Жұма, 29 Наурыз 2024
Әдебиет 5328 0 пікір 9 Қыркүйек, 2016 сағат 20:03

ТАМЫРЫМ МЕНІҢ ТЕРЕҢДЕ...

Ал, құрметті достарым! Бүгін Жұмекен туралы кітабымды аяқтап, соңғы нүктесін қойдым. Құдай қаласа, 300 беттен асатын бұл үлкен еңбегім бір-екі айда кітап болып шығып қалады. Енді осы кітаптағы "Тамырым менің тереңде.." деп аталатын бөлімінің бір тарауын сіздердің назарларыңызға ұсынғанды жөн санап отырмын. 

Автор


ТАМЫРЫМ МЕНІҢ ТЕРЕҢДЕ..

(Ғұмырнамалық эссе) 

«Ақын Жұмекен Нәжімеденов адам өмірін үш-ақ күнге балап, үш кезеңмен саралаған. Жарық дүниеге келуің, жан махаббатын кешуің, яғни бүкіл ғұмырыңның игілік-ізгілігі және артыңда қалдырар ізің, ұрпақтар жадында сақталар мәңгілік сапарың». Зейнолла Серікқалиұлы. 
Жарық дүние... 

Жарық дүниеге келген пенденің жұмақтың жайлауында жүрсе де көңілі алғаржақтанып, сағына беретін аяулы мекені – туған топырағы. Қандай сиқырмен кіндігіміз байланып, көңіліміз арбалғанын білмеймін, мына тіршіліктің топырағын басқаннан бері сол қасиетті мекеннен табанымыз ажыраса жанымыз жүдеп, қайтқан қаздай қоңыр төбемізге оралсақ мойнымыздан зілбатпан жүк түскендей рахат сезімнің құшағында балқитынымыздың себебі, неде осы? Опасыз жалғанның есігін жылап ашқан жанның жалғыз сенері - Құдай екені қандай ақиқат болса, екі дүниенің арасын жалғап тұрған жалғыз жұбанышы - кіндік қаны тамған топырағы екені де дәл сондай шындық. Ақыл таразысына салып көрсек, фәнидің қызығына шомылып жүрген дариға-дәуренде ет-жүрегімізді елжіреткен қуаныштар - ата-ананың аялы алақаны, бала-шағаның қызығы, достарымыздың көңілі.. бәрі-бәрі өмірдің қас-қағым сәттік алданышы ғана екен-ау! Алладан жарлық түскен күні тағдырыңды жарық сәулесімен нұрландырған сол қызықтардың бәрін де тастап мәңгілік мекеніңе оралып, туған жеріңнің топырағына айналасың. Қалтасының түбі тесік кедей немесе жалғанды жалпағынан басып өткен бай-бағлан болсаң да уақыт өте жалаңаш тәнің көмілген кішкентай төмпешік те күлге айналып, өзің де бара-бара ұмытылып, басқан ізің де қалмайды қара жердің бетінде. Егер артыңда адам баласының жанына ізгіліктің шуағын шашатын сәулеңді қалдырсаң ғана халықтың жанымен бірге жасайтын - екінші өмірің басталады. 

Зады, туған жерімізді құдіретке теңегенімізбен, кіндігіміз кесілген мекеніміздің атын айдай әлемге танытып, топырағын қасиетті етіп тұрған сол төбеде дүниеге келген азаматтары емес пе? Әйтпесе, туған жер деп мақтануға болатын біз жарық дүниеге келген төбеден де жүз есе сұлу талай-талай тамаша таулар мен таңғажайып теңіздер, алып мұхиттар мен ну ормандар, көркіне көзің тоймайтын кербез табиғат мына әлемде толып жатыр. 

- Туған жерің қай жер, - деді, - жаңа ақын?

- Ол жерде де аспан мен күн болатын.

- Туған жерің қай жер? – деді бір келіншек күлегеш,

- Қар жер! – деп жауап бердім, - су емес.

- Он жылдықты қайда оқыдың?- деді ер бір,

- Мектепте! – деп толқыдым мен –

оқытқан-ды өз ісіне ұсталар...

- Ауа райы қандай еді ол жердің?

