Жұма, 29 Наурыз 2024
Әдебиет 7247 0 пікір 30 Маусым, 2015 сағат 17:55

ТҰРСЫН ЖҰРТБАЙ. ЖОҒАЛЫП ТАБЫЛҒАН ДОС

Қазақ елінің қақпасы ашылып, табалдырығын аттай бергенімде, шайтанқұлағым шылдырлай жөнелді. Сөйтсек, отанымыздың еркін кеңістігіне  өткен екенбіз. Апта жүріп қыстығып қалған көңілдің қысасы сыртқа ұмтылды. Отаныңды сағыну оңайма, оның үстіне бұл аптада қаншама орынды-орынсыз сөз айтылмай қалды. Дереу еш қаперсіз, сондай бір бейқам тағатсыздықпен шайтанқұлақтың түймесін асыға бастым. «Ақылдым» деген таныс та етене сөздің астары езуіме жиылды. Бірақ ар жақтан ешкім жауап бермеді. Ұзақ-ұзақ шыңылдап түрып алды. Әлгіден де тағатсызданып, енді қайта-қайта түймені баса бердім. Адам бір сондай шыдамсыздықпен хабарласып тұрса, бұл дегенің неғып мардымсып, маңғазданып түр. Сыбағаңды жақсылап түрып берейін. Енді алмашы, шайтанқұлағыңды, бәлем! Екіленіп қайта тердім. Дауысым да шығып кетсе керек. Қолтығымнан демеп жүрген, кеденнен шығар-шықпастан шайтанқұлаққа ұмтылғаныма алаңдай қараған, өзім «Кемпірқосақ» деп  ат қойған әрі қызым, әрі шәкіртім Шұғыла,  сөзімнің «Мұны да ақылды дейміз-ау» дегенінен сезе қойды ма, кім білсін, әйтеуір:

- Әке, сіз Дидахмет ағаның телефонына хабарласып түрған жоқсыз ба? – дегені.

«Соқса не болады ол…», – дей берген сөзімнің дымы шықпай,  тамағыма тығылып, көмейіме өксіп боп түйіле қалды.

Шындығын айтсам, шекарадан өте салған сол бір алма-ауыс шақта мен Дидахметтің бақилық болғанын қаперімнен шығарып алыппын да… Сол баяғыша… Иә, енді қайталанбайтын баяғыша… екпіндете желе жөнелтіп, әлдебір маңызды-маңызсыз бір шымшым сөзбен оны шымшып алғым келіп тұр екем ғой.

Жүрегім де дір ете түсті. Тұла бойымды белгісіз булығу мен шарасыздық билеп алды. Көзіме ащы бір дымқыл үйірілді. Сағынып келген дүниетінің беті сол сәтте солып,  аңысым азынап кетті! О, жалған дүние-ай, мен енді Дидахметі жоқ отаныма оралып тұр екенмін ғой! Сондай бір ащы құмығумен томпия мұңайып қалған Кемпірқосақты да жұбатқым келіп:

– Иә… Дидахметтің, «ақылды-ақылсызымның» осынша ақылды болып шыққанын қарашы, өзі өлсе де менің санамнан атын өшірмей кетіпті, – дедім өкінішті  өксігіме ырықсыз әзәзіл әзіл араластырғансып.

Мүмкін оған айтылмай қалған соңғы сөзім осы шығар. Қайдам. Ал бұл сөзді айтып үлгеруге менің мүмкіндігім болып еді. Тек жүз метр мен бір баспалдақ жетпей қалған…

Шайтанқұлақ жауапсыз ұзақ шыңылдап жатты. Өшіруге енді дәтім жетпеді.

Бақи мен фанидің арасындағы осы бір шақтан соң мен өзіме-өзім  біраз уақыт келе алмадым. Дидахметті байқаусызда мен қалай жоғалтып алдым? Әлде, амалсыздау аттанған сол күндердің ми шыжғырған ыстығы мен түнгі аптабы есімнен Дидаштың дидарын ерітіп жіберетіндей тылсым күндер кештім бе?

