Бейсенбі, 28 Наурыз 2024
Әдебиет 6544 0 пікір 22 Маусым, 2016 сағат 12:39

СҮЮ МЕН ЖЕК КӨРУШІЛІК СЕЗІМІ

Абайдың бір жұмбағы бар еді:

Алла мықты жаратқан сегіз батыр,

Баяғыдан соғысып келе жатыр.

Кезек-кезек жығысып, жатып-тұрып,

Кім жығары белгісіз түбінде ақыр.

 

Жұмбақтың шешімін де ақынның өзі берген.

 

Мұны тапсам ойланып, ақын деңіз.

Таба алмасам, ақылды болар неміз?

Қыс пенен жаз, күн мен түн, тақ пенен жұп,

Жақсылық пен жамандық – болды сегіз.

 

Абай табиғат құбылыстарының алмасуы («кезек-кезек жығысып») негізінде өмірдің бір қалыпта тұрмайтынын (диалектикалық дамуының сырын) айта отырып, оны адамның іс-әрекеті арқылы көрінетін қайшылықтарға (жақсылық пен жамандықтың таласына) апарып тірейді. Бұл – өмірдің заңды даму жолы жайлы пайымдау екенін түсінесің.

Адам қолымен жасалатын жақсылық пен жамандық (адалдық пен қараулық, махаббат пен зұлымдық, данышпандық пен оны көреалмаушылық, қызғаныштан туатын қара ниетті ой – бәрі осы ұғымдарға кіреді) – әдебиеттің мәңгілік тақырыбы. Әлем әдебиеті тарихында данышпандар мен жағымды кейіпкерлердің қаншама бейнелері жасалса, соған қарсы тұрған залымдар тобы тағы бар. Оларды ұлы Пушкин Моцарт пен Сальери арқылы нақтылы әдеби бейнеге айналдырды.

Моцарттар мен Сальерилер – бір туып қана өтетін өткінші бейнелер емес. Адамзат бастан кешкен өмірдің әр кезеңінің өзіндік Моцарты мен Сальерилері болған. Жауыздық үнемі бірден ашыла бермейді, оның жарқ етер бір тұсы, ашық қимылдайтын кезеңдері болады. Сондай жағдайды Сальерилер тез байқап, асығыс, ойындағысын іске асырады. Өткен ғасырдағы төңкерістер мен «1937 жыл», «1951 жыл» сияқты науқанды жылдар зұлымдықты сахнаға осылай шығарды, олар батыл қимылдарымен өзінің қара пейілін танытып қалуға тырысты. Сол кездердің бәрінде де жаңа Сальерилер туды. Олар данышпандар мен ұлы таланттарды құрбандыққа шалып жіберді. Және Сальерилер сырттан келген жау емес, ұлылардың қасында жүрген, оның сыры мен құнын жақсы білетін доста­ры арасынан шықты. Моцартты Пушкин данышпандығына қоса қарапайым, аңғал, талант етіп суреттеп, қасындағы Сальериді та­лантты, бірақ қызғаншақ, іші тар, қарапейіл етіп бейнелеуінің де өзіндік мағынасы бар. Кезеңі келген кезде Сальеридің өзі сыйлай­тын, бірақ қызғанышпен, көреалмаушылықпен қарайтын Моцартын өлімге қия салатыны да сондықтан. «Данышпандық пен талант бір жерге сыймайды» – Пушкиннің жасайтын қорытындысы – осы.

Біздің дәуіріміздің Моцарттары әдебиетте көрінгенмен, Сальерилері әлі халыққа таныс емес. Социалистік реализм жаңа заманның жарқын жақтарын суреттеуді мақсат етіп ұстанды да, халқымыз бастан кешкен ауыртпашылық пен қайғылы тұстарды жазуға мүмкіндік бермеді. Тек тәуелсіздік алғаннан бері ғана қазақ ауылын кеңес жолына түсіру тұсындағы аштық пен зорлық, халықты тоздырып жіберген қайғылы оқиғалар, «халық жауы» мен «ұлтшылдықты» әшкерелеу науқандары туралы шет пұшпақтап жазыла бастады. Моцарттарымызға жоқтау, Сальерилерді айыптау жырлары әлі туған жоқ.

