Өз сөзім...

CАЙЛАУ БӘЙГЕСІНЕ БАҚТАШЫДАЙ ҚОСЫЛЫП КЕТСЕМ БЕ ЕКЕН?

Әріптің көлемі: Қалыпты
  • Қалыпты
  • Үлкен
  • Көлемді

Бір кездері қалаға жақын жерде бәйге болса қалмауға тырысатынбыз. Кәсібіміз жақын, көзқарасымыз бір болған соң әңгімеміз де жарасатын үш-төрт жігіт бірігіп бәйге көруге жиналғанда көздейтініміз: таза ауаға шығу, табиғатпен әсерлену, ескі көзтаныстармен кездесіп, ауыл әңгімесіне бөлену болса керек. Негізгі мақсатымыз әрине шашасына шаң жұқпас жүйріктердің өнерін тамашалау.

Қазір ғана суреттен түскендей бәйге аттарының алапат шабысы, қиқулаған көрермендер қандай қазақтың да қанын қыздыратыны рас. Әйтсе де, оқиға желісі бәйгеден бәйгеге бірсыдырғы қайталана берген соң ба екен, соңғы уақыттары арнайы бәйге көруге сиректеу жиналатын болдық. Құны аса қымбат асыл тұқымды бәйге аттары бірінші айналымнан-ақ алдыға шығады да, содан бір-бірімен ауыздық тістесе шығандай береді. Әрқашан көмбеге бірінші келіп, бәйгенің алдын бермейтіндер сол күтімдегі асыл тұқымды бәйге аттары.

Көріп жүрген бәйгелеріміздің ішінде біреуі ерекше есте қалыпты.  Бір орында тыпыршыған бәйге аттарына лап деген белгі берілгенде бір түйдек боп іркес тіркес үзеңгі қағыстыра қалың топ көрерменді шаң мен айғайдың астына қалдырып көлбей шауып өтеді. Бұл сәтте бәйге аттарының иелері ата баба аруағына сыйынса, көзі қарақтылар бірінші келетін жүйрікті анықтап қалуға тырысады. Бұл жолы да бәрі әдеттегідей басталды. Бірінші айналымды торы төбел ат мойын оздырған алты жеті бәйге аттары қиып өтті. Бәйге аттар екінші айналымға жақындағанда өзгеше бір көрініс пайда болды. Өңшең құйрық жалы түйілген бәйге аттарының алдында қасқайып бір ат құлдырай шауып келеді. Үстіндегі шабарман да бала емес, күпәйкесінің алды ашылған үлкен ер адам. Әйтіп бүйткенше бәйге аттарын бастап кәдімгі солдат ер тоқымына жабыса шалқайған күпәйкелі адам керзі етігімен құла атты тепкілеп, қышқыра ышқынып шауып өтті. Бәйгеге жиналған ауыл адамдары оны бірден таныды.

 – Әй, табын қайда, сиыр қайда?

– Мұнда не істеп жүр ей мынау? Қайт былай, бәйге сенің не теңін, атты өлтіресің ей!

Бұл сол елді мекеннің сиырын бағатын бақташы екен. Ащы суға тойып алған сияқты. Бәйгенің басына үлгермей қалып, екінші айналымға төтеден қосылған. Ұйымдастырушылар оны қашанғы шабар деп килікпеген болу керек.  Сонымен байқап тұрмыз жаңағы бақташының нөмірсіз құла аты бәйгенің алдын берер емес. Үшінші айналымға бақташы күпәйкесінің етегі жалбырап, ебіл себіл құла атпен арттағы топтан арқан бойы озып келді. Бақташы жәй шауып келе жатқан жоқ, аузы жабылмай ұрандап келеді. Оған көрермендер қосылып кетті. Бәйге тамашалауға келген жұрттың барлығы бірден бақташы жағына шықтық.

 – Шап, бас!

– Әйда, қалдыр, шаңға бөктір ана асыл тұқымдыларды.

 – Қазақы құла ат көрдің бе, қалай сілтейді!