***   ***   ***

Жоқ. Оның қаба еріні мен шоң мұрыны, қиғаш жарылған шашы мен әжімге бергісіз әжімсіз маңдайы, үнемі тесілу мен сұрақтың арасында үкімсіз қадалатын көзі, күліп келе жатып жиыла қалатын езуі, ең аяғы ауызша түсіндіруден көрі жазып бере салуға ұмтыла түсетін  еңсесі мен қалам ұстауға қолапаштау, бірақ сығымдап ұстайтын саусағы, сол сәтте қасын көлегейлей қалатын маңдай шашы да менің өзіммен бірге сөнуге тиісті дидардың бірі. Өйткені мен үнемі оның осы «дидарын» аңдып отырып, қас-қағымға жеткізбей өзгертіп, табан астында езуіне күлкі үйірілтіп, «шоң мұрынын» танауға айналдырып, «астыңғы ерінін жер тіреттіріп, үстіңгі ерінін көк тіреттіріп», шашын дудырата сипаттырып, көзін күлімдетіп, ауызын калимаға келтіре салатынмын.

Бұл тіпті, барған сайын менің, кәдімгі «кәсібіме» айналып кеткен әдетім еді десе де болатын.  Оның өзі қасымда болмаса да, оңаша жүріп те оның бейнесін көз алдыма елестіп отырып,   қалаған шылауымның кейпіне келтіре беретінмін. Кешіктірмей айтып бергенімде, соның кейбірін ғана ол өзі өмірінде де, өнерінде де сүйіп қолданатын «детальға» айналдырып, емеуірінге жақындатып жауап қайыратын да бір желпініп қалатын.

Осыдан жиырма бес жылдай бұрын сондай шарпысулардың бірінде есін жиғызбай шаужайлай жөнелгенімде Қуанышбай Құрманғали ағамыздың: – Дидаш-ау,   мына Тұрсын мойныңа мініп алыпты ғой өзі, – дегенінде: – Е, Тұрсын мінсе – мінсін, мұның тақымы жұмсақ, – деп күні бойы «тақымдап» тұрған тақымымды жазып жібергені бар бар.

Ол адамды жықпайтын, ал жықса – «неғылайынсыз» жығатын. Бір рет Орағамның да – Оралханның да бетін «неғылайынсыз» қайырғаны бар.

Сол бір әзіл-шыны аралас ғұмыр қиқымдарын, яғни, өзі  жиі айтып, шығармаларының өзегін жалғайтын «детальдарды» түрлі-түсті әйнек қиқымдары сияқты өз өмірі туралы маған айтқандарын (тағы да өзінің байыздап отыра алмайтын ғадетіне басып асығыс) атүсті құрастырғанда, мынадай мозайка шығар еді.

Ол әдебиетке «Тасмонша» арқылы келді. Ол өзінің сол тасмоншасын Қалиханның «Бұқтырмасы» мен» Оралханның «Мұтауының» арасына мінезі кісікиік шалдың көмегімен салды және қайта бұзылмайтындай етіп салды. Оның бұл «Тасмоншасында» қаламды жаңа ұстаған балаңдық жоқ,онда  кәдімгі кәнігі тасқалаушының тастаңбасы аңғарылатын. Таудың текшесіндегі тас монша. Жұпыны, бірақ сырты тап-тұйнақтай, қиуы қашпаған шымыр тастар. Кірсең ішінің түсі суық. Ал пештің көмейін көсесең қырыс-тырысыңды жазып, алпыс екі тамырыңды иітетін ыстық. Жаның да, тәнің де жадырап шыға келеді. Тура осындағы кісікиіктеу шалдың көңіл-күйі Дидахметтің де өмірлік құлақ күйіне айналды. Жеке мінезі де, жазғаны да сол бір шалдың шапанынның қаусырмасынан шығып жататын. Оның қалған мақсат тіршілігі «сар самауырынын» тұтатып, «сарыатанға сағым кештіріп», «асу асырып», ағайындарын аралай өтіп, «бөріше ұлып», «Ақшоқыға» ұмтылумен өтті және өзінің Ақшоқысына шықты. Менің ойымша, ол өзінің ант мезгілінде де, таң сызылып ағарып келе жатқан зауал таңында да  Талғардың шыңын жанарына іліндіріп барып көзін жұмғанына иманым кәміл. Адамдықтың да, қаламгерліктің де Ақшоқысына жанкештілікпен ұмтылумен өткен мұндай мақсат иесі дегеніне жетпей демін тартып, жүрегінің соғуыын тоқтатпас еді.

