Жұма, 29 Наурыз 2024
Қоғам 6568 0 пікір 13 Ақпан, 2016 сағат 14:34

ӘМІРЖАН ҚОСАНОВ: ОППОЗИЦИЯ ӘЛСІЗ БОЛУЫ МҮМКІН. ХАЛЫҚ ЕШҚАШАН ӘЛСІЗ БОЛМАЙДЫ!

Жақында аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Алтынбек Сәрсенбайұлының  кісі қолынан қаза тапқанына тұп-тура 10 жыл болды. 2006 жылы 11 ақпанда қасақана жасалған қастандықтан мерт кеткен саясаткер Үкіметтегі идеологтардың бірі болып, мәнсап құрды. Тәуелсіз елді тәуменді тұлғалардың басқаруына ынта-шынтасымен қарсы шығып, оппозициялық күштердің серкесіне айналды.  

Өкініштісі сол, елiнiң шынайы тәуелсiздiгiн, отандастарының бақытты өмiр сүргенiн қалаған және соған берiле қызмет еткен Алтынбек Сәрсенбайұлы бүгiнде арамызда жоқ.

Арнайы саяси тапсырыс бойынша кісі қолынан 44 жасында қайтыс болған асыл азаматты Алаш жұрты ардақ тұтатыны рас. Ол геронтакратиялы әм авторитарлық басқару жүйесіне ашық қарсы тұрып, оппозиция мен ақсақал билікті демократияландыру жолында еш нәрседен тайынбады.  Бүгін біз Алтынбек Сәрсенбайұлына зәруміз...

Біздің сөз етпегіміз Алтынбек Сәрсенбайұлының қазасынан кейін Қазақ билігінің бұл оқиғадан қаншалықты сабақ алғаны, нені түйгені, қай бағытта әрекет еткені туралы болып отыр.

Ақпанның 11-і күні Алтекеңнің көзін көрген азаматтар марқұмның рухына арнап Алматыда ас берді. Дөңгелек үстел ұйымдастырып, Алтынбек Сәрсенбайұлының саяси қайраткерлігі туралы сыр ақтарып, естеліктер айтты. Осы жиында Алтынбек Сәрсенбайұлының замандасы болып, Мемлекеттік құрылымда да, оппозицияда да бірге жүрген саясаткер Әміржан Қосанов мырза «жаңа саяси күш құру» туралы ортаға ой тастады.

Біз  ас пен алқа қотан отырыстан кейін саясаткер Әміржан Сағидрахманұлын сөзге тарттық.

АЛТЫНБЕКПЕН ИДЕЯЛЫҚ ҚАРСЫЛАС ТА БОЛҒАНБЫЗ

-Алтынбек Сәрсенбайұлының қайтқанына 10 жыл толды деп жатырмыз. Әңгімеміздің ауанын әуелі Алтекең шыққан шындық биігі туралы ойдан бастасақ...

-Шындық шыңы деп жақсы айттыңыз. Бұл өмірде әр адам, соның ішінде, әр шенеуніктің алдында бір таңдау кезігеді. Я шындықты айтып, тәуекелге бел буасың, сөйтіп, бас билікке жақпайсың, қызметтен кетесің, қуғынға ұшырайсың, я «ләббай тақсыризмге» салынып,  түк болмағандай, айналаңдағы әділетсіздік пен шылғи өтірікті көрмегендей, қу тірлік кешесің. Таңдау – өзіңде!

Алтынбек, оған дейін де оппозиция қатарына өткен азаматтар секілді, кезінде өз таңдауын жасады. Сөйтіп, сол шыншылдықтың құны оның өмірі боп шықты.

Шындық биігіне шығар жолда кедергі, көре алмас дұшпандар көптеп кездеседі. Іштен шыққан жау жаман демекші, кейде сұм жауың кешегі өзіңнің сырлас әрі сыйлас досыңның қатарынан табылып жатады.

Алтынбектің де өз батыраштары мен қотыраштары болғаны рас.

-Тәуелсiздiктiң алғашқы жылдарында, сiз идеология саласында жүргенде, әртүрлi күрделi саяси оқиғалар болды. Осы оқиғалардың басы қасында болған Алтынбек Сәрсенбайұлының жұртқа беймәлім сырлары туралы айтып берсеңіз.

