Жұма, 29 Наурыз 2024
Мәйекті 56575 0 пікір 20 Желтоқсан, 2014 сағат 09:29

ҚАСЫМ ХАННЫҢ ҚАСҚА ЖОЛЫ»

 

 

Қасым хан Қазақ Ордасының негізін салушы  тарихи тұлғалардың бірі - Керей ханның немере інісі  Әз-Жәнібек ханның бел баласы. Анасының есімі – Жаған-бегім Шайбани ханның інісі  Махмұд сұлтанның шешесінің туған сіңілісі.  

Қасым өмірінің алғашқы кезеңінде Керей ханның баласы, тақ иесі  Бұрындық ханның   әскерінің қолбасы,  жаумен шайқастарда  көзсіз ерліктер жасаған тарихи   тұлға  ретінде  бейнеленеді.  Сол кездердегі тарихи деректерде Қасымның тоғыз ағайынды болғандығы айтылады. Олар: Әдік, Қасым, Еренжі, Махмұд, Жаныш, Таныш, Қамбар, Ұснақ, Жәдік.  «Бұлардың ішінде  хандық дәрежеге жеткен Әдік пен Қасымнан  басқалары, әрқайсысы елу мыңнан әскері бар кішігірім хандық дәрежесіндегі ұлысқа билік жүргізген.   Ағайынды тоғыз сұлтан  қазақ елінің айбыны болып, абыройын асырды. Бірақ олар ата салтымен хан көтерілген, бүкіл ұлыстың туын ұстаған Бұрындықтың алдынан кесе көлденең өтпеген екен. XVI ғасырдың бас кезінде тақсыз хан деп танылған дарынды Қасымның өзі Бұрындықа  қарсы келмеген. Бұл турасында сол заманның тарихшыларының деректеріне сүйеніп жазушы М.Мағауин Қазақ тарихының әлппесі деген еңбегінде «Бір кезде өз әкесі Жәнібек Керей ханның билігіне бас ұрғаны сияқты, Қасым да Бұрындық ханды  құрмет тұтқан»1 - деп жазады.  Оның ел мұратын,  халық   мүддесін бәрінен де жоғары қойғандығы айтылады. 

Ата мекенге  біржола орнығу  жолындағы күресте  Әз-Жәнібек хан ұлдары Еренжі,  Махмұд, Жаныш, Таныш сұлтандар айрықша көзге түседі. Ал осы  ержүрек   ағайындылар  ішінде батырлығымен де, ақылымен де дара шыққан – Қазақ Ордасының болашақ  ханы Қасым сұлтан болады. Ол 1445 жыл шамасында дүниеге келген.  Қазақ Ордасының шаңырағы көтеріліп  жаңа ұлыстың біржола орнығуы жолындағы күресті көзімен көруі,   текті ұрпақ Қасым сұлтанның өзгелерден озып туған, өзгеше тұрпатты қайраткер ретінде қалыптасуына  әсер еткен.  Қол бастауда да, ел басқаруда да ежелгі ата-дәстүрін  меңгерген  Қасым сұлтан өзінің бар ғұмырын туған халқының болашағына арнады. Ел мұратынан бөтен тілегі, жұрт бақытынан бөтен мүддесі болмаған. Қазақ Ордасын ата қонысқа орнықтыру жолындағы қанды ұрыстарда жеке ерлігімен танылған Қасым сол кездегі тарихи әдебиетте Қыпшақ жұртының “белгілі сұлтаны, даңқты бахадұры’’ деп аталады. Бұрындық хан кезінде жеңімпаз қолбасы ретінде кеңінен танылады, жорықта жау бетінде, шабуылда  алда  болады. Ұрыс  даласында әскери қабілетімен дараланған Қасым сұлтан бейбіт кезде әділде, білгір елбасы ретінде жұрт құрметіне бөленеді.    Қырықтың қырқасына шыққан кемеңгер Қасым 1500 жылдар шамасында қазақ  даласының тақсыз ханы,  айбарлы әміршісіне айналады. Белгілі тарихшы Махмұд бен Уәли өзінің ”Бахр әл-асрар”атты кітабында, 1504 жылдың оқиғаларын баяндай келе: ”Қазір бүкіл Дешті Қыпшақтың билігі  Қасым ханға көшкен”,2 -деп жазады. Қасымның күш-қуатының артқаны соншалықты, ол бүкіл Мәуераннахр өңірі үшін үлкен қауып болып отыр дейді.

