Ханталапай

ҚАЗАҚ ЖЕРІ КІМНІҢ МЕНШІГІНДЕ?

Әріптің көлемі: Қалыпты
  • Қалыпты
  • Үлкен
  • Көлемді

ТӨЛЕШОВТАН Лужковқа дейін

Биылғы көктем айларында Жер реформасына қатысты ел ішінде туған толқулар нәтижесінде ҚР президентінің нұсқауымен құрылған комиссияның Астана қаласында, Ақмола, Алматы, Қызылорда облыстарында өткізілген отырыстарынан кейін, жер мәселесімен тікелей айналысқан ғалым ретінде осы мақаланы жазуды қолға алдым. Халық арасында наразылық толқуын тудырған тақырыпқа тереңдемес бұрын, жер дауына қатысты жан-жақты ақпаратты саралай келіп, тоқетер ойымды бірден айтайын: Жеркомды құрудағы негізгі мақсат – жерді сату мен шетелдіктерге ұзақ мерзімге жалға берудің «залалсыздығын» насихаттау, халықты алдаусыратып, ел ішіндегі наразылықты басу. Дәтке қуат боларлығы – комиссияның құрамында санаулы ғана болса да, азаматтық қоғам өкілдерінің болуы.

Жер кодексіне енгізілген өзгерістерге қарсы 21 мамырда Алматы мен Астана және т.б. қалаларда өткізілмек болған наразылық шерулерге билік тарапынан тыйым жасалып, белсенді қайраткерлер мен ақпарат өкілдерін жөн-жосықсыз ұстап, тергеуге алып, айыппұлдар салу – азаматтық құқықтың өрескел бұзылуы, билік басында отырғандардың, «күш көрсету» органдарының өз өкілеттіктерін асыра пайдалануы деп санаймын. Жер мәселесі жөніндегі «наразылықты ұйымдастырып», «митингілерді қаржыландырды», «мемлекттік төңкеріс жасамақ болыпты» деген «Төлешовтың тобы» халықтың назарын басқа арнаға аударудың ғана амалы болса керек. Себебі осы төңіректегі ақпаратты саралай келгенде, жер мәселесіне қатысты халық наразылығын, елдегі саяси-әлеуметтік толқуды әлдебір криминалдық-мыс топтардың әрекеті деген сыңаймен жылы жауып қоюға талпыныс байқалады. Сонда Жер кодексіне енгізілген өзгерістерге қарсылық білдіріп, ҚР президенті мен ел үкіметіне үндеу жариялаған зиялы қауым өкілдері де Тоқтар Төлешовтың айдауымен жүрген бе?

Ал анығында жерге қатысты толқу қалай пайда болып еді? Халықты соншалық дүрліктірген наразылыққа пайдаланылмай жатқан-мыс 1,5 млн гектар жерді аукцион арқылы сату немесе шетелдіктерге 25 жылға жалға беру, бұрын 49 жылға жалға берілген жерді жалдаушыларына сатып алуға мәжбүрлеу мәселесі түрткі болған жоқ па еді? Осы мемлекеттік кері саясатқа «Төлешовтың төңкерісі» қалай себепкер болып шыға келді?

Егер «жер дауына» себепкер болған мәселені еске алар болсақ, ҚР үкіметі мен Ұлттық экономика министрлігі бір жылдың ішінде жалға берген жерді иелеріне толық құнына сатып алуды жүктеп, соның есебінен мемлекет бюджетіне 500–600 млрд теңге қаржы түсіру болғаны еске түседі. Статистика комитетінің ресми деректеріне сәйкес, 2015 жылы елімізде 215, 4 млн гектар жер ауыл шаруашылығы айналымында, соның 24,8 млн егістік жер болған екен.

Соңғысының 14,4 млн гектары жеке шаруашылық серіктестіктері мен акционерлік компанияларға, 9,2 млн га – шаруа қожалықтарына жалға берілген, 387,4 мың га ауыл шаруашылық кооперативтеріне тиісті болған. Мемлекеттік заңды тұлғалар қарамағында – 139,4 мың га жер бар екен.

Бүгінгі таңда ауыл шаруашылық айналымдағы жерлердің 1,3 млн гектары немесе 1 %-ға жуығы жеке меншікте, қалғандары жалға берілген. Республика бойынша жер иеленіп отырған шаруа қожалықтары мен басқа заңды тұлғалар саны 189 мыңнан асатын болса, оның 76 018-і, яғни 40,2 пайызы халық тығыз орналасқан Оңтүстік Қазақстан облысында, 45 936-ы немесе 24,3% Алматы облысында, 16 687, яғни 8,8 % Жамбыл облысында орналасқан.