Бақташының құла аты сол кеткеннен жеткізбеді. Төртінші айналымда тағы да бірінші өтті. Халық Ақан серінің өзі Құлагерімен тіріліп келгендей тебіренді. Көбіміздің көмейімізге ащы өксік тіреліп, көзіміз ашыды ма немене? Күні бойы боқтық пен айғайдан, қамшыдан басқаны көрмейтін жануардың құлдыраңдай шабуын-ай! Бойын намыс буып, қайрат кернеген құланың күтімі келіскен ағылшын текті деп мақталатын бәйгелерді маңына жуытпауын-ай, көсілуін-ай жарықтықтың! Осылай толғандық па екен, әйтеуір халық қара қазақ арасынан шыққан біреудің бәйге алатынына шынымен де үміт арта бастады. Құла атқа басынан бастап шаппаған соң, тіркеуден өтпеген соң бәйге берлімейтінін біліп тұрмыз. Соңына дейін шауып, жүйріктігімен халқын риза қылуын тілейміз. Үміт оты қалай аяқ астынан пайда болса солай дереу су сепкендей басылды. Соңғы айналымда құла ат қара тартып шеңберден шығып кетті де қайта шаппай қойды. Бәйге аттары үздік создық көмбе сызығын қиып жатты.

Сайлау науқаны да бір жарыс қой. Әлде бақташының құла аты сияқты көлденеңінен қосылып кетсем бе екен?

Нұрлан Балхашұлы

Abai.kz

1 пікір 2227 рет оқылды Қосылған: 25.02.16
    • #1
    • Жанашыр
    • бн, 25/02/2016 - 10:53

    Бұл бәйгеге не ұшін қатысасыңдар осы егемендігіміздің 25 жылында халыққа қарсы ұлкен бюрократия құрғанымызға ма немесе ауыздарын арандай ашқан билікке ме әлде тұралаған реформаға ма, қай мекемеге барсаң да шаруаңды бітре алмайсыңкіре берісте бір жас қыз отырады бастық анда кетті мында кетті әкім шақырып жиналыста отыр сылтауларында шек жоқ, бұрын комунистерден кішкене қорқушы еді енді әй дейтін әже жоқ қой дейтін қожа жоқ, өздері би өздері қожа, сорлы халыққа қағазбасты жұие мен халыққа тәуелсіз билік қысқасы артына да қыстырмайды, жер комитеттерінде жас қыздар істейді барсаң әлгі қызметкер орнында жоқ ұлкен кезек, мемлекеттің қызметіне ренжіп тұрған халық, арты кім деп сұрайсың да неге істемей тұрғанын сұрасаң акиматқа кетті кәзір келеді, елдің бәрі ренжіп жұикесі құрығанда әлгі қыз бала келеді де шуылдаған халықпен ерегес ренжіс сөздер басталады да келе сала интернеті істемей қалады немесе компютері істемейді, содан өлдім талдым дегенде қабылдай бастайды, сенің анауың жоқ сенің мынауың жоқ деп құжаттарды қайтара бастайды, кей біреулер алдында келгенде неге айтпадың деп ренжіп жатады, енді біреуін бастық жоқ келгенде қол қойып қайтарамын деп шығарып салады, сонда қарасаң уақытын жоғалтқан халық та ренжулі, халықтан сөз естіген құжат қабылдаушы да жұикеден дірілдеп отырады, содан байқағаным құжат қабылдаушы қазақ қыздарымыз басқа ұлттың өкілдеріне тәпіштеп бірнеше қайталап тұсіндіруге тырысып өзіміздің қазақтарды бір тұсіндіріп екінші сұрасаң ұрсысуға дайын тұрады, өз халқымызды менсінбеу бар, акиматна барған кезде әлгі құжат қабылдайтын қыздың ғана барып қалған халыққа қатысы жоқ қызметкерлерінің жұмыс орнында отруы таң қалдырады халықтың құжатын қабылдаудың орнына акиматта жұреді, құжат қабылдау уақытын да әр мекеме өз ыңғайына қарай жасап алған, екі ұш күн құжат қабылдап қалған күндерін сол құжатты реттеуге бөледі, осының бәрі халықтың өз мемлекетіне билікке өз өкімінің жұргізе алмауы өз халқының қадірі биліктің алдында кетіп тұр, осындай былықпа жұиені қалыптастрғаны ұшін реформа жұрмегені ұшін мемлекетті тонағаны ұшін біз бәріміз дауыс беруіміз керек

Пікір қосу

  • 9 + 9 =

Вход