Бейсенбі, 4 Маусым 2020
COVID-19 ҚАЗАҚСТАНДА. Жұқтырғандар — 12067. Жазылғандар — 6240. Қайтыс болғандар — 48
Көкжиек 2675 14 пікір 12 Мамыр, 2020 сағат 11:38

Есенғали Раушанов. Мүйіздің Мырзашөлше сырқырауы

 Алаш елінің осы бір қиын түйінді көршімен ұрыс-керіссіз, айқай-шу, дау-жанжалсыз шешуі  жаңа заман талап етіп отырғандай кең масштабта кемел ойлай білетін, заманауи биік мәдениетке ие жұрт боп қалыптасып келе жатқанын өзіне де, өзгеге де ұқтыра білген ақылды қадамы. Кейбіреулер айтып жүргендей «хaлықаралық дипломатия нормаларына сәйкес  кінәлі елге нота жолданбауы жалтаңгөйлігіміз» емес. Керісінше, өз басым мұны қазақ дипломатиясының жеңісі деп деп бағалар едім. 

Әлбетте, осыменен шаруа бітті деген сөз жоқ, болмайды да. Бірінші кезекте тілге оралатын жәйт, байтақ Қазақстандағы ең еңбекқор, ең бейнеткеш, ең меймандос жұрт ол – мырзашөлдіктер. Ол жақта халық жыл он екі ай жұмыс істейді. Диқанның көктем, жаз, күзде тынбайтынын әркім де білер, ал қақаған қыста да етігімен су кешіп мақта атыздарын суаратынын екінің бірі біле бермеуі мүмкін. Мақташылық осындай  кәсіп.  Аталмыш агротехникалық шара «сор шаю» деп аталады. Әдетте бір алқапқа бір жыл мақта ексе, екінші жылы басқа дақыл егіп Жерді тыңайтып отыру әдісін ауыспалы егіс айналымы дейді, әйтпесе Жер тозып кетпек. Диқандардың  өкінетіні  соңғы жылдары бұл тәртіп сақталмағандықтан жер асты сулары көтеріліп, алқаптарды тұз баса бастағаны. Жерді тұз басса, диқанды дерт басады. Ауру-сырқау көбейіп, ұрпақ азады. Диқан үшін бұл Құдай тағала берген карт бланштан ойда жоқта  айрылу. Жер асты суларын реттейтін дренаждар құрылымы талайдан бері жарым жартылай ғана жұмыс істеп келеді. Бұл аймақты мақтаның жәй күйін білетін басшылар емес, көбіне көп Астана, Шымкент арқылы келген  «нарық мененджерлері» басқаруы осындай нәтижелерге алып келді. Мақта мамандары  бүгінде саусақпен санарлықтай ғана. Соңғы жылдары гидротехник-су мамандары, агрономдар, ауыл шаруашылығы инженерлері тіпті азайып кетті. Мұндай мамандық иелерін дайындайтын оқу орындарындағы білім сапасына  шаруалардың көңілі толмайды. Техникаларды жөндеу ісі тіпті құлдыраған.  Кеңес заманындағы талап жоқ. Диплом көп, маман аз. Гектар өнімділігі туралы сөз қозғамаса да болады.  Халықтың көңіл күйі төмен. Кешегі кеңес өкіметі тұсында аудан, кеңшар басшылары бұндай іс үшін әуелі партбилет, қала берді ұза а а а қ мерзімге бас бостандығынан айырылушы еді. Егемен Қазақстан тарихында агротехникалық іс шаралардың дұрыс атқарылмағаны үшін істі болған бір де бір әкім қара жоқ. Кеңбіз. Кешірімшілміз. Басқа да себеп-салдары тағы барын ішіңіз біліп отырған шығар-оу, оқырман мырза.

