Дей салдым-ау

А, ҚҰДАЙ, БІЗДІ "ТІЛ-КӨЗДЕН" САҚТА!

Әріптің көлемі: Қалыпты
  • Қалыпты
  • Үлкен
  • Көлемді

Біздің ауылда ерекше екі шал болды. Иә, әлі есімде. Көңіліміз ертеңді-кеш құбылмай, өзіміз асыр-тұсыр ойыннан басқаға бұрылмай жүрген 6 жастағы кезімізде ол екі шалдың «сұхбатын» күнде дәл уақытында жасырын тыңдайтынбыз.

Екеудің бірі – Қаршыға  қарт. Ірі денелі. Өзі де, киімі де, сақал-мұрты да сап-сары. Күн жылыда қорасының төбесінде не қайыс тіліп, не ағаш жонып отырады.

Екіншісі – Топаш қарт. Қазақы көз мөлшермен айтқанда, қолтоқпақтай ғана. Өзі де, киімі де, сақалы да қап-қара. Сақалын жалғызсыратып  айту себебім: оның бір уыс бетінен бір тал мұрт көрген емеспін. 

Топекең жиырма үйлі ауылдың арба-шана ғана жүретін жалғыз көшесімен Қарекең жақты бетке алып келе жатады. Анда-санда: «Дүние бұраң-бұраң-ай-и-и-и-и...» деп «әндетіп» қояды. «Әнінде» басқа «бөтен» сөз жоқ. Жетінші рет «шырқап» бола бере Қарекеңе жетіп тоқтайды да, оның жұмыс түріне қарай: «Тілер көбейсін!» немесе «Жонар көбейсін!» дейді, ышқына сөйлеп. Дауысы жіңішке. Мәсісіне – кебісі. Қарекең бір жөткірініп алып: «Кемдігі сенімен толсын!» дейді. Дауысы жуан. Білегінде – сойылы.

– Бүгін сен маған сәлем бермедің, не бітіріп отырсың? –дейді Топекең, наразылық нотасын жолдап.

– Бүгін саған сәлем бермегенім – сенің бес-алты жаялықты менен кем тоздырғаның есіме түсті. Сенің «бұраң-бұраң дүние-айииыңды» түзетсем   деп отырмын, – дейді Қарекең мырс етіп.

«Екеуі – құрдас» дегенді естігенбіз.

– Түзелетін дүние жоқ, көрерсің, Мұсабекке кеттім, – деп Топекең ары қарай жылжиды.

– Дұғай сәлем айта бар. Дауысыңды  көтеріңкіреп «әндет!», – деп Қарекең тағы мырс етеді.

Мен бүгінде  бізде: «Ет пен сүт екі пайыз қымбаттады»,  «Нан мен шай үш пайыз қымбаттады», «Ыстық су мен суық су төрт пайыз қымбаттады», «Электр мен жылу бес пайыз қымбаттады», «Күріш пен жайма алты пайыз қымбаттады», «Пәтерақы жеті пайыз қымбаттады», «Киім-кешек сегіз пайыз қымбаттады», «телефон тоғыз пайыз қымбаттады», «...қымбаттады ...баттады ... ады-бады» дегенді естіген сәтте сонау Топекеңнің Қарекеңе: «Түзелетін дүние жоқ, көрерсің» дегені есіме түсе қалады да, бүгінде аутомәшіні ығы-жығы көшемізге атқып шығып, сол, меніңше, сәуегей шалдың әуенімен: «Дүние қымбаттай береді-ай-и-и-и-и...» деп «әндеткім» келіп кетеді. Бірақ, құлақ-құлықсыз заман кімнің әні мен зарын тыңдап жатыр, қой, жалғыз кеңірдегімді аяйын, кәрі көзімді де оны-мұны бірдеңе оқып шаршатпайын деп, қазақы телеарналарымызды түгендеуге кірісемін. Сол-ақ дейін, көңіл шіркінім алты қабат аспанның бері қойғанда бесіншісіне қарғып кете  барады. Неге  қарғымасын-ау! Көретінім: телеарнамыздың бәрінде сан алуан салтанатты жиын, әр күні әртүрлі және қырық рудан, тойыст, «дүниенің төрт бұрышындағы» есепсіз елден жиналған, ағы бар, сарысы бар, қарасы бар, қоңыры бар, мынаусы сықиып, анаусы қызыл-жасыл киінген еркек-ұрғашы жұрт. Конгресс, ассамблея, конференция, симпозиум, кездесу дей ме, –  шетінен дүниежүзілік! Баяндама ма-ау, жарыссөз бе-ау, пікірлесу дей ме-ау, әйтеуір, екі-үш отар қой еркін сиятын залдар сөзге лықа толады. Өзіміздің қазағымыз бен орысымыздың сөздерін өздерінен, өзгелердің сөздерін орысшаға судай  тілмаштарынан естимін.  Аспанның астыңғы жағында  қазақтың Астанасынан кең қала жоқтай, басқа жұрттар жұмыстан бас ала алмай, қазақтар жұмыс таба алмай ерігіп жүргендей...  әй, бұл да бір дәурен ғой, «күнде жиын, күнде тойға» не жетсін бұл кірпіктей қысқа ғұмырда, не болса да, бірдеңе болып жатқаны керек те, ә?!. Жиналып  алып,  жымыңдап-қутыңдап жүретіндердің ауыздарына қарап отыра берейікші! Оны-мұныға кедейміз десек те, сөз бен жиын-жиналысқа баймыз ғой, уақытымыз артығымен жетіп жатыр, бізді өзі іздеп келген сөзді «үйірімен үш тоғыз»   деп тыңдай берейік те, кәнеки:

