Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Жаңалықтар 7379 0 пікір 28 Мамыр, 2015 сағат 15:08

МОҢҒОЛИЯ. ОРТАЛЫҚ АЛАҢҒА ҚАЗАҚ БАТЫРЫНЫҢ ЕСІМІ БЕРІЛДІ

Өлгей қаласының орталық алаңына Ікей батыр Мәзімұлының аты берілді деп хабарлайды  

BAQ.kz сайты.

Биыл Моңғолияда Моңғол Халық Республикасының батыры Ікей Мәзімұлының 100 жылдық мерей тойы аталып өтпек. Осыған орай Баян-Өлгей аймақтық Азаматтар өкілдері хуралының 2015 жылғы 14 мамырда 80 –ші қаулысы шыққан. Мұнда «...Өлгей қаласының орталық алаңына МХР-ның батыры Ікей Мәзімұлының аты берілсін» - делінген.

 

Бұдан бұрын, 2006 жылы 16 тамызда Моңғолия үкіметінің 193 үкімі бойынша Өлгей қалалық жалпы білім беретін 1 –ші мектеп Ікей батыр атымен аталған. Мектеп ауласына 1980 жылы батыр ескерткіші орнатылған болатын.

Ікей Мәзімұлы 1911 жылы Баянөлгей аймағының Бұлғын ауданының Ұлақшын деген жерінде дүниеге келген. Қобда қаласыннан 1931 жылы мұғалімдер мектебін бітіріп, 1934 жылы астана Ұланбатыр қаласында әскери мектепті тамамдап, офицер болып шығады. 1939 жылы Жапония милитаристері Моңғолия жеріне Халхин ғол бойында басып кіргенде І.Мизамұлы соғысқа Л.Дандар басқарған 6-атты әскер дивизиясының 15-полк командирі ретінде қатысады. Ікейдің ерліктері «Боевой пост», «За Родину» қатарлы газеттерде жазылады. «Соғыс Қызыл Ту» орденімен марапатталады. Ол туралы Совет Одағы және Моңғолия әскер басшыларының естелік жазбалары да мол. 1939 жылы 24 шілдеде Ікей Мәзімұлы жаудың қорғаныс шебін бұзып кіру бұйрығын алады. Осы шайқаста ерлікпен қаза табады. Ікей батыр Мәзімұлына осы ерлігі үшін 1979 жылы Моңғол Халық Республикасының батыры атағы берілген болатын.

Абай-ақпарат 

0 пікір