Яғни, елдегі шаруа қожалықтары мен жерге қатысты заңды тұлғалардың 70 пайыздан астамы тек қана оңтүстік өңірлерге тиесілі. Дәнді және майлы дақылдардың басым бөлігін өндіріп отырған Қостанай облысында – 5558, Ақмола – 4224, Солтүстік Қазақстан облысында – 3046 жер иеленген заңды тұлғалар бар.

Енді жеке және заңды тұлғалар жалға алған жер көлемі бойынша талдау жасап көрелік. Оңтүстік Қазақстан облысында 1-ден 50 гектарға дейін жері бар шаруа қожалықтарының саны 58 366 (500–1000 гектар аралығында – 185, 1000-нан 10000 гектарға жететіндері – 78), Қостанай облысының салыстырмалы көрсеткіштері – 291 (697 және 735 екен). Алматы мен Солтүстік Қазақстан облысын салыстырсақ, біріншісінде жер көлемі 1-ден 50 гектарға дейін 33 452 шаруа қожалығы болса, екіншісінде тиісінше – 273, 500–100 гектар аралығындағы жер иелері – 838 және 382, 1000 гектардан жоғарғылары – 505 және 308.

Ірі жер иеленушілер КІМДЕР?

Келтірілген деректер оңтүстік өңірдегі шаруа қожалықтар саны солтүстік өңірмен салыстырғанда он есеге жуық көп, бірақ та олардың 94–99%-ның жер көлемі шағын екенін көрсетеді, керісінше, солтүстік өңірде ірі жер иеленушілер үлесі 30–40%-ға жетеді, шағын жер көлемі барлар – 17–21%. Ескере кететін мәселе – оңтүстік өңірдегі ірі жер иеленушілер негізінен мал шаруашылығымен айналысатындар, демек, олардың қарамағында шөл мен шөлейт аймақтар, таулы-тасты жайылымдық және шабындық жерлер. Бұл өлкеде мыңдаған гектар егістік жерлері бар жер иеленушілер – егемендіктің алғашқы жылдары ҚР премьер-министрі болған Сергей Терещенко сияқты бірен-саран жеке немесе заңды тұлғалар.

Еліміздің солтүстік өңіріне келсек, мұнда ауыл шаруашылық айналымындағы 3 млн гектардан астам жер 3 ірі компания немесе холдингтің билігінде. Оларға 1,5 млн гектар егістік жері бар «Иволга» тобы, «ҚазЭкспортАстық» АҚ холдингі (1,0 млн га), «Агроцентр Астана» (700 мың гектар). Мұндағы «Иволганың» құрылтайшылары – Ресей мен Қазақстан азаматтары, егістік жерінің біразы Оңтүстік Орал аймағында. Осы топқа СҚО-дағы «Әлібиастық», «Цеснаастық», «Авторота», «Маслодел» ЖШС, «ЕВРАЗИЯ» тобы және т.б. астық компанияларын жатқызуға болады (бұлардың әрқайсысында 100–150 мың гектар егістік жерлер бар). Аталған компаниялардың құрамына егіс көлемі 20–30 мың гектарға жететін дәнді және майлы дақылдарды өсіруге маманданған ірі ауыл шаруашылық кәсіпорындары кіреді, сондықтан жер кімнің меншігінде екенін нақты айту қиын.

Мәселен, егіс көлемі бір миллион гектарға жуық «ҚазЭкспортАстық» холдингін алсақ, оның құрамына СҚО-ның құнарлы жерлерінде орналасқан «Ясная Поляна», «Вишневский», «Степноишим тәжірибе шаруашылығы» және тағы сол сияқты, әрқайсысына ондаған ЖШС-тер кіреді. Ауыл шаруашылығын зерттеуші ғалым болғандықтан, аталған шаруашылықтардың жағдайын біршама білемін: егістік жерлерінің бонитеті жаман емес, гумусы орташа қара топырақты аймақта орналасқан. Оларды ауыл шаруашылығын жақсы білетін, тәжірибесі мол мамандар басқарып отыр. Топырақты өңдеп, тұқым себетін, арам шөптерге қарсы гербицид шашатын, өсірілген өнімді ысырапсыз жинап алатын заманауи техникалармен жарақталған, сақтайтын қоймалары да жеткілікті.

