Сұхбаттар

БІЗДЕ ӘНШІЛЕРДІ ЗЕРТТЕЙТІН СЫНШЫ ЖОҚ...

Әріптің көлемі: Қалыпты
  • Қалыпты
  • Үлкен
  • Көлемді

Көпшілік қауым бұл әншінің орындау шеберлігіне қарап, «Уитни Хьюстон» десе, енді бірі қазақтың «Селин Дионы» деп баға береді. Ақылына көркі сай, бірбеткей әрі ер мінезді. Ол – халықтың ыстық ықыласына бөленіп жүрген «Серпер» сыйлығының иегері Ақбота КЕРІМБЕКОВА.


Ақбота ханым, сіз кез келген журналистерге сұхбат беруге келісім бере бермейді екенсіз...

Мен негізі кесірлі адам емеспін. Бірақ өмірде көңіл-күймен жүретін кездерім көп болады. Сол себептен болар, сол көңіл құрғырға байланысты сұхбаттасудың сәті түспейтін кезде журналистер өздерінше тон пішіп, әртүрлі пікір айтып жатады. Кейде көңіл-күйім болып тұрса, қолға алған тірлікті соңына дейін дөңгелетіп тастайтын сәттер болады. Алайда пендеміз ғой: отбасыңда өзің – әйел, өзің – еркек болған соң, қол тимейтін жағдайлар да көп. Бірақ ешкімге кесірлігім жоқ, мүмкіндігінше сұхбат беруге дайынмын.

Интернет желісінде сізді «Қазақтың Селин Дионы» деген пікірді оқыған едім. Бізде біреудің талантын өзге біреумен салыстырып жатады ғой. Сіз осындай салыстыруға қалай қарайсыз?

Әркім әртүрлі айтады: біреу Хьюстон десе, енді бірі Селин Дионға ұқсатады. Бірақ дәл соларға еліктеу мүмкін емес: әркімнің өз бағыты, өз дауысы бар. Бұл енді халықтың пікірі ғой. Әрине, өзім «Ақбота» болып қалуға тырысамын. Салыстыру дұрыс-ақ: кез келген әнші өнерге келмей тұрып, кішкентай кезінде алдыңғы буындағы аға-әпкелеріміздің керемет дауыс иірімдерін, өлеңдерін тыңдап, еліктеп өскеніміз рас. Өзім бала күнімнен Нұрлан Өнербаев пен Гүлмира Ақүрпекова сияқты гитарамен сахнаға шығып ән айтуды армандайтынмын. Осы аға-әпкелерім сияқты гитарамен ән айтсам деген асқақ арманым орындалып, алғаш сахнада гитарамен ән шырқағанмын. Жақсы адамдарға қарап бой түзеп, өзіңді өмірге де, өнерге де баулығаның жақсы. Бірақ біреуге қатты бейімделу қажет емес, әр адамның өз қалыбы болғаны дұрыс.

Ресейдегі әншілер өз репертуарындағы әндерді көп ретте өз тағдырымен байланыстырып орындайды... Сіз орындайтын әндеріңіз жүрекке жақын, оларда қайғы мен мұң басым ғой... Соған қарап, Ақбота тағдырлы әнші деп айтуға бола ма?

Иә, әр әншінің өзінің жүрегіне жақын бағыты болады. Менің ішкі жан-дүнием лирикаға бейім. Сондықтан мені әріптестерім лирик, романтик әнші дейтіні бар. Көптеген сазгерлер дауыс ерекшелігіме қарап, мұңлы әндер ұсынып жатады. Бірақ өз өмірімді азапқа толы, қиын тағдырлымын деп айтпаймын. Алладан қорқамын! Әке-шешем тәрбие беріп, жоқшылықты сезініп көрген жоқпыз. Құдай сақтасын, ауыртпашылық көріп, қиналмасам да, жүректі ауыртатын жағдайлар көп болды. Несіне жасырайын, жүрегім көп жараланды, көп алдандым, әлі де алданып келе жатырмын. Кей әндерді өміріме сәйкестендіріп жаздырғаным да рас. Бәлкім, мен орындаған әндер халықтың көңілінен шықса, тыңдарманым жылылыққа жүрегін жылытар деп ойлаймын. Өнер адамының міндеті – көпшілікке ой тастау, қуанту, талпындыру.

