Бейсенбі, 19 Қыркүйек 2019
Алашорда 4537 0 пікір 31 Шілде, 2015 сағат 12:36

«ЖАС АЗАМАТ» ҰСТАНҒАН ҮШ ЖОЛ

Өткен ғасыр басындағы Алаш қозғалысының жас буыны «Жас азамат» ұйымы мен газеті туралы бұл күнде жарық көрген зерттеулер санаулы ғана. Оның бірі алаштанушы ғалым Дихан Қамзабекұлының «Алашқа тыныс болған «Жас азамат»» («Ана тілі» газеті, №14, 1993 ж.) атты мақаласы. Тағы бірі тарихшы Зарқын Тайшыбай мен Сәуле Мәлікованың «Жас азамат – алаш ұранды жастардың газеті» (Абай.кз порталы) деген мақаласы. Бұдан басқа Алаш қозғалысы және осы қозғалыстың мүшелері туралы зерттеулерде ақпараттар беріледі. Алаштанудың дамуы үшін бұл әрине аздық етеді. Біз осы мақаланы жазу арқылы сол кетікке бір кірпіш болса да қаласақ деп ойлаймыз.

«Жас азамат» ұйымының құрылуы турасында Дихан Қамзабекұлы: «1918 жылдың сәуір-мамыр айларында Омбы қаласында қазақ жастарының тұңғыш құрылтайы өтеді. Осы құрылтайға қазақ жерінің түкпір-түкпіріндегі ұйымдардан өкілдер келіп қатысып, жалпы жұрттың шешімі бойынша барша ұйымдардың басын біріктіріп, бұрынғы Омбыдағы «Бірлік» ұйымының негізінде «Жас азамат» атты ұйым құрады» деп көрсетеді. «Жас азамат» ұйымының құрылуы мен оның жарғысы туралы Мұтар Әуезов «Абай» журналының 1918 жылғы 6- санында «Бірінші жалпы жастар съезі», «Жастар ұйымдарына ашық хат» атты қатарынан екі мақала жариялайды. Бірінші мақалада съез хабары сөз болады. Бұнда сьездің өткен уақытын мамырдың 5-нен 13-не дейін деп көрсетіп, сьезге қазақ жерінің түкпір-түкпірінен 15-ке жуық жастар ұйымының өкіл жібергенін айтып өтеді. Бұдан сьез көлемінің шынымен де зор болғанын байқаймыз. Осы мақалада сьездің өту себебі «қара бұлттай қаптап келе жатқан большевик дауылына» қарсы тұрып, елді, жерді апаттан аман алып қалу екенін, және мұны ұйымдастырған «Бірлік» ұйымын ескерткен. Екінші мақалада сьездің алты баптан тұратын қаулысын айта келіп (бұл қаулының ішінде «Жас азамат» ұйымын құру, және ұйым атында газет шығару ісі де мақұлданады), жаңа құрылған ұйымның құрамын атап өтеді. «Съез бес кісілік кіндік комитетін сайлап кетті. Бұл комитет Омбы қаласында тұрмақ. Комитетке сайланған адамдар: председатель Троицкідегі «Үміт» ұйымының өкілі Ғазиз Мурзин, жолдасы Г.Досымбекова, екі мүшесі Ғабдырахман Байдильдин,  Мұратбек Сейітов,  секретарь  Смағұл Садуақасов». Мұндағы төраға Ғазиз (Абдулғазиз) Мурзин – жазушы-ғалым Тұрсын Жұртбайдың көрсетуінше Жетісу өлкесінің қазағы, жоғары білімді, ағарту саласының қызметкері. Ал Дихан Қамзабекұлының еңбегінде төраға Мұхтар Мырзаұлы деп көрсеткен. Бұла арадағы қайшылықты әлі де саралау керек. Осылайша ұйымның үні болып «Жас азамат» деген газет шығарылмақшы болады. Газет редакторлығына Қошке Кемеңгерұлы бекітіледі. Газеттің алғашқы саны сол жылы 30 шілдеде жарық көреді.