Ресми мәлімет бойынша, 2012 жылы «ҚазЭкспортАстық» АҚ-ның табысы 471 млн доллар болса, 2014 жылы 22 млрд теңгеге шығынға батқан. 2016 жылы дефолтқа түсіп, 11 маусымда қарыздары деструктуризация арқылы реттелген көрінеді. Акционерлік қоғамның құрылтайшылары үшеу, сәуір айындағы деректерге сәйкес, оның 44,7 %-ы Молдабеков Русланға тиеселі, «Инвесткомның» үлесі – 46,6%, «Евробанктікі» – 8,6 %.

Қазақстан фермерлер одағының төрағасы Әуезхан Дариновтың мәліметіне қарағанда, 6%-дан аспайтын ірі ауыл шаруашылық кәсіпорындарының қолында 70% егістік жер шоғырланған. Мемлекет тарапынан ауыл шаруашылық өндірісін қолдауға бөлініп жатқан миллиардтаған бюджет қаражатын алып жатқан да, әрине – солар.

СҚО-да «Авторота» деп аталатын Ресей компаниясына ондаған мың гектар жер жалға берілген, оның қарамағындағы шаруашылықтар дәнді және майлы дақылдар өсіреді. Естуімше, аталған компанияға кіретін серіктестіктер мен Қиялы элеваторының негізгі иесі – Мәскеудің бұрынғы мэрі Юрий Лужков. Оны Тайыр Мансұров мырза облыс әкімі болып тұрған кезде осылай жарылқаған көрінеді. Елбасын Астана күнімен құттықтауға Лужковтың бұрын жыл сайын келіп тұруының себебі де осы болуы мүмкін.

Мемлекет есебінен БАЙЫҒАНДАР

Келесі топқа егін шаруашылығымен қатар, мал шаруашылығын, сүт өндіру, мал бордақылау жұмыстарын өндірістік деңгейге жеткізген ірі агрофирмаларды жатқызуға болады. Олар кешегі Кеңес заманынан белгілі, құс өсірумен қатар, дәнді және майлы дақылдар егетін Ибрагим Жангуразов басқаратын Ақмола облысындағы «Ижевская», Иван Адамович Сауэр жетекшілік ететін «Родина», Солтүстік Қазақстан облысындағы «Зенченко –К» агрофирмалары. Соңғыларына осыдан он жылдай бұрын Канададан әр басы 7–8 мың доллар тұратын жүздеген тайыншылар ұшақпен әкелінген. Бүгінгі таңда аталған кәсіпорындар Астана мен Петропавлды ет-сүт өнімдерімен қамтамасыз етіп отырған ірі өндіріс орындарына айналды. Ондаған мың гектар жерге дәнді және майлы дақылдар егіп, олардың тұқым шаруашылығын жолға қойып, қатардағы шаруашылықтарды сапалы тұқыммен қамтамасыз етеді. Аталған шаруашылықтардың жоғары көрсеткіштерге жетуіне мемлекет тарапынан қолдаудың біраз көмегі тиді. Кезінде ірі қараның асыл тұқымдарын сатып алуға, оларға арналған кешендердің құрылысын салуға, дәнді және майлы дақылдарды өсіріп, өнімін жиятын заманауи шетел техникаларымен жабдықталуына, ауыл шаруашылық өнімдерін өңдеу мен өндіруді индустриялық деңгейге дейін көтеруге мемлекет тарапынан миллиардтаған субсидия бөлінді. Сондықтан осындай мамандандырылған ірі шаруашылықтар мемлекет меншігінде қалуы керек, бір адамның жекешілігіне бергенде не ұтамыз?