Шындығы, сол аңсарлы Ақшоқысына шыққан кезде сол қуанышты бойына сіңіре алмай жүрек қабының жарылып кеткені. Өзінің кейінгі бір жылдағы бағамдауынша, енді сол Ақшоқының басында тұрып мәңгіліктің  сарыны есіп тұратын екі-үш қана шағын туынды жазғысы келетін. Және ол туындысының біреуі туған күніне жеткенше тәмәдалуы тиіс еді. Туындысы емес, өзінің өмірінің тәмәмдалғанық мәтқапылық өкініш. Неге соңғы демін ерте үзді. Неге: «Менің тәніммен қоштасқанда «Қоңырдың» айтуындағы «Сәулем-ай» әні айтылып тұрсын!» – деп аманаттады. Неге кешкі тоғызда уәделескен сөзден таңғы бесте айнып кетті? Неге «маңдайы жарылып тұрған» соңғы жинағының қолжазбасын маған беріп, алғысөзін жаздырып алмады? Неге… Білмеймін. Менің ойымды дәл қазір жауабы жоқ сұрақтар ғана буып тұр. Әлде, Шерхан дегдар айтқандай, «Бірі кем дүние» деген сол ма?

Біздің таныстығымыз басталғаннан  қырық бес жылдан бергі айым-қайымда бұл сұрақтардың байыбына барып қалған тұстарымызда болған шығар. Ойды қусам түпсіз шыңырауғы түсіп кетермін. Тек соңғы бес-он жылдың көлеміндегі әңгіме тәсіліне көшіп, мың тәмсілдің екі-үш тәмсіліне қайырған жауабын атүсті (тағы да сапардамын, сапарда болғанда да кезекті бір ретінде Дидахмет жоғалып табылған Семейдемін. Семейде болғанда да тағы да Жидебайға асығып барып, тағы да асығып келіп Дидахметті, бұл жолы оның дидарын тауып алып  отырымын. Төрт сағаттан кейін тура сондағыдай тағы да жолға жалғыз шығамын) баяндайын.

Ол кейінгі жылдары қандай маңызды сөзіміз болса да жарты сағаттың ішінде жылдам қайырып, асығып тұрмын, уағдаласып қойып ем деп ұшып-қонатынды шығарды. Араға үш-төрт сағат салып, кездесейікші деп безектейтін. Кездеске соң, оңаша бір жер тауып, орналаса бергенде тағы да қопаңдай бастайтын. Жатып кеп бұлданып, қайда асығатынын,  бізді енді  мәңгіліктен басқа ешкім күтіп тұрмағанын айтып, тұқыртып жіберетінмін. Сонда ұшатын құстай қомданып барып отыра қалатын. Ішіме үйірілген сөзімді барынша бастырмалатып айтып тастаймын. Ол сол ұмтылған күйі жауабын қысқа, нақ беріп, артын күлкіге айналдырып, көтеріле беретін. Кейін бұл біздің сөйлесу мәнерімізге айналды. Бір жолы:

- Ей, осы сен қырық бес минут тыныш отырып сабақ тыңдап көрмеген қудың нақ өзісің ғой, ә, – дедім.

- Оны қайдан біліп қойдың, ей? Мен таудың  басындағы иен лашықта көзін ашқан жабайы бала болдым. Партаға отырғанымда екі көзім тау мен таудың басындағы бұлтта болатын. Солармен аңғар-аңғарды кезіп кететінмін. Бірде қарсы алдыма қарасам бір әйел ауызын ашып-жұмып сөйлеп тұр. Тағы да тау-тасты кезіп кетіп, қайта қарасам – әлгі әйел ауызын әлі ашып-жұмып тұр. Қызық көрініп кетті де мен де соған ілесіп ауызымды ашып-жұма бердім. Бейне бір орамал таққан маймыл сияқты көрініп кеткен кезде екі санымды шапалақтап, айқайлай атып тұрдым… Бір шуыл құлағымды шуылдатып жіберді. Жан-жағыма қарасам ішек-сілесі қатып күлген балалар. Әлгі әйелдің де түсі бұзылып, шаңқылдап маған төніп келе жатыр. «Апа! Албасты!» деп бажылдап жіберіп, сыныптан атып шығып, бетім ауған жаққа қаша жөнелдім. Әйтеуір, Анна апай деген апайымыз тауып алып, маңдайымнан сипап, үйіне алып барғаны бар. Осындай бір сабақтан кейін тауға қашып кетіп, бір айдай мектепке, мектепке емес, төмендегі ауылға түспей қойғаным бар…

- Е, ештеңе етпейді, өстіп-өстіп адамға үйір боп кетесің. Түбінде сенен жақсы адам шығады, – деймін.