Мұны неге айтты, бұ нағылған «агрономсыну» дейсіз ғой?  Жер енді мынадай топаннан соң  оңайлықпен оңалмайды, жуық арада кеппейді. Суды сорғызып өзге арналарға айдағанмен тұз көтеріле бермек. Қазірдің өзінде «не уайымдайтыны бар, ертең бұл аймақтың  45-50 градустық ыстығы басталғанда жер өзінен өзі кеуіп, шаңқап, қаңсып,  қайтадан шөлге айналып сала бермей ме?» деп жұбаныш іздейтіндер бар. Мырзашөлше айтсақ,  «бұ шіли натуры уәж дә» яки мүлде дұрыс емес сөз. Мырзашөлдіктер – Қазақстандағы ең отырықшы халық. Олар ешқайда көшпейді.  Мырзашөл, мырзаның даласы яки сол аймақты жеті ата, жетпіс жеті бабасына бері жайлап келе жатқан қазақтардың ата қонысы. Олар өткен ғасырларда да жартылай отырықшы өмір сүрген. Қазақтың бәрі бірдей көшпенді болған жоқ дейтініміз соны білгендіктен. Кеше  қазақтың нобайы қаңбақтай ауып жүргенде осы жерден табан аудармай диқаншылық кәсіппен айналысқанына  ғасырдан астам уақыт өтті.  Қандай қиындық көрсе де. Сондықтан олар мына «топан суды» қысқа мерзімде «қалпағын қайырып» тастайтын уақытша іс деп емес, бүгінмен қоса ертеңгі ұрпаққа, ертеңгі қазақтың денсаушылығына залал болды деп қарайды. Мұнысы орынды да.  Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне көшетін кез енді келді. Ол не түйін яки ол не ұсыныс?  Біз қазір кім не көмек берді немесе кім неге бермеді,  неге аз немесе неге көп берді деген  сүрлеуді шиырламайық. Бұл туралы кейінірек айтылады. Біз айтпасақ, сіз айтарсыз.  Ия, кезегін күтіп жатқан кейін айтылатын сөз жүдә көп екенін сіз де, біз де білеміз. Оған да жетерміз, иншалла. Аз қалды. Жиналған қаржының жұмсалу тәртібіне келейік. Халық үшін маңыздысы – осы. 

«Су аяғы құрдым» деген сөз бар. «Сиырқұйымшақ» дегенді де қазақ айтқан. Қазақстанның жаңа тарихында осы екеуі ең көп айтылған сөздер екені даусыз. Кешегі Арыс жарылысынан кейін боп жатқан «жарылыстар» да соның дәлелі. Қаражат Мырзашөлге бұрын да бөлініп келген. Бірақ соның көбі елге жетпегені аттың қасқасындай айқын жәйт. Елге жетсе, ерінге тимес пе еді? Ерінге тисе, елдің шырайы кірмес пе еді? Осыншалықты бейнеткеш елдің осыншылықты кедей болуын қалай түсінесіз? Мен түсіне алмаймын. Түк те. Диалектикалық  логикаға еш келмейтін жәйт. 

 Халық неден қорқып отыр, халық тағы да талан-тараждан қорқып отыр. Мырзашөлдің әр қазағының жүрегінде тағы да хан талапай басталады ғой деген күдік бар. Біз Түркістан аймағы басшыларының қажырлы қайратын бағалаймыз, тіпі олар жоғары марапаттарға лайық деп білеміз. Бірақ жиналған қаражатты жұмсауды тек соларға ғана артып қоймалық. Олардың жұмысы онсыз да бастан асады. Және «оңтүстіктің өзіндік ерекшеліктері» жөнінде, жең ұшынан жалғасқан жемқорлық, ысырапшылдық, жікшілдік, бармақ басты көз қысты, коррупцияның сан алуан формаларының кең етек жаюы туралы алып қашпа сөздердің нобайы негізсіз екенін айтқымыз келеді. Бұхара халықта не кінә бар? Тап осы күндері қаражатты жұмсауды бақылар бір орган керек. Ол  Бүкілреспубликалық бақылау комитеті бола ма, қоғамдық сенім ұйымы бола ма, партия аралық есеп, бақылау ұйымы бола ма-мәселе атында емес, затында. Қанша теңге қайда жұмсалды, не үшін жұмсалды, нәтижеде халыққа не пайдасы тиіп жатыр деген қарапайым сауалдарға ашық жауап беріп отыратын бір ұйым керек. Осы жолы  ақшаға абай болмасақ  ізін тағы да жоғарыдағы айтқан су аяғы құрдымнан іздеп сан соғып қаламыз. Және бұл бақылауды басқаруға қолы таза адамдар керек. Былғанбаған адамдар керек. Ескі жүйені жек көретін, жаңа заман басталғанына сенетін адамдар керек. Ал ондайлар ресми биліктің  жоғары эшeлонында аз десек бұған да дау айтатындар табыла қояр ма екен? Жұрт биліктегілердің басым бөлігіне сенбейді. Бұл сөз Үкіметіміздің шамына тимесін (тіпті тисе де), ахуал солай.  