Енді егіс көлемі ондаған мың гектар болатын жекешелендірілген шаруашылықтар жайлы. Қостанай облысының Қарабалық ауданының ең шұрайлы жерінде «Зерновая индустрия» мен «Агротор» деп аталатын ірі шаруашылықтар бар, олардың негізгі құрылтайшысы – белгілі бизнесмен Нұрлан Смағұлов көрінеді. Ақмола облысының Щучье ауданы Кенесары ауылында егістік жері 10 мың гектардан асып түсетін «Есил-АГРО» ЖШС-нің иесі СҚО-дағы бір ауданның әкімі дейді. Жақында Көкшетауда өткен Жер комиссиясының отырысында облыс әкімі Кулагин мырзаның қарамағында 80 мың гектар егістік жер бар екені мәлім болды. СҚО-ның Ғабит Мүсірепов ауданындағы «Тұқым» деп аталатын мамандандырылған ірі ЖШС-нің құрылтайшысы Талғат Ақаев – Алматы қаласының тұрғыны көрінеді, ал шаруашылықты сенімді өкілдері басқарады. Бұлардың көпшілігі өз жеріне қоса, механизаторлар мен ағарту және т.б. мекеме қызметкерлерінің Ресейге қоныс аударған жер иелерінің үлесін сатып немесе қосып алған. Аталған және осы сияқты серіктестіктердің негізгі құрылтайшылары жалға алған жерлерін біртіндеп сатып алуға байлығы да, мүмкіндігі де жетеді ғой деп ойлаймын. Сондықтан да ондаған мың гектар жері бар латифундистерге ауыл шаруашылық жерлерінің жеке меншікке айналғаны тиімді, бүгінгі таңда олар жерді жеңілдікпен жарты бағасына сатып алып, арада біраз жыл өткеннен кейін өз бағасына немесе қымбатқа сатып, байлыққа шашетектен кенелуі мүмкін.

Солтүстік өңірде жер көлемі 1–2 мың гектарға жуық, қажет техникалары бар, өз күшімін тұқымын сеуіп, егісін күтіп-баптап, өсірілген өнімін жиып алып, сақтауға шамасы жететін орташа шаруа қожалықтары бар. Егіс көлемі 50–100 гектардан аспайтын шағын жер иелері қажет техникасы мен қаражаты болмағандықтан, агротехникалық шараларды ұтымды мерзімде атқара алмай, егістерін арамшөп басып, өсірілген өнімін мерзімінде жия алмайтындықтан, жерін ірі шаруашылықтарға субарендаға өткізуге тырысады немесе үлесі солардың меншігіне өтіп кеткен.

Қара халыққа НЕ ҚАЛДЫ?

Мені толғандыратын бір сұрақ: бүгінде жалға берілген жердің нақты иесі кім? Мәселен, көкөніс, жеміс-жидек, бау-бақша, мақта мен қант қызылшасын өсіретін оңтүстік өңірді алсақ, онда жердің нақты иесі бар, әркімнің меншігінде шекарасы нақты айқындалған жер бар. Жаппай жекешелендіру кезінде оңтүстік өңірдің мақта мен қызылша өсіретін жерлері бөлшектеніп, енді ірі кооперативтер құруға басын біріктіре алмай отырмыз. Шағын шаруа қожалықтарының техника сатып алуға шамасы келе бермейді, сондықтан қол еңбегі көп қажет етіледі, өнімнің өзіндік құны жоғарылап, сапасымен қатар бәсекелестікке қабілеттілігі де төмен.

Бүгінгі заңнамалар негізінде қарапайым халыққа ауыл маңындағы жайылымдық және шабындық жерлер ғана қалды. Өкінішке орай, олардың да шұрайлы жерлері жекешелендірілген. Алматы облысының Райымбек ауданына қарасты бұрын екі-үш ауданнның жүздеген қора қойы мен үйір-үйір жылқысы, табын-табын сиыры жайылатын Қабанды, Қарқара, Мыңжылқы сияқты жайлаулар да жекешелендірілген. Олардың орман қоры ғана мемлекет меншігінде қалған. Ал ауласындағы бірер бас малына қыстық шөп дайындайтын қарапайым халық табиғи шабындықтардың иесіне ақша төлеуге мәжбүр. Кеген асуының ылдиындағы Темірлік деп аталатын ауыл маңында жолдың екі жағындағы шабындық жерді бұрынғы аудан әкімі иеленген. Жер иесі ешқандай еңбек жасамай, жыл сайын шөп сатып, көлденең табысқа кенеледі. Бұрынғы Нарынқол ауданының табиғаты әдемі, көз тартар жерлерінің көпшілігі билікке жақын екі-үш жеке тұлғаның меншігіне айналған.

Негізі елді мекендердің айналасындағы жайылымдық және шабындық жерлер ауылдық немесе аудандық әкімшіліктің меншігіне өткені дұрыс. Шабындықтар телімге бөлініп, малға шөп дайындауға сатылғанның өзінде қаржы жергілікті бюджетке түсіп, ауылдың инфрақұрылымын дамытуға жұмсалуы қажет.

