Жұма, 29 Наурыз 2024
Билік 47015 0 пікір 25 Ақпан, 2015 сағат 15:57

ДӘСТҮР МЕН МӘДЕНИЕТ – ҰЛТТЫҢ ГЕНЕТИКАЛЫҚ КОДЫ

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Мәңгілік Ел идеясын көтергеніне екі-үш жылдың жүзі болды. Елбасы оны Қазақстан мемлекетінің мызғымас идеялық тұғыры ретінде ұсынды. Халыққа биылғы Жолдауында сол ойын нақтылай түсіп, Мәңгілік Ел халықтың біріктіруші күші, ешуақытта сарқылмайтын қуат көзі екенін айрықша атап көрсетті. «Өткен тарихымызға тағзым да, бүгінгі бақытымызға мақтаныш та, гүлденген келешекке сенім де Мәңгілік Ел деген құдіретті ұғымға сыйып тұр. Отанды сүю, бабалардан мирас болған ұлы мұраны қадірлеу, оны көздің қарашығындай сақтау, өз үлесіңді қосып дамыту және кейінгі ұрпаққа аманат етіп табыстау… Барша қазақстандықтардың жұмысының түпкі мәні – осы!» деген болатын.

Алдан СМАЙЫЛ,
Парламент Мәжілісінің депутаты.

Бұл – киелі парыз, ұлттық мұрат. Ал осы мұратты бүгін, ертең және ғасырлар бойы қалай жүзеге асырамыз? Мәңгіліктің саяси тұғыры не? Рухани тірегі қайсы? Сірә да сарқылмайтын ұлан-ғайыр уақыттың ұзына бойында көнермеу үшін, өшпеу үшін, адамзатпен бірге жасай беру үшін мемлекет қандай мән-мазмұнға ие болуы керек? Ұлт пен оның есті қауымы – зиялы қауымның осы қазір және таяу болашақта атқаратын міндеттері қандай? Мәңгілікке бастар жолда бізге кім үлгі? Батыстың либералды капитализмі мен либералды демократиясы ма? Қытайды әлемге бейімдеудің негізгі және тиімді құралына айналған конфуциандық рационализм бе? Араб әлемінің діни-идеологиялық және мәдени-ғұрыптық оқшаулануы ма? Әлде ұлттық болмыс пен салт-дәстүрді сақтай отырып, жаһанмен жарыса дамуға мүмкіндік  беретін, бақылауда ұсталынатын мәдени-рухани ашықтық па?

Мұндай қиын сауалдар сарсаңға салған елдер аз емес. Жауабын дәл тапқандар да бар, таба алмай адасқандар да жетерлік. Нақты мысалға жүгінетін болсақ, Жапония осы төңіректе ерте ойланған жұрттың бірі. Күншығыс елі мәңгілікке сыртқы әсерлердің қандайына да (мәдени экспансия, діни арбау, тікелей жаулап алу, т.б.) төтеп беретін, бастапқы қасиеттерін ешқашан жоғалтпайтын ұлттық діл мен ұлттық рух бастайды деп білді. 1542 жылы Батыспен қарым-қатынасты біржола үзді. Екі жақты байланыстың жекелеген залалсыз түрлеріне ғана рұқсат етілді. Мәселен – қару-жарақ сатып алу. Ал мәдениет пен дін, саясат саласындағы араласудың кез келген көрінісіне, әсіресе, христиандық көзқарасқа үзілді-кесілді тыйым салынды. ХVІІ ғасырдың орта тұсында шетелдіктер түгел елден қуылды. Бұл ахуал ХІХ ғасырдың ортасына дейін сақталды.

Сонда жапон халқы не ұтты? Біріншіден, Еуропа елдерінің жаулап алуға бағытталған қатыгез агрессия­сынан туған жерін аман сақтап қалды. Екіншіден, төл ұлттың бастапқы этникалық қайнарлардан қайта сусындауына, жас толқынның ата дәстүрлерге шөлін қандыруына, ел ішіндегі түрлі ниеттегі топтар мен қауымдардың бір ортақ мұратты – ұлттық тұтастықты қадірлеуіне, ұлттық бауырмалдық пен намыстың күшеюіне қол жеткізді.  Бұл ұлы жеңіс еді. Осыдан соң, жапондықтар енді ешқандай әзәзілдің азғыруына ермейтіндігіне, әлемге ұлттың көзімен, ұлттық мүддемен қарайтындығына, жапон рухының мәңгілігіне сенім орныққан соң ғаламға есік айқара ашылды.