Келесі жолы тағы бір қомдана бергенде:

- Ей, партаға дұрыс отырып үйренбеген осы сен, екпеттеп отырып жазуды қайдан үйреніп жүрсің, осы – дедім.

- Оны да байқап қойдың ба, ей?  Айтайын. Мен іздеген адам адасып табатын шыңның қолатында қойбаққан шалдың баласымын. Алты ай жаз бойы ауылдағы кітапханадан алып келген қоржын-қоржын кітапты қонжық құсап қомпаңдай қолтықтап өріске барамын да таңның атысынан кештің батысына дейін кітап оқимын. Әр беті біткенде міндетті түрде отарды көзбен шолып шығамын. Қалса, екі құлағым үйге келе қалған кемпір-шалдың сөзінде, көзім солардың ашып-жұмған ауызында болатын. Ауызым ашылып, мұрыным пысылдап отырып тыңдайтынмын. Арасында мал үрке қалса жүгіріп шығып, әлгілерді тездетіп жөнге келтіріп, қайта әігіме тыңдайтынмын. Кейде менің сөзімнің бас-аяғы болмайтыны, солардан ести алмаған жерлерім болса керек.

- Е, көзіңнің тесілу мен сұрақтың арасында үкімсіз қадалатыны содан қалған екен ғой.  Дұрыс, дұрыс, «шоңмұрының, ашылып жабылмай қалатын ерінің, ұшып – қона алмайтының бәрі-бәрі сондай текті тәрбиені танытады.

- Табиғи тәрбиені деп түзеп айт. Сендер сияқты клеткада өскеміз жоқ, құдайға шүкір – дейтін масаттанып.

Тағы бірде:

- Ей, алақанға – саусақ, саусаққа – қалам жарасып тұруы керек. Сенің мына алақаның не өзі аюдығ да алақанына ұқсамайды. Күрекшінің алақаны сияқты, – дедім.

- Ей, бұл оқып туғанға дауа болсашы. Оны да біліп қойдың ба? Дұрыс айтасың. Менің әскерге барғанға дейінгі де, әскерден қайтқаннан кейінгі де мамандығым – күрекші болды. Ауданда жұмыс жоқү Сондықтан да «Алтайдорстройға» күрекші болып орналастым. Толықұ томпақша мастеріміз болды. Құм тиеген көліктің кабинасына үш адам отырамыз. Кепкісін көзіне түсірген мастеріміз мызұуға көшеді. Сол кезде самосавал шошақ ете қалады. «Бір!» дейді. Ж.гіріп түсіп, әлгі  шұңқырға бір күрек құм саламын. Екеу слауға болмайды. Жүгіріп кабинаға мінемін. Тағы да дік ете қалғанда «Үш!» дейді. Асып-төгілсе де үш күрек саламын. Кезекті қоқаң-шоқаңда «Екі!» дейді. Бес күрек салу керек болса да екі күрек құм жаямын. Қойшы, сонымен түс ауа көңкедегі құм бітеді де, ауылға қайтамыз. Ертеңінде тағы да сол. Солай жыл бойы қолыңмен өкпеңді ұстауға мқршаң жоұ боп, күніне бңр көлікке мың мініп, мың түсіп, қолыңнан күрек түспесе көрер ем. Қазір де жазу жазған кезде сөзді артыұ шыңындамайын деп, өзіме-өзім «Үш!», «Бір!», «Екі!» деп шым-шымдап отырамын. Сондықтан да менің жазғанымда бір мысұал артық-кем болмайды, – деп аяқтайды.

- Е, бәсе, құм санағандай етіп санап, көлемнен қысатының сол есепшілігіңде жатыр екен-ғой. Шіркін, саған бір артығымен  санайтын есепші  ұстаздың бітпегенін қарашы. Әлгі Темірбек Қожакеевтің тілін тауып жүргеніңде осындай бір ұстаздық үлгі көргеніңде жатыр екен ғой, – деймін.

- Дұрыс айтасың, сөзді артық қолдансам, артық құм төккендей сезінемін. Сендер сияқты үйіп-төгіп тастап, адамдардың аяғын былғағым келмейді. Айтқанды тез және дәл істеймін. Сендер сияқты керіліп-созылып тұрмаймын, – дейді.

