Сейсенбі, 23 Сәуір 2024
46 - сөз 4030 0 пікір 20 Шілде, 2016 сағат 11:49

КҮШТІК ҚҰРЫЛЫМДАРДЫҢ ӘЛСІЗДІГІН КӨРСЕТТІ

Алматыдағы жағдай біздің күштік құрылымдарымыздың түкке алғысыз, әлсіз екенін көрсетті. Бұл - күштік құрылымдардың "сүйегіне дейін" сыбайлас жемқорлыққа тап болғанын көрсетеді. Бір ғана адамның мемлекеттегі ең ірі мегаполисті бүтіндей дерлік бір күн бойы "қан ішкізіп", қәуіптіліктің ең жоғары қызыл деңгейіне енгізгені масқара емес пе?! "Террорист" жалғыз болып жанымыз қалды. Ал көп болғанда, қайтер едік? 

Мұндай "террорды" өлген адамдардың жанұясына Ақордада отырып алып көңіл айтумен, қаржылай көмек беріп қолдаумен, тіпті жазалау заңын қатаңдатумен де, не азайта, не тоқтата алмайсың. Мұның "емі" - күштік құрылымдардардағы таныс-тамырмен жұмысқа орналасқан бос кеуделерді, парасатты, білімді мамандармен алмастыру! 

Себебі, мен ойлаймын, бұл " террорист" бұрын да әділетті сотталмаған! Ол әлгі әйелді де өлтірмеген болса керек. Ал біздің "супер" тергеушілер осындайларға істі "іліп", қылмысты 100% "ашуға" шебер. Бұл қазір қылмысты ашу, қылмыскерді ұстау шарасындағы өте кең тараған күнделікті қолданыстағы тәсіл. 

Тараздағы өзін өзі өртеген бала да: "Мен істемеген қылмысты мойныма іліп жатыр" деп өлді. Түрменің тең жартысы осындай "жасаған қылмысымен" отырғандар. Ауылда бір тауық ұрлаған баланың мойнына бүкіл райондағы ұрланған жылқыларды "іліп" жіберетіні, бесенеден белгілі жәйт. Ал нағыз қылмыскер, ұрылар емін-еркін өз "кәсіптерін" жалғастыра береді. Бұларға сол күштік құрылымдардағы "крышалары" тек: "ендігі жерде байқап, сақ болып жүр" деп ескерту ғана жасайды. 

Жалпы, қылмысты азайту мен қылмыскерлерді дер кезінде (ізін "суытпай") құрықтау статистикасын жүргізу - елге, оның ішінде жастарымызға келген нәубетке, апатқа айналды! Көптеген тергеушілердің жүрексіздігі, адами қасиеттерінің жоқтығы соншалық, бары-жоғы қызметім жоғарылай ма деген оймен, айталық, маңдайы жарқараған, келешегінен үлкен үміт күтуге болатын, оқыған баланы да "қылмыскер" деп, "мойындатып", жалған жаламен түрмеге тыға салады! 

Сонда ұлттың келешегі не болмақ? 

Мысалы, кешегісі, бұрынғысы бар, барлық "террористердің" дені жап-жас жігіттер. Аяусыз қырып жатырмыз. Сонда олар кімдер? Қайдан келді? Қалай пайда болды? Осы жағын неге ойламаймыз? Ел боламыз десек, адасқан жастарды ату емес, жөнге салу керек! Себебі, олардың адасуы - биліктің кезінде жіберген үлкен қателігі! 

Бұлар келешекте көбеймесе, азаятын түрі жоқ. Сонда бәрін тегіс атып өлтіре береміз бе? 
Олай болмайды! Әрбірден соң, сол "террористер" - қазақтың батыр ұлдары! Батыр болмаса, қолына автомат емес, астына танк берсеңде, жауға жалғыз шаппайды! "Кегім кетті" деген боздақ шығар, атамыз да тастаймыз. Тірі қалса, түрмеде "асылып" өлетіні тағы белгілі. Сонда бұдан кім ұтады? Қазақтың батырлық генофондын кім сақтайды? Қалай илесең, солай көне беретін "террорист" емес, қазіргі заманның сүйкімді "балдары" ма?

Бұл менің "террористерді" ақтағаным емес, жастарымызды сақтағаным. Сондықтан зерттеу керек. Олардың ондай жолға түсуінің түпкі себебін ашу керек! Биліктің осыны істеу, яғни кезінде өздері жіберген қателіктерін ең болмаса енді жөндеу қолдарынан келмесе, кетсін. Орындарына іскерлер келсін.

Болмаса, қараңдаршы, шенеунікке жақсы. Өліп жатқан - полициясы да, "террористі" де, қарапайым халық өкілдері. Қәуіптің астында қалатын - халық. Ал өздері, "қырық қабат қорғанның ішінде" дін аман, ешқандай қәуіп-қатер жоқ. Рахат! 

Бұлай болмайды! Ел аман, жұрт тынышта, билік есін жисын! Кеш қалмасын! Жастарды апаттан аман алып қалудың жолын жасасын! 

P.S. Соңғы ақпараттарға қарағанда "террорист" - Руслан Куликбаев бүгін ауыруханадан СИЗОға ауыстырылыпты. Енді қарада тұрыңыз, осыдан екі-үш күн өткенде ол "өз-өзіне қол жұмсап", қайтыс болатынына мен сенімдімін. Себебі, полиция ондайларды кешірмейді. "Асылып өлдіге" шығарады. Мұны жоғары шенділерде үнсіз қолдайды. 

Ал оның орнына, ол бала неге бұндай қадамға барды? Мәжбүрлеген не? Кінәлі кімдер? Сот, прокуратура, полиция қызметкерлеріне неге өштесті? Кеткен кегі қандай? Міне осы сұрақтардың жауабын тапса, сосын барып, кінәлілерді (сот, прокротура, полиция қызметкерлерін де) әділ жазаға тартса, келешекке жақсы сабақ болар еді! 
Әй қайдам!

Геройхан Қыстаубаев

Facebook-тегі парақшасынан

0 пікір