-Тарихты, өмірбаянды қайта жазу мүмкін емес. Шындығына келсек, 1998 жылы оппозицияға кетіп, РНПК секілді беделді партияның атқару комитетін басқарған мен және сол кезде билік идеологтарының бірі болған Алтынбекпен идеялық қарсылас болғанымыз рас. Ол ащы болса да, өмір шындығы. Ол туралы «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысының қатарында бірге жүргенде Алтыкеңмен талай ой бөліскенбіз. Сонда оның өзі: «РНПК сияқты партия құрып, сендер Әкежан Қажыгелдинмен бірге билікпен ашық күрес жолына көшкенде мен «билікті оның ішінде жүріп те өзгертуге болады» деп ойлағанмын. Уақыт өте, бұл ойым дұрыс емес екенін түсіндім», - деп ағынан жарылған-ды. Бір факультетті оқып, бір мамандықты таңдап, билік қатарында бір кезде жұмыс істеп, кейін оппозицияда бірге жүрдік. Жасымыз да қатар болды. Осының бәрі өзара талқылаған ортақ тақырыптарымызға себеп болды...

-Елімнің ертеңі не болмақ деп шырылдап өткен Алтекеңнің жан түршігерлік қазасының сыры арада 10 жыл өтсе де шешілмей келеді. Осы туралы айтсақ, ол кісінің қазасы кімдерге керек болды? Оппозицияға ма? Бәлкiм, қоғамға болар? Жоқ. Онда кiмге? Билiкке ме?  

-Алтынбек билікті өткір әрі дәлелді сынға алған оппозициялық саясаткер болды. Сондықтан да, оның аяусыз, асқан жауыздықпен өлтірілуінің басты себебін оның осы, кәсіби саласымен байланыстыру керек деп ойлаймын. Екінші жағынан, Заманбекті президент сайлауының қарсаңында атып тастаса, Алтынбекті сол сайлаудан кейін, яғни болар іс болғаннан кейін өлтірді. Содан түйетінім – биліктің ішкі механизмінің басқа жұртқа беймәлім, құпия әрі көлеңкелі тұстарынан бір адамдай хабардар Алтынбектің тірі жүргені билік ішіндегі ықпалды топтарға тиімсіз болды-ау деймін.

Алтынбек секілді ықпалды тұлғаны өлтіру туралы шешімді қабылдағандар сөзсіз, өздері де ықпалды болды! Және де ол шешімге жоғарғы жақтағы билік санкция беруі де шарт. Сондықтан, не болса да, биліктің оған тікелей қатысы бар екені анық.

 

БИЛІК ТЕ ОППОЗИЯЦИЯ ДА ЖАҢАРУЫ КЕРЕК

-Кеше сіз Алтынбек марқұмды еске алу жиынында «Алтынбектің қайтқанына 10 жыл болды, жаңа саяси күш құрылатын кез жетті», -дедіңіз. Осы төңірегінде әңгіме өрбітсек.

-Ұлттық, мемлекеттік, демократиялық тұрғыда ойы бір ұйымдар мен азаматтардың бірігуі туралы көптен бері ойлап жүргенім рас. Ол туралы бірнеше дүркін жазған да едім. Осы сайлау алдында «барша демократтар бас қосайық, форум өткізейік» деген де бастама көтергенмін.

Кеше сөз сөйлер алдында жиынға жиналған адамдарға қарадым. Бәрі де беделді, елге танымал тұлғалар, керек десеңіз, әрқайсысы бір партияның орнын баса алады! Шындық үшін шырылдап жүр. Бірақ, байқағаным, залда отырған олардың ешқайсысы да (!) қазір өтіп жатқан парламент сайлауына қатысатын партиялардың тізімінде жоқ екен! Осындай азаматтар енбеген ол неғылған парламент деп ойлап қалдым.

Содан осы – азат ойлы, шыншыл, әділетшіл азаматтардың басын жаңа ұйым негізінде біріктіру керек деген ойымды тағы да жиналған жұртқа жеткізуді жөн көрдім.