«Бүгінгі шоу-бизнеске мүлде көңілім толмайды. Қарныңды ашытатын дүниелер өте көп. Қолыма билік тисе, өнерді дарынсыздардан тазартамын» деп айтқаныңыз бар. Бірінші кезекте тазартатын дарынсыздарды атай аласыз ба?

Иә, көңілім мүлдем толмайтын дарынсыздарға налитыным – шындық. Қазір олардың атын атап, түсін түстемей-ақ қояйын. Тіпті бала-шағамызға дейін біледі: кімнің өнерлі я кімнің қаражаяу екенін. Соңғы кезде қолды бір сілтеп, сахнадан, өнерден кетіп калғым келеді. Бүгінгі күні айтылатын әндердің сапасы, мағынасы, мазмұны тым жеңіл. Әлде халықтың талғам деңгейі төмен түсіп кетті ме деп ойлайсың. Дегенмен, әркімнің өз пікірі, өз көзқарасы бар: онымен де санасқың келеді. Бірақ, шыны керек, өнердің қадірі кетті: қарап отырсаңыз, еріккеннің бәрі әнші.

Өнерді қор қылып жүргендер – әншілер сияқты ақшаны қырып табамыз дейтіндер шығар...

Дәп солай болса, олар қатты қателеседі. Бұл мүлде қате ұғым. Эстрадада жүрген әншілердің 80 пайызы дарынсыздар деп толықтай айта аламын. Бұл – менің жеке пікірім. Жалпы, өнер – таза дүние, кіршіксіздікті қажет етеді. Сондықтан, адамға Алла берген талантпен шықпаған соң, басқаның бәрі бос әурешілік.

Бізде өнер саласын зерттейтін, БАҚ арқылы ойын айтып отыратын сыншы жоқ. Шындықты бетке айтатын сарапшы жоқ: тек кімнің пайдасы бар, кімнің қолынан не келеді – соның артынан жүріп, пайдасын көріп, сол адамға жағынып қалса – болды. Өнердің бойындағы тектілік жоғалып, бөлшектеніп, ұсақталып барады. Бұл да бір уақытша нәрсе шығар. Бірақ шынайы өнер, саф алтын бәрібір дараланып тұрады. Талғампаз көрермен шынайы әншісін таңдап, өз көкейінде іріктеп алады.

Қандай авторлардың әнін қуана қабылдар едіңіз және не себепті?

Мен авторлардың жақсы әндерін таңдаймын. Көбіне Арман Дүйсенов, Бауыржан Өскенбек, Индира Елубаева, Айгүл Бажанова және енді танылып келе жатқан жас сазгер Ғазизхан Шекербековтің біраз әндерін орындап жүрмін. Бірақ жан-жақтан басқа да көп ұсыныстар түсіп жатыр. Басқа дүниеге талғамым кем болса да, әнге деген талабым өте жоғары. Өйткені әншінің міндеті – сапалы әнді орындау. Қалғаны – екінші орында. Алайда айтып жатқан әнін өзге түгіл, өзі де түсінбейтін әншісымақтар көп.

Өнер адамдарының біразы сахнадан тыс өмірде неге өзгеше болып көрінеді? Мәселен, өзіміздің Мақпал апамыз Жүнісова сияқты табиғи болмысты сахнада да сақтай білу қаншалықты қиын?