Соңғы кезде Алматы облысында жеке меншікке сатылған ауыл шаруашылық жерлерінің айналасына мал мен адам өтпейтіндей етіп, биіктігі 2 метрдей бетон бағаналар орнатып, тікенді сым тартып, қоршап алатындарды байқап жүрміз. Райымбек ауданының Қарқара ауылының төменгі жағында 100 гектардай жер осылай қоршалған, иелері – Семейдің азаматтары дейді.

Жуықта «Дат» газетінде жарияланған бір мақалада Мырзатай Жолдасбеков мырзаның күнделігінен келтірілген деректе 28 гектар шабындық жерін қоршау үшін әр 3 метр сайын биіктігі 2 метрге жететін темір бағаналар орнатып, сым тартқанын, олардың түбіне бірнеше автокөлік цемент кеткенін жазған екен. Ал мыңдаған гектар жерді қоршап көріңіз? Біз зайрлы мемлекет құрдық дейміз, дамыған елдің қатарына қосылмақпыз. Батыс Еуропа, АҚШ пен Канада, Жапония мен Шығыс Азия елдерінде іссапарда болған кезімде жеке меншік жерлердің тікенді сым темірмен қоршалғанын кім көріпті? Адам азды ма, әлде заң дәрменсіз бе?

Жерді 25 жылға жалдауға КІМДЕР КЕЛЕДІ?

Бірінші кезекте кім келетіні айдан-анық. Бізді жарылқап, Батыс Европа елдерінен, әсіресе егемендіктің алғашқы жылдары тарихи отандарына үдере көшіп кеткен еңбекқор, іскер, ұрлық жасамайтын, өтірік айтпайтын, заңды құрметтейтін немістер келе қоймас. Ресейдің игерілмей жатқан өз жерлері жетіп жатыр, қайтадан тың игеруге олар да келмейді.

Соңғы 70 жылда халқының саны 5–6 есе өсіп, 30 миллионға жеткен өзбек бауырларымыз еліміздің оңтүстік өңірлеріне ағылуы мүмкін. Бірақ мұнда бос жатқан жер жоқ.

Қазақстан жерін жалға алуға халқының саны 1,5 миллиардтан асқан шығыстағы көршіміз ағылып келеріне күмән жоқ. Бастапқы кезде 5–10 мың адам келгеннің өзінде 25 жылда олардың саны миллионға жетпесіне кім кепілдік береді? Жерді ұзақ мерзімге жалға алған соң, жалдаушы инфрақұрылымдар, тұрғын үй және т.б. құрылыстар салады. Топырақты өңдеп, егісті күтіп-баптау, өсірілген өнімді жинау үшін олар өз техникаларын, тыңайтқыштар мен түсімділікті күрт көтеретін биологиялық белсенді заттарын, арамшөптерге қарсы шашатын гербицидтер және тағы басқа да улы химикаттарын ала келеді.

Соңғы жылдары өсімдік қорғау құралдарын шығаруда Қытай алдыңғы орынға шықты, олар көбінесе лицензиялық мерзімі біткен пестицидтердің баламаларын шығарумен айналысады. Жер Қытай азаматтарына жалға берілсе, олар жоғары өнім алу үшін тыңайтқыштар мен пестицидтерді кеңінен қолданып, экологиялық жағдайды біраз ушықтыруы мүмкін. Ал улы химикат қалдықтарымен өндірілген өніммен қатар, топырақ пен ауа да ластануы ықтимал.

Жерді шетелдіктерге жалға берудің ешқандай қауіп-қатері жоқ екендігіне қалың қауымды сендіру үшін, егістік жерлердің құнарлығын тұрақты бақылап, көрсеткішінің төмендеуіне жол бермейміз деген хабарлар тарай бастады. Шындығына келсек, біздің елде мұндай бақылау жүргізетін кәсіби мекеме де, оған қажетті мамандар да жоқ. Басқаны былай қойғанда, бұрынғы ауыл шаруашылық вице-министрі, бүгінде парламентте ауыл шаруашылығы саласы бойынша комитетті басқарып отырған Сапархан Омаров мырзаның өзі бұл саладан мақұрым екені белгілі болып қалды. Ол маусым айының бас кезінде теледидардан берген сұхбатында елімізде гумус (қара шірінді) мөлшері жеткілікті жер көлемі бар-жоғы 1% екенін айтты. Сонда қара шіріндісі 3–4 %-дан кем емес Қостанай, СҚО, Ақмола, Павлодар мен ШҚО-ның қара топырақты аймақтары қайда қалғаны? Басқа – басқа, ал мемлекеттік маман саналатын Омаров мырзаның бұл дерегі дұрыс еместігі айдан анық.

