Мәдениет-әдебиет

ІЗГІЛІК ПЕН СҰЛУЛЫҚ КӨРМЕСІ

Әріптің көлемі: Қалыпты
  • Қалыпты
  • Үлкен
  • Көлемді

М.Әуезов театрының көрмесі  - Ұлттық музейде

 

2016 жылдың 20 қыркүйегінде Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінде М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театры мұражайының «Тарих толқынындағы театр шежіресі» атты көрмесінің ашылу салтанаты өтті. Көрме қара шаңырақ театрдың құрылғанына 90 жыл толуына және еліміз Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай ұйымдастырылды.

М.Әуезов театрының музейі – еліміздегі музейлердің ішінде бірегейі деуге болады. Мұнда  еліміздің тарихы, ұлтымыздың рухани-мәдени өсу жолы өнер белестерімен өрнектеледі. Алғашқы жылдардан бастап-ақ еліміз тарихының жарқын беттерін бейнелеуге ұмтылған театр мұндай салиқалы көрме ұйымдастыруды өзінің 90 жылдық мерейтойына арналған шаралар аясында жоспарлаған болатын.

Республиканың тарихи және мәдени мұраларын сараптайтын, салыстыратын, зерделейтін, талқылайтын, бағалайтын және насихаттайтын орынға айналып отырған Астанадағы Ұлттық музеймен келісім жасалғаннан кейін бұл көрмеге қызу да байыпты дайындық басталды. Көрменің ұйымдастырылуына жауапты топтың қажырлы еңбегі және Астанадағы музей қызметкерлерінің де атсалысуы нәтижесінде «Тарих толқынындағы театр шежіресі» атты көрме ақпараттық-танымдық, эстетикалық, қоғамдық-әлеуметтік тұрғыдан маңызды шара болып шықты.

Республикалық музейдің №6 залына жұртшылық көрменің ресми ашылуынан ертерек жинала бастады. Өнер және қоғам қайраткерлері, ЭБАҚ пен БАҚ өкілдері, жастар, театрсүйгіш қауым... Театр экспонаттары, сирек де құнды жәдігерлер кезеңдік-тақырыптық тұрғыдан ғылыми негізді орналастырылған зал ерекше бір әсемдікпен көз тартып, мағынамен көңілді көріктейді.

Көрмеге келушілер ерекше бір құрметпен әрбір экспонатқа үңіліп, өз бетінше танысуға кірісті. Ал, арасында жасы да, жасамысы да бар енді бір қауым жұрт көрменің салтанатты ашылуына Алматыдан арнайы келген өнер қайраткерлері: театрдың Көркемдік жетекшісі, КСРО халық артисі, Мемлекеттк сыйлықтардың лауреаты А.Әшімов, директордың кеңесшісі, ҚР халық артисі, профессор Е.Обаев және театрдың директоры, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Жастар Одағы сыйлығының дауреаты Е.Біләлдарды ортаға алып суретке түсуді де ұмытқан жоқ. Әдеттегідей, әсіресе, А.Әшімовке деген ықылас ерекше.

Көрменің ресми түрде  ашылуында ең алдымен Ұлттық музей директоры, білікті де іскер азамат Дархан Мыңбай сөз алды.

«Әлемдегі музейлердің алғашқы ондығына кіретін осынау мәдениет орынына М. Әуезов атындағы академиялық драма театрының келуі үлкен мәртебе. Өйткені, 90 жылдық тарихы бар театр қазақ руханиятында ерекше орын алады - деді өз сөзінде музей директоры. - ... Біз бұл көрмені бір театрдың тарихы ғана емес, жалпы қазақ өнері мен қазақ зиялы қауымының тарихы деп түсінуіміз қажет. Сонау ХХ ғасырдың басында, дәлірек айтсақ, 1926 жылы Қызылорда қаласында ашылып, Қ.Кемеңгеровтің «Алтын сақина», М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» пьесалары бойынша өздерінің алғашқы қойылымдарымен көрерменге жол тартқан театрдың өзіндік тағлымды тарихы бар. Бұл театрда елімізге танымал көптеген өнер майталмандары  қызмет етті. Сондықтан да театрдың келешек жас ұрпаққа берер үлгі-өнегесі мол. Осы мақсатта театрдың тарихынан сыр шертетін көрменің Ұлттық музейде ашылуы үлкен жетістік деп білеміз. Ұлттық музейге еліміздің түпкір-түпкірінен, алыс-жақын шетелдерден көптеген қонақтар келіп музейді тамашалап жатады. Ендігі жерде сол келушілер қазақтың театр өнерімен, оның тарихымен танысып, мағлұмат алатын болады».