         Бүкіл  Орталық Азияның әміршісі   Мұхаммед Шайбани ханның әскерін  1510 жылғы қысқы жорықта Қасым әскері  талқандағаннан соң, Қазақ Ордасының күш-құдіреті шартарапқа  тарайды.   

         Соңғы жылдарда парасаты мол Бұрындық ханның беделі кемімесе де,  хандық биліктен шеттеп, өз еркімен ата тағынан бас тартып, Алла жолына  беріліп,  азғана нөкерімен  киелі аймақ – Мәуераннахр шегіне  таяу қоныс аударады.

         Ал қазақ жұрты Қасым сұлтанды ежелгі түрік дәстүрі бойынша   ақ киізге отырғызып, хан  көтереді. Ортағасырлық  тарихшы Абдаллах бен Мұхаммед бен Әли Насруллах өзінің “Зубадат әл-Асар” атты кітабында: “Қасым хан бүкіл Дешті Қыпшақтың падишахы болды. Ол ұлы істер жасау үшін туған адам еді. Қасым ханның қисапсыз әскері қазақтар мен ноғайлардан құралған еді”3, - деп жазады.  Бірақ Қасым хан  бұл әскерді басқаның  жерін жаулау үшін емес, қарауындағы халқының қауіпсіздігі   үшін ұстады.   Ұлыстың тыныштығын, Қазақ Ордасының ежелгі Көк Орда қонысында біржола ірге тебуін өмірлік мұраты деп біледі. Ол бүкіл түстік өңірдің қауіпсіздігін қамтамасыз ете білді.  Қасым хан Қазақ Ордасын төңірегіндегі елдермен тегіс бітім жасап, бейбіт жағдайда ұстай білді. Бұл - елу жыл бойы үнемі ат үстінде, жорық жолында болған қазақ халқына тыныс берген, өте ұтымды саясат еді.

 

Ұлы Моғол империясының негізін салған Ақсақ Темірдің ұрпағы,   ұлы жазушы Бабыр өзінің атақты “Бабырнама” кітабында: “Қазақ халқының бұрыңғы-соңғы хан, сұлтандарының ішінде Қасым хандай құдіретті әмірші болған емес. Оның үш жүз мың әскері бар еді”,4 - деп атап көрсетеді.  Еңбектерін сол замандағы тарихи дәстүр бойынша парсы тілінде жазған Дулат руынан шыққан тарихшы Мұхамед-Хайдар: “Қасым хан бүкіл Дешті Қыпшаққа билік жүргізді. Оның   халқының саны миллионнан асатын. Шыңғыстың ұлы Жошы ханнан соңғы жерде бұл жұртта Қасымнан асқан құдіретті хан болған жоқ”,5- деген куәлік қалдырған.

         Қасым   шайқастарда ерекше ерлігімен көзге түскен батыр, тапқыр қолбасшы болды. Ол хандық құрған 1511-1518/1521,1523 жылдары қазақ қоғамы жоғары сатыға көтеріліп, қуатты мемлекетке айналды. Ханның басты мақсаты бейбіт өмір кешу болатын. Қасым хан Моғолстан ханы Сұлтан Сайдпен достық қатынаста болды. 1513 жылы Сұлтан Сайд Ташкентке біріккен жорық ұйымдастыруды ұсынды, бірақ Қасым бұл ұсыныстан бас тартты.  Өйткені ол кезде көршілес рулар мен тайпалар Қасым ханның атақ-даңқын, кемеңгерлігін естіп, өз еріктерімен келіп қосылып жатты. Оның қол астына қараған жер аумағы ұлғая берді. 1514 жылы Сұлтан Сайд Шығыс Түркістанға кеткен соң қазақ ханының Жетісудағы билігі нығая түсті. XVI ғасырдың екінші он жылдығында Қасым хан ұлан-байтақ қазақ территориясын өз қол астына қаратты. Бұл кезде  қазақ хандығының шекарасы оңтүстікте Сырдария алабымен ұлғайып, Түркістан аймағындағы (Сырдария бойындағы) қалаларды  өзіне қаратып алды. Шығыс оңтүстікте оған Жетісу жерінің дені (Шу, Талас, Қаратал, Іле өзендерінің алабы) қарады. Солтүстік және шығыс солтүстікте Ұлытау өңірі мен Балқаш көлінен асып, Қарқаралы тау тарамдарына дейін кеңейді, батыс солтүстікте Жайық өзенінің алабын қамтыды. (Жайық өзені бойындағы Сарайшық қаласы) Осылайша хандықтың шекарасы кеңейе түсті. Қасым ханның қол астындағы халық саны миллионға жетті7. Қасым хандығы көптеген елдерге танылды. Қырым, Астрахан, Қазан, қалаларымен дипломатиялық қатынас орнатты. Жан-жақты білгірлігінің, саясаткерлігінің арқасында 1516 -1517 жылы Мұхамед Шайбанидың әскерін  талқандап, мемлекетін құлатты.