Әрине, тың игерілгеннен бергі жарты ғасыр аралығында топырақтағы гумус мөлшері салыстырмалы алғанда 20–30 % төмендегені жайлы ақпаратты жоққа шығаруға болмайды. Бірақ соған қарамастан, ылғал жеткілікті жылдары солтүстік өңірде жаздық бидайдың жаңа сорттарының бір гектарға шаққандағы түсімділігі 4–5 тоннаға жетеді. Бұл – ел селекционерлерінің жетістігі, 50–60 жыл бұрын мұндай көрсеткіш болмаған. Ылғал жеткілікті жылдары гумус мөлшері 2 %-дан аспайтын оңтүстіктің сұр және ашық-қоңыр топырағының өзінде дәнді дақылдардың гектарға шаққандағы түсімділігі 2,5-3 тоннаға жететінін, суармалы жерлерде жүгері 10 тоннадан өнім беретінін Омаров мырзаның білмегені ме? Топырағында гумус мөлшері төмен Алматы, Жамбыл мен ОҚО-ның шағын шаруа қожалықтары жеміс-жидек және көкөніс өнімдерімен еліміздің тұрғындарын толық қамтамасыз етуге мүмкіндігі бар.

Демек, Қазақстан үшін басты фактор – топырақтағы гумус мөлшері емес, өсірілетін дақылдардың ылғалмен қамтамасыз етілуі. Топырақтың құнарлығы жайлы тоқталып отырғанымның басты себебі – ертеңгі күні жемқорлық пен парақорлық жайлаған мемлекеттік мекеме қызметкерлері егістік жердің құнарлығын төмендетіп жібердің деген сылтаумен қорғансыз шағын шаруа қожалықтарының жерлерін тартып алуға жол ашуы мүмкін. Қазақ жерінің қалған-құтқан құнарын сақтау үшін, шетелдіктерге жерді сатуға және ұзақ мерзімге жалға беруге болмайды. Жер өз азаматтарымызға жеке меншікке сатылатын болса, оны басқа біреуге, әсіресе шетел азаматтарына екінші қайтара сатуға тыйым салатын заңдық негіз жасалуы тиіс.

Тек ауыл шаруашылық айналымындағы жер ғана емес, жалпы Жер мәселесі, оның қазба және т.б. табиғи байлықтарын, әсіресе жыл асқан сайын тапшылығы арта беретін су ресурстарын халық игілігіне тиімді пайдалану мәселелері Жер кодексінде жан-жақты көрсетілуі тиіс. Жерге инвестиция құямыз деп, оны шетелдіктерге бас-көзсіз сату – мемлекеттік һәм халықтық қылмыс саналуы тиіс. Жерді болашақ ұрпаққа аманат етіп қалдыру – әр қазақтың азаматтық парызы болуы керек.

Мұрат ҚОЙШЫБАЕВ, Ауыл шаруашылық ғылымдарының докторы, профессор

«Общественная позиция»

(проект «DAT» №29 (346) от 21 июля 2016 г. 

 

 

23 пікір 2802 рет оқылды Қосылған: 26.07.16
    • #1
    • Есенғали, Антакиядан
    • сс, 26/07/2016 - 11:41

    Қазақ жері Лужковтың қатынының меншігінде, қазақ жері Терещенко мен Кулагиннің меншігінде ...
    Бірі қазаққа бауыр, екіншісі жиен, үшіншісі нағашы.

    • #2
    • pikir
    • сс, 26/07/2016 - 14:03

    latifundisterdin atyn oqyp shyguga bir kun ketedi eken

    • #3
    • тТт
    • сс, 26/07/2016 - 14:25

    Осы Терещенко үкімет басқарған кезде БАҚ та шет елден қымбат тұратын жер өңдеу және тамшылап суару құралдары алынды, неге екенін қолданысқа пайдаланбай жатыр деп жазылған еді.Енді белгілі болды, үкіметтен кеткесін өзі иемденіп кеткен боп тұр ғой, әкеңнің...

    • #4
    • пенсионер
    • сс, 26/07/2016 - 14:30

    Мыналардың бəрін қайтару үшін үлкен соғыс керек екен

    • #5
    • Айкен
    • сс, 26/07/2016 - 15:19

    Жақсы жазылған дүние. Бірақ не де болса, үмітімізді үзбейік. Жерком халықтың көңілінен шығатын шешім шығарады деген сенімдемін!

