Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Өз сөзім... 7241 0 пікір 28 Сәуір, 2016 сағат 09:33

«ТАБАН ТІРЕР ЕЛІМ БАР!»

Елбасы: «Өзінде мақтан тұтарлық ештеңесі жоқтар ұлтшыл болады» деді. Рас менде ауыз толтырып айтарлықтай ештеңе жоқ. Егер бұл «мақтан тұтарлық ештеңе» материалдық байлық болса, онда мен – тақыр кедеймін. Аяқ-қолымды матаған «өз шынжырымнан» басқа, шынында, ештеңем жоқ. Жарайды, ол туралы кейін айтармыз!..

Дәл қазір – елу бестемін. Ата-бабам, әке-шешем, өзім, балаларым мен бауырларым қасиетті кең байтақ қазақ жері үшін қаны мен терін ешкімнен кем төкпесе де мынау менікі деп атын атап, түсін түстеп көрсететін алақандай жерім жоқ. Жер ғана емес, малым да, баспанам да жоқ. Бірақ өзімді ешкімнен кем тұтпаймын, тіпті талайдан артықпын деп есептеймін. Неге?..

Себебі, арқа сүйер елім, табан тірер жерім, мақтан тұтар халқым бар.

Шыққан тегім де ешкімнен сорлы емес. Өзім – төлеңгіт, нағашы жұртым мен қайын жұртым – төре тұқымынан.

Білімім – жоғары, атақ-дәрежем де бір басыма жетерлік – ақынмын, Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесімін.

Бір ұл, бір қызым, келінім мен немерем бар. Басты байлығым – солар.

Өйткені, өзім Елім мен Жерімді қандай сүйсем, олар да сондай жақсы көреді. Екеуі де менің жолымды қуып (ұлым мен қызымды айтам) ақпарат саласында еңбек етіп жүр, ешкімнен кем емес. Өзіме қандай сенсем, оларға да сондай сенемін. Күні ертең тіпті қажет болса Туған Елі мен Жерін, Отанын қорғау үшін қолына қару ұстап қасымнан табыларына сенімім кәміл. Соны мақтан тұтамын!..

Артымда қалар азды-көпті еңбегім бар. Ата жолын жалғастырып, аманатын орындар аяулы ұрпағым бар. Мен мақтан тұтар бар байлық – осы!..

Сіз айтқан байлық сол болса, онда менен бай ешкім жоқ!

Меніңше, мәселе кімнің нені мақтан тұтып, байлық, бақыт деп түсінуінде.

...Сонда қалай, сіздіңше сонау елі үшін еңіреп, халқы үшін қан жұтқан Ұлы хандарымыз бен жырауларымыз, батырларымыз бен ақындарымыз, хәкім Абайдан бастап ұлты үшін жан қиған Алаш арыстарының, ұрпағының болашағы үшін бары мен нәрін берген ата-аналарымыздың бойында мақтан тұтарлық ештеңе болмағаны ма?! Немесе қолында...

Рас, Сізге жете алмас, дегенмен ешкімнен кем емес еді!.. Тектілік қандай еді, арман қандай еді?! Жері үшін күресіп, елі үшін өмір сүрді. Жеңді, жеңілді. Алысты, жұлысты. Атылды, асылды. Артында өлмес атағы мен өшпес істері, ата жолын қуған ұрпағы қалды. Біртұтас Елі мен Жері қалды!..

Біз бен Сізден не қалады?! Мәселе – сонда!..

P/S:   Ал қазіргі «Біздерде мынадай бар, мынадай бар» деп көрсететін бар байлықты қолына жинаған жасанды байшікештер мен бишікештеріңіз ел басына күн туып, ер етігімен су кешер заман келсе кімге қорған, кімге пана болады? Сізді де, Елді де ең алдымен солар сатады, оған бәс тігемін!..

Тұрмағанбет Кенжебаев – Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі. Ұлтшыл.   

Abai.kz       

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2256
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3528