         «Қазақ хандығының саяси және экономикалық жағдайы Қасым ханның тұсында (1511-1518/1521,1523 ) одан әрі нығайды. Ол феодал ақсүйектердің қарсылығын әлсіретіп, әскери қуатын арттырды. Өзіне қарасты қазақ жерін кеңейте түсті. «Тарих-и-Рашиди», «Шайбанинама», тағы басқа деректемелердегі мәліметтерге қарағанда, қазақтардың этникалық территориясының негізгі аудандары қазақ хандығына Қасым хан тұсында біріктірілген». 

 Бастапқы кездерде қазақ хандығының саяси-әкімшілік және сауда экономикалық орталығы Сырдария бойындағы Сығанақ қаласы болды. Бұдан бұрын қазақ даласын билеген мемлекеттердің - Ақ Орда мен Әбілхайыр хандығының да орталықтары осы қала болған еді. Түркістан қаласы қазақ хандығына өткеннен кейін қазақ хандығының астанасы Түркістан қаласына ауысты, қазақ хандары Түркістан қаласындағы (Ахмед Йассауидың ескерткіші) Ақ сарайда отырып билік жүргізген. «Түркістан қаласы қазақ хандарының астанасы болған кезде Ақ сарай 200 жылдан астам (16-18-ғасыр) хан сарайы қызметін атқарған» 9 .   

 Қазақ хандығына қарасты қалаларда ел билеген хан, сұлтан, төрелерден тыс, қазақ саудагерлері мен қала тұрғындары да болған. Сол кездегі Түркістан қаласы туралы Таушымерген: «Түркістан қаласы күйдірілмеген кірпіштен салынған, ал кейбір жерлерінде күйдірілген кірпіштен салынғандары да бар; бұл қаланың биіктігі 3 сажын, қалыңдығы екі кез және бір сажын келеді (қаланы айнала қоршаған қорғанды айтып отыр), қаланың аумағы 500 сажындай болады, қабырғаларда оқ ататын ұялар жасалған, бұл қаланың өзінде биік мұнара бар, қалаға кіретін төрт қақпасы бар, ол қалада мың адамдай қазақтар тұрады, сол қаланың өзінде олардың заңы бойынша мешіт салынған, ал Түркістан қаласының айналасы ашық дала»10 – деген мәлімет қалдырған. 