 

Келесі сөз кезегі М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрының көркемдік жетекшісі, КСРО халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Асанәлі Әшімовке берілді:

«Мұндай көрмелер халыққа үлкен білім береді, өскелең ұрпақты келешекпен таныстырады. Мына көрмедегі әр жәдігердің  бағасы қымбат. Аукционға салсаң, әрқайсысының құны миллионға татиды. Әлгінде осындағы суреттерді қарап, өзім таңғалдым. Бәрі де кезінде бірге істеген, бір сахнада ойнаған адамдар. Сағынасың... Менің және біздің буынның,  бақытымыз сол – осы театрдың іргетасын қалаған алыптардың Ж.Шаниннен басқасының бәрін көрдік, сахнада серіктес болдық, тәрбиесін алдық.  Театрдың корифейлерінен алған тәрбиеммен осы күнге жеттім. Серағаңдар (Серке Қожамқұлов) есіктен кіріп келе жатқанда, қабырғаға жабысып тұра қалатынбыз. Құрмет деген – осы.. Мұнда фотолары тұрған театрдың бұрынғы тұлғалары  біздің өмірбақи үлгі тұтар ұстаздарымыз, рухани азығымыз», дей келе көрнекті актер «Еңлік-Кебек» спектаклінен Абыздың монологын оқыды.

  

Осы көрменің өтуіне көп күш-қажыр жұмсаған театр директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Республика Жастар сыйлығының лауреаты Ерлан Біләлов өз сөзінде былай деді: 

90 жылдық тарихы бар театрымыздың өткен күндерінен сыр шертеді.

Алатаудан Арқаға әкелген көрмеміз  театрдың 90 жылдығы мен Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орайашылып отыр. Бұған дейін бұл экспонаттарды Әкемтеатрға келген көрермендер ғана көрген болуы мүмкін. Астаналықтар осы көрмеден көңілдеріне көп ой түйіп, театрымыз туралы көп мағлұматқа қанығады деп үміттенеміз. Халық арасынан шыққан «самородок сары алтын» тұлғалардың  жолын, қалыптастырған дәстүрін лайықты жалғастырған,  өз тарихында елімен бірге өсіп-өркендеген театрдың 90 жылдық тарихын  мағыналық тұрғыдан үш кезеңге (1926-1956, 1956-1986, 1986-2016 жыл­дар)  топтастырып та­ныс­тыруды мақсат еттік.

Қазіргі кезде елімізде өнерге, оның ішінде театр өнеріне үнемі ерекше көңіл бөлінеді. Өйткені қоғамның дамуына өнердің, сахна өнерінің маңызы үлкен. «Қазақстан-2050» Мемлекеттік бағдарламасында  ел болашағының ментальді, дүниетанымдық үлгісін жобалау, халықтың бәсекеге қабілетті мәдени ментальдігін қалыптастыру мәселесі көтеріледі. Бұл ретте сахна өнерінің де атқарар ролі үлкен. Бүгінгі көрме театрымыздың осы бағыттағы жұмыстарының бір көрінісі. Барлық көрермен, әсіресе, жас ұрпақ үшін тағлымды болатын бұл көрменің елордамыз Астанадағы Ұлттық музейде өтуіне мүмкіндік жасаған директор Д.Мыңбайға және көрменің ашылуына көмек көрсеткен музей ұжымына алғысымызды білдіреміз.

Қазақстанның халық әртісі, профессор Есмұхан Обаев, өнердегі алғашқы қадамын осы қара шаңырақ театрда бастағанын айта келіп: «Театрдың негізін қалаған алыптар шоғырының көзін көріп, тәрбиесін алдық.  Олардың бәрі халқым деп, елім деп еңбек етті. Осы залдағы әрбір сурет, әрбір киім, әрбір экспонат сөйлейді, шежірелі сыр айтады. Осы залдан театрдың дүрсілдеп соғып тұрған жүрегін сезе аласыздар» деді.