Әркімнің санасы әртүрлі. Сол секілді әр әншінің түсінік-түйсігі де әр алуан. Біз, қазақ, отырып алып, біреудің сәл кемшілігін көрсек, тіксініп қалатын жаман қасиетіміз бар. Алдымен адам өз бойының мінін, болмысын түзетсін деп есептеймін. Ал Мақпал әпкемізге келер болсақ, ол мен үшін баға жетпес дара тұлға, елдің тарихында қалатын әншілеріміздің бірі. Өмірі болсын, өнері болсын – алдында басымды иемін, Мақпалдың табиғилығына бәрі жарасады. Тіпті оқта-тектегі «тентек» мінезі де – оның табиғи тұрпаты. Әлеуметтік желілерде жүрген Мақпал апам туралы сөздің бәрі оның таланты алдында түкке тұрмайтын былжырақ.

Кей сұхбаттарыңызда саясатқа араласпайтыныңызды айтып қалдыңыз... Бірақ сол саясат сіздің тыңдармандарыңызды экономикалық тұрғыда тақырға отырғызып кеткені сізге әсер етпей ме?

Шыны керек, менің саясаттан хабарым жоқ. Хабардар болғым келмейді. Себебі біздің елде жазылған заң бар болса да, оған бағына қойған ешкім жоқ. Осыдан 5–6 жыл бұрын өнерді тазалайық деп, басымызды қосып, мәселе көтергенімізде, екі ортада шыбын өледі демекші, өнерден шеттеліп қалған болатынмын. Қанша жүгіріп, қаншама тырыссақ та, сол кездері келісім берген әріптестерім жан-жаққа тарап кеткенде, жағамды ұстағанмын. Өнер адамдарының басын қосып, келісімге келу деген өте қиын. Әзірге қол сілтеп қойдым: ту сыртымда тіреп қойған ешкімім жоқ, жалғыз өзім не істей аламын?

Жастарға сын айтсаң, тағы да бәлеге қаласың. Ақырында жек көрінішті болып, жексұрын атанасың. Бүгінде ақыл тұрмақ, біруге жақсылық жасасаң да, бәлеге қаласың. Қорқатыным – балаларымның, өскелең ұрпақтың тағдыры қалай болмақ? Адамнан мейірім ыдырап, бәрі «роботқа» айналып кеткендей: иман жоқ, өтірік күле қарап, сыртыңнан ғайбаттайды. Айта берсең, саясатқа тірелетін мұндай сөз көп қой...

Биылғы жылдан бастап әншілер өз өнері үшін салық төлейтіні сізді қаншалықты мазалап жүр?

Енді не істейміз? Айтқан екен – ақыры салық төлеуге тура келеді. Үкіметтің жағдайы қиын екен... Айтып отырмын ғой, телеарна болсын, журналистер болсын – бәрі бізге қарап отыр. Әншілер болмаса, бәрі тақыр кедей болатын түрі бар... Енді, міне, үкіметтің жағдайын ойлайық деп, салық төлеуді бастаймыз...

Сіздің сурет салатын қырыңызды, бильярдты мықты ойнайтыныңызды көпшілік қауым біле бермейді екен....

Оның бәрі балалықпен, жастықпен кейін қалды... Қазіргі бар уайымым – үш ұлыма дұрыс тәрбие беріп, аман-есен өсіріп, өз ұяларына қондыру.

Сіз бір сұхбатыңызда әнші болмасам, көп балалы ана, я әскери адам боламын деген екенсіз. «Орындалмай» қалған осы екі таңдауыңызды талдап беріңізші?!

Шындығы сол – жарым жақсы болса, неге көп балалы ана болмасқа?... Әскери адам боламын деп армандағаным да рас. Мендегі «әскери адам» деген ұғым – кезіндегі милиция ғой. Бірақ бүгінгі «полиция» болғым келмейді...

Бұйыртса, әлі жаспын, «Ақботам» деп, менің жанымды түсінетін ер-азамат кездессе, әлі де 5–6 бала табуға мүмкіндігім бар... (күлді). Рас, көп балалы ана болуды армандаймын. Кішкене жағдайымды реттеп алсам, 2–3 баланы асырап алу да ойымда бар. Біраз қиыншылықты көріп, енді есімді жинап жатырмын. Бойжеткен кезімде, бай болсам, 4–5 қабатты зәулім үй салып, балалар асырап аламын деген үлкен арманым болды. Бұйыртса, оған да қол жеткізермін.