Мұндай қадамға Қытай 1601 жылы барды. Елден христиан миссионерлері мен түрлі ағымдағы шетелдіктер қуылды, қытай мәдениеті әлемдегі ең озық мәдениет екендігін дәріптеу басталды. Аспан асты елі туралы идея мәңгілік идеясы ретінде асқақ жырланды. Миллиондар: «Біз өшпейміз!» – деп ұрандады.

Дәл осындай асқақ сезім түркі аспанында да қырандай саңқылдаған. Ол кезең ата-бабаларымыз өздерін жоғарыда Көк тәңірі, төменде қара жер жаралғанда, ортасында жаралған адам баласына балады. Ол сондықтан үстем әрі мәңгілік болуға тиіс деп білді. Көкте түрік тәңірісіне, түріктің қасиетті жер-суына: «Түрік халқы жойылмасын, ел болсын» дегізді. Ал мұндай жойқын идеяны құдіреті күшті мемлекет қана көтере алатын еді. Тегінде мәңгілік дегеніміз – мемлекеттіктің жанартаудай қуатты рухани серпіні, елдіктің шырқау шыңына жетуі. Жаһанға жасқанбай қарай алған халықтың асқақ арманы. Мемлекеті жоқтың мәңгілікте несі бар? Оның мұраты – жан сақтау.

Осыған ден қойсақ, қазақ мемлекеттігінің бас­тауы жарты әлемді билеген Ғұн империясына  тұспа тұс келсе, салтанат құрған кезі – Түрік қағанатының алтын ғасыры. Бумын қаған 552 жылы ту көтерген бұл қағанаттың шекарасы батыста Византияға, түстікте Персия мен Үндістанға, шығысында Қытайға дейін созылды. Мұндай айбынды мемлекет дәл сол тұста бірен-саран-ды. Ал алып елге ең қажеті ішкі бірлік болатын. Ол мәңгіліктің түпқазығы еді. Сондықтан даңқты қағандар, данышпан Тоныкөк аралық идеяны – «Тұтас түркі елі» идеясына ғұмыр берді. Дәл осы идеяның бұлжымай сақталуы үшін барын да, жанын да салды. Таққа отырған соң туған жерінің байырғы мәдениетінен алшақтап, Қытай мәдениетіне бет бұрған Қапаған қағанды 716 жылы Күлтегін биліктен тайдырып, басын алды.

Кім біледі, ғалымдар құндылығы жағынан атақты Орхон ескерткіштеріне теңеп жүрген Ұлытаудағы Таңбалы тас осы кездің мұрасы шығар. Оның тұрған жері де ерекше. 47 метр тереңдіктегі аңғарда аумағы 6 шаршы метр жартас бар. Соған 445 рудың (тайпаның) таңбасы ойылған. Қарап тұрып өзіңнен өзің сұрайсың. Неге 445 тайпа?  Оларды ортақ ойға ұйытып, этностық белгілерін бір тасқа қашатқан қандай мұрат? Ұлытау неге таңдалды?

Жауап біреу: бұл түркі қағанаты көксеген «Тұтас түркі елі» идеясын қолдаған тектес жұрттардың өзара пәтуасы, бөлінбеске берген анты. Соған сүттей ұйыған, Ұлытауды төрткүл дүниенің алтын төріне балаған көк түріктердің айнымас серті.

Тарихқа терең көз салсақ, тұтасу идеясы мен бауырмалдық Сақ заманынан бар екенін көреміз. Әңгімені шырқатпай, дерекке жүгініп айтсақ, ел билеген көсемдерін бір жерге арулап қою рәсімі әлем елдерінің тарихында кездеспейтін ерекшелік. Сақтардың Шіліктіде ғана патшалар жерленген 150  обасы бар. Осы киелі дәстүр кейін Түркістанда жалғасқаны баршамызға белгілі. Егер аталған рәсім елдік мәнге ие болмаса,  бұлай сабақтаспас еді. Біздің бабаларымыз тұтастық пен бірлікті тірліктен ғана емес, о дүниеден де іздеген. Екі әлемде де іргеміз сөгілмесін деген. Дүниеден озған рухтар қылаусыз  табысып, жарық дүниедегі ұрпақтарының тілеуін тілеп жатса, түркі елі мәңгілікке бет алатындығына сенген.