Осы саладағы жаңа ізденістердің бірін мен Серік Ақсұңқарұлының «Моцарт пен Сальери (осы заманғы нұсқа)» атты шығармасынан («Егемен Қазақстан». 16 шілде. 2014) көргендеймін. Талантты ақын ой батылдығына қоса, бейнелі суреттермен заман мен адам өмірі туралы танымын паш еткен. Бұрыннан өзіме таныс тақырыптың сырына, қайғылы оқиғалар легі мен әрқилы тағдырлар бастан кешкен өмір шындығына қайта бір көз жіберіп, ойланып қалдым. Жақсы жыр оқығанда, қашан да осылай. Тоқтайсың. Ойланасың. Оған парасатты поэзия биігінен қарайсың. Серік ақынның болмыс- бітімі бөлек өлең үлгісіне сүйенген, ойы да батыл, ашық, бояуы да айшықты жырына сүйсіндім. Оның жақсылық пен жамандықты тең ұстап, жарқын сурет пен қара бояуды өз шындығына сай талдап, аша білгеніне қуандым.

Шығарма тақырыбы – баршаға мәлім Сәкен Сейфуллиннің тағдыры мен Сальерилердің қолымен оған жасалған қастандық та­рихы. «1937 жыл» аталған қара дауыл қазақтың азаттық жолындағы күресінің символы болған жауынгер ақынды – бәйтеректі құлатып, оның артын да тазартуға дейін арсыздықпен барғаны белгілі. Ақындық алымдылығы бұрыннан да оқырманын баурап жүрген Серік ақын бұл жолы сол заманның қайшылықты шындығы жай­лы үлкен толғанысқа барыпты. Ең алдымен, маған оның заманның жарқын суретін күн көзін жапқандай бүркемелеп, қараңғылық құшағына кіргізген Сальерилердің жаңа бейнесін ашуға ұмтылысы ұнады.

«Автордан» атты шығарманың кіріспесінде ақын тақырыбымен таныстырып, Сәкен және онымен бірге заман құрбандығына шалынған адамдарды еске алады. Олардың түбіне жеткен Салье­рилер жайлы сөздің әлі де жабық жатқанына назар аударады. Ол «Қасіретті хикая» атты толғаныспен жалғасады. Өз заманының басты қаһарманы бола жүріп, жауыздықты іске асырған, қаншама ұлыларды құрбандыққа шалған Сальерилердің ол жаңа бейнесін таниды. Өлеңді Сәкеннің жары Гүлбаһраммен (Гүл-апа) сырласуға құра отырып, сол заманның бірталай шындығын еске түсіреді. Жаңа заманның Сальерилерін ол Моцарттармен бірге жүрген, ұлылармен бірге бірталай лауазым иеленген адамдар арасынан іздейді. Солардың Моцартты өлтіріп, оның артын қалай тойлағанын суреттейді.

Өлеңді оқу үстінде менің есіме кезінде кедей-батырақтардың ішінен өлең жазып шығып, Сәкеннің қолдауына ие болған (Сәкен кедейдің ішінен ақын шықты деп қуанған, оның шығармашылығының он жылдығын тойлатқан, өзі мақала жазған), кейін Сәкен ұсталғанда, оның бала-шағасын шығарып тастап, баса-көктеп үйіне кірген, кішкентай Аянның өзі қатарлас баланы көріп, ойнағысы келіп таянғанда, оны итеріп жіберіп, «халық жауының баласымен ойнама» деп, баласын алып кеткен бір адам түсті. Ол елуінші жылда­ры да белсенділік көрсеткен. «Халық жаулары» ақталып жатқанда, Алматыдан үн-түн жоқ көшіп, еліне кетіп, сонда өлген еді. Елге қарар беті болмаған соң солай еткен болар.

Лауреаттар, лауазымдар кім еді?

Қаратас боп қатып қалған жүрегі.

О, не деген жиіркенішті сүреңі.

Көктей солып жатқан кезде гүл елі,

Көкбазарда шарап ішіп жүреді.

 

...Өлтіріп кеп балаларын Жамбылдың,

Жаназасын қаралы үйде тойлады.

 

...Отанының қанын ішіп алған соң.

Шарап ішіп жатыр мына пенделер.