Сондықтан, ондай адамдарды қоғамдық,  шығармашылық ортадан, қарапайым халықтан, диқандар арасынан іздеген жөн бе екен? Мен осы топқа  Асанәлі Әшімов, Бибігүл Төлегенова, Мұрат Әуезов, Тоқтар Әубәкіров, Тамара Дүйсенова, Темірхан Медетбек, Мархабат Байғұт,  Ұлықбек Есдаулетті жастардан  Жанболат Мамай, Айдос Сарым, Ақберен Елгезектерді ұсынар едім. Басшы болсын, басшы болмаса қосшы болсын. Мақсат мансапта емес, мақсат төніп тұрған қауіптен (ал қауіптің төніп тұрғаны ешкімге де жасырын емес) халық қаржысын аман алып қалу. Жығылған үй тіктелер, суға кеткен малдан қалған арығың, жусан басы айырық, егіз табар, егіз тапса келесі жыл сегіз табар. Өшкен от жанады. Жоғалған мал табылады, жоғалған сенім ше? Әуелі экономика, сосын барып саясат, сосын барып демократия дедік. 1993 жылғы 15 қарашада төл теңгеміз айналымға шығып, бөркімізді аспанға атып қуанғанымыз есімізден әлі кетпейді.  Бір АҚШ долларын сол кезде 4 теңге  75 тиынға тең деп бастап едік, үсітіміздегі 2020 жылды бір доллар  475 теңгеден асып жығылды деп бастадық. Бұның әлі де  тоқтайтын түрі жоқ боп тұр. Сонда қалай болғаны, бұл біздің экономикамыздың ширек ғасырдан астам уақыт бойы өсіп отырғаны ма, жоқ өшіп отырғаны ма? Қайда әлгі нығайтқан экономикамыз? Неге Бейсенбай сұмдық бай, неге Сейсенбай сұмдық кедей? Сұмдық еместеу бай, сұмдық еместеу кедей болып өмір сүруге болмай ма? «Абыройды жапқан ақшотау», Маңғыстау мен Атыраудың мұнайы болмаса Қазақстан не болмақ? 30 жылға тақау уақыт ішінде елді мұнайсыз-ақ асырайтын, ең құрығанда 30 өндіріс ошағын аша алмағанымыз ба, тәңірім-ау. Осы біздікі не мақтан? 

Қалай ғана Қазақстанымыз аяқ астынан аз ғана уақыт ішінде Аспан мен Жердей айырмашылықтар еліне айналып шыға келді? «Үй артында кісі бар», өзіміз үйде отырып бұтқа толып ісіп кепкенмен, бүгінде Қазақстан коррупцияға белшесіне батқан ел деген сөз Жер жүзіне тарап кеткен. Шетелге шықсаң қазақ екеніңді білген екінің бірі еліміздегі кейбір кісілердің қалай байығаны туралы сұрайды, «Қазақстан Заңдарында кейбір кісілер қылмыс жасаса да, сотталмасын деген бап бар екен ғой, сол рас па?» деп тақымдайды. Абай айтпақшы «Сонда жауап бере алман мен бейшара». Бұл жасырып-жабары жоқ жалпыға жария жәйттер. Осы ұйма балшықтан өзімізді өзіміз алып шықпасақ, сырттан келіп ешкім де алып шықпайды. Және бұл соншалықты қиямет-қайым қиын шаруа емес, ұят, иман, обал сауапқа жүгінсек үдесінен шығуға болатын іс секілді. Нар тәуекел, соны Мақтаралдан басталықшы. Тап бүгін бұдан маңызды,  осыдан зор мәселені көрмей тұрмын. Сіз ше? 

Есенғали Раушанов

Abai.kz

14 пікір