    • #6
    • Ермек
    • сс, 26/07/2016 - 15:22

    Жерді егер де жалға берсе де, оның құнарлылығын сақтап қалуға, жалдаушылардың барлық шарттарға сай жерді пайдалануына үлкен назар аударатындығы белгілі.

    • #7
    • Бекзат
    • сс, 26/07/2016 - 15:26

    Олар жерді мәңгі алып кете алмайды, біраз пайдаланар сосын қайтады ғой. Жерком отырысының соңғы жағын күтейік, бір жақсы хабар болып қалар.

    • #8
    • сауле
    • сс, 26/07/2016 - 15:57

    бекзат сен аузынды жапшы сен сияктылар елди ким корингенге сатып журген сен сол али 1 гасыр куте бер саган кайтарар жерди орысын озин курып кетерсин шырагым

    • #9
    • Хамит
    • сс, 26/07/2016 - 16:02

    Ауылшаруашылық мақсаттта берілген дұрыс. Онда тұрған ештеме жоқ. Жерге жанашырлықпен қарайды.

    • #10
    • Есенғали, Антакиядан
    • сс, 26/07/2016 - 16:03

    Сәуле !
    Бекзат қалай аузын жабады ? Билектен алатын 25 мың теңгесін "адалдауы" керек қой !

    • #11
    • Өсербай
    • сс, 26/07/2016 - 16:14

    Әркімге бөліп берсек, олардың бәрі ол жерді игеретіндігіне сенімім жоқ. Мысалы: біздің жанұямызға тиіселі 7 гектар жеріміз болған, бірақ оны біз игермедік, жер сор болып шықты, оны игеру үшін өте үлкен қаржы керек, ол қаржы бізде болған жоқ. Сонымен бүгінде ол жер сол күйінше бос жатыр, арендаға ешкімде алмайды...

    • #12
    • Талшын
    • сс, 26/07/2016 - 16:48

    Жермізге өзімізден меншік табылып оған қарап, сол жердің құнарлыған жауап беріп жатса, одан біз еш қорықпағанымыз жөн. Қай жағдай болса да ек тұсы болары сөзсіз. Бастысы соның тиімді тұстарын алуымыз қажет.

    • #13
    • Ажар
    • сс, 26/07/2016 - 17:18

    Қазақ жері тек қазақтың меншігінде!!!

    • #14
    • Кайрат
    • сс, 26/07/2016 - 17:26

    Жерімізге бәріміздің де жанымыз ашиды, Жер Ана деп бекер айтылмаған.

    • #15
    • Мақсұт
    • сс, 26/07/2016 - 17:33

    Мақала аса сауатты, қажетті дүние екен, Осыны Өкімет, үкімет білмеуі мүмкін емес, біле тұра -алған беттерінен айнымай жерді саудалап жүргендері -нағыз дұшпандық! Ең өкініштісі -осындай шындықтарды Халық әлі білмейді! Жоғарыдағы айкен, ермек, бекзат, хамит сияқты қырықаяқты өрмекшілерге -бәрібір, қожайындары қалай жетелесе, солай мөнтеңдеп ере береді. Бірен -саран "Елім,Жерім" -деп алға шыққан азаматтарды Халықтан бөліп ұстап кетіп жатыр... Не амал бар?! Қалайда болса жоғарыдағы дай шындығы шырқараған мақалаларды Халыққа жеткізу, Халыққа тарату керек еді.

    • #16
    • Түс жорушы
    • сс, 26/07/2016 - 18:19

    Түсімде 21-ғасырдың аяғы -2099 жыл екен деймін. "Атамұра" баспасынан "Жаңа мақалдар мен мәтелдер" атты кітап шығыпты. Кітаптағы "Ж" әрпінен басталатын бір мақал -"Жерін сатқан - жетесіз"- деген сөздерден тұрады екен.... Шошып оянып, қайтып ұйықтай алмадым...

    • #17
    • шаруа
    • сс, 26/07/2016 - 21:13

    Бекзат келіншек болсаң ешкімнің көңілін қайтармайтын көңілшек жайма болар едің.