– Қазақстан Республикасы – шексіз бай ел! Оның бар байлығын бұл ғасырда  есептеп бітіру мүмкін емес!

– Қазақстанның мұнай қоры таусылмайды! Таусылар болса, соңғы тамшысы қашан тамары белгісіз!

– Қазақстан Республикасының газы – дүние жүзіндегі ең сапалы газ! Үрлеп қалсаң, лап ете түседі!

– Қазақстан аса құнды түсті металдарының молдығы жағынан әлем елдерінің ең алдында! Ал гәп әлем елдерінің санында емес, сол қазынадан құралақан  өмір сүруші қазақтардың санында!

– Қазақстан Республикасы тәуелсіздік келмей тұрған жылдары өзінің электр қуатын көрші елдерге сатып, өзі де қарық болатын, көршілерін де қарық қылатын! Тәуелсіздік келгеннен кейін электр қуаты, көршілерін қойшы,  өзіне де жетпей, оның есесіне Ресей екеуі, бір күні кәресінге қарап қалмас үшін, біздің Балқаш жақта атом электр стансасын салатын  болды! Сірә, анау әлгі Чернобль апатымен айқасқан  қазақстандықтардың саны жыл сайын кеміп бара жатса керек!

– Қазақтың жері шексіз – кең-байтақ! Мысалы, жер шарын мекендеп жүрген қытайлар түгел көшіп келсе де, емін-еркін керіліп-созылып жата береді!

– Қазақстан – отыз күн ойыны бар қырық күн тойдың республикасы. Астана деген қаласы – оның аштары жоқ, тоқтары көп астанасы. Жылда мұнда «Қала күні» әлемде жоқ жомарттықпен тойланады, әр тойына жүздеген миллион теңге жұмсалады. «Дұрыс!». Қаладағы үйсіз-күйсіздер «отряды»  «шагоммарштап»  жүре тұрсын!

– Астана – әлем қаласы!

– Қазақстан Республикасы келесі  жылы дүние жүзінде бар діндердің діңгегіне айналады!  Діндар бозбалалар мен бойжеткендер жазда да оранып-қымтанып, ал дінсіз жігіттер, тойыст, мігіттер мен сояушаш, бояукөз қыз-қырқындар жазда жалаңаш жүретін болады! Ол күнге, әсіресе, қыз-қырқын атаулының дайындығы қызу, қазірдің өзінде омыраулары ашық, бөкселері шашық!

– Қазақстан экономикалық дамуда басқа елдердің бәріне үлгі болуда! АҚШ, Қытай, Жапония, Англия, Франция, Алмания, Оңтүстік Корея, Малайзия, Сингапур «Экономикалық дамудың қазақстандық жолын» жанталасып зерттеу үшін арнаулы академия ашуға кірісті!

– Әлем Қазақстаннан тәлім алатын кез келді!

– Қазақ елі – Мәңгі ел, оған бүкіл әлем көз тігіп отыр! Әсіресе оның құрылыстары күндіз-түні қызып жатқан 80-90 қабатты ғимараттарына! Республиканың баспанасыз ондаған мың отбасы соны мақтан етуде!

– Қазақстан Республикасы алдағы 5 жылда бүкіл жер шарының  халықтарын  достастырады! Ешқайсысы есігіне құлып салмайтын, терезесін темір шарбақпен торламайтын болады!