Газеттің жалпы 22 саны жарық көрген, бірақ бізге жеткені тек 18 саны ғана. Осы 18 санын қарап шығып бір шама ойға қалдық. Мұнда газеттің шығу барысындағы қаншама қиыншылықтар, көтерген аса күрделі тақырыптар және ұйымның атқарған істерінен берілген мәліметтер жастар ұйымының да, газеттің де өз кезеңіндегі аса зор маңызын аңғартты. Газет туралы әлі де талай тақырыптардағы мақалалар жазылар, біз осында жарық көрген мақалаларды үш негізге бөліп саралағанды жөн деп таптық. Ол үш негізді де газеттің алғашқы санында жарық көрген бас мақаладан таныдық.

Газеттің беташар сөзі болған «Жас тілек» деген мақалада: «Келешектің қараңғылығы, саяси ауаның күн сайын құбылуы, қалың өрттей, кеселді дерттей апаты күшті күндердің тууы, дүниеде болу-болмау сол әлінің майданға қойылуы, ұлттың өмірлік құқықтары аяқ астына тапталып, зорлықтың үкім сүруі, «Жас Азаматтың» үстіне ауыр жүк салып отыр, қоғамдасып-қолтықтасып күш беріп, ауыр жүкті тиісті орнына жеткізу – жастардың басты міндеті, үлкен борышы», – деп басталған тілегінен ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан айтқан: «Әр ұрпақ өзіне арналар жүкті жетер жеріне апарып тастағаны дұрыс. Олай болмағанда болашаққа аса көп жүк қалдырамыз», – деген мағнадағы сөзін үлгі тұтқанын аңғару қиын емес. Одан әрі қарай жастар өздерінің бағытын айқындай көрсетіп кетеді: « «Жас азаматтың» алтын идеялы, әулие мақсұты, негізгі жолы – ұлт бостандығы, ұлт теңдігі. Бұл теңдікке жету үшін «Жас азамат» алаштың алтын туын жайқалдыра алатын, дұшпанға күйініш, досқа қуаныш салатын, іргелі ел қылатын бірлікті қолданады. Әлсізді күшейтетін, ауырды жеңілдететін табиғаттың қожасы болған шаруа міндетін қолданады. Ар-иманның, таза адамшылықтың түпкі тамыры әділдікті қолданады. Осы айтылған жолдарда қарсы күш – қалың жау тұрса да, таудан үлкен тұрмыстық кедергілер тұрса да, «Жас азаматтың» бет алған сапарынан қайтпайтынына иманымыз берік.»

Осы шағын үзіндіден біз «Жас азаматтың» ұлт теңдігі, бостандығы жолы үшін ереже еткен үш ұстанымын байқаймыз. Әуелде атағаны – «алаштың алтын туын жайқалдыра алатын»,  «іргелі ел қылатын бірлік». Бұл дегеніміз Алаш идеясын ұлттық идея етіп ұстану. Ал Алаш идеясының негізгі ұстыны түп-тамыры сонау түркіден тамыр тартатын «мәңгілік ел» идеясы болатын. Ол бойынша жер бірінші байлық болып есептеледі. Яғни бұл күнде де көп талқыланып жүрген «ұлттық идеялогия» мәселесі. Екіншісі – бұл жерде «әлсізді күшейтетін, ауырды жеңілдететін табиғаттың қожасы болған шаруа міндеті» делініп отырғанын өнеркәсіп, техника секілді ғылым күшімен дамыған қауқарлы тіршілік көздері және әр түрлі ұсақты, ірілі шаруашылық деп қарастыруымызға болады. «Шаруа» сөзі ол тұста іс, жұмыс, кәсіп мағынасында қолданылған. Яғни елдің әлеуметтік жағдайын көтеру мәселесі алға қойылып отыр. Бұл жолда кәсіптің әр түрлі саласын бірдей дамыту, барлық түрлі шаруашылықты, өндірісті жандандыру секілді мәселелердің бәрі бар. Земстволық басқарудың да бір мақсаты осы шараны алға сүйреу үшін қажет болған. Үшіншісі – «ар-иманның, таза адамшылықтың түпкі тамыры әділдікті» қолданады дегені мемлекеттік басқару жүйесіндегі әділет, теңдік. Бүгінгі сөзбен айтар болсақ, 1) жалпы халықты бірлікте ұстау, яғни ұлттық идеялогия мәселесі; 2) елдің әлеуметтік жағдайын көтеру, әр түрлі шаруашылыққа, өнеркәсіпке, ғылым-техникаға қолдау көрсету; 3) Елді әділ билеу, яғни азаматтық қоғам құру.