    • #18
    • М.Шындәулет.
    • сн, 27/07/2016 - 1:00

    Мұреке, рахмет сізге, мақалаңыз өте күшті жазылған. Осындай нақты деректермен жазылған материалдарды жиі жариялау керек. Жеркомның Атырауда болған отырысында Мұхтар Шаханов ағамызда өте жақсы деректермен жалтақсыз айтып шықты. Осындай материалдар қаншалықты көп жарияланып, жалтақсыз айтылған сөздер жұртшылыққа дер кезінде жетіп тұрса ертең халық жеме-жемге келгенде өліспей беріспейтіні шындық. Жалпы қытайды жолатпау керек. Ол иттің балдары химикаттың күшімен қауын-қарбыздың да пішінін өзгертіп жіберіп жатыр. Олардың қолынан түрлі бәле келеді. Пиғылы арам халық. Әйел-қыздардың емшек қабының ішіне рак ауруын пайда етіп қоздыратын улы дәрі салып Қазақстанға өткізгендері туралы бейне көрініс интернетте әлі көрсетіліп жүр. Сондықтан ең бірінші қытайдан сақтану керек. Ол үшін осындай ашық жазылған материалдарды күн құрғатпай беріп бару керек. Осы орайды Абай кз ұжымы мен Шаханов мырзаға алғыс айтамыз. Мұхтар ағамызға Жаратқан ием күш-қуат беріп Ұлысқа Ұран болған Пір Бекет атам жар болғай! Ол кісінің сыртынан өсектеп жүргендер мен жамандық жасауға оқталып жүргендердің қара ниеттерін құдайым алдына келтіргей!

    • #19
    • кемелбай
    • сн, 27/07/2016 - 1:03

    назарбаевқа әкесі әбіш марқұм қазақ жерін мұраға қалдырған жоқ. сатудан басқа қолынан дым келмейтін ұры қазақтың қанын ішуін қашан қоймақ. ұрлықтан жиған дүниесін қалай сақтаудан басқа түкте ойлап жүрген жоқ кәззәп.

    • #20
    • Жанбай
    • сн, 27/07/2016 - 10:46

    Лужков тың Атырауда Исатай ауданы жанбай селосының қасында Потенциал ойл деген ірі мұнай өндіріс орны бар.Ілеспе газының иісінен бүкіл ауыл ауру болды. Бірнеше рет айтылғанмен халықтың қауқары жетпей тұр

    • #21
    • Че
    • сн, 27/07/2016 - 10:51

    Билігінын аяғында елге бітпес дау тауып беріп, қоса комиссия кургызып өзі урлаган саткан қазақ аманатының жемісін бала шагасымен тыныштыкта отырып көруде, ал қазақтар өз ара дауласып жур. Президент қандай кемеңгер десеңші

    • #22
    • Қазақ
    • сн, 27/07/2016 - 12:40

    О, Ұры Жоңғар! Қазақ жерінің астындағы бар бай байлықты ғана яхуди, кәріс, индус, орыстарға беріп болды ма десем, шұрайлы жерінің көп бөлігін де келімсектерге беріп болған екенсің ғой! "Мемлекеттік меншік ең жаман меншік" дейтін қашқын яхуди Қажыгелдин екеуің қазақтың нағыз жауы болып шықтыңдар!

    • #23
    • Тағы бір Қоғамдық комиссия құрылуы керек!
    • сн, 27/07/2016 - 12:57

    Енді қазақ жерінің шикізат байлықтары кімнің қолына қалай өтті? Тәуелсіздік алғаннан бері қанша миллион тонна шикізат байлықтары сатылып, одан олигархтардың қалтасына қаншасы түсті, мемлекет бюджетіне қаншасы түсті? Енді қанша жылға жететін шикізат байлықтары қалды? Ол кімнің меншігінде? Олигархтарды әлем миллиардерлері қатарына қосу үшін оларға қандай қолдаулар мен салықтық және тағы басқа мемлекеттік жеңілдіктер жасалып келді? Ол олигархтар құрған компаниялардың қанша пайыз үлестері мемлекет басшыларының жақындарына тиесілі? Осыдан біраз жыл бұрын президенттің атына ашылған шетел банкіндегі есеп шоттағы 1 миллиард доллар жария болып кеткенде оны мемлекеттің дағдарыс туа қалса деп жинаған ақшасы деп мәлімдеді, сол ақшаны кімдер аударды және ол ақша бюджетке қайтарылды ма? Осылардың бәрін тексеріп, әділдік пен заңдылықты қалыпқа келтіретін Республикалық қоғамдық коммиссия құрылуы керек!

Пікір қосу

  • 1 + 35 =

Вход