Жексенбі, 24 Қараша 2024
Интернет идеология... 9762 0 пікір 12 Қаңтар, 2015 сағат 09:29

ЕРКЕК НЕГЕ ӘЙЕЛ БОЛҒЫСЫ КЕЛЕДІ?

 - Еркек болғым келмейді-і-і-і...- деп аяқ астынан шыңғыра жылаған жас баланың дауысына еріксіз жалт-жалт қарадық. Іші-сырты тілмен жалағандай жалтыраған үп-үлкен супермаркеттің ішінде арылы-берілі қайшы алысып жатқан көпшілік те дауыс шыққан жаққа аңтарылып қалды. Айналадағы адамдардың, адамдар болғанда да аңтарылып қалған қазақтардың қарасынан ұялып кетті ме, әлде басқа бір себебі болды ма – әйтеуір шыңғыра жылаған бес-алты жастағы ұл баланың жанындағы... анасы болса керек, жап-жас келіншек әлдекімдерден ақталғандай, айналасындағыларға былай деп салды: «...осы бір телевизоры құрғырдағы әйелдерше киінген еркектерден-ақ көретін болдым ғой, көресіні! Қосып қалсаң болды, жап-жас жігіттер әйелдерше киініп алып, неше түрлі қызықтың көкесін көрсетеді де жатады. Енді келіп міне, соны көре-көре әбден миы айналып қалған мына балам дүкенге келсек болды, «еркек болғым келмейді, маған қыз баланың киімін алып бер, телевизордағы көкелер сияқты болғым келеді» деп қиғылық салады. Не істеуге болады бұған, а? Түсіндірейін десең, түсінбейді ғой бұл... кішкентай ғой әлі...»

Кішкентайдың қылығына көпшілік сол жерде әлбетте, ішек-сілелері қатқанша күліп алды. Ал әлгі келіншек болса... қолына қыз баланың гүлді-гүлді көйлегін қысып алған ұл баласымен әуре болып кетті. Иә-ә-ә, күлейін десең, күлетіндей-ақ әрекет – әлгі кішкентай баланікі. Ал бірақ мен күле алмадым. Өйткені есіме сыншы-жазушы, кинодраматург Айгүл КЕМЕЛБАЕВАның осыдан бірнеше жыл бұрын белгілі бір баспасөз бетінде «...көгілдір экрандағы кинодан артық қандай идеология керек?! деген сөздері түсті. Шынында да, бүгінгі күні біздің телеарналарымыз екі күннің бірінде біздің еліміздегі «саны бар да, сапасы жоқ» қаптаған көп сатира театрларының әр жылдардағы, әр маусымдардағы өздері қызықты да қызықты деп есептейтін қойылымдарын бұрқыратып көрсетеді де жатады. Көрсете берсін, мейлі ғой. Әйтсе де мәселе мынада: менің білуімше, қазақ елінде ер адамдардан гөрі, әйел адамдардың саны басымырақ, мұны екінің бірі жақсы біледі. Сонда деймін-ау, сатира театрларындағы еркексымақтардың «еркектің образын жасау» қолдарынан келмегендіктен әйелдердің рөлдерін ойнағаны ма сонда, қалай бұл өзі? «Әйел адам аз болғандықтан әйелдердің рөлдерін еркектер ойнап жатыр ма?» дейін десең, елімізде әйел дегеніңіз «жыртылып айырылады». Олардың ішінде кез-келген образға ойдағыдай кіріп кететін таланттылар да аз емес. Сонда мұнымыз не масқара? Рас, өзге елдерде, әсіресе біздің қазекең қатты еліктейтін солтүстік көршімізде кейбір актерлер әйелдердің рөлдерін ойнады. Бірнеше рет. Оның өзінде де өзіміз көрген бірді-екілі телехабарларда ғана. Соны көріп алған біздің «талантты жастарымыз» келсін-келмесін қыз болып та, әйел болып та, тіпті кемпір болып та ойнай беретін болды. Ал енді ана бір Нұртас АДАМБАЕВ деген жап-жас талантты жігітіміздің еркек екеніне кейбіреулер күмән келтіретін де болды, өйткені оны ер адам ретінде кейбіреулер көз алдына елестете алмайды екен. Шындығы осы. Мұндай қарадүрсін «әйели әрекеттер» аты дардай «Шаншарға» да, «Нысанаға» да, «Алдараспанға» да, «Базар жоққа» да... басқасына да тән. Бұл не сонда, Еуропа елдеріндегі бір жыныстылардың отбасылық әрекеттерін қазақ елінде насихаттау ма? Насихаттағанда да оны өзгелер емес, өзіміз насихаттап жатырмыз ғой! Олай емес дейін десең, супермаркеттегі әлгі кішкентай ұл баланың «еркек болғым келмейді-і-і-і...» деп шыңғыра жылағанын қалай түсінуге болады? Рас, бұл жерде баланың титтей де кінәсі жоқ, өйткені кішкентай бала өте-мөте еліктегіш болады. Көргенін істегісі келеді.

Өткен жылы Қарағандыда орыстың екі жігітінің үйлену тойы дүркіреп өтті. Екі «голубойдың» осынау тойын телеарналар да, интернет желісі де қолдарынан келгенше әспеттеп, мадақтап... жарнамалап жатты. Біздің елімізде «мұндай некеге» заң тұрғысында тиым салынғанымен, сол кезде сол той   ға бір де бір құқық қорғау органы, бір де бір депутат... «ТӘЙТ!» деген жоқ. Оны қойшы, оның жарнамасы бір реттік қана ғой, болды да – жоқ болды дейміз. Ал мына өзіміздің «талантты жігіттеріміздің талантты әйел» болуға қатты ұмтылатыны... бізді қатты ойландыратын болды. 31-ші арна дегеніміз құдайдың құтты күні көрсетеді осыларды. Соңғы кездері. Бұған қалай тосқауыл қоюға болады өзі, а? Бірдеңе дейін десең, «жеке адамның өміріне қол сұққан» болып шыға келесің. Бірдеңе демейін десең, бұлардың көпшілігі әй-шәйға қарамай «балаларды бұзып» жатыр. Әлде сатира театрлары өз қойылымдарына «кәмелет жасына толғандар ғана көрсін» деген хабарлама ілсін деп талап қояйық па! Не істейміз сонда, а, халайық-ау?

Марат МАДАЛИМОВ.

Абай.kz 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3259
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5572