Мұнда нақты бейнеленген адам жоқ, бірақ олардың ісі, оның нәтижесі тудырған заман шындығы бар. Ақын жалпы шындықтан жалқы, яғни нақты бейне сомдайды. Ол – істеліп жатқан зұлымдықтың иесі. Негізгі тұрағы – көк базар. Ойларын іске асырғаннан кейін сонда барып тойлайды. Ұсқындары да ұнамсыз. Өмірдің толқыны айдап жағаға шығып қалған салындыдай жиіркенішті. Солардың қолымен жүзеге асқан істің нәтижесі де көңіл қобалжытады. Жаңа көктеп келе жатқан гүл-елі қайта солып жатқанын көресің. Ақынның «отанының қанын ішкен» дейтін де себебі – осы.

Жалпы, көпке таныс зұлымдықтың бір көрінісі ретінде алынған жаңа заманның Сальериін Серік күллі әлемнің жендеттерімен салыстыра қарайды.

Араны – ашық,

Қан ішсе де тоймайды!

Қу құлқыны бәрін құртпай қоймайды.

Күллі әлемнің жендеттері осындай –

Көкбазардың даңғойынша ойлайды.

Осы негізде ақын Қазақстанда Кеңес өкіметі жүргізген тап тартысы тарихына жаңа түсінікпен қарайды. Бұл – тап тартысы ғана емес, белгілі дәрежеде халыққа қарсы жасалған геноцид.

Жоқ, Гүл-Ана!

Айта түсші, Жан-Ана!

Тарих деген тап тартысы ғана ма?

Ғасырларға Бериялар жан тартып,

Қасымдары қалып қойған далада!

 

...Жас кезінде өлең жазған налалы,

Сталиннің ізінен қан тамады.

Таққа мініп, киді-дағы жырдан тәж,

Ақындарды

Абақтыға

қамады!

Осы саясат «кеудесінен ұшқан кептер көк кезген» ақындардың басты-бастыларын іріктеп, қолдан өлтіруге жеткізді. «Ақын еркелетуді сүйеді» деген Маркс сөзі іске аспай қалды. «Алты арыс», «Бес бәйтеректер» өмірден озды. «Құранды өлеңмен жазған» ақындық та, «Әулиенің әулиесі» Иассауидің «Хикметі» де далада жыртылып, желге ұшырылды.

Осылардың бәрі ақын толғауында суретке түсіп, адам тағдырын ойыншық еткен дәуірдің «қайраткерлерін» көз алдыңа әкеледі. «Құлагері» құлап, мәстегіне мәз болған пенделер» мен «да­наларын дарынсызға талататын қоғам» жайлы ойлантады. «Төрт тараптан төбелеске шақырып, төбеден қарап тұрған мақұлық» елесі жан түршіктірердей.

Зұлымдықтың тағы бір суреті «Гүлбаһрам мен Аян» деген өлеңде айқын көрінеді. Сәкен ұсталғаннан кейін «Алжирге» (Отанын сатқандар әйелдерінің Ақмола лагері) жер аударылып бара жатқан Гүлбаһрамның баласы Аян өліп, Көкшетауда поездан түсіріліп кету оқиғасы туралы бұл өлең өмірде болған жайдан алынған. Поезд үстінде өлген баланы білдірмей орап, қолына ұстап отырғанын вагон қызметкерлері байқап қалып, басшыларына айтып, «өлі баламен жүруге болмайды» деп поездан түсіріп кетеді. Гүлбаһрам Сәкенді білетін бір қазақтарды тауып, баласын жерлеп, Ақмолаға жөнелтіледі. Өлең өлі баланы құшақтап көшеде келе жатқан әйел суретіне құрылған. Ол тірі жан емес, өлі аруақ сияқты. Көше бойлап аяңдап кетпейді, бір басып, екі басып, тоқтап, әлемге өзін танытып келе жатқандай елестейді. Кейде ол «Жанары – тұман, көр соқыр жанға» ұқсайды. «Марқұм ұлының өлі денесін құшақтап, бір ат­тап... екі... үш аттап» құлайтындай көрінсе, енді бірде Кагановичтің түсіне кіреді, өзін таныту үшін Сталиннің туған жері Гориге кіріп бара жатқандай әсер қалдырады. Ақын осы екі тармақ өлең жолы бейнелеп тұрған суретті қайталау арқылы әйелдің қайғылы күйін анық жеткізеді.

