Жұма, 26 Ақпан 2021
Пікір 2384 13 пікір 20 Қаңтар, 2021 сағат 12:21

Жер де, ел де - қазақтікі!

Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстанның ҰҒА академигі Уәлихан Қалижановтың Abai.kz сайтына шыққан «Жер де - қазақтікі, ел де - қазақтікі!» деп аталған мақаласын оқып шығып бірқатар мәселелерге қатысты ой бөліскім келіп отыр.

Ең бастысы, бұл мақалада Қазақстан мен Ресей арасында жасалған бірнеше екіжақты келісім-шарттар келтіріліп, олардың мазмұнындағы екі елдің аумақтарының тұтастығы мен шекараларының мызғымастығы жөніндегі ережелерге ерекше көңіл бөлінген екен.

Сонымен қатар, 1994 жылы желтоқсан айында Будапешт қаласында әлемнің ядролық державаларының Беларусь, Украина және Қазақстанның саяси тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығына берген кепілдіктерін бекіткен Меморандум да келтіріліпті. Аталған үш мемлекетке мұндай кепілдік берген алып елдердің ішінде Ресей де бар еді.

Уәлихан Қалижанов аты шулы Ресей депутаттары осы құжаттарға кезінде өздері дауыс беріп, енді олардың ережелерін ұмытып қалған ба деген ой көтереді.

Шынымен де, мұндай халықаралық шарттар бар, олар қолданыста, ешкім де олардың күшін осы уақытқа дейін жойған емес.

Сондықтан Уалихан Қалижанов айтқандай:

«Ресей мемлекетінде отырып, біздің мемлекетімізге сепаратистік пиғылдағы іс - әрекеттер жасау, оның ішінде шындыққа жанаспайтын үгіт - ақпарат таратуға жол беруге болмайды. Бүгінгі таңда, екі мемлекеттің арасында болашақта мұндай  келеңсіздіктерге тиым салу үшін арнайы келісім шарт қабылдау қажеттілігі туындаған сияқты», деген пікірге толық қосыламын.

Осыған қоса, жалпы алатын болсақ, көршілес елде әртүрлі саяси күштердің бар екендігін ескеру қажет және солардың ішінде біздің елге деген көзқарасы дұрыс емес топтар да бар. Мысалы, В.В. Жириновский басқаратын Ресейдің Либералды-демократиялық партиясын сайлауларда Ресей халқының 10-15% қолдап отырады. Яғни, осы партияны қолдаушылар арасында біздің елімізге деген пиғылы теріс күштер басым екендігі күмән туғызбайды. Бірақ, сонымен бірге, Ресейде Қазақстанды қолдайтын саяси күштердің бар екендігін де ұмытпайық. Олардың да саны жоғарыда келтірілген көрсеткіштен кем емес деп есептеймін. Осы екі саяси ағым арасында Ресей халқы үшін күрес жүруде. Тәуелсіз Қазақстанның жетістіктерін көре алмаушылар әртүрлі провокациялар жасап, ең алдымен, Ресейдің негізгі халқын біздің елге қарсы қоймақшы. Ресейлік Мемлекеттік Дума депутаттарының соңғы сөздері осындай провокациялар қатарына жатады. Сондықтан, оларға деген біздің жауабымыз: Қазақстан халқының одан ары бірігуі керек және біздер ұлтқа қарап бөлінбегеніміз дұрыс. Қазақстанда тұрып жатқан, біздің елімізді өз Отаны деп есептейтін және оның болашағына жаны ауыратын барлық азаматтарды біз бауырымызға тартуымыз керек!

Ал, енді Уәлихан Қалижановтың мақаласында қозғалған Үкімет деңгейінде бірқатар нақты шаралар қабылдау қажеттілігіне де келісемін. Шыныменде, еліміздің солтүстік пен шығыс өңіріне оңтүстіктен халықты көшіру мәселесін дұрыстап қолға алмаса болмайды. Ол үшін, менің ойымша, осы солтүстік өңірге қатысты арнайы мемлекеттік бағдарлама дайындалуы керек және осы бағдарламаға сәйкес өндірісті, ауыл шаруашылығын, агро-өнеркәсіпті және т.с.с. дамыту шаралары қарастырылуы керек.

Қалай болса да, жер мен елдің қазақтікі екендігіне ешбір күмән жоқ. Тәуелсіздігімізге сақ болғанымыз абзал!

Еркебек Қамбарұлы Арғымбаев,

Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері, қоғам қайраткері

Abai.kz

13 пікір