Біз «билік жаңару керек» деп жиі айтамыз. Олай болса, оппозицияның өзі де жаңаруы керек! Ол оппозиция жаңарғысы келмесе, жаңадан ұйым түзу қажет!

-Ол қандай күш болады? Ол күштің қатарында кімдер болуы керек? Сіздер дайындаған халықтық бағадарлама Үкімет тарапынан қолды болып кетпей ме?  

- Ол күш жаңаша Қазақстан тарихында болған барлық прогресшіл ұйымдар мен партиялардың тәжірибесін бойына жинақтай алатын, олар жасаған қателіктерді қайталамайтын, халық пен билік ортасында диалог орната алатындай ықпалды күш болуы тиіс деп ойлаймын. Ондай тәуелсіз тұлғалар орталықта да, ауыл жақта да баршылық.

Бағдарламаның нобайы да айқын. Осы күнге дейін ұлтшыл, халықшыл ұйымдар мен азаматтар айтып жүрген сүбелі ойлар – сол бағдарламаның негізі бола алар еді.

Үкімет ондай озық ойларды пайдаланып, өмірге енгізіп жатса, нұр үстіне нұр! Өз басым үшін «жеңістің авторы кім» екендігі аса маңызды емес, әйтеуір, сол ұсыныс-пікірлер елдің, ұлтымыздың түпкі мүддесіне, оның болашағына қызмет етіп жатса, болды!

-Бүгінгі қүнгі мақсат - жау іздеу емес, піқір тоқайластыратын жер іздеу. Осы тұрғыдан алғанда, бұл Алтынбек марқұмның іске асыра алмай кеткен идеяларын жалғайтын ұйым болады ғой?

-Кез келген сын не балама пікір айтушыны жау көру – биліктің бір жаман дәстүрі боп кетті ғой. Атам қазақ «сын түзелмей, мін түзелмейді» деп бекер айтпаған болар. Және де бұл сөздің екі жаққа – билікке де, оппозицияға да – тікелей қатысы бар.

Қазақстанда әділет орнауы үшін күрес жолында өмірін қиған Заманбек пен Алтынбек, Батырхан мен Асхаттың да басты арманы демократиялық күштердің бірлігі  емес пе еді?! Егер де оппозиция өкілдерін өзіне жау санамағанда, бәлкім, олар арамызда жүрер ме еді, кім білсін...

Ол да баршамыз үшін бір сабақ.

Орынды, уәжді, өркениетті, жекебастық емес, мемлекеттік мүдде тұрғысынан айтылған сын, балама пікір, ұсыныс қашан да керек. Ол үшін, әрине, биліктің өз сыншыларына деген теріс, жеккөрінішті көзқарасы түбегейлі өзгеруі тиіс.

Қарап отырсақ, билік пен оппозицияның бірігіп атқарар істері аз емес. Мәселен, мемлекеттің Тәуелсіздігі, жеріміздің тұтастығы, ұлттық саясат, әлеуметтік-экономикалық реформалар, саяси жаңару, жемқорлыққа қарсы күрес, шенеуніктердің халыққа бағыныштылығы, сөз бостандығы. Көрдіңіз бе, қаншама шаруа!

-Құрылатын жаңа саяси күштің негізгі функциясы қандай?

-Ондай ұйым туралы әңгемені жалғыз мен ғана емес, қоғам, оның бар өкілдері айтқаны жөн. Мен өз ойымды айттым. Қолдау болып жатса, бірлесе талқылайтын, жүзеге асыратын идея ғой...

-Уақыт алға озды. Алаштың жадындағы Алтынбек Сәрсенбайұлының есімі мен еңбегі жыл өткен сайын жаңғырып, жалғасып келеді дейміз. Алайда қазіргі жоғарғы билік сол Алтынбек Сәрсенбайұлынынан әлі күнге сескенетіндігін байқаймыз...Тіпті, қазіргі билік тізгінін ұстап отырған көп шенеунік, кезіндегі өздерінің әріптесі болған, көрнекті мемлекет қайраткері туралы сұхбат беруге құлық танытпайды. Демек, қорқады. Арнайы тапсырма берілген.