Өңі емес оның, көз алды күңгірт, түсі аппақ,

Құлар ма екен бір аттап, екі... үш аттап.

Елу жыл жүрді осы әйел кешіп көшені,

Марқұм ұлының өлі денесін құшақтап.

 

Заманы құрып ұсақ пендемен ұсақтап,

Қарады тұрып бір аттап бізге, ...үш аттап,

Барады кіріп «тарих» дейтұғын күмбезге,

Марқұм ұлының өлі денесін құшақтап.

Өлең осылай түйінделеді. Онда Азаматтарын аластап, Ана­ларын зарлатқан, балаларын өлтірген қоғам трагедиясы әдемі ашылған. Гүлбаһрам мен Аян суреті сол бір кездегі бүкіл қазақ қоғамы қайғысын батылдықпен өткір бейнелейді.

Әдебиетте ұлы адамдарды өзінің танымы тұрғысынан су­реттеу үшін меншіктеп сөйлеу орын алған. «Менің Пушкинім», «Менің Абайым», «Менің Әуезовім» деген ұғымдар осылай туған. Сәкенді де әрқилы тану бар. Соның бірі болып Серік те «Менің Сәкенім» дейді. Осы және «Тар жол, тайғақ кешу», «Түс», т.б. өлеңдерде Сәкен өмірінің кезеңді тұстарын еске түсіре отырып, күрес жолындағы сол бір өткелдерде халқы сүйіп таныған Сәкеннің образын толықтырады. Өлеңді оқи бастасаң, Сәкен бейнесін тануға бұрынғы айтылғандарды қайталамайтын көптеген жаңа сөз орам­дарын, теңеулер мен метафораларды, ұғым-түсініктерді байқаймыз. «Сарбаздарға ілесіп, жаңа жолға аттану, күрестің талай теперішімен тіресе білу», «зілзаламен түсіңде де күресетін едің» деген ойлар жа­уынгер ақынның табанды қайраткерлігін аша түсері даусыз. Ар-ұят үшін, Алаш үшін күресіп, азап шегуді ол арман тұтады. Оны Серік Сәкенге кінә етіп тақпайды. «Қандай ғана кінәң бар еді, жолдас, ә? Құдайың да құл-құтанды қолдаса. Ел-жұртың да еңселі боп тұрған соң, тәкаппарлау жүретінің болмаса». Оның Ленин мен Абайды пір тұтуы – сүйген ұлты тағдырын жаңа жолмен байланыстыра алғанының белгісі. «Дала ұлы едің, көңілің де даладай, тап жауына болғаныңмен тәкаппар, қайран ақын баладай ең, баладай». «Тұла бойың – саф сұлулық, еркелік, зұлымдықтан жүрегіңе дерт еніп: сұмды көрсең – күкірт тиген ши құсап, лап ете қап... кетуші едің өртеніп», «Көркіңе егер көзі түссе жан адам – иісі еркекті көргендей боп жаңадан, Адамзаттың сұлуы сен екенсің – анда-санда туатұғын анадан», «Әйелдерге сендей сері жолықсын, жолықсын да ләззатқа молықсын. Әлемдегі еркек біткен – бір төбе, Сәкен аға, сен – бір төбе болыпсың» – бұлар Сәкенді танудағы жаңа сөз.

Серік осы азаматтық биіктікті Сәкеннің қайраткерлік, ақындық бейнесімен толықтыра суреттейді. Оның жаңа әдебиеттің басында болуы жағдайларын түсінеді. Жоғарыда келтірілген Ленинді пір тұту, «Құдайың да құл-құтанды қолдаса» деген тармақтардағы ой­ларды «Советстан кіріп кеткен жырыңа, қыран едің қанат қаққан шыңына»,«Сұңқар құсап қарайтының қияға, қарғалардың тиді ме екен жынына?». «Ақпатшаны тақытынан ұшырып, құлдық күйреп, күңдік күйреп, іші ұлып», «Өрге қарай көш түзеді өр елің» – деген жолдар нақтылай түседі. Дүниені, жаңарған әлемді қиялымен шар­лап, терең иірімдерін алдыңа жайып салған Сәкен ақынның сөзін қадыр тұтады.