- Жауатұғын жазда – жаңбыр, қыста – қар,

бұлттар маңып жататұғын биікте,

бар еді онда бұралқы ит те, киік те.

Шөптің басы сыбдырлайтын жел ессе...

- Барлық жер де дәл осындай емес пе?! 

- Міне,-дедім енді дұрыс ұқтыңыз,

Қайда да бар ойлы жігіт, мықты қыз.

Отанның да қай жеріне күн мен ауа тарайды,

Қай төбенің аспаны да арайлы

Қай төбе де туған жер деп мақтануға жарайды. 

Ақын Жұмекен Нәжімеденовтің сұхбаттасу формасында құрылған осы бір шағын туындысында біздің бәріміздің де бойымызды билеп алған, туған жерімізбен мақтанғымыз келіп тұратын жұмбақ сезімнің себебіне тамаша жауап берілген. 

Мазмұны да, түрі де, сипаты да ұлттық болып келетін поэзиямызда туған жер тақырыбын жырламаған ақын кемде-кем. Тіпті, туған елінің көркем табиғатын, географиялық ерекшелігін, батырлар мен шешендер шыққан топырағының қасиетін таныту үшін бұл тақырыпқа тұтас бір кітап арнаған ақындар қаншама. Әдебиетіміздің ұлттық сипатын түрлендіре және мазмұнын байыта түскен сол туындыларда киелі өлкеміздің қадыр-қасиеті жеріне жеткізіп сүгіреттеліп, бояуы қанық, айшығы анық етіп әдемі кестеленді. Жыл тұлпары Жұмекен Нәжімеденов те өзі жарық дүниеге келген өлкесін өлмейтін жырларына арқау етіп, туған жер - алтын бесігі Қошалақ құмының атын әдебиет тарихына мәңгі өшпестей етіп жазып кетті. 

Ақындық дегеніміз адамға сүйекпен даритын ерекше дарын қой. Алайда сол тылсымы терең, ғажайып құдіреттің Жұмекеннің шығармашылық табиғатына топырақпен бірге сіңген қасиет екенін оның туған жер тақырыбына арнаған өлеңдерін оқығаныңда тереңірек түсіне бастайсың. 

..Бұйра құмның ортасы – бұйырғынды 
төбе жай.
Күнге кепкен терідей сор қоршаған жағалай
Сол төбенің басынан жөнеліп ем мен алғаш.
Пайғамбардай паң емес,-
Жалаң аяқ, жалаң бас.
Өзіңді іздеп тағдырым
Өзіңді іздеп замандас.
Қасиетті қағбама – әр жыл сайын аңсаған –
Хажы барған қарттардай соғып жүрем 
мен саған.
Менің – Меккем – Қошалақ, ескі мекен,
сары жұрт.
Жылда барам «күнәмнан» қайту үшін арылып...
- Менің күнәм бірақ та – болса менде
күнә, рас,- 
Туған жердің бетіне көлеңке боп құламас.
Күнә болса ғашықтық – ғашықтықтан 
жарылам,
жарылғандар әдетте, жарылады ағынан.
Көңілім қалған сәттерде дос-жарандар 
жағынан,
ең тұрлаулы махаббат,
Сені, сені сағынам,
Қошалағым о, менің қасиетті Қағбам!

Жастық шақтың қоңырауы кеудемізде күмбірлеп, аспандағы жұлдыздарға қолымызды созғызған сонау «махаббат қызық мол жылдары» Жұмекенің кір шалмаған таза жүрегінен ақтарылып түскен осы жыр жолдарын оқығанымызда біздің көзімізге Қошалақ құмы жердің жұмағындай жайнаған таңғажайып мекен болып елестеген. Ұлы ақынның туындаларын басына жастанып оқитын келер ұрпақтың да дәл осындай сезімді басынан кешіп Қошалақ деген сөзді естігенде жұмаққа бергісіз ертегідей өлкені көз алдына елестетініне мен еш күманданбаймын. «Қошалақ тауы» деген туындыны оқыған жанның саршұнағы шошқаша қорсылдаған, торғайлары құдды қыран құстардай қалықтаған Жұмекен сүгіреттеген далада адам түсінбейтін жұмбақ құдіреттің бар екеніне сенбеуі мүмкін емес еді. 