Театрдың әдебиет бөлімінің меңгерушісі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Әлия Бөпежанова театр музейінің ел тарихы мен өнер тарихындағы маңызына тоқталды. «Өркениетті елдер театрдың да, музейдің де қадірін жақсы біледі.  Әрбір тарихи жәдігердің бағасын біледі. Әлемдік интеграцияға бет бұрып отырған біздің ел де осы қатарда деп білемін.  Мысалы, Майкл Джексонның киген киімдері миллиондаған долларға сатылып жатады. Қарап отырсаңыз,  осы залдағы экспонаттар, костюмдердің құндылығы одан кем емес. Меніңше, адамдар отбасымен музейлерге, театрларға үнемі барып тұратын дәстүр қайта жандануы керек. Осы көрмеге де отбасыларыңызбен, дос-жарандарыңызбен келіп, ой қуанышына бөленесіздер деген сенімдеміз».

Ұлттық Өнер университеті театр факультетінің деканы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Сәулебек Асылханұлы өнер жолын М.Әуезов театрында бастап, ширек ғасыр жұмыс істегенін, сахнадағы ұстаздары мен әріптесерінің жарқын еңбектерінтілге тиек етті: «Жоғымызды ғана емес, барымызды бағалайтын кезге келдік. Көңілімізді шуаққа толтырған бүгінгі көрме арқылы адамдар арасындағы сондай мерейлі сәттер насихатталады».

 

Ресми бөлімнен кейін жұртшылық көрмені тамашалауға кірісті.  Оларға залдағы экспонаттар тарихы мен сыры туралы театр музейінің жетекшісі, білікті маман Наргиз Тамабекқызы қызғылықты әңгімелеп, танымдық-ақпараттық мағлұматтар берді.

- М.Әуезов атындағы Қазақ  Мемлекеттік академиялық драма театры музейі 1968 жылы 24 мамырда Қазақстанның Орталық музейінің филиалы ретінде ресми түрде ашылды. Бұл Қазақстандағы өнер ордаларының ішіндегі  ең  алғашқы музейі еді, - деп бастады әңгімесін музей жетекшісі. - Қазақ өнерінің  қарашаңырағында мұндай тарихи орынның ашылуы көрерменді де, өнер майталмандарын да қуанышқа бөледі. Бұл ұлағатты іс, әрине, оңайға соқпады. Бұл жауапты істі сол кездегі Орталық музей директоры С.Есова басқарды.  Қор жинау жұмыстарына 1965 жылдан бастап 3 жыл уақыт кетті Ол үшін арнайы комиссия құрылды. Оның құрамында  театрдың суретшісі Д.Сүлеев, театр актерлері Қ.Бадыров, Р.Сейтметов, С.Оразбаев театр режиссерлері  Е.Обаев, Ә.Рахимов, әдебиет бөлімінің меңгерушісі Қ.Нұрпейісов, труппа бастығы Х.Каримов, тағы басқалар болды. Музейдің ашылуына әсіресе Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қапан Бадыров көп көмегін тигізді. Мұрағатқа алғаш жиналған тек суреттер және олардың саны 500-ге ғана жуық болса, бүгінде музей қорында сан-салалы 100 000-нан астам жәдігер бар. Астанадағы көрмеге, әрине, олардың барлығы әкелінген жоқ. Дегенмен де негізгі экспонаттарды қамтуға ұмтылдық».

Театрдың бұл көрмесі мән-мағынасымен де, эстетикасымен де ерекшеленеді. Телеэкраннан театр репертуарындағы спектакльдерден үзінділер көрсетіліп тұрса, залдағы экспонаттар ғылыми негіздемелерімен, мағыналық-тақырыптық блоктармен орналастырылған. Театрдың іргетасын қалаушылар – Қ.Қуанышбаев, Е.Өмірзақов, С.Қожамқұлов, Ж.Шанин, Қ.Бадыров, тағы басқалардың портрет-суреттерінен бастап, олардың жасампаз еңбектерін кейін, әр кезеңдерде лайықты жалғастырған Ш.Мусин, Н.Жантөрин, Ә.Мәмбетов, Ш.Жандарбекова, З.Шәріпова, С.Оразбаев, А.Әшімовтердің кәсіби суретшілердің майлы бояумен салған портреттері  көрменің көркі. Бұл портреттер С.Романов, Г.Исмайылова,О.Кужоленко, М.Аманжолов, Т.Тоғысбаев,Т.Әбуов, тағы да басқа суретшілердің көркем туындылары.