Бұдан біз сол тұстағы жалпы қазақты қатты толғандырған «Қайтсек ел боламыз?» деген үмітті һәм үрейлі сұраққа жастардың берген жауабын аңдағандай боламыз. Қалай десе де Алаш бастаған даңғылдан адаспағаны, ағаларының айтқанына демеу, қостау болып, әуелгі өздері айтқан бірлік жолынан таймағаны анық. «Егерде орыстан үлгі алуды, біздің қазақ оқығандары тоқтатпаса, өткен жылғы орыс киген таз кепешті біздің қазақ та киеді. Түбінде қазақтан капиталистер шыққанда, фабрика-завод көбейгенде, тұрмыстың өзін де тап-тапқа бөлер, оған дейін социализм күйін күйлемей, тұра тұрайық. Бұқарашыл орыс зиялыларының жеке-дара ұстаған бақыт махаббатына көтермеші болмай, таза Жапонияның жолымен жүріп, бірлік-берекеден айырылмай, ұлтшылдықты сақтау керек», - дейді «Ел баласы» деген бүркеншік ат қолданған автор «Бүлінгеннен бүлдіргі алма!» деген мақалада. Бұл әрине жазушы, ғалым Тұрсын Жұртбай жүйелеген алаштың бес ұстанымының ең соңғы, әрі ең маңызды бесінші ұстанымы «ғылымға, ұлттық салт-дәстүрге негізделген заңға сүйене отырып, Жапонияның үлгісіндегі ұлттық-демократиялық мемлекет құрумен» сәйкес кеп тұрған жоқ па?

Алаш көздеген мәңгілік елдің ең негізігі байлығы жер болатын. Ал жастар да осы тақырыптан Алаш бағытынан адаспаған. Газеттің үшінші санында «Қазақ жері» деген авторсыз мақала басылған. Мақалада бұрын-соңды қазақ жеріне патша үкіметі жағынан жүргізілген қоныстандыру саясаты айтылып, билікті біреуге жақпай қалсаң, жеріңді тартып алатын дейді. Ол кезеңді бірінші кезең ретінде алады да, «Екінші, большевик дәуірі: бұл дәуірде қазақ жері іс жүзінде тілгіленіп, талауға түскен жоқ, бірақ, большевиктердің қазақ жері туралы жасаған пландары болды. Қазақ жерін коллективтендіру керек. Сонда бізге жолдас болады, араларына Россиядан келген қашақтарды кіргізіп, шама келгенше қазақты бірыңғай шөлге қуу керек. Бір қазақта жиырма мың жылқы бар, соны қашақтарға бөліп, жерін алып беру керек, деген. Әр жерлерде ортақшылдар шығып, қазақтан жер иелігін алғандар болды. Құдай сақтады, енді біраз тұрса, большевиктер қазақ жеріне кілең кесірлерін тигізетін еді», - деп шын мәнінде де кейіннен большевиктер жүзеге асырған аяр пиғылын болжайды. Үшінші кезең ретінде Алаш автономиясы кезеңін атайды. «Үшінші дәуірдің өзгерісіне қазақ жері жаңа кірді. Қайырлы Алаш автономиясы болса, жер мәселесі оңай шешілмек, онда қазақ ешкімге ұпай жібермейді. Шапқыншылықпен, яки басқа бір себептермен Алаш автономиясы болмай қалса, қазақ жеріне еншілестердің көбейетіндігіне шек жоқ», - дегені де айдай келген ақиқат болды. Кадеттер мен социалистердің «бетін жыртып, Алаш автономиясына қарсы болғаны – алашты қимағаны емес, жалпыға жоқ алаш жерін қимағаны», - деп Ресейдегі қай саяси партия болса да қазақ жерін қылғуды арман ететінін ашық айтады. Және «Жас азаматтың» да көзқарасы осы жерде беріледі. Ол «Адам баласының тіршілігі жерге байлаулы, жерсіз - ел болу жоқ. Жерсіз ел - көлеңкемен бір есеп», - деген байлам. Осыдан кейінгі «Ішкі хабарларда» «Жәдігер-Жаныс» деген автор «Өлген тірілмекші» деген шағын шолу сипатты мақалада: «Қазақ жерінің бір кезде әзәзілі болған Переслен мекемесі қайтадан тіріледі деген қауесет бар. Ондағы тірілудің мақсаты – Оралдың ар жағында жерсіз қара құрттай қайнап, миллиондап әлі келіп жатқан мұжықтарды Сібір жеріне орнықтыру», - деген мәлімет бере келеді де, қоныстандырудан қазақ жерінен айырыла беретінін айтып, Алаш азаматтары бұған қарсы болуы керек дейді. «Әр жерде жергілікті мұжықтармен қосылып, переселен мекемесін тірілтпеске тырысу керек», - деп ескертпе тастайды. Шындығында халық үшін де, ұлттық мемлекеттік үшін де жер аса маңызды екені анық. Жер мәселесі туралы газеттің әр санында осындай материалдар көптеп кездеседі. Газеттің 19 қарашадағы 11- санында басылған «Ел баласы» деген автордың «Қазақ жеріне қолқа салушылар» атты мақаласында үкіметтің қазақ жеріне қауіпті төрт түрлі заңды қарап жатқанын айтады. Оның біріншісі қазақ жерінде тұз заводын ашу, бұл арқылы малшыларды жерінен айырып, сол жерге тұз заводын салады деп көрсетеді. Екіншісі, суы тапшы жерлерге арық жүргізу, өзен, көл арналарын бұрмалау, шалшықты, сулы жерлерді құрғатпақшы дейді. Ал бұл жерлерді егінге пайдаланады да переселендерді, не мұжықтарды қоныстандырады, сөйтіп қазақты құнарсыз жерге қуады. Үшіншісі, Сібір өңіріндегі қолайлы жердің аздығын, жер сұраушылардың көптігін ескеріп, мал шаруашылығындағы жерлерді босатып, оларды таулы, тасты жерлерге көшіріп, оның орнына егін егуге жер сұрағандарға бермекші. Ал төртіншісі, Ресейге шет мемлекет капиталының тартылып, фабрика, завод салуға рұхсат етілуі. Бұл төртінші шартпен қоса алдыңғы үшеуі орындалғанда қазақ баласының шынымен де өгей жағдайға түсетінін айтып, «Мінеки алаш! Автономияң болмаған кезде шетіңе беретін қолқаң. Жер – мәңгі байлық: алдыңдағы малыңнан, қойныңдағы ақшадан қымбат. Өнер-білім кенжелігі болса да, автономияға аласұрып жатқандық – жер үшін» деп тәмандайды. Бұл сөз бізге бір жағынан тәуелсіздік, елдік мәселесінің мәнін ашса, енді бір жағынан жер мәселесінің қаншалықты ушыққан іс екенін түсіндіріп тұр. Әрі бүгінгі ұрпақ үшін де ұмытпас өсиет деп ұғыну керек.