Көкшіл төбе.
Тау деген құр атағы,
дала күні құсап күні батады.
Өзіне тән бірақ аң, құс, даусы бар,
кім біледі, бұл да содан тау шығар?! 
Айналасы қобыраған жал-жал құм
Жел көтерген жалы сын-ды жалғанның.
Маңдайымен салыстырсаң 
әлгі көк
Жусан төбе талай таудан мәндірек,
салмақтырақ,
атақтырақ.
Әңгі, ала 
Қарғасының өзі қарар паңдана.
Жер отына хайуан біткен өш-ті аса:
Мортығын қой маңырап іздер, ешкі асап.
Қыран құсап қалықтайды торғайы,
Саршұнағы қорсылдайды шошқаша.
Неткен тоқтық!
Тағдырына мәз бәрі,
дуадақтай – көбелегі жаздағы.
Бөксе артып ем – тарғыл тасы тоқтықтан
Тулап-үркіп жығып кете жаздады....

Ия, ұлы ақын жырлаған Қошалақтың табиғаты осындай. Жұмекеннің дәл өзіндей қарапайым, сырт көзге төбе болып қана көрінгенімен шыңыраудай терең сырын ішіне бұғып алған құм мінезі Нәжімеденовтің ақындық жаратылысынан қалай айнымай қалған десеңізші. Ғафекеңнің (Қайырбеков) сөзімен айтсақ, туған жерін бар болмысымен сүйген ақын оны бүге-шігесіне дейін, бәйтерегі мен қурайына, құланы мен құмырсқасына, атаны мен есегіне, төбесі мен тауына дейін, бұлағы мен атырабына дейін қапысыз танып, жаңылмай жырлады. 

Қошалақ-ай!
О, жаһанның мықтысы!
Қар, мұз түгіл, жарытпайды шық түсіп.
Мұнша аласа болмасаң сен,
келмес ед
көрген жанның басына бір шыққысы!
Бірақ, бірақ, ойлап көрсең індете,
аласалық – адам кешпес мін бе екен?!
Әр бұтасы айдарлы, әрі кекілді – 
жақсы ақынның қолтаңбасы секілді!
Күндемеңдер, ей, достарым, күндеме
төбесін тау жасайды деп бұл неге.
Аң, құсы бар, демек, ерек даусы бар
тау болса егер, кім біледі, тау шығар?
Төбе аз ба екен таудан биік заты, ары,
тау аз ба екен асыраған атағы –
бұ да соның бірі болып жатады. 

Қазақтың ұлы ақыны Жұмекен Нәжімеденов 1935 жылы 28 қарашада Атырау облысы, Теңіз ауданы (қазіргі Құрманғазы) «Жаңатұрмыс» колхозында, Қошалақта дүниеге келді. Қазақтың аруақты батырлары, жыр сүлейлері мен дүлей күйшілері дүниеге келген киелі де қасиетті топырақта туған ақынның арғы аталарының бірі Қартпамбет те тарихта аты қалған - атақты жырау. Өкінішке қарай талантымен дүйім жұртты тамсандырған әйгілі жыраудың өмірі мен шығармашылығы жүйелі зерттелмегендіктен ол туралы деректер соншалықты көп емес. Біздің білетініміз қазақ даласында келе жатқан көшті «мынау өзі не деген ұзақ көш, Қартпамбеттің жырындай» деген ел аузында қалған сөздің бар екені. Ұлы ақынның жұбайы Нәсіп Мұстахқызының айтуынша, Қартпамбет - Жұмекеннің бесінші атасы. Бөрлібайдан Қартпамбет, Қартпамбеттен Таңқай, Таңқайдан Стамғазы, Стамғазыдан Нәжімеден, Нәжімеденнен Сабыреден, Сабыреденнен Жұмекен туады. 

«Жұрттың бәрін уайымға қарық қып, ырым еткен құманынан су ұрттап, бас шайқайтын мезгілінде ымыртта, Нәжімеден қайтыс болды жарықтық», - деп Жұмекен жырлаған ақынның үлкен атасы өнерден құралақан адам болмаған. Ол кісінің соғыстан оралмай қалған жалғыз ұлы Сабыреденге арнап шығарған жоқтауы бар. Ет-жүрегіңді елжіретіп жіберетін сол жоқтауды әлі күнге дейін жұрт жатқа айтады. 