Соңғы тармақтарда Сәкеннің сол кездегі биік тұлғасын көре алмай, оған қызғанышпен қараушыларды тұспалдау байқалады. Бұл ойды «Берді ме екен Бекежандай жау тауып, қайда барсаң – сонда барған Қыз Жібек», «Тап жауына қабағыңды суытып, қағып өттің кісі көрмей мұны түк, үлестірдің аққуларға жыр-шашу, қарқылдаған қарға барып ұмытып», «Сен жаһанның жасыны едің жат үшін, Бір болса да шығысың мен батысың, Ғаламның бар қарғалары жина­лып, Аңдап жүріп тапты ма екен қапысын!» – деген жолдар осыны меңзейді.

Сөйтіп, Серік жыры көп жылдардан соң Сәкен жайлы орныққан пікірлерді бұзып-жарып кіруге ұмтылған көзқарастарға жаңа баға ұсынады. «Сәкен аға, Сардар аға, қыраным!» – деп жоқтау жырын жазады. «Түсінбеймін – халықтың өз баласы, қалай ғана жау бо­лады халыққа?!», – дейді. Аспанда ұшып жүрген Сәкеннің асқақ рухын көреді. Оның бейнесінен халықтың өлмес рухын таниды. Сәкеннің соңғы өмірін көрген түс деп таниды. «Түс» өлеңінде жа­уынгер ақынның атаман Анненковтың азап вагонындағы өмірін Сәкен соңынан қалмаған көлеңкенің бейнесінде ұғады. «Соңыңнан сол шырақ ұстап қалмай қойған жандардың әбжыланнан аумайтынын аңғардың», – дейді. Бейімбетпен, Ілияспен бірге жүрген күндерін тұмандатып, милиция киімін киген Анненков қайтып ора­лады. Моцарттарды өлтірген Сальерилер, қырандарды құлатқан қарғалар, Күн сәулесін жапқан көлеңкелер, поэзия мен антипоэзия – Серік өлеңдерінде жарқын шындықпен қатар жүріп, онымен астыртын күрескен қараңғылықтың бейнесінде елестейді. Ақынның өткір сөзі, уытты қаламы соларды әшкерелеуге, оны образдық дәрежеге көтеріп, әлемге жар салуға арналады. Бұл идея бүкіл топ­тама жырлардың бәріне ортақ. Әсіресе, «Қырандар мен қарғалар» өлеңінде айқынырақ көрінеді.

Бір жағы – май, бір жағы – у ұртының,

Пенделердің біледі әлем құлқынын.

Жылан олар – адамзатты арбаған,

Түбіне де жеткен солар ұлтының.

 

Ізгілікті ішіп-жеген көздері

Абай айтқан: «Шошқа туар сөздері».

Нәсіл де жоқ,

Ұлт,

Халық та жоқ онда,

Өздері бар,

Тек өздері,

Өздері!

Жауыздыққа тән іштарлық, қараулық, ұлтсыздық, парықсыздық, үндемей жорғалап, адамзатты арбаған жылан, Абай айтқан «шошқа туар сөз» – бәрі де осы жолдарға сыйған. Олардың эгоизмі «өздері бар, тек өздері, өздері» деген тармақта молынан ашылып тұр. Олар Құдайға да, Маркске де сенбейді, «Жаһан жы­лап жатса да, тасбақаша жан бағып, мәз-мейрам боп өмір сүреді». Онда ошақ, Отан деген болмайды. «Мұқтарды да мұқатқан», «Сәтін тауып Сәкенді де құртқан», «Қасымды да қабылдамай жіберген», «Мұқағалиды маскүнем деп таныған» – солар.

Жазушылар арасында жүр олар,

Айтматов «Боранында» жүр олар.

Тоқсан жолдың торабында жүр олар!

Өздері – аман,

Өзгелер – жоқ –

Куәлар.

 

...Дүниенің бетіндегі қара дақ,

Сол сұмдардың салып кеткен таңбасы.

