Сәрсенбі, 24 Сәуір 2024
Мәйекті 5691 0 пікір 30 Тамыз, 2016 сағат 18:13

ДАМУДЫҢ ДАҢҒЫЛ ЖОЛЫН САЛҒАН АТА ЗАҢ

30 тамыз барша казақстандықтар үшін ерекше күн. Осыдан 21 жыл бұрын дәл осы күні бүгінгі қарышты дамуымызға негіз болған, жарқын  болашаққа даңғыл жол салған ел Конституциясы қабылданған болатын. Бүкіл әлемде Конституция – елдің ілгері даму бағытына сәйкес әлеуметтік – экономикалық жүйесінің және қоғамының саяси ұйымдастырылуының, жалпы алғанда, мемлекеттіліктің керегесін кеңейтіп, көсегесін көгертудің негізін айқындайтын негізгі заң, қасиетті құжат.

21 жыл бойы Ата заңымыз мемлекеттіліктің алтын діңгегі ретіндегі негізгі функциясын мүлтіксіз атқарып келеді.     

Кез келген елдің егемендік алып, тәуелсіз даму жолына түсуі оңайға соқпайтын құбылыс екені белгілі. Қазақстан да өз егемендігінің алғашқы жылдарында сан қилы қиындықтарды бастан кешіріп, түрлі реформаларды жүзеге асырды. Мемлекеттің экономикалық дамуын азаматтардың әл-ауқатының артуын, ішкі-сыртқы саясатты реттеуді қамтамасыз ету жолында көптеген жұмыстар атқарылды. Тәуелсіздік тұғырын биіктетіп, тұрақты дамуды қамтамасыз ету үшін заңнамалық жүйе біршама өзгерістерді талап етті. Ол өзгерістер ел Конституциясын да айналып өтпеді. 1993 жылы қабылданаған еліміздің тұңғыш Ата заңына экономикалық-саяси тәуелсіздікті қамтамасыз етіп, алып империямен бірге құлаған, құлдыраған шаруашылықты, түрлі кәсіпорындардың жұмысын қайта жандандырып, сол арқылы халықты жұмыспен қамту, әлеуметтік ахуалды жақсарту үшін бір орталықтан, жедел шешімдер қабылдауға мүмкіндік беретін президенттік басқару формасын енгізу керек болды. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 1992 жылы жарияланған «Қазақстанның егемен мемлекет ретіндегі қалыптасуы мен дамуының стратегиясы» атты бағдарламасында жарқын болашақта атқарылатын қыруар жұмыстар белгіленген болатын. Ол жоба-жоспарлар халық тарапынан қолдау тапты. Заман талабына, уақыт қажеттілігіне, ең бастысы – ел игілігіне арнап озық демократиялы елдердің тәжірибелері терең зерттеліп, Франция Конституциясының негізінде жасалған жаңа Ата заң жобасы республика азаматтарының талқысына салынды. Ата заң жобасын талқылау барысында арнайы комиссияға 30 мыңнан астам қарапайым азаматтардың ұсыныс, тілектері жолданған. Олардың мыңнан астамы негізгі заң жобасына енгізілді. Сөйтіп, 1995 жылдың 30 тамызында бүкілхалықтық референдумда ел азаматтарының сайлауға қатысу құқығына ие бөлігі түгелге жуық жаңа Ата заң жобасын қолдап, дауыс берді.