Қайырылып бір жолыққанда:

- Ей, бірін қойшы, мынаны айтшы. Мектептің «басбілгісіз сотқары», күрекші боп жүріп осы сен еміле мен тыныс белгісін қоюды қайдан үйрендің?  Сендей таза әрі консерватор деңгейіндегі стилист пен көзқарақты редаетор да, корректор да аз. Соған ұалай сауатың жетті? Біз ғой…– дей беріп ем, жұлып алғандай сөз алып, қатты қуана сөйледі.

- Ей, талай рет оқығаныңды көрсетіп ең, мынауың соның ішінде өзімнің ешкімге айтуға реті келмей жүрген бір шындығымның үстінен түскен сұрау болды. Мен осы күнге, осы дегейге жеткеніме барлық адамға қарыздар шығармын. Бірақ, саутымды ашып, қазақ тілін бақайшағына дейін шағып шыққаным үшін бір адамға қарыздармын. Маған қаламды ұстауға үйреткен – күрек! – деп айтып едім ғой. Күрек ұстаған саусақ ұуатты болды. Сөзің нық, сенімді жазылады. Күректі дұрыс ұстамасаң – қолың ойылады. Мені сол күрек жетелеп әкеп мені Алматы құрылыс комбинатына әкелді. Мектептегі грамматикаға, орфоэпияға, морфологияға, ережеге кім қарапты. Тек жазуға деген ұлы құштарлық қана болды. Содан оқуға түсуге келгенде тіл-аузым байланып қалды. Іскерде тағы мүмкіндік болмады. Қойшы, емтиханнан өтпедім. АДК-ға құрылысқа орналастым. Құдай менің бақытымды ашайын деген бе, сауатымды ашайын деген бе, ҚазПИ-ді бітіріп, үй-күйі үшін осында бригадир боп орналасқан Бейскекеңнің,  сенің емес, менің Бейскекемның ұол астына тап келтіргені. Талабымызды білген соң шарт қойды. Шартын серт ретінде қабылдадық. Содан жұмыстан шаршап-шалдығып кеп, себезгіленіп аламыз да, Бейсекеңе барамыз. Аяз ба, ыстық па, сенбі мен, жексенбі ме, есеп жоқ, біз Бейсекеңнен  дәріс аламыз. Әншейінде жұмсақ мінездң Бейсекең ондадайда қатқан қарағайға айналады. Миымыз бір айда ашылды, екі айда гарамматиканы көркем шығарма сияқты қызығып оқитын болдық, үш айда терең түсіндік. Төрт айда мәнерлеп жазуды меңгердік. Мен университеттің өзінде де ұайтып грамматиканың бетіне қараған адам емеспін. Қазір де ережелерді жатқа айтамын. Шіркін, сол Бейсекеңнің бойында қлы қстаздық талант өліп қалды. Ал сен ол кісінінің кәдімгі көшірмеші архивистен архивист-ғалым атануына  септігіңді тигіздің. Маған оны үнемі айтып отырушы еді. Демек, сендердің төз Бейсекелерің  (Бейсенбай Кенжебаев), менің өз Бейсекем (Бейсембай Байғалиев) бар. Демек, біз екеуміздің де барып түйісетін жеріміз – Бейсекеңдер, – дейтін масаттанып.

Тағы бірде… және тағы бірде… Қойшы, осы мамыр айының бас кезіндегі бір әредікте ол маған:

- Сенің ақылдың былай дейді. Егерде мен барып жазушылар одағындағы дәліздің төріне жата қалсам, басқа ешқандай күйдің қажеті жоқ, «Қоңыр» тобының айтуындағы мына «Сәулем-ай» әнін қойыңдар. Тыңдашы мамырлап кеп: «Сәулем-ай! Өтер бір күн дәурен-ай!» деп тұрған жоқ па. Жоқтау емес. Сендердің өкініштеріңді айтып алуларға мүмкіндіктерің бар. Ал менде ондай мүмкіндік болмайды ғой! Мен қалай үнсіз жатамын. Сонда менің былай деп айтқан дауысым да, ойымда естеріңде тұрады. Рахат емес пе. Сендер жылап тұрасыңдар, ал мен ән тыңдап жата беремін! – деп әндете жөнелгені.

