Салтын білмеген – сауапты түсінбейді!
Менің кейде уақытым болғанда әр елдің сайттарын асықпай қарап шығатын әдетім бар. Әсіресе, көрші Ресейдің порталдарын мүмкіндігінше оқып шығуға тырысамын.
Олардың ішкі тұрмысына, экономикалық, әлеуметтік деңгейіне сонымен қатар, осы елдегі ұлттар мен ұлыстардың тіршілігі мен қазіргі күнгі жағдайына көңіл аударамын.
Өстіп, бір күні қарап отырғанымда Татарстанның «Ютуб татарочка» деген каналынан, бір топ татар қыздарының біздің қазақ жігіттеріне сәлем жолдап жатқандығын көрдім. Мағынасы мынандай: - Сәлем қазақ жігіттері! Біздің тіліміз, дәстүріміз сіздермен өте ұқсас. Сеніміміз де мұсылман діні. Елімізде татар жігіттері кемшін соғып жатыр. Сондықтан, біздердің өздеріңізбен танысқыларымыз келеді. Біз, өзге діндегі жігіттерге тұрмысқа шыққымыз келмейді. Реті келіп, мүмкіндік болса, сіздермен хат-хабар алысып тұрсақ дейміз, - деген сөздерін естіп қайран қалдым. - Татарские жены, бренд для казахов! ,- деді қасымда тұрған жолдасым, күлімсіреп. - Ойпырмай, мына татардың қыздары қандай керемет, - деп ойладым ішімнен. Көрдіңіз бе, татар елі қалың орыстың ортасында тұрса да, өздерінің дәстүрін және дінін қандай берік ұстайды.
Сонан кейін, өзім куә болған кезіндегі бір оқиға есіме түсті. Әрине, бұл оқиғаға біраз жылдар болды. Дегенмен, айтуға ыңғайсыздау болса да, сіздермен бөлісейін дедім. Қайсыбір ата-аналарға сабақ болсын деген ниетпен қолыма қалам алдым.
Есілде аудан әкімшілігінде жүргенімде, бірде жұмыс барысымен аудан орталығынан көп алыс тұрмайтын, Дальний елдімекенінде болған едім. Біз, ауылдық округтерге жиі шығып тұратынбыз. Әр ай сайын, аудан құрамындағы бірнеше округте болып, сондағы атқарылып жатқан жұмыстарыды бақылап және кеңес беріп, сондай-ақ, осындағы қызметкерлермен іс барысын талқылап, шағын жиналыс өткізетін едік.
Сонымен, жоғарыда аты аталған елдімекеннің әкімімен жұмыс жайын әңгімелесіп отырғанда, кабинетке екі әйел адамның баса-көктеп кіргені. Біреуі орта жастағы, екіншісі жап-жас келіншек.
– Түстен кейін келсеңдерші, қазір міне, ауданнан келген кісі бар, - деді округ әкімі тыржиып.
– Біз осы кісінің, ауданнан келгенін сырттай естіп, келіп тұрмыз.
Мен, әкімге бұрылып, - тыңдайық, - дедім.
Сонымен, келген әйелдердің жағдайы былай көрінеді;
Бұл ағайындар, осыдан біраз жылдар бұрын Моңғолиядан келген қандастарымыз екен. Осы ауылға екі жанұя ғана түсіпті. Жаңағы әйелдің қасындағы жас келіншек фермаға сауыншы болып орналасыпты. Сөйтіп, жұмыс істеп жүріп, осы сауын фермасының бақташысы орыс жігітіне тұрмысқа шығады. Қандай себеппен шыққанын кім білсін, дегенмен, сол жігітпен отау құрған көрінеді. Енді қараңыз, жаңағы келіншек бала туған соң, бір-екі айдан кейін, сәби қол-аяғын жинаған соң, баланың әкесі және оның ата-анасы орыс болғандықтан, ауданнан шіркеу қызметкерін шақырып, баланы орап, алдына әкеліп, дұға жасатып, сәбидің кеудесіне крест қойып, шоқындырған көрінеді. Мұндайды күтпеген жаңағы келіншек шошып кетіп, сәбиді ұстауға қорқып, ата-анасына қашып келген екен. Ана орыстар біраздан кейін, келіншекті алып кетуге келсе, бұл жылап-еңіреп бармай қойған.