– Қазақстан – түрік дүниесінің алтын қазығы! Қазықтың ұзындығы қырық кез, жуандығы жиырма кез болатыны жобаланыпты, енді оның салмағын  халықаралық стандартқа сай ету үшін халықаралық конференция шақырып, бүкілтүркілік комиссия құру керек!

– Қазақстан Республикасы – Орта Азияның шаңырағы! Ондағы басқа республикалар уық  болады, ал керегесі іздестірілуде!

– Қазақстан алдағы 10 жылда жан басына шаққанда мал өнімдерін өндіруде анау Америка Құрама Штаттарын ғана емес, мынау Қырғызстан мен Белоруссияны да қуып жетіп, басып озатын болады!

– Қазақстан Республикасы жөбішөңкі оқ өтпейтін аутомәшін шығаруда алдағы 15 жылда  Жапония мен Алманияны көз жетпейтін алысқа тастап кетеді! Иә, өзі шетке айдап жатқан мұнайының әрбір он бөшкесінің бір бөшкесі бензин болып қайырылып  келген соң!

– Қазақстан алдағы 20 жылда екі, не үш Ғылым академиясын  ашуды жоспарлап отыр!  

– Қазақстанның жоғары оқу орындары алдағы 25 жылда Біріккен Ұлттар Ұйымы мен ЮНЕСКО-ның алтын-күміс медальдарымен, бірде-бірі шет қалмастан, түп-түгел маратталады деп күтілуде! Ал марапаттың көкесі    Қазақ елінде!

– Қазақстан Республикасында алдағы 30 жылда бала бақшаларына шейін іс қағаздарын ағылшын және қытай тілдерінде жүргізуге жетісу науқаны алдағы жаңа оқу жылында басталатын болады! Министрлері 15-20  ай сайын ауысып  жататын елде олай болмағанда ше?!

– Қазақстанда алдағы 35 жылда ой еркіндігі мен сөз бостандығына шек қою мүлде жойылады, ал тарихи ол шараға сенгісі келмейтін жеке тұлғалар мен ұжымдар адам құқығы мен зайырлы мемлекет тәртібін түсінбейтіндер ретінде қазірдің өзінде қатаң жауапқа тартылып жатыр, тартыла береді де! Бәрекелді!

– Қазақстан Республикасында алдағы 40 жылда әрбір жұмысшының айлық  жалақысы орта есеппен не 60000 доллар, не 70000 юань болатыны сөзсіз! Теңгемен есептеп бас қатырмаған дұрыс!

– Қысқасы: Қазақстан 2050 жылы әрбір елуінші адамын – миллионер,    әрбір жүзінші адамын – миллиардер етуді  жоспарлауда!..

Ойпырым-ау, аутомәшіннің төбесіне тауық жұмыртқалары сөзсіз сол заманды мен көре алмай, «...қымбаттады ...ады-бадыда» қала берсем де, уа, немере-шөбере-шөпшектерім көретін болды-ау!.. Мақтаныштың ыстық желі өне-бойымды кеулеп, кернеп, байғұс басым үйтіле жаздады ма, жанып кете жаздады ма, білер жоқ, әлде күбірлеп, әлде сыбырлап, әлде айқайлап па, оны да білмеймін: «А, Құдай! Бізді "тіл-көзден" сақта!» деп жалбарына бастадым...

Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ

Abai.kz

6 пікір 1822 рет оқылды Қосылған: 25.10.15
    • #1
    • мырс-мырс
    • жб, 25/10/2015 - 23:43

    О бастан оқи бастағаннан ауызым тұшып, соңына жеткенше бұның авторы кім екен, таныс кімде болса, әй кімнің почеркіне ұқсайтын еді өзі?-деп, соңына жеткенше бас алмай оқып, соңына келгенде.....Ғаббас АҒАның атын көріп, менде Қарекең, яғни Қаршыға қарт құсап мырс еттім... Әй АҒА қатырып жазасың ау

