Сейсенбі, 23 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3571 0 пікір 25 Тамыз, 2016 сағат 10:55

Созақта станция салынбақ

Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданында жуырда күн сәулесін пайдалану арқылы электр энергиясын өндіретін станция салынбақ. Станцияның салынуына сірә Оңтүстік өңірдің аурайының ерекшелігі, аймақтың жыл он екі айда күннің мол шапағына оранып тұратыны ескерілсе керек.

Германиялық «Green Energy 3000 Holding» холдингі аталмыш жобаның іске асырылуына ниет білдіріп отыр. Теріскейге күн қуатымен электр энергиясын өндіретін станция соғуға байланысты Германиялық холдинг пен аудан әкімдігінің арасында келіссөздер бірнеше жылдан бері жүріп келеді.

Станция соғу туралы келісім аталған холдингтің Қазақстандағы өкілі Ақылбек Саматұлы мен аудан әкімі Мақсат Исаевтың екеуара кездесу барысынан кейін белгілі болды. Қазіргі таңда Германиялық «GreenEnergy 3000 Holding» холдингіне қарасты компания Созақ ауданы «ЮКСЭС-50» ЖШС  филиалы жобасының құрылыс жұмыстарын жүргізуге әзір. Қажетті құжаттарды әзірлесе, станцияның құрылыс жұмыстары осы жылдың қараша айында басталып, 200-ге тарта жұмысшы тартылады деп күтілуде. Келер жылы толық қуатымен жүзеге асатын жобада 50 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ.

Айта кетуіміз керек  50 МВт электр энергиясын өндіретін жобаның негізгі тұтынушысы  «KEGOC» АҚ болмақ. 

Шадияр Молдабеков

Abai.kz

0 пікір