Дәл сол сенім мен дәстүрді біз жоғалтып алмай, жаңғыртуға тиіспіз. Ол бір жағынан рухтар жалғастығына жетелесе, екінші жағынан ұлттық тамырдың үзілмеуіне, ұлттық қасиеттердің баяндылығына бастайды. Ұлттық мемлекет құруға құлшындырады.

Асылында Мәңгілік Елдің тұғыры – ұлттық мемлекет. Англияның тарихи тұлғасы Уинстон Черчилль: «Өркениеттің негізгі қағидаты – билеуші таптың халықтың көне дәстүрлері мен ерік-жігеріне бағынуы», деген ғой.  Осы дуалы ойды сәл өзгертіп парықтасақ: «Мемлекеттің негізгі ұстанымы – ұлттың тарихи арман-аңсауы мен мұраттарына  адалдық» дер едік. Ал біздің тарихымыз, көне сақтар мен ғұндардың, Көктүріктер мен Қазақ хандығының ұлттық мемлекет құру идеясына суарылған. Сол идея жүзеге асқан ғасырларда Ұлы Дала дәуірлеген, мемлекеттіктен айырылған замандарда ұлардай шулаған.

Осы жерде айрықша айта кетейік, республика Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясында «Қазақ Елі» идеясын жайдан жай көтерген жоқ. Мәңгілік Ел  мұратын жүзеге асыратын ұлттық саяси институт ретінде әлеуметтік-философиялық айналымға енгізді. Тілге байланыстыра отырып, баршамызға терең ой салды. Елбасының: «Қазақ тілі жаппай қолданыс тіліне айналып, шын мәніндегі мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерілгенде, біз елімізді Қазақ Мемлекеті деп атайтын боламыз» деуінде және «Дәстүр мен мәдениет – ұлттың генетикалық коды» екенін қадап айтуында терең мән бар. Бұлардың бәрі ұлттық мемлекетттің белгілері.

Біз Президенттің: «Мен қоғамда «Қазақ елінің ұлттық идеясы қандай болуы керек?» деген сауал жиі талқыға түсетінін көріп жүрмін. Біз үшін болашағымызға бағдар ететін, ұлтты ұйыстырып, ұлы мақсаттарға жетелейтін идея бар. Қазақ елінің ұлттық идеясы – Мәңгілік Ел!», деген ұлағатын ұдайы басшылыққа алуға тиіспіз. Түйіп айтсақ, Мәңгілік Ел – шамшырақ идея, ал Қазақ елі мен Қазақ мемлекеті сол ұлы идеяның қозғаушы күші. Біз қазіргі таңда алғашқысын ел рухының мәңгі сөнбейтін жарық жұлдызына айналдырсақ, соңғысының керегесін керу үстіндеміз. Сондықтан бүгінгі кезең дана тарихтың ұлттың ұлағаты болып қайта оралған кезеңі, қазақ халқы өзінің төл арманымен табысып, ұлттық тағына сеніммен отырған шағы.

Ал әлемге қарасаң, тар жолды тайғақ кешкен таңдаулардан аяқ алып жүргісіз. Олардың әрқайсысы талай-талай қыл көпірден өткен және әр ұлттың тағдырын шешуде. Ұлттық мүдделер мен адамзаттық мүдделер арпалысып жатыр. Сол айқасқа өзіне жаһандық деген ат қойып алған еуропалық таңдаудың айдарынан жел еседі. Әлеуетті елдердің өзі онымен санасуға мәжбүр. Қытай сонау Цинь династиясы дәуірлеп тұрған кездің өзінде «Қытай даналығы іргелі (фундаментальді) қағидаттар үшін, Батыс кемеңгерлігі – іс жүзінде пайдалану үшін» деген ұстанымда болыпты. Ал оның әлді көршісі «Жапондық рух пен Батыстың техникасы» таңдауына тоқтаған. Бұдан екеуі де ұтылған жоқ. Өйткені, Еуропаның жетістіктерін барлық салада ұлттық құндылықтарды сақтай отырып игерді. Кей ретте Батыс өркениеті арқылы ұлттық өркениетті байытты.