            Қазақ хандығының  нығаюы   оның  мемлекеттік беделін арттырып, сыртқы саясат пен дипломатиялық қарым-қатынас саласында белгілі табыстарға қол жеткізді. Қазақ хандығы сол кезінде өмір сүрген Орталық Азия хандарымен, Еділ бойындағы елдермен, батыс Сібір хандығымен және орыс мемлекетімен сауда-саттық және дипломатиялық қарым-қатынас орнатты. Қазақ хандары әр дәуірде елдің ішкі-сыртқы жағдайында туылған өзгерістерге үйлесіп, икемді сыртқы саясат ұстанып отырды. Қазақ хандығының негізін қалаушы Керей, Жәнібек, Бұрындық хандар Ақ Орданың атақты ханы Ұрыс ханның мұрагерлері, Алтын Орда мен Ақ Орданың 200 жыл ел билеген дәстүрін дамытушы, әскери-саяси және дипломатиялық күрес тәжірибелеріне бай адамдар  болды. Ал олардың дәстүрге айналған билігін жалғастырған  Қасым хан өте-мөте үздік шыққан мемлекет қайраткері ретінде танылды. Қазақ хандығы алғашында Моғолстан мемлекетімен достық-одақтық қарым-қатынас орнатып, Әбілқайыр ханның Жетісуға төндірген қауіпіне және ойрат-жоңғар тайпасы Амасанжының Моғолстанға жасаған шабуылына қарсы күресті, Ноғай одағы, Сібір хандығы тағы басқа Жошы тұқымынан шыққан хандармен одақтаса отырып, Әбілқайыр ханның мұрагері Шаих Хайдарды жеңді. Мұхаммед Шайбаниға  қарсы Темір әулетінен шыққан Мұхаммед Мәзит Тарханмен одақтасты. Сөйтіп, сыртқы саясаттарда табысқа жетіп отырды. Қасым хандығының саяси өрлеуіне себеп болған тағы бір жағдай - Ноғай ордасының іштей ыдырауы еді. Билікке таласқан ноғай мырзаларының толассыз өзара қырқысулары Ноғай ордасын барынша әлсіретті. Осыны пайдаланған Қасым бұрын сол орданың құрамына кіретін біраз тайпаларды өз қарамағына алды.

Қасым басқарған хандықтың саяси тұрғыдан өрлеуі оның халықаралық жағдайын да едәуір нығайтты.   Қазақ хандығы Қасым хан тұсында орыс мемлекетімен дипломатиялық қарым-қатынас жасап, батыс Еуропаға танылды. Ұлы князь Василий ІІІ тұсында (1505-1533) Мәскеу княздығымен дипломатиялық байланыс орнатты. Қазақ халқы дербес халық ретінде батыс Еуропаға әйгілі болды. Австрия дипломаты Сигизмунд Герберштейн өзінің жазбаларында осындай мәлімет қалдырған. Қазақ хандығы өзінің төңірегіндегі елдермен, әсіресе Орталық Азияның отырықшы қалалы аудандарымен сауда-саттық жасап отырды. XVI ғасырдың жазба деректері: қазақ саудагерлерінің «үнемі ислам елдеріне бұрын да, қазір де барып отырғанын» атап көресетеді...11.  Бұл саудагерлер егіншілік пен қолөнер өнімдеріне өздерінің мал немесе мал шаруашылығының шикізаттарын ғана айырбастап қойған жоқ, сонымен қатар қазақтардың үй кәсібінің өнімдерін де, мәселен, жүннен тоқылған шекпендерді айырбастап отырды; бұл жүн шекпендерді, Сейфидің айтуына қарағанда, Бұхарадан жұрт «атлас шапанды сатып алатындай бағамен сатып алады, олар соншалық әсем, биязы келеді».12  Бұл мысалдар қазақ хандығының әскери-саяси жағынан ғана емес, экономикалық жағынан да оңала бастағандығын көрсетеді.

Қасым ханның қазақ хандығын күшейту, қазақ тайпаларын және қазақтардың этникалық территориясын біріктіру жолындағы жеңістері елдің ішінде де, сыртында да оның беделін арттырып,  даңқын асыра түсті. Әйгілі тарихшы Мұхаммед Хайдар Дулати «Тарих-и-Рашиди» атты кітабында; «Қазақ хандары мен сұлтандары арасында Қасым хандай құдіретті ешкім болған емес.   Әсіресе қазақ хандығының Сырдария жағасындағы қалалар үшін соғысының жеңістері Мәскеу мемлекетіне дейін естіліп жатты. Мәскеу елшісі Данила Кубин 1536 жылы Ноғай ордасынан мынадай мазмұнда хат жолдаған: «Патша ағзам, жұрт қазақтарды тіпті күшті деседі. Патша ағзам, Ташкент ханзадалары қазақтармен екі рет соғысыпты, ал қазақтар оларды жеңіп кетіпті» 13  -деп жазған.

Қасым тұсында Хан Ордасы бірде Жетісуда, Қаратал өңірінде, бірде Шу бойында, енді бірде Арқада, Ұлытау етегінде,  батыста Жайық жағасында болады. Хан Ордасының қазақтар мекендеген әр аймақтарда қоныстануы ұлттың ұйысуына, мемлекеттің тұтастығын қамтамасыз еткен  Қасым ханның  саясаты  еді. Бұл арқылы жұрт хан билігінің құдіретін сезініп қараусыз, қорғансыз  қалмайтындарына көздері жетіп,  хандықтың тұтастығын   тани түседі.