 1995 жылы қабылданған Конституция әділдік, бостандық қағидаттарына, БҰҰ сияқты халықаралық ұйымдардың талаптарына сай жасалған. Ол барша Қазақстан азаматтарының ұлтына, дініне, нәсіліне, әлеуметтік, лауазымдық ерекшеліктеріне қарамай тең құқылылығын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, мемлекеттік институттардың – заң шығарушы, атқарушы органдар мен сот жүйесінің, қоғамдық ұйымдардың отан дамуына бағытталған жұмысын жүйелеп, қоғамдық-мемлекеттік қарым-қатынастарды реттейді. Қабылданғанына биыл 21 жыл толған Ата заңымыз өзінің тиімділігін, уақыт пен ел қажеттілігінен туған құжат екендігін айқын дәлелдеп отыр. Қарышты дамуды қамтамасыз ету үшін Ата заңға екі мәрте енгізілген өзгерістер де өз тиімділігін көрсетті. Қазіргі таңда Қазақстан тек ТМД елдері ішінде ғана емес, тұтастай Орталық Азия аймағындағы көшбасшы елге айналды. Бүгінгі тұрақты экономикалық дамуымыз, халықтың әлеуметтік жағдайының артуы, мемлекеттік органдардың тиімді жұмысы, саяси тұрақтылық, ең бастысы – халықтың бірлігі мен татулығы, этносаралық, дінаралық дау-жанжалдардың біздің қоғам үшін жат құбылыс саналуы Ата заңымыздың арқасы. Конституция ел экономикасының ойдағыдай дамуына, азаматтардың әл-ауқатының жақсаруына, саяси жүйенің демократиялық талаптарға бейімделуіне, қоғамдағы түрлі топтар арасында өзара түсінушілік пен сыйластыққа негізделген қарым-қатынастың орнауына, елдің халықаралық деңгейдегі беделінің артуына жол ашты. Бүгінде біздің елді әлем таниды. Қазақстан әлемдік деңгейдегі басқосуларда аталы сөз айтатын, халықаралық қауымдастықты ауызбірлікке шақыратын бейбітшілік пен татулықтың насихатшысына айналды. Еліміздің ЕҚЫҰ-ға төрағалық жасап, ұзақ уақытқа созылған үзілістен соң ұйым саммитін Елордада өткізуіміз,  сонымен қатар Ислам Ынтымақтастығы ұйымына жетекшілік етуіміз Қазақстанның халықаралық аренадағы салмағын одан әрі арттыра түсері анық.

 Ата заңнан елдегі қоғамдық-мемлекеттік қарым-қатынастарды реттейтін өзге де заңдар бастау алады. Ел Парламенті қабылдап, Елбасы қол қойған ол заңдардың елдің барлық аумағында бірдей орындалып, заңдылықтың сақталуы мемлекеттік органдарға, республика азаматтарына артылатын міндет. Күнделікті өмірде азаматтардың, лауазымды тұлғалардың, мемлекеттік және қоғамдық институттардың тарапынан заңдылықтың сақталуы үшін мемлекеттік органдар айтулы жұмыстар атқаруда. Бұл жұмыстардан құқық қорғау органдары, оның ішінде Ішкі Істер министрлігінің Ұлттық ұланы де сырт қалмақ емес. Өздеріне тапсырылған аумақта қоғамдық қауіпсіздік пен тәртіптің сақталуын, мемлекеттік маңызды нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, түзеу мекемелерін күзету сынды зор міндеттер атқаратын Ұлттық ұланның «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының құрамасы да азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау, ел ішінде тыныштық пен құқықтық тәртіпті сақтауда өзіне жүктелген тапсырмаларды мүлтіксіз орындап келеді. Өңірлік қолбасшылық әскери бөлімдерінің жауынгерлері күн сайын Алматы, Тараз, Талдықорған қалаларының көшелерінде патрульдік қызмет атқарып, құқықтық тәртіптің сақталуын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, түрлі деңгейдегі түзеу мекемелерін күзетіп, қылмыстық жауапкершілікке тартылған тұлғаларды, қауіпті элементтерді қоғамнан оқшаулау арқылы біздің әскери бөлімдер қарапайым азаматтардың бейбіт тұрмысының сенімді қорғаны болып отыр.

Ел тынысының бағдаршысы, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беретін негізгі заң Конституция күні – барша  қазақстандықтардың ортақ мерекесі. Өткенге көз жүгіртіп, атқарылған жұмыстарға есеп беретін, болашаққа жоспарлар құратын кезең. Өзге  мемлекеттік органдармен бірге Қазақстанның Ұлттық ұланы да алдағы уақытта азаматтардың Конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғау жолындағы мәртебелі миссияны бұлжытпай орындай бермек. Ол үшін мемлекет тарапынан барлық қажеттіліктер жасалған. Әскери кадрлардың кәсіби біліктілігі мен мүмкіндіктеріне де сенім мол.

генерал-майор Әлібек Серәлиев, 

Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Оңтүстік»

өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы

Abai.kz

 

0 пікір