Алдағы уақытта өтетін президенттік сайлауда дауыс беруге барасыз ба?

Әрине, барамын! Елбасымен бірге көкейімде жүрген бір-екі азамат бар. Сол азаматтар президенттік сайлауға түсіп жатса, біріне дауысымды беремін. Елбасымыз да халқына талай жақсылық жасады. Ойлайсың кейде: елбасымыз халықтың қамын ойлап, шаршаған шығар... Бір патша баяғыда айтқан екен: «Бала тәрбиелеуден, ел басқару қиын» деп. Бақытты шығар деймін: аз жасқа келген жоқ, елді көркейтті, қаншама мүмкіндіктер жасады. Дегенмен, енді ел басына жастау адамның келетін кезі болды... Бір елдің басын біріктіріп, ел басқару – оңай емес.

Ақбота ханым, ашық әңгімеңізге көп рахмет! Бала өсірем деген армандарыңыз орындалсын!

Сұхбаттасқан – Жансая ЕРТАЙ.

Abai.kz

Дереккөз: «Общественная позиция» газеті (проект «DAT» №09 (280) от 05 марта 2015 г.)

Түпнұсқадағы тақырып:Ақбота КЕРІМБЕКОВА: Өнердің бойындағы ТЕКТІЛІК жоғалып барады.

22 пікір 5039 рет оқылды Қосылған: 09.03.15
    • #1
    • Абеу Шаған-тоғай
    • дн, 09/03/2015 - 1:41

    Ақботаны "Аппақ гүлдер" әнімен білемін."Дікіш-дікіш" әуені,теріс түсініп қалмаңыздар,биге жақсы келеді.Талай тойда шайқадық. Мына екі шетелдік Ақботамен ұқсатып жатқан,бұларда өз елдерінде той-бизнестің әртістеріме әлде әлемдік жұлдыздар ма,Әлемдік деңгейдегі жұлдыз болса жаңағы екеуі, Ақботаны жоғары бағаламағаныма ұялып отырмын.

    • #2
    • Гүлмира
    • дн, 09/03/2015 - 8:57

    Өте тамаша сұхбат. Өз ойын, өз пікірін ашық айтатын Ақбота, өмірде "өзі әйел, өзі еркек" бола жүріп, тағдырына қасқая қарап, өнер атты ұлы ұғымға өз үлесін қосып жүрген, қазақ әдебиетінің классигі Ғабит Мүсіреповтің аналар образының бүгінгі кейіпкері десе болады. Биіктен көріне бер, Ақбота!

    • #3
    • Ерсін
    • дн, 09/03/2015 - 9:51

    Маған Ақботаның даусы да, өзі де ұнайды оның үстіне бірбеткейлігі, ашықтығы тағы бар. Өнерің өрге жүзе берсін.

    • #4
    • Қайрат
    • дн, 09/03/2015 - 12:27

    Тағы екі-үш еркекті жынды қылуға шамам келеді дегендей қылыпты ғой, жарықтық.

    • #5
    • Аселхан
    • дн, 09/03/2015 - 13:01

    Ақбота казактын биртуар азаматы!

    • #6
    • ggg
    • дн, 09/03/2015 - 13:04

    Ел басына жастау адамнын кези болды Акбота апкемизди осылай айтады деп ойламадым. ..... Жалпы казак эстрадасы Онер жулдыздары болсын . Биликке жагынпаз . Оз пикирин ашык айтуга коркады Немесе отирик биликти мактай береди. Акбота апкемиздин оз ойын тайсалмай айтканына ырзамын . Бала шагаларыныздын кызыгын кориниз

    • #7
    • Тындарман
    • дн, 09/03/2015 - 13:18

    Акбота Мейрамыныз кутты болсын! Алла бала шаганызга ырыс дәулет бакыт дарытсын. Мойыма ешнәрсеге.