Бүгінде осы екі ел де өздерінің мәңгіліктігіне күмәнсіз сенеді. Ал Батыс басқа әлемнен көптеген салаларда оқ бойы озып кеткенін айтып, күн сөнгенше сөнбейміз деуден жалығатын емес. Кәрі құрлықтың бұлай деуге толық хақысы бар. Оның өрлеу жолы ертеден басталса, әлі күнге жалғасуда. 1500 жылы Еуропа елдері жер шарының 10 пайызын иеленіп, адамзаттың 16 пайызына үстемдік етті. Ал 1913 жылы құрлықтың үштен бесін билеп-төстеп, әлемдік өндіріс өнімінің 79 пайызын өндірді. Ұлы Отан соғысынан соң аз уақытқа тоқыраса, соңғы жарты ғасырдан астам уақытта ғылыми-техникалық прогресте көш бастап келеді.

Еуропаның бүгінгі артықшылықтары қандай десек, олар мыналар: халықаралық банктер жүйесіне ие; барлық беделді валюта айналымына бақылау орнатқан; әлемде негізгі тұтынушы, дайын өнімдердің басым бөлігін береді; ірі әскери әрекеттер жасауға қабілетті, теңіз жолдарын бақылауында ұстап отыр, осы заманғы ең озық техникалық зерттеулермен айналысады, аэроғарыш индустриясында жетекші орында, т.б.

Америка Құрама Штаттарының әлеуеті бұдан бір де кем емес. 1990 жылы орта дәулетті америкалықтың байлығы орта ахуалды қытайдан 75 есе артық болған. Қазіргі күнде де кеміген жоқ. Бүгінде Қытайдың ішкі жалпы өнімі әр тұрғынға шаққанда АҚШ-тың ішкі жалпы өнімінің 19-ақ пайызын құрайды. Бұл көрсеткішке Гонконг, Сингапур мен Жапония 1950 жылы, Тайвань 1970 жылы, Оңтүстік Корея 1975 жылы жеткен болатын.

ХХ және ХХІ ғасырларда өз тізгіні өз қолында болған елдердің басым бөлігі Еуропа мен АҚШ-қа жақындасуға ұмтылса, оның себебін жоғарыда айттық. Азияның дамыған мемлекеттері КСРО мен Ресейдің емес, Батыстың ғылыми-техникалық жетістіктерін, ел басқарудағы демократиялық үрдістерін, экономикадағы нарықтық қатынасын игеру арқылы өркендеді.  Мемлекет пен ұлтты басқару жүйесінде де Еуропаның кейбір елдері секілді тарихи сабақтастықты сақтап қалды. Ел билеудегі көне дәстүрлерді жаңа дәуірдегі тиімді үрдістермен оңтайлы үйлестірді. Мәңгілік дегеніміз ұлттық болмысқа адалдық, салт пен санадағы тұрақтылық және тарихтың тәлім екені мемлекеттік деңгейде ескерілді.

Өзіміз жиі айтатын Малайзияны алайық. Ол – конституциялы монархиялы мемлекет. Ел басшысы – сұлтан. Он үш штаттың тоғызын мұрагерлік құқығы бар сұлтан әулетінің өкілдері билейді, қалған төртеуінің тізгіні губернаторлардың қолында. Сұлтандар жоғары басқару кеңесін құрады және өз араларынан Бас сұлтанды сайлайды. Ал атқарушы билікті премьер-министрге берген. Екі палаталы заң шығару органы бар.

Әлемде экономикалық қуаты жағынан ұзақ уақыттан бері екінші-үшінші орында келе жатқан Жапония да тарихи ұлттық басқару жүйесін сақтап отыр. Ол да конституциялы монархиялы ел болып табылады. 1947 жылы қабылданған конституцияда император мемлекет пен халықтың бірлігі деп жарияланды. Ол парламенттің ұсынысы бойынша премьер-министрді, соның ұйғарымымен үкімет мүшелерін тағайындайды. Жоғары соттың төрағасы мен мүшелерін тағайындау және орындарынан алу құқы да императорға берілген.

