Сейсенбі, 23 Сәуір 2024
Жаңалықтар 4070 0 пікір 15 Қыркүйек, 2016 сағат 11:46

«Ауыл» партиясы ауыл тақырыбына арналған шығармалар конкурсын жариялады

ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Ауыл» партиясы мен «Қазконтент» АҚ «Әдебиет порталының» жас ақын-жазушылар арасында «Ауылым – алтын тұғырым» атты әдеби онлайн-конкурс ұйымдастырып отыр. 

Бұл конкурстың басты мақсаты  - жас талапкерлер арасында ауылдың рухани өмірін, тыныс-тіршілігін, ауылда жүріп жатқан әлеуметтік-экономикалық процесстерді суреттеу, ауыл құндылықтарын насихаттау, жас қаламгерлер, ақындар мен жазушыларды қолдау және шығармашылығын дамыту. 

Байқауға 14 пен 45 жас аралығындағы кез келген қаламгерлер өз шығармаларын ұсына алады. Үміткерлер конкурсқа ұсынылған шығармалары мен жеке мәліметтерін «Әдебиет порталында» көрсетілген «Шығарманы енгізу» батырмасы арқылы орналастыра алады. Әрбір қатысушының жеке парақшасында жариялаған шығармаларға порталға тіркелген қолданушылар жұлдызшалар арқылы дауыс бере алады. Конкурс соңында әр номинация бойынша комиссия мүшелері қатысушыларды жеке-жеке бағалайды. 

Айта кетейік, конкурсқа қатысу үшін шығармалар онлайн түрінде «Әдебиет порталында» 2016 жылғы 1 желтоқсанға дейін орналастырылуы тиіс. Көркемдік деңгейі төмен шығармалар қабылданбайды. Конкурсқа қатысушыларды комиссия мүшелері жеке-жеке бағалайды. Ұсынылған шығармалар бұған дейін еш жерде жарияланбаған болуы шарт. Үміткер конкурсқа ұсынатын еңбегін порталда онлайн арқылы жариялай алады, сонымен қатар «Әдебиет порталының» электронды поштасы: adebiportal@gmail.com  тікелей жолдай алады. 

Айта кетейік, конкурсқа шығармалар үш аталым бойынша: Проза, поэзия, драматургия жанырлары бойынша қатыса алады. Үш номинациядағы 1-орын жеңімпаздарының арасындағы үздік қаламгерге «АЛТЫН ТҰҒЫР» әдеби жүлдесі беріледі. «АУЫЛ тақырыбына арналған үздік проза» (эссе, әңгіме, повесть) аталымы бойынша 1-орын 500 000 теңге; 2-орын 300 000 теңге; 3-орын 200 000 теңге болады. Қалған екі аталым, яғни «АУЫЛ тақырыбына арналған үздік поэзия» (өлең, баллада, поэма) мен «АУЫЛ тақырыбына арналған үздік драматургия» аталымдары бойынша да дәл осындай жүлде қоры бекітілген.

Байқауға қатысушылардың шығармаларын проза бойынша Рахымжан Отарбаев, Мархабат Байғұт және Ербол Бейілхан, поэзияда Талғат Ешенұлы, Ерқожа Әлқожаұлы, Бауыржан Қарағызұлы және драмтургия бойынша Жабал Ерғалиев, Жолтай Әлмаш, Роза Мұқанова сынды қазақ әдебиетінің беделді өкілдері сын тезінен өткізеді.

Конкурс қорытындысы 2016 жылы 3 желтоқсанда шығарылады. Жеңімпаздарды марапаттау 2016 жылы 7 желтоқсанда өткізіледі. Салтанатты шараның өткізілетін орны қосымша хабарланады. Толығырақ ақпаратты «Әдебиет порталынан» ала аласыздар. 

0 пікір