Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Билік 5095 0 пікір 17 Желтоқсан, 2014 сағат 15:08

ЖОЛДАУДЫ ЖҮЗЕГЕ АСЫРУЫ - НЕГІЗГІ ЖҰМЫС БАҒЫТЫ

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты халыққа Жолдауын жүзеге асыру «Қазақстанның Тұрғын үй құрылысы жинақ» банкі АҚ-ның негізгі жұмыс бағыты болып табылады.

Мемлекет Басшысы биылғы Жолдауында атап көрсеткендей, Қазақстанда пайыздық мөлшері төмен және бастапқы жарнасы төленбейтін жаңа тұрғын үй жобасының жүзеге асуына жаңаша серпін беріледі. Жолдауда тұрғын үй инфрақұрылымын нығайту мәселесіне тоқталған Елбасы: «Арендалық баспана құрылысы тұрғысындағы қадамдарды қайта қарастыру керек. Бізде қолжетімді баспана бойынша көптеген әдістер бар. Елімізде Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі, ипотека, арендалық бағыттар қамтылған. Енді бізге басқа қырынан қарау керек. Мемлекет әлеуметтік арендалық баспананы салып, оны халыққа сатып алу құқығымен ұзақ мерзімге жалға беретін болады. Қазіргі кезде қолданыстағы жүйе қомақты қаржыны талап етеді. Бастапқы жарнаны төлеткізеді, содан кейін банктер кабальді (кіріптарлық) пайыздарды бекітеді, яғни оның деңгейі 20 пайызға жетеді. Адамдар оны төлеуге қауқарсыз және проблемалар туындайды. Бұл бағдарламалар қалады, олар дәулетті адамдар үшін қалыпты. Ал жаңа бағыттағы бағдарламаны жас отбасылар үшін және баспанаға зәру азаматтарға жасап жатырмыз», – деген еді.Бұл ретте жаңа бағдарлама бойынша баспана еш делдалдарсыз, барынша төмен пайызбен беріледі. Несиелік қызмет ету 1-2 пайыз көлемінде ғана болуы мүмкін. Осы бағдарлама аясында тұрғын үйді сатып алу құны төмендетіліп, бастапқы жарна қарастырылмайды.

ҚР Президенті Н. Назарбаев аталмыш бағдарлама бойынша баспана құрылысына 2015-2016 жылдары 180 млрд теңге бөлінетіндігін баса айтты. Осы жүктелген міндеттерді жүзеге асыру барысында ел тұрғындарын қол жетімді баспанамен қамтамасыз етудің жауапкершілігі «Қазақстанның Тұрғын үй құрылысы жинақ банкі» АҚ-на да жүктеліп отыр. Бүгінгі таңда ҚР Үкіметінің шешімімен баспана нарығындағы тұрғын үймен қамтамасыз етудің басты операторлары болып «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры мен «Қазақстанның Ипотекалық компаниясы» АҚ және  «Қазақстанның Тұрғын үй құрылысы жинақ банкі» АҚ таңдалған. Осы орайда «Қазақстанның Тұрғын үй құрылысы жинақ банкі» АҚ өз тұтынушыларының орасан зор сенімі арқылы еліміздің маңдай алды қаржы ұйымына айналғандығын мақтанышпен айтады. Елбасы Жолдауы жүктеген жаңа міндет банк ісіне жаңа серпін беріп, тұрғын үй нарығын қаржыландырудың жаңа бағдарламаларын дүниеге әкелуге негіз болады деп сенеміз. Банктің ұзақ мерзімге арналған қаржы саясаты баспанаға мұқтаж отандастарымыздың үмітін оятып, қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз етудің жолдарын жеңілдетуді көздейтіні белгілі. Ал, Мемлекет Басшысы жүктеген міндет біздің бұл ісімізге толықтай қолдау мен мүмкіндік береді.

Абай-ақпарат.  

0 пікір