Қасым хан алғашқы қазақ заңы - «Қасқа жолды» жарыққа шығарды. Бұл заң қазақ арасында бұрыннан қалыптасқан әдет-ғұрып ережелері негізінде жасалды.  Аталған заң сол кезде мұсылман елдерінде жаппай қолданылып жүрген ислам дінінің (шариғат) заңынан өзгеше, көшпелі қазақ өміріне үйлесімді байырғы өмірге негізделген заң болды. Сондықтан, ол Қасым ханның атымен байланыстырылып: «Қасым ханның қасқа жолы» деп аталады.

Қасқа деп  қазақ тілінде  көшпенділердің  тікелей өмірімен тығыз байланысты қасиетті жануар- жылқы малының  дәл маңдайына орналасқан ақ теңбілді айтады. Өмірде жиі кездесетін «Жирен қасқа  айғыр», «Торы қасқа  бие», «Көк қасқа құнан», – деген атаулар  қасқа сөзінің қандай мағанада қолданылатын көрсетеді. Осы мағананы негізге алар болсақ  «Қасқа жол» деген сөз тіркесі ақ жол, халықты  адастырмайтын тура жол,   бақытқа жетелейтін сара жол деген мағана білдірсе керек.  Міне сөздің құдіретін бағалайтын бабаларымыз  Қасым ханның қазақ халқының мүддесіне сай шығарылған заңдар жинағын тура  жолға,  ақ жолға  балап “Қасым ханның қасқа жолы” деген қысқа қайырған мазмұны терең атау бергенін байқаймыз.

         Ел басқару жүйесінде ата жолынан аумаған Қасым хан заман ерекшелігіне  орай,   жаңа низам жүйесін енгізеді. ”Қасым  ханның қасқа жолы” аталатын бұл көне Жарғы сол кездегі қазақ қауымының қоғамдық және құқықтық заңдарын қалыптастырады, әдет-ғұрып тұрмыс-салт ережелерін  заңдастырып, жеке адамдар арасындағы ру тайпалар мен қоғамдық топтар арасындағы қатынас жүйесін реттейді. Қасым хан әдет-ғұрыптық заңдарға арқа сүйеп, тарихқа «Қасым ханның қасқа жолы» деген атпен енген өзі дайындаған конституциялық құжаттың көмегімен ел басқарды. Бұл қазақ ұлтында жасалған тұңғыш заң еді. Заң бес тараудан тұрды. Заңда Құран талаптарына қайшы келмейтін қазақи әдет-ғұрып ерекшеліктер сақталып, сол кездегі қазақ жұртының табиғатына сай етіп жасалған болатын. Қазіргі күні кейбір мәтелдер сол заңның тармақтарынан алынған.  Қасым хан отырықшы елдердегі тәртіп-заңға ұқсамайтын көшпенді  халықтың күнделікті тұрмыс-тіршілігіне, салт-санасына, ой-көзқарасына орай жаңа заң "Қасым ханның қасқа жолы" деп аталып кеткен тәртіп орнатты.   Қазақ хандығының мемлекеттік негіздері де осы заңда көрініс тапты.14  

"Қасым ханның қасқа жолы" деп аталған, халқының ұлттық, әлеуметтік жағдайына сай әдет-ғұрып пен биліктің жаңаша Дала заңының  негізін қалаған, өз билігі кезінде Қазақ хандығын сол заманғы ең қуатты елге айналдырған, атақ-даңқына өз халқымен бірге көрші елдер де қанық болған, батырлық пен қайсарлық, кемеңгерлік пен табандылық, мейірім мен дарқандық, адам қызығарлық жан жомартығы сияқты ұлтының асыл қасиеттерін бойына жиған жұрт осы заңмен тәрбиеленген. Бір сөзбен айтқанда, “Қасым ханның қасқа жолы”-қазақ жұртының елдік,  ұлттық санасын негіздеуде шешуші қызмет атқарған өзгеше құжат болды.