- Ол да мүмкін. Бірақ кейінгі кездегі БАҚ-та мен Алтынбекпен бірге жұмыс істеген шенеуніктердің ішінде Иманғали Тасмағамбетов, Марат Тәжин секілді, қазір де билікте жүргендердің Алтынбек туралы жылы сөздерін оқып қалдым. Қазірде қалыптасып қалған қатаң да қасаң жағдайда ол – нағыз азаматтық, жігіттік!

Қалғандары өз көлеңкесінен қорқып жүргендер ғой. Өмірден өткен кешегі әріптесі туралы бір ауыз жылы сөз айтуға жарамаған ол бейшаралар ертең өздерінің басына іс түскенде көресін көреді!

-Алтынбек аман болғанда Қазастандағы бүгінгі саяси өмір қандай болар еді?

-Шынымды айтсам, өз басым кез келген тұлғаны абсолюттендіруге қарсымын. Ол өлілер мен тірілерге, биліктегілер мен одан тыс жүргендерге, бір сөзбен айтқанда, баршаға қатысты. Бәріміз де пендеміз, ет пен сүйектен жаралғанбыз, жақсы да, жаман да жақтарымыз жеткілікті.

Десем де, Алтынбектің мемлекеттік және оппозициялық мектептен өтіп, қоғамға, билікке мейлінше объективті көзқарасы қалыптасқан тұлға ретінде елге сіңірер еңбегі әлі алда еді, баршылық еді. Ықпалды саясаткер ретінде арамызда жүргенде – қоғам да, билік те, оппозиция да басқаша болар ма еді...

-Ал саяси партиялар қандай деңгейде болар еді?

-Басқасын білмедім, бірақ Алтынбектің басқалармен бірге негізін қалаған «Ақжол» - «Нағыз Ақжол» - «Азат» партиясы жанданып, осы жолғы сайлаудың сөзсіз фавориті болар еді ғой...

ӨТІРІК ЕЛ ІШІНДЕГІ НАРАЗЫЛЫҚТЫ ӨРШІТІП БАРАДЫ

-Жақында Президент пәрменімен парламенттің төменгі палатасын сайлау науқаны басталды. Осы ретте, Қазақстандағы саяси партияларды салыстырып қарастырсақ, қазіргі оппозициялық партиялардың жағдайы «келгенде Жиенқұлға шықпайды үнім» дегендей болып қалмай ма?

-Бізде осы күнге дейін өзін оппозициялық деп атап келе жатқан екі партия бар.

Бірі – ЖСДП. Кезінде өзім басқалармен бірге соны құрғанмын, басшылық еткенмін. Бірақ белгілі бір мүдделі топ оны жекешелендіріп алды, нәтижесінде біріккен ЖСДП «Азат» партиясын жікке бөліп, бөлек отау тікті, кешегі әріптестерін сыртқа тепті. Ол партияның қазіргі басшылары сайлауға дейін ұйқылы-ояу жүріп, енді ғана тірілген сияқты. Сайлау алдында мен «ЖСДП тізімін мейлінше кең форматта түзеп, елге танымал тұлғаларды, әсіресе, білімді де білікті, ұлтшылдығымен ел ілтипатына ие боп жүрген жастарды қосу керек» деген болатынмын. Өкінішке орай, ондағы зейнеткерлер тағы да өздерін ұсынып, бірен-саран ғана жаңа үміткерді қосыпты. Және де кезінде бірегей оппозицияны ыдыратқан олардың теріс қылығын жұрт ұмыта қойған жоқ. Осының бәрі олардың сайлаудағы нәтижесіне өз әсерін тигізері анық.

Ал «Азат» партиясын кезінде жойылды деп еді, ол ОСК тізімінде бар екен. Ол партия да сайлауға не дербес, не ЖСДП-мен бірігіп түсуі керек еді. Бірақ өкінішке орай, сол партияның басшысы болған азаматтар осы жолы үнсіз қалды.