«Жас азаматтықтар» үшін де Алаш зиялыларындай жер мемлекет меншігі, оны земство арқылы басқару керек деген тұжырым ортақ. Земство мәселесі туралы да газеттен көптеп кезіктіруге болады. Алайда біз осы үшінші сандағы «Ақмоланың облосной земский собраниясы...» деп басталатын авторсыз шолу хабарға назар саламыз. Бұл хабарда Ақмола облысының «земский упровасына» мүше сайлау туралы айтылады. Сайлау барысында орыстардың әр партиясының берекесіз болғанын, сайлануға тиісті төрт адамның тек екеуін ғана сайлай алғанын, ал қазақтардың бір тұтас Алаш партиясын қолдап шыққанын, сайлануға тиісті үш адамның да Алаш партиясынан сайланғанын айтып, мүшелердің аты-жөні мен бұрынғы қызметтерін атап өтеді. «Бұл қазақтың екі жүз жылдан бері көрген бірінші теңдігі. Бұрын қазақтан түрлі алым-салықтар алынушы еді. Бірақ, қазақ пайдасына жұмсалмаушы еді. Енді соның үшін алдымен, земство салықтарын беріп отыру керек» деп земствоның пайдасын көрсетіп, «Оқу-оқыту шаруасы, жер-су, азық-түлік - барлығы земствоның қолында. Осындай күші зор, пайдасы мол земстводан қашу шайтанның «биссмилладан қашқанындай» болады» дейді. Земство – жергілікті жер мен халықтың құндылықтары, тұрмыс-салты негізінде әр түрлі шаруашылықпен айналысуын қамтамасыз етеді, халықтың өзі таңдаған әділ басшысын сайлап алуына мүмкіндік береді, жер мәселесін, ұлттық ерекшелік, тіл, дін мәселесін орынды шешуге мүмкіндік береді. Алаш зиялыларының бұл құрылымды жақтауының да үлкен себебі осы. Бұл «Жас азамат» көздеген үш ұстанымның да үддесінен шығатын шара.

Жоғарыда айтқанымыздай, «Жас азаматтың» екінші ұстанған жолы – елдің әлеуметтік жағдайын көтеру, өнеркәсіпке, әр түрлі шаруашылыққа, ғылым-техникаға қолдау көрсету дедік. Бұл туралы біз жоғарыда келтіріп өткен әр бір материалдан да аңғарылады. Тәуелсіз экономика құру үшін шетел капиталына сүйенбей, өз күшімен, мүмкіндігінше қолдан келетін істерден бастап шаруашылыққа кірісу Алаш ұстаған бағыттың бірі. Земство арқылы жергілікті шаруашылықты дамыту да бұның бір буыны. Әсіресе «Жас азаматтың» шаруашылық туралы толық пікірін білу үшін газеттің алтыншы санында шыққан Смағұл Сәдуақасовтың «Өмір үшін күресу» деген мақаласын мысалға келтіруге болады. Мақалада автор кез келген адам баласына жан-дүние қамы үшін тамақ, киім, үй керек, бірақ оларды табудың жолдары әр түрлі, әдісі әр түрлі дей келіп: «Не іске болса да әдіс керек. Және заман өткен сайын әдіс өзгеріп тұрмақшы. Мысалы: тұрмыс жөнінде ең әдісшіл Германиядағы немісті һәм әдіссіз біздің қазақты алайық. Екеуі де өмір үшін күреседі, бірақ неміс әдіспен күреседі һәм заманға қарай әдісін өзгертіп отырады. Сондықтан, екеуінің тұрмысында жер мен көктің арасындай айырма бар.» деп, одан әрі неміс пен қазақтың тұрмыс күйіндегі айырмашылықтарды теріп шығады. Теріп қана қоймайды, қазақ оқығандарын осы «шаруа ісіне» шақырады. «Жиырмасыншы ғасыр шаруаның қолы екенін ұмытпау