Жұма, 29 Наурыз 2024
Ханталапай 4633 0 пікір 15 Қыркүйек, 2016 сағат 20:21

ТІНІКЕЕВТІҢ ТЕПСІНІП СӨЙЛЕГЕНІНЕН СҰЛТАНОВТЫҢ ЦИФРЫ ӨЗГЕРЕ МЕ?

Үкіметтің үш жылға арналған  бюджеттік жоспарын талқылау барысында Мәжіліс депутаты Мұхтар Тінікеев еліміздегі ең төменгі жалақы мөлшеріне көңілі толмайтынын айтып, ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтановқа шүйлікті. 

«Қазақстандағы ең төмен айлық жалақы мөлшері 24 мың 459 теңгені құрайды екен. 24 мың теңге деген не? Рас, еліміздегі зейнетақының ең азы 28 мың теңге. Дұрыс, біз ата-аналарымызға, жалғызбасты қарттарға төлеп отырған ақша бұл. Ал 24 мың теңге деген неге жетеді? Сіздер осы, төменгі жалақы көрсеткішін түзгенде нені ойлап, неге сүйеніп жасайсыздар?! Тіпті Жол ережесін бұзған адамға кесілген айыппұл мөлшерінің өзі 20 мың теңгеден  асып жығылады. Сонда ол қалған 4 мың теңгені қай жағына жеткізеді?!»,-депті депутат Тінікеев.

Хош, депутаттың дегені даусыз, дұрыс. Бұл еліміздегі экономикалық әм саяси дағдарыс дендеп, азық-түлік, әлеуметтік төлемдер ақысы адым-адымдап аспандап бара жатқан қыылтаяңкезеңде қазақстандықтардың әлеуметтік жағынан аз қамтылған тобына көрсеткен қолдау, жағдайына алаңдаушылық білдіру екені рас. Тінікеевтің көп алдында көсіліп айтқандары әлгі 24 мыңды талғажау етіп отырған отбасылардың мәселесін шешіп бермесе де, көңілдерін күпті қылып қойғаны да рас.

БАҚ-тағы деректеріне қарасаңыз, депутат Тінікеев ҚР Парламентіндегі ең белсенді депутаттардың бірі. Ол спорттағы легионерлердің тым жоғарғы жалақы алатынын айтып, ҚР Мәдениет және спорт министрін сыбап тастаған. Тіпті, бір кездері өзінің әріптесі, депутат Гүлжан Қарағұсоваға ғашық екенін де жасырмаған. Былтыр, қыстың күні қырауда, қар құрсауында қалып қойғаны үшін, министр Божко мен Қасымовты жауапқа тартуды да ұсынған осы Тінікеев еді. Рас өтірігі Құдайға ғана аян, ҚР Үкіметінде Тінікеев тиіспеген министр жоқ-ау.

Десе де, жоғарыда жалақысы жұғынсыз, әлеуметтік аз қамтылған топтың жағдайына алаңдап отырған Тінікеевтің табысы талайды жолда қалдыратыны да жасырын емес. Бір сөзбен айтсақ, буржуаз депутаттің бар байлығын «radiotochka.kz» порталы есептеп шығыпты.

Сөйтсек, 2002 жылдан бері Мәжілістің II, III, IV, V и VI шақырылымында отырған Мұхтар  Бәкірұлы Елбасының қолынан үш бірдей Алғыс хат алған екен.

Ресми түрде Тінікеев ешбір компанияға үлескер болмаған. Тек Республикалық «Дайдо Джуку Кудо Федерациясы» қоғамдық бірлестігінің он мүшесінің бірі ғана. Десе де депутат мүше болған бірлестіктің Мемлекеттен алған айрықша жеңілдігі болса керек, әлі күнге дейін бір тиын салық бюджетке бөлінбепті.

-   Депутаттың қызы  Амина Мұхтарқызы (1991 ж.)  «Gold Media ADS», ЖШС директоры әм негізін қалаушы екен. (2011 жылы 7 маусымда тіркелген. Заңды мекен-жайы: Алматы қ. Нұрмақов көшесі 81). Салықтық төлемі – 0 теңге.

-  Бауыры Ертай Тінікеев  «Инвалиды-чернобыльцы Караганды» қоғамдық бірлестігінің басшылық құрамында екен.

-   Бір қарындасы Салтанат Тінікеева Қарағанды облыстық Мемлекеттік кіріс департаментінде қызмет істейді.

-    Екінші қарындасы Диана Тінікеева (1990 ж.)  Қарағанды қаласында «Палитра» изо-студиясының қожайыны.

- Інісі Бауыржан Тінікеев «Қарағандытранстелеком» АҚ-ның Қарағанды қаласындағы филиалының директоры.

Тінікеевтің отбасының жиған-тергені туралы ашық дереккөздерінде жарияланған мәліметтер осымен шектелген.

Рас, Әуелде айтқанымыздай депутат Мұхтар Бәкірұлының басында ешбір компания немесе фирма тіркелмегенімен, оның жалақыға жарымай жүрмегені анық.  Сондай-ақ, депутат Тінікеев қазақстандық боксшы Геннадий Головкиннің шетелдегі жекпе-жектеріне арнайы барып, тамашалайтыны тағы бар. 

Парламент қабырғасынан пікір білдіріп, проблема көтергені болмаса, міне мынау деп көрсетердей Тінікеевтің халықтық тұғырдан тындырғаны шамалы. Есесіне, ел-елді аралап, әлеуметтік желіде «әу» деп қоятыны бар. Сөйте тұра, Мұхтар Тінікеевтің қайырымдылық шараларына қатысқаны, өткізгені немесе ұйымдастырғаны туралы дерек айтылмайды. Мүмкін, қайырымдылық жасап жүрген болуы керек. Әрине, депутат Тінікеевті сөге жамандау ойымызда жоқ.  Тек деректерге шолу жасап, көрдік.

Сөйтіп,  Парламентегі депутаттың плюралистік позициядан пікір білдіруі екіұшты ойға жетелейтіні анық. Тінікеевтің тіксініп тұрып, министр Сұлтановқа шүйлігуі депутаттың шын мәніндегі жанашырлығы ма? Әлде, бұл  көптен көрінбей жүрген депутаттың ұпай жинау тәсілі ме? Сонымен Тінікеевтің тепсініп сөйлегенінен, министр Сұлтановтың «цифры» өзгере ме? Әділдігін уақыт көрсетер.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Алғыс айту күні

Алғыс айту күні және оның шығу тарихы

Жомартбек Нұрман 1579
Алашорда

Қожанов межелеу науқанында (Жалғасы)

Бейбіт Қойшыбаев 2280
Ғибырат

Қайсар рухты ғазиз жан

Мұхтар Құл-Мұхаммед 3605