Қасым хан өз халқының барлық қадір-қасиетін бойына жинаған, ақыл-парасатымен ғана емес, жайсаң мінезімен, адамгершілік қасиеттерімен де өзгеше тұрпатын танытқан ғажайып тұлға болды дейді зерттеуші ғалымдар. Өз заманында Қасымның жүзін көрген, онымен кездесіп, аз уақыт болсада дидарласқан  кісі ғұмыр бойы оның нұрлы жүзін ұмыта алмайтындықтарын айтып кеткен. Қазақ ханының даналығын ғана емес, жомарттығын, кеңдігін, өр мінез тәкаппарлығы мен қоса биязылығына, әдептілігіне тәнті болғандар   Қасым ханды қазақ жұртының бақытына туған ерекше тұлға деп бағалаған. Оған Мұхаммед Хайдар Дулатидың : «Қасым ханнан басқа Дешті-Қыпшақта Жошыдан кейін оған пара-пар келетін хан болған жоқ» деп дәріптеуі Қасымның өз заманында  ерекше беделді болғанын аңғартады.

  Қасым хан 1518 жылы (кей деректерде 1521,1523 жылдарда) Қазақстанның батысында, Жайық бойындағы сәнді, салтанатты қала Сарайшықта дүние салады. Сүйегі Алтын Орда хандарының ежелгі зиратына, жеке күмбезге жерленеді. Қазір бұл жерде тау-тау болып үйілген топырақ қана жатыр.15 

Қасым  хан  қайтыс  болған  соң  қазақ  хандығында  саяси  дағдарыс басталып, ол 15  жылға  созылды. Ішкі   қырқыстар  мен  сыртқы    соғыстардың  ауыртпалығы  және  феодалдық  езгі  мен  қанау  халық  бұқарасын  қатты  күйзелтті. Бұл дағдарыс   Қазақ  хандығын  да  әлсіретті. Қазақ  хандығын  нығайтуға  және  күшейтуге  қажырлы  қайрат  жұмсаған  Қасымнан  соң   оның  мұрагерлері  арасында   таққа  таласқан  қырқыстар  күшейді. Мұхаммед Хайдар атап көрсеткендей "қазақ сұлтандары арасыңда дау-шар басталды". Қасымның орнына хан болып оның баласы Мамаш (Момыш)  отырды. Тарихи деректерде оның хандық құрған  мерзімі  ұзақ болмағанын көрсетеді.  Кейбір деректерде Мамаш ханның шайқаста тұлпары жығылып, жаппай жағаласта атқа бастырылып шейіт болғандығы айтылады.

Қасымханның екінші ұлы Хақназар да қазақ елінің  беделді ханы болған.

 

 Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Қазақстан тарихы, Көне заманнан бүгінге дейін.Бес томдық.»Атамұра».Алматы,1998.

     3-том,  373-бет 

  2. Махмұд бен Уәли.   ”Бахр әл-асрар”л. 124;    Мағауин М."Қазақ тарихының

            әлппесі" А, 1995. 21- бет

  3. Абдаллах бен Мұхаммед бен Әли Насруллах “Зубадат әл-Асар”;Сонда, 21-бет

  4.   Аталған еңбек,  21- бет

  5. Бұл  да  сонда, 21- бет

  6. Пищулина К.А.Казахское ханство во взаимотношениях с Могулистаном и

             Шайбанидами в последней трети 15 века. А, 1981, 96-123с. 

  7. «Қазақ ССР тарихы», Алматы, 1979. 2-том, 262-бет,

   8.  Мұхаммед  Хайдар  Дулати  «Тарих-и-Рашиди»,  46-174-беттер

   9. «Қазақ совет энциклопедиясы», 1-том, 643- бет.

 10. Мұратқан Қанидың Араб ғарпінен аударып, дайындаған, Қазақтың көне

         тарихы.-Алматы: Шинжаң халық баспасы, 1987ж. Жалын, 1993.  242-б

 11.«Қазақ ССР тарихы», Алматы, 1957. 1-том, 274-бет,

 12.«Қазақ ССР тарихы», Алматы, 1957. 1-том, 180-бет,

 13. В.В.Веньяминов-Зернов «Қасым хан жайындағы зерттеу»  230-бет

 14.  Мағауин М."Қазақ тарихының әлппесі" 22-23 беттер

 15.  Аталған еңбек,  23 – бет

 

Есенғазы     Қуандық,

тарих ғылымдарының докторы,  профессор.

 

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1578
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2276
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3593