Көрмеге Қ.Қуанышбаев, С.Қожамқұлов, Е.Өмірзақов, Қ.Бадыров, Қ. Жандарбеков, С.Майқанова, Ш.Жандарбекова, Ф.Шәріпова, Ш.Айманов, Ә.Молдабеков, Е.Жайсаңбаев, тағы басқаларға қатысты жәдігерлер қойылған. Театр тарихы – суреттерде: жеке портреттер, спектакльдерден көріністер,  келелі кеңестерден, гастрольдік сапарлардан естеліктер

Көрме залының төрінде көрнекті актерлердің тарихи спектакльдерге киген киімдері - Абай,  Абылайхан, Абыз, Томирис, Қарлыға, Мөржан ,т.б. - көз жауын алады. Сондай-ақ актерлердің спектакльдерде тұтынған заттары; спектакльдердің макеттері мен эскиздері, небір тарихи афишалар, спектакльдер бағдарламалары, спектакльдерден түсірілген көрініс-суреттер аға буын көрерменнің көрген қойылымдарын еске сағынышпен түсірсе, жас буын үшін қызғылықты экспонаттар. Мысалы, М.Әуезовтің өзі басы-қасында болып дайындалған, А.Тоқпанов режиссерлік жасап, Қ.Қуанышбав – Абай ролінде шыққан спектакльдің афишасы анадайдан көз тартады. Шекспирдің «Отелло» трагедиясының алғашқы қойылымының афишасы. «Шоқан Уәлиханов» спектаклінің афишасында көрнекті актер Н.Жантөриннің көрікті де тәкаппар келбеті.

Көрнекті режиссер Ә.Мәмбетовтің атақты «Ана-Жер-ана» спектаклінің  сахнада 200 рет ойналғанын да афишадан білесіз. Көрмедегі афишалардың бәрін тізу беймүмкін. Тұтастай алғанда олардан театр репертуарының қандай мазмұнды болғаны бағамдалады. Театрдың бүгінін бағамдатып «Таңсұлу», «Қыз мұңы», тағы да басқа қойылымдар афишалары, «Ымырттағы махабат» спектаклінен майлы бояумен жазылған көріністер жарқырайды.

Шекспирдің «Кориолан» трагедиясының афишасы анадайдан мен мұндалайды.  Ә.Кекілбаевтың жауһар аудармасында Ә.Мәмбетов сахналаған спектакль репертуарда көп тұрақтамағаны белгілі. Бұл қойылым туралы көрнекті актриса Ф.Шәріпова былай деген еді:  «Қазір ойласам «Кориоланды» Әзекең уақытынан ерте қойған сияқты. Ондағы қатпар ойды, режиссердің ой-идеясын біздер алып кете алмадық».  Бұл афишадан  қойылымның актерлік құрамы мықты болғанын көреміз. Музыкасын көрнекті композитор Ғ.Жұбанова жазыпты. Кезекші режиссер Ә.Рахимов, режиссердің ассистенті Ф.Шәріпова болған. Осы афиша театрда көп жылдар режиссердің көмекшісі қызметін атқарып, гастрольден оралып келе жатқан жолда ойламаған жерден дүниеден көшкен, өнерге  барынша беріліп өткен  азамат Жарқын Рамжановты еске түсіреді. Театр тарихында осындай азаматтардың да үлесі бар.

 

Витриналар да тұнып тұрған тарих. Бірінде  театрдың құрылуы, өсу жолдары, алған марапаттары, енді бірінде С.Қожамқұлов, Қ.Қуанышбаев, Қ.Бадыров сынды алыптардың тұтынған заттары. Серке атамыздың репетиция жасау үшін рольдерін жазып алған дәптері, онда  араб әріптері маржандай тізілген. Стеллаждарда театрдың альбомдары және Ә.Мәмбетов, Ы.Ноғайбаев, С.Майқанова, Ф.Шәріпова, Ә.Молдабеков, Е.Жайсаңбаев, Ж.Медтбаев, Ә.Боранбаевтардың, сондай-ақ А.Әшімов, С.Оразбаев, Е.Обаев, Т.Жаманқұлов, Т.Тасыбекова, тағы басқалардың альбомдары, кітаптары. Спектакльдер бағдарламалары – оларда қаншама ой-идея, жанкешті еңбек пен сахнаға деген махаббат бар! Көрмедегі экспонаттардың барлығына тоқталу, тіпті тізіп шығудың өзі мүмкін емес.  Олардың қай-қайсысында да өнеріміздің, өнер деп өткен қайраткерлердің таланты мен еңбегінің ізі жүлгеленеді.