    • #2
    • Мақсұт
    • дн, 26/10/2015 - 0:06

    Мен осы кісіге пікір білдірушілердің біріншісі болып көрейін, өйткені жасы жер ортасынан асқан ағаның осынау жан шырылына да дау айтып, топырақ шашатындардың табыларына күмән жоқ. Айтқандары - ақиқат, ол анық, сатирик жазушының мына шығармасының әлқиссасын ілгеріде оқығаным есімде, жалғасы (қосымшасы) көкейіндегі қыжылы шығар... Ондай қыжыл менде де бар, осы халықтың көпшілігінде бар, бірақ сыртқа шығарудың, халыққа жеткізудің жолы тар. Тоталитарлық мемілекетпіз -деп жүрміз ғой, демек ауызымыз буулы, көзіміз таңулы, қолымыз байлаулы. "Өйту керек, бүйту керек"-деп талай айтармыз, бірақ "басынан шіріген балықтай" мына тіршілігімізге одан көмек болмасы белгілі. Ғ. Қабышұлындай "қашан түзелер екенбіз," -деген үміт-күдікпен күніміз өтер. Әңгімедегідей құдайдың берген бар бақыт, берекесінен беймезгіл айрылып, барша мүмкіндігімізді шетке шашып,қолымызға қонып тұрған дәулет құсын үркітіп алған халықпыз. "Неге, неге"-деген, "Не істеу керек, не істеу керек?"-деген мазасыз сұрақ кім-кімді де ұйқы -күлкіден айырып ғазиз бастарын тауға да, тасқа да ұрғызып жүргенін білеміз. бірақ бүгінгі ел билеу системасы оның еш біріне селт етпейді. Еш бір ойлы, жүйелі, пайдалы ұсыныс, пікір тілектерге бұрылып та қарамай құрдымға қарай қиыстап кетіп бара жатыр. Жаны шығып жанталасып, апаттың алдын алғысы келіп, елдің ертеңін сақтағысы келіп өз өмірілерін от пен өртке салып жүргендер бар, және аз да емес, амал не -жалпы халық әлі самарқау, бойкүйез, ойсыз, өздерін де, елім -деп еңіреген ерлерін де қорғауға қабілетсіз. Өкімет пен үкіметтің бас айналдыратын жарапазандарының ақиқаты мен жалғанын ажыратуға дәрменсіз. Ажыратқан күнде де өз шындықтарын ашып айтып, әділдігі үшін күресуге батылы жоқ. Бүгінгі қазақ -намыссыз қазақ, қорқақ қазақ! Біздің сөзімізді сөйлеп, біздің мұқтажымызды қорғап, біз үшін жан тыныштығынан безгендерді де сақтай алмай жүрміз ғой, биліктің оларға жапқан жалалары мен арандатуларына сенеміз, "Қай жеңгені менікі "-деп артын күтіп, тасада бұғып отырып аңдимыз...Осы менталитеттен арылсақ еді, кешегі алаш ардақтыларын қолымыздан ұстап беріп бүгінгі күні аттарын көшелерге беріп, әспеттегеніміздей, бүгінгі ардақтыларымызды қуғын -сүргінге ұшыратып, келер бір замандарда түк болмағандай дәріптеуге мәжбүр болмас едік. Уақыт өтеді -Алтынбек, Заманбек, Мұхтарлар, Ғалымжан, Гүлжандар мен бірге осы қазіргі Ғаббас сияқты қайраткерлер өздерінің әділ бағаларын алып, тарихтың төріне шығарылады. Бүгінгі бар берекесіздік пен қудалауларға, тиым салулар мен зорлық, зомбылықтарға кінәлі етіп бір ғана тұлғаны шығарамыз. Ал бірақ үнсіз бұғып, диктаторды өз қолымыздан жасап тудырғанымызды сезіне аламыз ба?!

    • #3
    • МҰСТАФА ЫБЫРАЙХАН
    • дн, 26/10/2015 - 12:10

    Қыжылымның үстінен дөп түстің ,Мақсұт . Нар Қазақтың барлығы ойларыңнан сезіліп ,тамақ қыжылын басуға жарады . Бар БОЛ ,Мақсұт Балам !

    • #4
    • Мен Адай
    • дн, 26/10/2015 - 14:36

    Мөңке би айтқан ғой осының бəрін көрерсің көрерсің де өлерсің деп.

    • #5
    • Несібе
    • дн, 26/10/2015 - 14:53

    Гүлде Қазақстан! Жайна Қазақстан! Өтірік пен жалғандықтан дес берме! Алға Қазақстан! Ғабең Мұжық бидей мұжырып, Айтқожа бидей айтқан-ақ екен. Саналы билікке сындарлы қажау сын да бұйым емес. Ертең осы айтылғандар орындалды деп шығады.

    • #6
    • Алашұлы
    • дн, 26/10/2015 - 16:29
    Пікір алынып тасталды!
    • #7
    • Дәуір Жақан
    • дн, 26/10/2015 - 16:50
    Пікір алынып тасталды!
    • #8
    • болат
    • дн, 26/10/2015 - 17:48
    Пікір алынып тасталды!
    • #9
    • болат
    • дн, 26/10/2015 - 17:48
    Пікір алынып тасталды!

Пікір қосу

  • 7 + 3 =

Вход