Осы қарау бейнеге Серік Сәкенін қарсы қояды. Онымен қайта оралып, тұлғасының биіктеген тұсында табысады.

Құса жұтып, суып бозғылт түс-өңі,

Өлген жоқсың Затың – сұңқар құс еді.

Бар болғаны шаршап, ұйықтап, түс көрдің,

Бірақ неткен қорқынышты түс еді.

 

Арайланып атты, міне, нұр таңың,

Тұғырыңа қоншы, қыран-сұңқарым!

Оян, Аға, оян, кәне ұйқыңнан,

Енді мұндай түс көрмесін ұрпағың.

Мұндағы жиі кездесіп отыратын қайталаулар ақынның об­разды ашу жолындағы айла-амалының бірі екенін, олардың көп мағынаға ие болып, ойды түюге, оқырман санасына әсер етуге жұмсалатынын аңғару қиын емес.

Қарғалар ғана емес, солардың іс-әрекетінің нәтижесіндей көрінген лагерьлер өмірі де ақын жанын қинайды, жәбірлейді. Лагерь тұрған жер, орта түгелдей сол қиянатшылардың ырқына көшіп, жас ұрпақ ол жерде жауыз болып тәрбиеленеді. «Сталиннің балалары», «Карлаг» өлеңдері көзіңізді осы шындыққа жеткізеді. Алғашқы өлеңнің тууына белгілі бір шындық ой салғанға ұқсайды. Ақмоладағы лагерь жанында бұрын балалар бақшасы тұрыпты. Онда тұтқын әйелдердің әкесіз тапқан балалары тәрбиеленіпті. Бақшаның маңдайшасында «Бақытты балалық шағымыз үшін Сталинге рах­мет!» деген ұран ілулі тұрыпты. Өлең осы дерек әсерімен жазылған.

Ақын осыларды «Сталиннің балалары» деп атайды. Сұр кительді тастап, европаша киініп, халқына қамшы үйірген жас ұрпақты осы балалар ішінен көреді. Есіл-дерті бақ, дәреже, көйлектері ақ, жүректері қап-қара олар бір кезде «Сәкеннің түбіне жеткен, Бейімбетті қамаған, Берггольцті іштен теуіп сабағандар» қатарынан табылады. Өлең «Ақындарын абақтыға ұстап, Албастысын бетіменен жіберген» қоғам осылай некесіз бала туғызғанын айыптайды. «Кар­лаг» өлеңі де осы ойдан өрбиді. Қарағанды лагерінің орны бір кезде Қаракесек, Қуандық, Қаржастың табын-табын жылқысы жайлаған жер екен. Өлең осы жерде өмір өзгеріп кеткенін аянышпен сурет­теген. Құраулаған дауысты естімейтін құлын, кәуірдің сасық арағы қымыздан тәтті көрінген ұрпақ осы жерде өседі. Осы елде туған ұл да құлға айналады. Олардың «көзін ашып көргені – жансыз бен түрме, жандарал» болады. Сталиндік қуғын мен режим қазақтың жерлерін бөлшектеп, лагерь орнатып, онда жауыздықты жүргізіп, жастарды жаңаша тәрбиелеп жатқанын ақын қинала бейнелейді. «Кім туар енді белімнен, Адам жоқ аузы дуалы. Алтын айдарлы ұлдар тумаса еліңнен, құлдар туады» дейді.

Серік ақын қазақ тағдырына аяусыздық пен зұлымдық көрсеткен жат пиғылдардың бәрінің ізіне түсетіндей. Бір мезгіл оның көзі Жазушылар одағына «Алматы, Коммунистік проспект, 105» түседі. Осында Сәкен, Бейімбет, Ілиястарды әдебиеттің иттері талағанын еске алады. Сол үйге «жанын бір ойлар мазалап, еңсесі түсіп кеп, еркелеп шығады». «Қазақтың қызғыш құстарын» көріп, «Алаштың асқақ рухымен сөйлесіп» қайтады. «Ғарышқа ұшқалы тұрған ақындық ой» оның санасын есейтіп, бойы мен ойын өсіріп, сабасына түсіріп қайтарады.