    • #8
    • жағымпаз
    • дн, 09/03/2015 - 15:27

    Елбасымен бірге көкейімде жүрген бір-екі азамат бар. Сол азаматтар президенттік сайлауға түсіп жатса, біріне дауысымды беремін.... Дегенмен, енді ел басына жастау адамның келетін кезі болды...


    **********************************************************************************************

    ДҰРЫС АЙТАДЫ. БҮКІЛ ЕЛДІҢ ТІЛЕГІ ОСЫ, ТЕК ХАЛЫҚТЫ БІР УАҚЫТ ТЫҢДАЙТЫН ҚҰЛАҚ БОЛСА ШІРКІН

    • #9
    • Бәкен
    • дн, 09/03/2015 - 20:30

    Жарайсың, Ақбота! Көпшіліктің көңіл-күйін дәл басып айттың! Өз ойың да, жаның да таза , мейірімді ана бола алатын, шындықты , әділдікті сүйетін адам екенсің. Соның үшін де алғысым шексіз! Өнер адамдарының ішіндегі ЗИЯЛЫ делінетін қауым осындай болса керек!

    • #10
    • Марат
    • дн, 09/03/2015 - 23:08

    Журналистер осы әншілердің ішкен-жегенін айтып, байлығын көрсетіп шыр-пыр болады.Осы сұхбатта әнші арманы 4-қабатты үй 5-6 баласы туралы айтыпты, яғни тууға қабілеті бар екенін , асырап алу арманы екенін айтыпты.Ал салық туралы, үкіметті тіліп айтыпты.Шынында да олар неге салық төлемейді.Олар сондай салық төлемейтіндей кімдер!Әуелі байлықтарын айтып, мақтанғанда жыртық қапқа симайды, ал азғантай ғана салық төле десе кргіп жұртқа кері үгіт айтады. Табыстарын қарап отырсаң жүздеген мың доллар тауып жүр, небір үйлерде тұрады, бірақ еліміздің экономикасына көмектесейін сөйтіп әнімдегідей елімнің париоты болайын деген ой кіріп те шықпайды.Сөйтеді де саясатпен айналыспаймын дейді.Осы пікірім жалғыз Ақботаға емес барлық әнші әртістерге қатысты.

    • #11
    • Ақбет
    • сн, 11/03/2015 - 10:08

    Мақпалға сөз жоқ. Ой бар. Ол әнші. табиғи дарын. Мақпалды ғана тыңдаймын. Ал, мына қыздар Ақбота болсын, қалған қыздар Айгүл, Меруерт, Жанар, Алтынай тағы да толып жатқан әнші қыздардың бар ғой-жалпы өнерлері, әндері жеңіл өте жеңіл, ойсыздық басым. Жалаң әндер. Әнші болу үшін алдымен өнерді ұғу керек.Білімді ойлы болу керек. Көп оқу керек. Сонда ән айтқанда сен оймен, біліммін айтасың. Аржағың бос екекін көрініп тұрмайды. Шетелдік әншілер сияқты. Шошаң шошаң ыржың ыржың бәленбай жарқылдақ киім, бояу жалаңаштану-білімсіздік, түк көрмегендік, алдымен ОЙЛЫ әнші болу керек. Ресейдің әртістері де әншілер ед ойлы білімді. Саясатшыл. Ал біздің әншілер тек ақша табы ол түк көрмегендікке жатады. жеңіл желпі, дараң дараң. Әнші болсаң-сенің еліңе айтар ойың болу керек. Менің елім менің елім деп кезінде бүкіл ел айтты. сахнадан елге, қазаққа айтар ОЙЫҢ болу керек. Жеңіл ән жеңіл сөздер жұртты аздырады. Жанар түркия жарысында озып шықтым дейді, әй оның орындаған әніні қазір кім біелді, жоқ, өшті далада қалды. Қышқырды қышқырды шыңғырды, қолдарын ербеңдетті содан не шықты. Ән жоқ. өлді. оны ешкім айта алмайды да. Жанардың өзінен басқа. осыың бәріне өнерге қиянат. Өнер таза, ойлы болу керек. Жеңілтек әндерді сендерге сахнада емемс, ресторандарға барып неге айтпайсыңдар Ақбота сол жерден бәрің көкп көп ақша табар едіңідер. Мен сендер айтып жүрген әндердің ресторандардың тойлардың әндерін деп қабылдаймын. сын деген міне осы айналайын.