керек» дейді. Қазақ өзінің киетін киімін, ішетін асын өзі өндіруі керегін, өзгеге тәуелді болмауды мұрат қылады. Және осы мақаланың соңына қарай бірнеше түрлі шаруа жайын сөз етіп, жол көрсетеді. Жалпы газет 1919 жылдың соңында жабылғанға дейін осы тектес мақалалар шығып тұрған. Осы үндеулері арқылы алаш жастары қазақтың талай ісіне ұйытқы болуға тырысқан. Олардың өздеріне үлкен мақсат жүктегенін аңғартатын, шаруашылық ісіне ден қойған тағы бір мақаласы газеттің осы жылғы 5 желтоқсандағы он төртінші санында «Оқу» деген атпен жарияланған. Мақаланың жұртты жігерлендіруге, іске шақырғаны автордың жасырын атын «Оптимист» деп алуынан-ақ байқалып тұр. Мақалада автор елдің шаруашылығының өсуіне, мәдениеттің тез таралуына, халықтың алға басуына «қолайлы табиғат, тұқым оңдылығы, дін түрі, елдің жиі отырғандығы, ұлттың рухтылығы, көрші халықтардың құнарлылығы һәм ауыл шаруасының фабрика, завод, сауданың көтерілуі себепкер болады. Біздің алашта бұл заттардың бірі де жоқ. Сондықтан алаш тез алға басып жетіліп, құнарлы халықтардың қатарына кіре алмайды деушілер бар» дейді де, «Мен «алаш тез алға басады» деушілерге қосылатындығымнан өз дәлелімді көрсетемін» деп жоғарыда аталғандарды бір-бірлеп теріске шығарады. Дін мәселесі ерте кезде әсер етті, қазір сенімнен ақыл күштірек болғандықтан, бұның әсері жоқ десе, «Тұқым оңдылығы» дегенге Жапонияны мысалға келтіріп тойтарыс береді. Осылайша барлық шарттарға қарсы дәлелін көрсетіп келеді де, «Біздің қалайтынымыз шаруаның көтерілуі. Ауыл шаруасының, фабрика, завод, сауданың көтерілуі ұлттың рухты болуынан. Ал рухты болу үшін жасаулы пікір (создательная идея) керек. Мұндай пікір жеке адамдардан бастап бұқара халықтың миына орнығып, көпшілікті өзіне аударса ұлтты рухты қылады» дейді. Міне баспасөз бетінде қозғалған ұлттық идея мәселесінің анық көрінісі. Осыдан ары қарай автор біздің қазақты өзіне тартып тұрған оқу ісі дейді. Қазақтан оқуға құмартқандар көп шығып жатыр, осы оқу арқасында алаш жұрты тез жетіледі деген ойдамын деп бір түйеді де, «мемлекет билігі таз қалпына түспей, бұқара билігі орнықса, «Алашорда» мен земстводағы басшы азаматтарымыз оқудың тез таралуына армай-талмай қызмет істесе, жылында әр облыстан бір жігітті шет мемлекеттерден оқытып тұрса (биылғы жастар сьезінің қаулысында да бар еді степендия ашып шеттен оқыту) бір 20-30 жылда қаһарлы халықтың санына кірер едік» дейді. Көрдіңіз бе, біз бүгін ғана қол жеткізе алған «Болашақ» бағдарламасының сол кездегі көрінісі. «Қалай шаруашылығы зор елге қосыламыз?» деген сұраққа берілген жауап бұл. Яғни біз атаған «Жас азаматтың» үш ұстанымы да бірінсіз бірі болмайтыны көрініп тұр. Шаруашылықты өркендету үшін бір тұтас ұлттық идея керек болса, ол идеяны орықтыру үшін әділ билік керек екені шығады. Ал газетте әділет ісі үшін жасалған қадамдар туралы мақалалар мен билік, мемлекет қалпы туралы материалдар да көп кезігеді.