Сабыржанға 
Сарғайтып сағындырдың балапаным,
Жаямын тілек тілеп алақаным.
Жанарым шылауланып құрғамайды,
Кеткен соң еске түсіп Сабыржаным.

Жалғызым жау жолына белін буды
Бұрынғы батырлардың жолын қуды.
Әрдайым сақтағайсың қарағымды
Килігіп ер басына күндер туды.

Жас келді жетпіс бестің белдесіне,
Қол жетті өткен өмір келмесіне.
Сарғайтып сағындырмай ертелі-кеш,
Жақсылық бергей еді пендесіне.

Жарылқап құлым десең кемпір-шалды,
Көрсетсең арманым жоқ Сабыржанды.
Бес жылдан бермен қарай жалғызымнан
Хат келмей қайыстырды қабырғамды.

Жұрағат екілі-үшті бауырым-ай
Туғанға сау-саламат қауыштырғай.
Көре алмай кетем де деп жалғызымды
Кауіп еттім өте қатты ауырып-ай.

Қайғымен қапаланып сөз шығардым,
Жалғызым, артыңда бар бір тұяғың.
Жұмекен айналайын кемпір-шалға
Алданыш болып тұрған сол шырағым.

Сағынып саулы інгендей күңіренемін,
Сабыржан еске түсіп тебіренемін.
Тәтті екен алдануға немере де,
Соған да көңіл бөліп шүкір етемін.

Қайтейін кәрі көңіл шабандау ғой
Тілейміз Сабыржанның амандығын.
Келгенде жетпіс беске жер таянып,
Жалғыздың көрсетпегей жамандығын.

Өсірген сылап-сипап қайран бала,
Әлпештеп қарақ-шырақ болған жаңа.
Жүр ме екен сүйтіп қарғам осы күні
Жанына жалғыздығы болып пана.

Бозторғай шырылдайды баласына-ай,
Көре алмай баласының қарасын-ай.
Жауда жүр жанын қиып қайран бала,
Ата мен еркелеген анасына-ай.

Сабыржан өзің кеткен орындамыз.
«Ашақтың» айдын ирек сорындамыз
Тоқ санап сорда басқан өз ізіңді
Қарағым сағынғанда көріп тұрамыз.

Жайқалтып жорға міндің осы сордан,
Жалғызым аман келгей жау жолынан.
Аллаға еш арманым болмас еді-ау:
Бұйырса топырағым өз қолыңнан.

Жүреді бұл дүниеде шайтан өлмей,
Бұйрық жоқ адамзатқа жүруге өлмей.
Жалғызым аман-есен қауышқанша,
Ажалға бірер кезек сабыр бергей.

Ойлаймын жалғызымды от басынан,
Көзімнің жас ағады жотасынан.
Біздерден осы күнде не сұрайсың,
Айрылған боз мамамыз ботасынан.

Ішімнен шыдай алмай сөз шығардым,
Түсінер ақылды адам сөздің парқын.
Бөлуге көңілімді осы себеп,
Құрметтеп қадырлейді қайран халқым.

Әрдайым қуат бергей жас жандарға,
Бұл ортақ болды бірақ барша жанға.
Ұлы той көппен көрген шүкір етіп,
Отырмыз келер-ау деп Сабыржан да.

Алаша руымыз сұлтан-сиық,
Бай біраз ата-анаға бәрін жиып.
Тапсырдым сақтай гөр деп шырағымды,
Қыдыр ата қауыштырғай пана иіп.

Түзде өсіп, қарашағым, үйде туып,
Ойлаймыз келер-ау деп жауын қуып.
Қысқарттым біраз ғана етіп ермек,
Көңілдің жел сөзбенен кірін жуып.

Жеңген соң кесір жауды келер-ау деп,
Баршамызға шын тілекті берер-ау деп.
Ұмыттырып өткен күнді қарашығым,
Қуанып қарап жүрміз келер-ау деп. 
Стамғазиев Нәжімеден. (Жалғасы бар)

Амангелді Кеңшілікұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1582
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2281
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3616