Шоқындырған сәбиді қолына ұстауға және емізуге дәті жетпей, күйеуінен ажыраспақ көрінеді. Бізге келген себебі, жігіттің ата-анасы қайта-қайта келіп, мазасын алған соң, бір жақты етіп беруге көмек сұрай келіпті. Екеуінде үйленді деген неке күәлігі де жоқ. Әйелдерден ежіктеп, барлығын сұрап алған соң, округ әкімі екеуміз әлгілерді ертіп, орыстардың үйіне келдік. Келсек, ата-анасы, өзі қарапайым ғана адамдар екен. Біз келген жайымызды аналарға түсіндіріп, келіншектің олармен енді бірге тұрғысы келмейтіндігін айттық. Сонымен қатар, бұлардың енді мазасын алмауын талап еттік. Аналар біразға дейін бұлталақтап көнбеді. Дегенмен, - егер келіншек тағы да бізге шағым түсіріп, алдымызға келетін болса, онда мұны әкімшілік тұрғысында шешеміз, - дедік, оларға жөнімізді айтып. Сонымен, олар келіншекті енді мазалауды қайталамаймыз, - деп келісімге келді. Баланы жігіттің шешесі бағатынын айтып, олар бізге уәде берді. Иә, кезінде солтүстікте жұмыс істеп жүргенімде осындай бір келеңсіз жағдай кездесіп еді.
Бұл оқиғаны айтып отырған себебім, қазіргі күнде де кейбір біздің қазақтың қыздары өзге діндегі ұлттың жігіттеріне тұрмысқа шығып жатқанын көріп жүрміз.Сол дұрыс па? Ертең олар да өкініп жүрмей ме? Әлде, олар балаларын мүмкін ондай жағдайға апармайтын шығар. Дегенмен, өзге діннің өкілі болған соң, ерте ме, кеш пе, туған баласын шоқындырары анық қой. Мұсылман дініндегі азаматтар болса, онда бір жөн. Сондықтан, қыздарымызға айтарымыз, алдағы уақытта анау өзбек, тәжік, ұйғыр және әзірбайжанның қыз-келіншектері секілді өз тілдерің мен дәстүрлеріңде, сонымен қатар, солардай қасиетті мұсылман дінімізді қадыр тұтып жүргендерің жақсы-ақ болар еді дейміз.
Тағы айтарымыз, әрбір қазақ жанұясы, үйдегі балаларын кішкене кезінен бастап, айына немесе тоқсанына бір рет, тіпті, жылына бір рет болса да, мешіттерге апарып, - мынау сенің ата-әкелеріңнен бастап, ұстап келе жатқан мұсылман діні, бұл да енді сенің дінің, сондықтан, алдағы кезеңдерде осы өзіңнің мұсылмандық сеніміңе адал, әділ болуға тырыс. Сонда, сені барлық жамандықтан сақтаушы осы дін болады, - деп, жасөспірімнің ойына құя беру керек. Сонда ғана, жас ұрпақ, өмірде кездесетін түрлі жамандықтан, арсыздықтан және тексіздік пен абыройсыз істерден аулақ жүреді. Осыны, естеріңізде ұстасаңыздар екен. Салтын білмеген әрбір азаматша және азамат еш уақытта сауапты түсінбейді және өмірде оңбайды. Олардың ұрпақтары да тоз-тоз болып кетуі мүмкін. Түрлі жамандыққа ұшырайды.
Зауал деп осыны айтады. Мұсылманның ұрпағы болған соң, еш уақытта шариғаттан аттауға болмайды. Мұны еш уақытта ұмытпайық. Еліміз қаншалықты дамыса да, өркениетті заманға жақындасақ та, Құдай берген ана тілден, дәстүрден және мұсылмандық сенімден айырылуға болмайды. Бұл кез келген ұлтқа тән нәрсе. Соны әрқашан ұмытпауымыз керек!
Бейсенғазы Ұлықбек,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
Abai.kz