Сейсенбі, 23 Сәуір 2024
Мәйекті 9336 0 пікір 12 Ақпан, 2016 сағат 18:21

«ҚУЫРДАҚТЫҢ КӨКЕСІ» - АЛМАТЫДА

Әңгімені әуелі сүйінші сұраудан бастайық. Бүгін Алматы қаласында тәуелсіз «Бизнес бастау» кәсіпкерлер мектебінің шәкірті «Қуырдақтың көкесі» деген атаумен қазақ ұлттық тағамдарын әзірлейтін этно-мәдени мейрамхана ашты.

Табада піскен ыстық нанға жағылған қарынның сары майы мен балқаймағын, түйенің етінен жасалған қара қуырдақ пен уылжып піскен сырбаз, жұқпа нан мен шікілдеуік, қаттама нан мен қарта, уыз бен қағанақ, ежігей құрт пен қаймағы бетінде қалқыған күрең шайды нақышына келтіріп әзірлейтін бұл мейрамхананың ашылуы бүгін болғанымен, жас кәсіпкерлер осыған дейін де шағын дәмхана ашып үлгерген екен.

Бүгін салып ұрып этно-мәдени мейрамхананың ашылуына біз де барып қайттық. Ерекше әсерлендік. Себебі мұнда ұсынылатын тағамдар әзірше қаладағы бірде-бір мейрамхана немесе дәмханада кездеспейді. Сондықтан да бұл көпшілік үшін үлкен жаңалық.

Мейрамхана қожайыны - 21 жастағы студент  Еркебұлан Мәкенов. Ахметбек Нұрсила мырза бастаған «Бизнес бастау» мектебінің шәкірті.

Аталған мейрамхана бүгін қала тұрғындарына есігін айқара ашты. Сонымен "Қуырдақтың көкесіне" келіңіздер (Алматы қаласы. Әуезов пен Қабанбай батыр көшесінің қиылысы). "Қуырдақтың көкесі" аталатын этно-мәдени мейрамхана Қазақ халқының ұмыт бола бастаған ұлттық дәмдерін: бұжығы, қарын май, түйе қуырдақ, үрме қарын, уыз, жарма, қағанақ, түймеш, сырбаз, жөргем, жаужұмық, жоңқа қуырдақ, үкпе қуырдақ, үлпершек, жаппа, қарын бөртпе секілді ерекше тағамдарды ұсынды.

Мейрамхананың ашылуына қазақ өнерінің майталмандары мен журналистер де қатысты.

Рамазан Стамғазиев, дәстүрлі әнші:

-Мұндай шаралардың қазақ мәдениетін насихаттауға өте зор ықпалы тиеді. Заман зытқып, біздің қазақтың ұлттық құндылықтары, соның ішінде, әсіресе, ұлттық асханасы, ежелгі тағамдары алпауыт уақыттың иірімдеріне жұтылып кеткен қазіргідей уақытта бұл өте тамаша ойластырылған дүние болды. Жас та болса, «Қуырдақтың көкесі» деп мейрамхана ашып, ұлттық асханамызды ұлықтап жатқан жеткіншектердің бастамасын неге қолдамасқа?! Сырттан келген мейманыңды да ұялмай әкеліп көрсете аласың. Халық жадынан ұмытылып бара жатқан ерекше дәмді тағамдардан бүгін біз де дәм таттық. Ендігіде біз аға буын ретінде бұл жастарды қолдап жүреміз. Ахметбек мырзаның шәкірттерінің бастамасын одан әрі дамыту керек. Біздің өзге ұлттардан ерекшелігіміз де осында болса керек.

Ерлан Төлеутай, өнертанушы:

-Мұндай шаралардың қазақ мәдениетін насихаттауға өте зор ықпалы тиеді. Өйткені мынау аты атап тұрғандай, ұлттық тағамда ұлттың құндылығы болады.Мына еврей деген ұлтта мынадай жүйе бар. Ұлттық тағам арқылы ұрпақты ұлт қылып тәрбиелейді. Еврейдің тағамын жесең, соны асқазанда қорыту процессінің өзі сенің еврей екеніңе айғақ болады деп есептейді. Сол сияқты, ұлттық құндылықтардан қол үзген адамның өзі ұлттан қол үзіп қалады ғой. Мысалы, қазір біз қуырдақтың орнына лағман жеп, көженің орнына борщ ішіп жүргеніміз жасырын емес. Бұл да өз кезегінде біздің ұлттық бет-бейнемізден айырушы фактор болып табылады. Сондықтан ұлттық тағамға келуіміз керек. Осыған дейін Алматыда бірде-бір қазақтың дәмханасы болған жоқ. Сұмдық қой. Ол түгілі бүкіл Қазақстанда жоқ қой. Мысалы, жиырмасыншы ғасырда қазақ зиялыларының дамуы неге күшті болды? Қоянды жәрмеңкесі деген жәрмеңке болған. Сонда қымызханалардың үлкен көшелері тұрған. Сонда міне, Алаштың үлкен идеялары дүниеге келді. Қазақтың сонау Біржан сал, Ақан серілері бастаған үлкен өнері дүниеге келді. Соның барлығы қазақтың мына дастарханы арқылы  қанға тарады. Үлкен өрелі ойлардың барлығы қазқтың дастарханының басында дүниеге келген. Осының барлығын ауқымды түрде ойлағанда, қазақтың бас қосатын өзінің осындай ортасы болуы керек. Біз қашанғы өзбектің, ұйғырдың, еврей мен түріктің тамағын ішеміз? Бұның барлығы жасырын процесстер ғой. Жас ұрпақты өзінің ұлтынан айыруға әкеп соғады. Бұл - рухани экспанция. Мен қазаққа қайран қаламын. Жиырма бес жыл бойы қазаққа тоқтаусыз шабуылдап келеді. Діни экспанция, музыкалық экспанция, асханалардың өзінде экспанция жүріп жатыр. Сондықтан біз осындай жерлерді насихаттауымыз керек. Осы тұрғыдан алғанда, бұл өте үлкен, мағынасы өте ауқымды жоба деп қабылдауымыз керек.

Ахметбек Нұрсила, кәсіпкер:

-Біздің қазақтың жастары өте талапты. Алматыда кемінде 500 дөнер кафелер,1000 лағманхана, 500 узбечка, грузиндердің, қытайлардың дәмханалары бар.. Соларда өз қандастары толып жүреді. Ашылса қаптап келеді. Ал өзіміздің қаракөздер сондай орындар ашып жатса, неге таң қаламыз?.. Менің шәкірттерім "Қуырдақтың көкесінің" кезекті дәмханасының ашылуын жасап отыр. Қазақ жастары жалқауланбай, Еркебұлан сияқты өз кәсіптерін бастауы керек. Өзбек пен ұйғырдан қазақтың қай жері кем?! Ұлттық тағамдар, ұлттық бояулар, ұлттық нақыштар. Бұл жерде, бүгінгі санадан ұмыт бола бастаған ұлттық дәмдер әзірленеді. Байырғы қазақтың технологиясымен, ескінің көзін көрген сақ аспаздардың қолынан шыққан дәмдер. Бағасы да аса қымбат емес. Ыңғайлы бағалар. Мысалы, анау құрт пен май сонау Моңғолиядан арнайы тапсырыспен әкелінеді. Бұнда дәстүрлі әндер шырқалып, күйлер төгіледі. Бұл дегеніңіз тұнып тұрған фольклор ғой. Сондықтан бұл бастаманы мен қолдап отырмын.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

0 пікір