-«Мәселен, тың ой-пiкiр айта алатын азаматтарды да, оны жеткiзе бiлетiн ақпарат құралдарын да халық құрметтейдi және соларға үйiрсек болады» деген екен кезінде Алтекең. Жалпы, бiздiң қоғамда ой-пiкiрдi ашық айтуға қаншалықты мүмкiндiк бар екен? Алтынбек ағаның көзі тірісіндегі оппозиция мен бүгінгі жұлым-жұлымы шыққан оппозицияны салыстырып қарасақ, біртұтастық жоғалған сияқты.

 - Әрине сөз бостандығы бізде атымен жоқ. Сыртқы және ішкі цензура оның түбіне жеткен сыңайлы.

Қаншама жыл бойнына демократиялық күштердің бірлігін ұрандатып келе жатқан мен үшін, бұл, әрине өте-мөте қиын әрі ауыр сұрақ. Меніңше, «ескі оппозиция» деп атап жүрген ол күштердің осындай әлсіз жағдайға душар болуының бірнеше себебі бар.

Біріншіден, бізде партия құрылысы секілді маңызды процесс жоғарыдан, яғни билік тарапынан қатаң реттеліп отырды. Тіпті өзін «Нұр Отанның» оппонентіміз» деп атап жүрген кейбір демократиялық-сымақ партиялардың нағыз қожайындары не биліктің нақ өзі, не сол биліктің тапсырмасын орындап жүрген олигархтар.

Екіншіден, бізде партиялар белгілі бір идеологиялық негізде емес (мәселен, оңшыл не солшыл және тб.), керісінше, жеке бір тұлғаның төңірегінде құрылып келеді. Ал мұның өзі оппозицияның өз ішіндегі топшылдыққа, бара-бара көсемшілдікке әкеп соқтырады. Екеуі де демократиялық принциптерге қайшы.

Үшіншіден, осы күнге дейін өзін демократ атаған күштердің өзі ұлттық мәселелерде табандылық көрсете алмай келді. Сөйтіп, мемлекет құраушы ұлт – қазақтардың қолдауына ие бола алмай келді.

Міне, осы және басқа кемшіліктерден арылсақ, дүниеге жаңашыл, заман мен қоғам талабына сай, ықпалды саяси күшке айналатын ұйым құруға болады.

-Бұл дегеніңіз, «апама жездем сай» демекші, «осындай билікке осындай оппозиция  жарап тұр» дегенге сая ма?

-Апа мен жезде туралы мәтеліңізбен кейбір оппозиционерлердің билікпен ауыз жаласып, туыс боп кеткенін меңзеп отырған жоқсыз ба? (күледі).

Кезінде бір идея, бір тудың астында бас қосқан оппозиция, расында да, осы сайлауға ыдыраған, әлсіз қалпында келіп отыр. Онымыз дұрыс болмады. Ол үшін жауапты, алдымен, өздерін «оппозициялық партия басшысымыз» деп жүргендер. Бәлкім, олар осылайша биліктің тапсырмасын да орындап жүрген боп шықса, мен оған да таң қалмайтын болдым.

Бірақ қоғамның оппозициялығы тек оның партиялығымен ғана анықталмайды.

Өйткені, қоғам дамуы – субъективті жайттар әсер етсе де, түбегейлі өзгерте алмайтын объективті процесс. Сондықтан биліктің өзі «оппозициялық партиялардың бірін айтқынымызға көндірдік, ал екіншісінің көзін құрттық» деп, қуанбауы тиіс.

Таусылмайтын, шегі жоқ және де сырттан емес, өз ішімізден өріс тауып жатқан дағдарыс. Теңгенің, яғни жалақы мен зейнетақының екі есе құнсыздануы. Жаппай жұмыссыздық. Елді жайлаған жемқорлық. Көзбояйтын саясат. Ресми БАҚ-тағы өтірік. Осының бәрі ел ішіндегі наразылықты күн сайын күшейтіп жатыр.

Нақты кезеңде нақты оппозициялық партия әлсіз болуы мүмкін.

Бірақ халық ешқашан да әлсіз болмайды. Оны қорқытамын, үркітемін деген пасық ой да – далбаса!

Және де ұйқыға шомып кеткен батыр ерте ме, кеш пе, әйтеуір, оянады. Сол кезде өз халқымен санаспаған кез келген билік өз таяғын жейді. Өкімет осыны ұмытпауы тиіс!

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2256
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3532