    • #12
    • Olzhas
    • бн, 12/03/2015 - 22:37

    Әншілерге сыншы емес заң керек. Фонограммамен ән айтқан әншілерге 99 % салық салу керек сияқты. Сонда олар, сыншысыз-ақ, өздері іріткісіз іріктеліп шығады.

    • #13
    • ома
    • сб, 28/03/2015 - 14:24

    қолынан келетін адам ел алдына шығып ән айтады неге бәрі шығып әнші болып кетпей ма аллаға шүкір айтып жүрген әндері жақсы тындасан тындай бергін келеді

    • #14
    • тыңдарман
    • жм, 10/04/2015 - 11:49

    шынайы өнер, саф алтын бәрібір дараланып тұрады. Талғампаз көрермен шынайы әншісін таңдап, өз көкейінде іріктеп алады. Қазақ өнері жылдан жылға дамып, түрленіп келеді

    • #15
    • Бұл қызымыз қазір өзге қырын танытқандай айтып жүр ғой жан сырын!!!!
    • бн, 09/07/2015 - 19:36

    -Менің байқағаным, Ақбота алдымен қарапайымдылыққа бас ұрғандай ,тек өнерлі әндерімен ғана шынайылық гармониясына жол ашқандай еді, яғни өнер адамының қайта бұл заманда саналылықпен жүруі ғанатиіс дегендей болатын!!! Көзге көрінбей -ақ , сабырлықпен жүруді жөн керек дейтін еді!!! Ал қазір өмір -тірлік тынысы болса егер,ендеше сол өмірдің әуен -ажарынан пілла уясынан жаңарып түрленіп шыққан бақыт символының гуліндей сияқтанып, әдемілік символына мол қалқып ұшып бара жатқандай ! Бұл әншіміз образы - лирикалық әуенді , жоғарғы сырлы, саналы түйінділері бар әдемілікке жол ашқандай болып отыр!!! Сапарың оңды болсын дей отырған халқың сендерге, жастарға тілейтініміз, адал да,сәтті күндерің кең әлемді әнге бөлеп жүре берсін үндерің , бақытпенен шарықтап деп отырмыз сіздерге!!! Себебі Құдіреттен -жаралған жақсы әншілер, қалың елдің жүрегін емдейді емес пе , ең бірінші тірлігі!!!!!! Ал халқымызға шүкіршілік айтумен бірге,еңселі елдіктің рухы өрлеумен бірге, бүгінгідей"қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған"заманда, ЕҢ БІРІНШІ БОЛҒАН-ПРЕЗИДЕНТІМІЗГЕ ОСЫ елімізге ,сахна төрінің жаңаруына көмек берген ,әдемілікке бас ұрған жастарымызға да- саздарымен де жандандыра беруіне мол мүмкіншілігіне де , әлеуметтілік пен дұрыс саясатына да жасаған жақсылығымен бірге, талаптарына, жаңалықтарына , қалыспаған,гүлдей жайнай беретін, ел болу үмітті амалдарына алғыстан басқа айтарымыз жоқ..!!!!!! Жастар жағы қайта үлгілікпен жүріп, құлақтарына алтын сырғасы тағыла берсін одан да!!!! Ақбота қызым, ойлаған ұлы мақсаттарыңа жете бер, бақытты бол, сахна төрінде гулдей түрленген тотыдай сені көреберейік ,жарқырап, маңдайыңда жұлдызың кең далада жарығын көрсете берсін!!!!!!!!