Алаштың азаттығы, түркі рухының биіктігі – Серік ақын арманының өлшемі. Оның өлеңдерінің бәрі осылардың беріктігі үшін күресті бейнелейді. Сәкенін де осы биіктен көруге тырысады, Сальерилердің жауыздығын да осы рухты әлсіретуге бағытталған іс-әрекетінен таниды. «Мағжанға хат» өлеңі осы тұрғыдағы аға ақынмен тілдесуі, сырласуы сияқты. Ол «Түрмеден түркі рухын шығарған» Мағжанына бүгінгі Қазақ елінің азат өмірі туралы сыр шертеді. «Кер заманның» кеткенін баяндайды. Бүгінгі қазақ өмірін «итаяқтан сары су ішкен мына жұрт, хрустальдан шарап ішіп жатқандай» көреді.

Рух қайда?

Тас жүрек пен мес дене –

Көретінің бозала таң кеште де.

Тұран керек,

Құран керек қазаққа.

Абай керек!

Одан басқа Ештеңе!

 

Жүрегінде – Көк Бөрі

Ұлиды кеп Тәңіріне көктегі.

Қайран жұртың қазағыңа, өйткені

Мен түгілі сенің сөзің өтпеді.

Көкке қарап әлі ұлып тұр Көк Бөрі.

Ақынның соңғы сөзі «Ақын мен тобыр» деп аталады. Мұнда жақсылық пен жамандықтың күресін тобырдың «Ақын өлтіру ойынымен» аяқтайды. Кезінде қазақтың үлкен ақыны Жұматай Жақыпбаев ақындық тағдырды ойыншыққа айналдырған қоғам жайлы ойын осындай өлеңмен білдірген-ді.

Ер білексіз байғұсты,

Зеңбірексіз байғұсты,

Қу арақ тойда, мұнда да,

Қуалап ойға, қырға да,

Ойнайды заман сойылы –

Ақын өлтіру ойыны.

Заңын да салып соңына,

Жарын да салып соңына.

Қоймайды жанын, үндеме,

Ойнайды күндіз, түнде де.

Қамшы бас заман сойылы –

Ақын өлтіру ойыны.

 

Көріне даусын жеткізбей,

Еліне даусын жеткізбей,

Аузы мен мұрнын тығындап,

Сыртынан сұмдар сыбырлап.

Ойнайды келіп той ұлы –

Ақын өлтіру ойыны.

 

Жас бала демей қарбытып,

Баспана бермей қаңғытып.

Тойласын соңғы жеңісін,

Солардың жері кеңісін.

Өлтірмей Құдай жөнімен,

Ойнап жүр енді менімен.

Ұлы таланттарды бағалай, қолдай білмеген қоғамдарда әр түрлі жолдармен «ақын өлтіру ойынын» ойнаған замандар мен дәуірлер туралы ойын Серік Жұматай ағасымен қосылып осылай түйеді. Мемлекеттер мен режимдер де бір-біріне ұқсас. Өмір қайталанып жатады. Даланың Көк Бөрісінің «ұлымауға амалым жоқ» деп дейтіні де осыдан. Серік ойынша, ендігі ақындар жекпе-жекте мерт бол­майды, жаламен сотталып атылмайды, «Ақындарды ұстайды енді өзіндей – өлімтікпен бірдей ғып» дейді. «Сұм иелену заманынан» сақтандырады. Елді жарқын күнге жеткізу – Асылды ардақтай білуден туады.

Серік туындысы осындай жарқын ойлармен аяқталады. Ол – қазақ өлеңінің батыл ойлар мен шындықтың сырына толы жаңа табысы. Ақын тақырыбын толық игерген. Ой мен сезім ұштасып, бәрін де көз алдыңнан өткізеді. Көресің, сенесің. Ақынға да сенімің артады. Өлеңдерінде бейнелеу құралдары да, астарлы ой да мол. Сәкенге деген сүйіспеншілік, оны тануға ұмтылыс ақын сезімімен нұрландырып жаныңа жайлылық дарытады. Мөлдіреп тұрған таза лирика, публицистикалық қуат та жеткілікті. Ең бастысы – онда Серік сүйген Моцарт та, ол жек көрген Сальери де бар. Сүйгенін де, жеккөрінішті сезімін де ақын төге білген...

Серік Қирабаев

Abai.kz

 

 

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1562
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2253
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3509