Көрме экспонаттарын көпшілікпен бірге кезінде М.Әуезов театрында еңбек еткен, бүгінде Астана театрларында жүрген актерлер Т.Мейрамов, Ж.Мейрамова, Ғ.Құлжанов, тағы басқалар тамашалап, қара шаңырақтағы жарқын жылдарының тарихын көз алдынан өткізсе, Астанадағы Ұлттық Өнер университетінің студенттері әлдебір жаңа әлем ашқандай болғаны анық. Көрмеге Астана Жастар театрының көркемдік жетекшісі, белгілі режиссер Н.Жақыпбай жас актерлерімен, шәкірттерімен келді. Көрермендер арасында ақ жаулықты аналар мен ақ сақалды қарттарды да көрдік. Солардың бірі, Астанаға қонаққа келген Сәниягүл Шардарбекқызымен бірер ауыз тілдескен едік.

- Біздер М.Әуезов театрының ежелгі көрермендеріміз. Студенттік кезімізде осы Асанәлі, Сәбит, Фарида, Нүкетай, Әнуарлардың ойындарын тамашаладық. «Ана-Жер-ана», «Қобыланды», «Айман-Шолпан», «Қарагөз», «Досымның үйленуі» сияқты небір спектакльдерді жібермей көретін едік. Қазір Қарағандыда тұрамын. Немерелі-шөберелі болдық. Астанаға баламның үйіне келіп едім. М.Әуезов театрының көрмесі болатынын газеттен оқып, осында арнайы келдім. Біздер қартайдық. Асанәлілер әлі тың, ширақ көрінеді. Абыздың сөзін қалай сарнатты! Алла қуат берсін бәріне. Мынадай көрмелеріңе рахмет. Мұнда небір тарих бар ғой. Немерелерім оқуда еді. Демалыс күндері арнайы ертіп келемін.

Театр музейінің қорынан жинақталған көрмелер Астана, Қостанай, Талдықорған, Қызылорда, Тараз,  т.б. қалаларда көрсетіліп, көрермендердің көңілінен шыққаны бар.  Ал, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында Ұлттық музейде өтіп жатқан «Тарих толқынындағы театр шежіресі» атты – тәуелсіз Қазақстан тарихындағы алғашқы театр көрмесін  тамашалайтын Сәниягүлдей апайлардың, көрерменнің өзге де  қатарларының қарасы көп болсын деп тілейік. Көрермен көп болса «Тарих толқынындағы театр шежіресін» таныту жолындағы үлкен еңбектің ақталғаны.

Астана тұрғындары мен қонақтарына келіңіздер, көріңіздер, еліміздің өткені мен бүгінгі руханиятынан, ізгі де сұлу өнер тарихынан сусындауға асығыңыздар дегіміз келеді. Бірегей де сирек көрме  2016 жылдың 5 қазанына дейін жалғасады.

P.S. Алматылықтар мен Алматы қонақтары театр музейінің мазмұнды да қызғылықты көрмесін театр ғимаратының 3 және 4 қабаттарынан күн сайын спектакль басталардан  екі жарым сағат бұрын,  яғни сағат 16.00-ден бастап тамашалай алады. Алматылықтар мен Алматы қонақтары театр музейінің мазмұнды да қызғылықты көрмесін театр ғимаратының 3 және 4 қабаттарынан күн сайын спектакль басталардан  екі жарым сағат бұрын,  яғни сағат 16.00-ден бастап тамашалай алады.

Әлия Бөпежанова,

М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік

академиялық драма театры

әдебиет бөлімінің меңгерушісі

abai.kz

3 пікір 937 рет оқылды Қосылған: 27.09.16
    • #1
    • оқырман
    • сс, 27/09/2016 - 13:56

    Үлкен сүйіспеншілікпен дайындалған көрмені көпшілік қызыға көруде. Театрға, музей қызметкерлеріне рахмет. Көрме туралы мақаланы жариялаған сайтқа да.

    • #2
    • пiкip
    • сн, 28/09/2016 - 0:20

    Осылар қазақша сөйледiме?.Қатып қалған суреттер бiлмеймiн..

    • #3
    • Оқырман
    • сн, 28/09/2016 - 9:39

    М.Әуезов театры қазақша сөйлемей не болыпты? Ана тіліңіздің құдыретін танығыңыз келсе, М.Әуезов театрына барыңыз

Пікір қосу

  • 4 + 34 =

Кіру