    • #16
    • мен
    • дн, 19/10/2015 - 14:54

    Мамасы Бибіажар да, Ақботаның өзі де өнер үшін біраз нәрсені құрбан қылды. Ендігі жерде бақытты болсыншы, жұртшылық, талқыға салудың түкке керегі жоқ. Үш ұлы үш арыс болсын, ал Бибіажар бір Ақботаның бетіне қарап, соның тілеуін тіледі. Жоғын сол ботақандары толтырсын екеуінің де!

    • #17
    • дала
    • жм, 29/04/2016 - 23:36

    Ақбота қарындасым, аман-сау бол! Сен өзің нағыз қазақтың қызысың! Еңбегің жансын. Сенің айтып жүрген әндерің, әр қазақтың көмекейінде деп есептеймін. Мүмкін мен қателесетін болармын. Бірақ та, қателессемде, тек ғана 95% ғана. Сенің шығармашылығыңдағы ең негізгі нәрсе ол "шығармашылық балғындық", бұл яғни жасандылыққа қарсы әдеттер мен ән айту әдісі. Сенің ұтатын жерің осы тұс. Сен, көрермендер алдында мейілінше ашық, ақжарқын кейіпіңде әніңді орындап жүрсің ғой. Бұл тамаша мінез. Ал, болды, қарындасым, жолың болсын!

    • #18
    • мейрамбай
    • сб, 30/04/2016 - 0:06

    Қазіргі қазақ эстрадасындағы солисттердің ішінде Ақбота қарындасымыз сөзсіз үлгілі орынды ойып алып отыр. Мен, /белгілі,барлығыңызға белгілі/себептермен ашықтан-ашық қарындасымды қолдай алмаймын! Тыңдаңыздар! Ақботаның әндері, орындау шеберлігі, сахналық шеберлігі т.б. көптеген көкірегін керген вокалисттерден артық! Ұғынып қойыңдар мұны! Әрине, шығармашылық қиын жұмыс! Бірақ, қарындасым, сен, сезін, сені Қазақстанның түкпір-түкпірінде сүйіп тыңдайды!

    • #19
    • Уәлибай
    • сс, 10/05/2016 - 12:37

    Ауылда "Беларусь" тракторын айдап, немесе қой бағып, құйырық жеп жүретін балекеңдер қазіргі таңда Қазақ эстрадасының "жұлдыздары" атанып жүр. Модератор, короче, түсіндіңіз ғой?! Мазево!

    • #20
    • эстрада сыншысы
    • сс, 10/05/2016 - 12:41

    Мен, орыс эстрадасының үздіктері Евгений Мартынов, Марк Бернес, Муслим Могамаевтарды тыңдап өскен, СССР- дің адамымын. Ал, Қазақстанда "ән айтып" жүргендер, жәй - "дешевый", сосуноктар ғой! Барлығы емес, но 85%, точно!

    • #21
    • вокалист папондуполос /казах/
    • сс, 10/05/2016 - 12:47

    Ең жиркенішті, адманың құсқысы келетін "дірілдеген дауыспен" ән айтатын Қайрат Нұртас деген адамнан (теледидарда) қалай ғана құтылуға болар екен?! Қазақ теледидарын қараудан қалдық ғой! Бұл не деген сұмдық. Адам, өзінің жиркенішті (противный) екенін сезбесе, құрып кетсін - біреулерің барып айытпайсыңдар ма?! Қоя ғой, деп, әйтеуір шаурма пісірсе де аштан өлмес!

    • #22
    • Құрмашев Құртас
    • сс, 10/05/2016 - 17:50

    Қойу керек, осы спектакльді! Баяғыдағы бір мысал: "бір сом беріп айтқызып, мың сом беріп қойғыза алмаған"- талғамсыз тобырға айналудың шақ алдында тұрмыз. "Апама - жездем сай"- дегендей осы төсекте жатып мекіренген дыбыс шығарып ән айтатын Қайрат Нұртасты пиарит ететін де, көбіне шаласауатты, жетесіз "журналист" сымақтар.

Пікір қосу

  • 9 + 8 =

Вход