Арулар аттандыру рәсімінде бұл аманаты орындалды. Тіпті, соны естіген «Қоңырдың» ұл-қыздары да: «Не істейміз, аға?» – деп келді айналайындар. Рәсім аяқталып қалған еді. Бірақ ол ән тыңдап жатқан. Соңғы әнін үзуге дәтім жетпеді. Содан кейін шайтанқұлақпен хабарласқанымда:

- Иә, «Ақылдың» тыңдап тұр. Әй осы сенің не ойлағаның бар. Мен шып-шыттай жаңа жинақ құрастырып жатырмын. Одан кейін жазбасам да болады. Қазақтың бар арыз-арманын осы әңгімелерімде айтыппын. Енді бүгінгі үрпақ туралы ой миымды шаншып жүр еді. Оның да қиуын таптым. Ақылдың: ақылды ма, ақылсыз ба, содан кейін көресің. Бірақ саған бәрі бір ғой. Мен өлсем де сен менімен қалжыңдасуыңды қоймайсың. Баяғыда емес, осы таяу жылдарда …, – деп бір хикаяны бастай жөнелдің.

Содан араға екі апта өтпей жатып Алматыға кешкі сағат тоғызда келдім. Сені көруге жүз адам жер мен бір баспалдақ жер жетпей қалды. Енді ол қашықтық мәңгі алынбайтын қашышқтық, сені мен мені бөліп тұрған мәңгілік пен бақилықтың шекарасы болып қалды. Талас дүниеден қайтқанда Ораз ақын ағам сондай жарасымды тапқырлықпен «Ақылдың» деп ат қойып берген «Ақылдымды» тағы да жоғалтып алдым.

Ол өмірде өзін де, өзгені де көп рет жоғалтқанымен, үнемі өзін –  өзі, не оны – біз тауып алып, үйіріне қайтып жүрді. Табылып жүрді. Бірақ та Дидахмет мақсатын еш жоғалтқан емес. Мақсаты да оның өзінен, яғни, иесінен адасқан емес. Өйткені, қаламгерлік діл оның тағдыры әрі жазмышы болатын. Сол жазмыш пен тағдыр оның өмірлік шешімін шығарып, мақсатының ақыретіне орап, алыс-алыс ақ шыңдардың салқын төсіне   алып ұшып кеткен болатын. Ал мен болсам, оның бұл жолы «келместің кемесіне» отырып, ғайыпқа айналғанын ұмытым кетіппін, оның өзін ұмытқамын жоқ, онсыз өмір сүріп жатқанымды ұмытып кетіппін.

***   ***   ***

Міне, шайтанқұлақ әлі дыңылдап тұр. Алмайды. Апта бұрын ғана арулап Алтайына бақилыққа аттандырып салған едім ғой. Сонда мен   қиырлап шыққан аптаның ішінде санам мен көңілімнен Дидахметтің атын өшірмей, өзіммен бірге тірі алып жүрген болдым ғой.

Соңғы рет жоғалтып тапқан досымды досымды енді жоғалтпайтыным анық. Өйткені ол менің шайтанқұлағымдағы ғана емес, санамдағы «Ақылдым» деген атын өшіруді ұмытып кетіпті. Менімен бірге жарық дүниеде тағы да бір мерзімі белгісіз уақыт өмір сүргісі келген болар. Жетісмен қарайлас келген туған күнінде ұлы Дәулетке әкесінің шайтанқұлағындағы менің және оның «шымшыма» атын өшірмеуді өтіндім. Енді мен сол баяғы ғадетімше, кешкі он мен таңғы жетіге дейінгі бейуақтан басқа кездің бәрінде де маңызды-маңызсыз мәселелер туралы «Ақылдыммен» сөйлесіп тұратын боламын. Дидахметтің өзі өмір сүруін ұзартқысы келіп өшіруді әдейі «ұмытып кеткен» атын енді ешкім де өшіре алмайды. Мүмкін дауысын естіп қалармын…

Содан бері де оның дүниеден қайтқанына қырық күн толғанша екі-үш рет хабарласып жібердім. Әзірше үнсіз. Ол жақтың қарбаласынан қолы тимей жатқан шығар. Бірақ бір күні дауысын еститініме сенемін. Ол сөзсіз маған:

- Иә, «Ақылдың тыңдап тұр!, – жауап береді, иә, жауап беретін сияқты.

degdar.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1578
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2280
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3600