Екі ел халқы биліктің осы түрін тарихтан қол үзбеу деп біледі және құптайды. Ал сұлтандар мен императорлар мемлекет пен ұлтқа  адалдықтың символы іспетті. Олар бұл адалдықты даңқты әулеттерінің ғана емес, тұтас ұлттың ұлы қасиеті ретінде құрметтейді.

Мемлекетті басқару институтының ықылым заманнан бергі жүйесін сақтап келе жатқан елдің бірі және бірегейі – Англия. Оның ресми атауы – Ұлыбритания Біріккен Корольдігі. Саяси құрылымы жағынан – парламенттік монархия. Осы уақытқа дейін жеке конституциясы жоқ. Қабылданған және қабылданатын заңдары ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық дәстүрлерге негізделеді. Елді басқарып отырған монарх сот жүйесінің төрағасы әрі жоғары бас қолбасшы болып табылады.  Королева тарихи тұлғалардың бүгінгі көзіндей, ағылшын деген ұлттық атаудың өзіндей шексіз құрметке  ие.

Осы жерде ат шалдырып алып ойланайықшы. Даму кезеңдерінде империя құрып үлгерген, әлемдік өркениетке сүбелі үлес қосқан, ғаламдағы ірі сая­си және әлеуметтік-экономикалық өзгерістердің талайына ұйытқы болған, өнер мен мәдениетте де шырқап шыққан Англияда ұлттық салт-дәстүрдің конституцияның орнына жүруі талайларды толғандыруға тиіс қой. Ғасырлар жазып, дәуірлер өңдеген, қария тарих құптаған ұлттық дәстүр толқыннан толқын қуып, барлық буынның ұлағатына айналса, ұлттың түрлі мәдениеттердің ықпалында кетпей, табиғи тазалығын сақтауына ықпал етсе, мәңгілікке бет бұру дегеніміз осы емес пе?! Тарихи жолынан адасқан ұлттың түбі – құрдым.

Ал Ұлыбританияны тарихи сабақтастық ылдидан шапса – өрге, ертеден шапса – кешке оздырумен келеді. Ағылшын тілінде жыл сайын экономика, әлеуметтану, медицина, т.б. тақырыптарда 550 000 атаулы еңбек жария­ланады. Салыстыру үшін келтіре кетейік, орыс тілінде – 97 000, француз тілінде – 65 000, қазақ тілінде – 2300. Техника және жалпы технология жайлы ақпараттың 70 пайызы әлемге ағылшын тілінде тарайды.

Осы айтылғандарды саралай келгенде, Елба­сының: «Дәстүр мен мәдениет – ұлттың генетикалық коды», деген пайымы одан сайын салмақты бола түседі. Генетикалық кодынан айырылған ел – қаңбақ. Тамырынан үзілгендердің бәрі тексіз. Бүгінде мемлекеттігі мен туған тілін сақтап отырғандар – сол текті елдер. Ал тектіліктің қайнары – тарихи сана. Арийлердің кезінде егілген, сақтардың тұсында көктеген, ғұндар дәуірлеген шақта масақтанған, көктүріктер жемісін терген, талай да талай өңделген,  мәңгілік ұғымын туғызған, соған және сендірген ұлттық сана.

Римдіктер асқақтап тұрған шағында астанасын «Мәңгілік қала» деп атаған. Қидандар өздерін «Күміс еліміз» деп жариялады. Маньчжуриялықтар (шүршіттер) «Алтын ел» атауымен айбаттанып, Қытайды басып алды. Ал бізге, азаттық үшін ғасырлар бойы арпалысқан халыққа, тарихымен табысып, ұлттық намыспен дүр сілкінген ұлтқа «Қазақ елі» деген текті ат жарасар еді. Қазақ елі нығайтқан Қазақ мемлекеті қазақты мәңгілік етер еді.

Тегінде қазақ халқының ерік-жігері ерекше ғой. Ішкі-сыртқы жаумен сан ғасыр қиян-кескі айқасып жүріп, түбінде айы оңынан туатындығына иланды. Қандай қиямет болса да Ұлы Даланың ұранды байрағы құламайтындығына сенді. Алтайы алтынмен, Ұлытауы күміспен, Алатауы аспанмен, Қаратауы көктүріктің киесімен көмкерілген ұлан өңір келер ұрпаққа мәңгі мұра болып қалатындығына күмән келтірмеді. Азаттықтан айырылып жүріп те тәуелсіздіктің түбі бір қайта шырайналатындығын ұрандап айтумен болды. Абзал ұлдарының, Сұлтанмахмұт секілді асылдарының тегеурінімен:

Өлер жерден кеттік біз,

Бұл заманға жеттік біз.

