді. Кішкентаевтар отбасы осыдан екі жыл бұрын осы округтің Дүкен ауылынан Мамырға қоныс аударған. Сондықтан да Дулатқа бұл өңір таныс емес еді. Астындағы аты әбден жуасыды. Атын шіліктің түбіне байлап, үстіндегі ерін сыпырып, тоқымын өзінің астына төсеп, далада түнеуге тура келді.

Келесі күні таң алакеуімде оянған Дулат атын ерттеп жолға шықты. Меңіреу дала. Сол бетімен өркеш-өркеш құм таулардың үстімен өтті. Айдалада жалғыз қасқырды кездестірді. Алыстан қарап тұрған түз тағысы аттылы адамнан қаймықса керек, өз жөнімен кете берді. Ешқандай із жоқ, жапан далада тағы бір күнін ат үстінде ас-сусыз өткізген Дулат кеш бата қайтадан далаға қонды. Әдеттегідей атын жыңғылға байлап, тоқымын астына төсеп, айдалада екінші күн түнеді. Дулат осы бір қиын күндерде өмірге деген құштарлығын, әйтеуір аман-есен ауылға жетем деген үмітін үзбеді.

Түбінде бір қараны кездестірем деген үкілі үмітін үзбеген Дулат үшінші күні түс қайта иен даладағы қақыраға тап болды. Мал баққан әлдекімдердің осында қоныстанғанын білді. Қақырадан пышақ, шырпы, шұбатылған целлофан табылды. Сол маңайдан отардың ізін байқады. Бұл кезде бір жағынан аштық қысып, екінші жағынан қара суықтан жаураған Дулат целлофанды киіміне орап алды. Бауыржан батырдың майданда осындай әдісті қолданғанын естігені бар еді. Шын мәнінде де, целлофанның  жел өткізбеуге әжептәуір себебі тиді. Атын іргеге байлап, қақыраның ішіне қона кетті. Алайда мұндағы ұйқысы жайлы бола қойған жоқ. Түсіне ауылдағы інілері кіріп, түн ортасында шошып оянды. Сол кезде  үлкендердің естіген «айдалада иесіз қыстауға қонуға болмайды» деген қағида ойына оралды. Қараңғы түнде қақырадан шығып, өзінің үйренген дағдысымен даладағы жыңғылдың түбіне жатып, көз іліндірді.

Түздегі төртінші күн Дулаттың есінде түнектен жарыққа алып шыққан сәт ретінде қалары анық.  Мал отарының ізіне түсіп жүрген аттылы Дулат айдаладан тракторды кездестіргенде қуанышында шек болмады.

Құла түзде кездескен техникада екі ер адам бар екен. Олар Дулаттың жағдайын тез түсініп, өздерімен бірге алып жүрген суын, шайын, нанын берді. Осылайша өң мен түстің арасында өткен сын сағаттар артта қалды. Атын далаға тұсап жіберіп, жиырма шақырымдай қашықтықтағы Ырғыз ауылдық округіне қарасты Қалалыкөл ауылына трактормен жетті. Одан әрі телефон байланысы арқылы Дулаттың отбасына, өзін іздеп табанынан таусылған барша жерлестеріне сүйінші хабар жеткізілді…

Ырғызда ұстаз болып қызмет жасайтын, Дулаттың әкесінің ағасы Жиенғали Кішкентай былай дейді:

— Баланы бір құдай сақтады. Дулат асау атпен кеткен күні түннен бастап ауылдың адамдары аяқтарынан тік тұрып, жан-жаққа іздеу салды. Тек Мамырдың ғана емес, округтегі өзге ауылдардың адамдары, аудандық құзырлы орындар да осынау бір қысылтаяң кезде шын қиналып, баланы іздестіруге атсалысты. Олардың баршасына шын ниеттен алғыс айтамыз. Дулат 13 қарашада Ырғызға жеткізілді. Аудандық ішкі істер бөліміне барып, аудандық ауруханадан дәрігерлік тексеруден өтті. Дулатпен Ырғыз ауданының әкімі Мирхан Дуанбековтің өзі де сөйлесті. Баламыздың өмір жасы ұзақ болсын дейміз.

 

Ал Т.Жүргенов атындағы орта мектептің директоры Рулан Қоқымбаева Дулаттың екпінді оқитын оқушылар қатарында екенін айтады. Қазір Дулат сабағына қайта кірісті. Оның аман-есен оралуын ауылдастары ерлікке балайды.

Марат МЫРЗАЛЫ.

Ырғыз ауданы.

Дереккөзі: http://www.aktobegazeti.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1584
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2284
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3622