Жасайды Алаш, өлмейміз,

Жасасын Алаш, жасасын! – деп жар салды.

Алаш дегенде, әрине, Алты Алаш еске түседі. Бүкіл түркі дүниесі көз алдыңда тұрады. Иоллығ-тегін тасқа қашап жазған «Тұтас түркі елі» идеясы жүрегіңді жылытады. Мәңгілікке түркі елдері тізе қосып бірге бет алсақ дейсің. Бұл арман-аңсау емес, солай болып жатқаны көңілді көншітеді. Осы игілікке ұйытқы болған бастамалардың қазақ елінде көтерілгеніне мерейленесің.

Анығында солай ғой. Тарихи тамырлас ағайындардың қайта бауырласуына қызмет етуге кіріскен түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі мен осы елдер парламенттерінің ассамблеясы, қандастардың ортақ тарихын түгендеп жатқан Түркі академиясы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тікелей ұсынысымен шаңырақ көтерді. Олардың аясы кеңейе беретіндігі ай мен күндей ақиқат. Түбі тұтастың тармақтанып барып қайта бірігетіндігі жаратылыстың табиғи заңдылығы.

Философ әрі саясаттанушы Самюэль Хантингтонның («Өркениеттер қақтығысы») пайымдауына жүгінсек, ХХІ ғасырда мәдениеттері тектес елдердің жақындасу, мәдениеті тамырлас емес ұлттардың бөліну үдерісі жүріп жатыр.  Алып державалар ыдырап, бауырлас халықтардың одақтары бел алып келеді. Еуроодақ соның жарқын көрінісі. Ежелден қанаттаса отырған, көп ретте тағдырлас, ішінара қандас, экономикалық әл-ауқаты деңгейлес, саяси құрылымы ұқсас ұлттар бірігіп қана қоймай, әлемге ақыл айтуда.

Мұндай ымыраласу үрдісі Латын Америкасында да айқын аңғарылады. Экономикалық одақтасуға негізделген Анд пактісі, Үшеудің тобы (Мексика, Колумбия, Венесуэла), Орталық латынамерикалық ортақ рынок – тілдері ұқсас, этностық тамырлас ұлттардың жаңа жағдайда қайта табысу, сол арқылы адамзат көшінен қалмау үшін жасаған алғы қадамдары. Осындай ынтымақтастықты Шығыс Азия елдері де қалайды. Олар, атап айтқанда, АСЕАН елдері – Малайзия, Тайвань, Гонконг, Оңтүстік Корея, Қытай мен Жапония түптің түбінде тізе қосады деген болжам бар. Негізгі мақсат – Шығыс Азия экономикалық кеңесін құру арқылы әлемге биіктен қарау.

Жер шарындағы қандастар осылай тіл табысып жатқанда әдет-ғұрпы мен ұлттық мәдениеттері барынша ұқсас түркі халықтары бір-біріне қол созып қана қоймай, қоян-қолтық араласуға тиіс. Олардың символикалық ортақ елтаңбасы жасалып «Түркі тектес түгел бол!» деп айшықтасақ, артық па?! «Бауырластық сезіммен – мәңгілікке» деп тұлпарлансаң орынды ғой.

Францияның ұраны – Еркіндік. Теңдік. Ағайындық. Ресейдің ұраны – Державалық Россия. Америка Құрама Штаттарының ұлттық идеясы – Құдайға сенеміз. Біз, ата-бабасы Еуразия құрлығында ат ойнатқан, бүгінгі толқыны жаһанға парасатты ой-ұсыныстарымен жаққан ежелгі ел – Қазақ елі ізгілік пен имандылық ажарландырған, кеңдік пен жомарттық дархандандырған, қайтпас қайсарлық пен намыс шыңдаған ұлттық қуатымызға сенеміз. «Адамзатты махаббатпен жаратқан Алланы сүйеміз». Мәңгілікке құлшындырған даналыққа жүгінеміз.

Abai. kz

Дереккөз: egemen.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1583
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2283
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3620