Біз үшінші ұстанымы ретінде – әділетті, азаматтық қоғам құру мәселесін атадық. Әуелі газеттің үшінші санындағы «Спасс заводы» деп басталатын қысқа хабар түріндегі жазбада, аталған завод жұмысшыларының алғаш большевиктер орнай қалған кезде, завод басшылығын басып алып, енді большевик қашқанда бұрынғы завод иелері қайтадан өз орындарына келгенін мәлім етеді. Одан әрі «жұмысшылардың көбінде елге жетерлік ақшасы да жоқ. Қосақ арасында кетіп, кінәсіз момындар да жұмыстан шығарылып жатыр» деп өкініш айтады. Осындай бір аумалы-төкпелі заманда, шауып алу, тонап кету, алдап алу салтқа айналған, аштық пен соғысқа қатар ұшыраған шақта да, әділет туралы бір ауыз сөздің айтылуының өзі және шынайы айтылуы – жас қауымның әлгінде айтқан әділетшіл қоғамға жасаған аз да болса талпынысы демей тұра аламыз ба? Газеттің 25 қазандағы сегізінші санында «Ішкі хабарлар» деген шағын мақалада осы тектес мәселелер қозғалып, істің әділет табуын нұсқайды. Және жетінші, сегізінші сандарда бөліп басылған Мұхтар Әуезовтың «Ескеру керек» атты мақаласында: «Кешегі ешкімге бағынбай, елді хан билеп, көсем би билеген заман – киіз туырлықты қазақтың тарихында әркімге белгілі бір дәуір. Ол заман өтті. Одан бергі біздің хал бұлқынбай жатқа бағынудың жолында болды. Кең қазақ даласын әлде неше указ сайқалдап шықты. Көп өзгеріс жаңалықтар болды. Әуелгі қазақтың халықтық қалпы неше толып, неше кішірейіп шым-шытырық түрлерге түсті. Әр түрлі указдардан шыққан өзгеріс халық бақытын мысқалдап, жылжытып, құлдық құшағына тастағалы әкелді. Неше рет қазақ халқы зынданның ернеуіне келіп қайтты.» деп бастап, әрі қарай қазақ ішіндегі барша келеңсіздіктің себебін ашуға тырысады. Мақалада бүлінген елді түзейтін әділ заң мен теңдікті сөз етеді. «Абайдың: «Мен закон қуаты қолымда тұрған кісі болсам, адам баласының мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім», деген сөзінің қазақ турасында іске алынатын кезі келді» деп, енді осы ел ішінде әдетке, мінезге айналған тонау мен алдау, қорқыту, бүгінгіше айтқанда азаматтардың құқығын таптау мәселесін күн тәртібіне қойып реттеу керек дейді. Бұның бәрі біз айтқан әділетті қоғамға деген талпыныс емес пе? Және газеттің әр санында дерлік земство ісі туралы хабарлар беріледі. Земствоға сайлау тәртібі, жөн білетін, ұлтқа жаны ашитын, әділетшіл азаматтардың сайлануы секілді мәселелерді үгіттеп, мемлекеттік жаңа құрылысқа бар ынталарын салады. Бұндай хабарлар көбінде «Земство», «Земство ісі» деп, «Қалалық дума сайлауы», «Мемлекет кеңесі», кейде сол облыстарға байланысты «Ақмола облосной земский собраниесі» деген секілді тақырыптармен беріліп отырады. Мұның барлығында да дерлік земствоның пайдалы жақтары, әділ билікті негіз етуі, сайланушылардың аты-жөні секілді мағлұматтар кездеседі. Большевиктерге жүргізілген сот ісі, ел ішіндегі дау-шарлардың сотта қаралуы секілді оқиғалар да газетте қысқа хабар, шолу ретінде беріліп тұрған. Бірнеше жерде әділетсіз қаралған сот ісі айтылса, 14- санындағы «Спас заводынан» деген хабарда, екі күдікті ұрыны ұстаған милиция айтқаныммен жүрмедің деп екеуін жазықсыздан жазықсыз, сотсыз атып өлтіргені айтылып, бүгінгі милиция патша үкіметі кезінен де қатал болып барады, мұндай милицияны ұрының жолдасы деу керек деп өлген екеуге жанашырлық білдіреді. Газеттің алтыншы санында әйел теңдігі мәселесі туралы бір материал бар. Онда Кереку қаласында өткен оязной соттың сүйгенімен қашып кеткен әйелді қайтадан бұрынғы күйеуіне таңғаны туралы айтып, әділдік, теңдік іздеген қазақ қызы мұны көріп көңілі қалмай ма? Өзіміз айтатын әйел теңдігі қайда қалды деп налиды. Осы тектес мақалалар газеттің жалпы барлық санында кезігеді. Және бұл мақалалардың бәрі жас азаматтықтардың әділет ісіне деген ынтасы мен талпынысын білдіріп тұрды.

Бұдан тысқары тарихи деректік құны мен оқу-ағарту, баспасөз мәселелері, түрік бірлігі секілді аса маңызды тақырыптарды да мүмкіндігінше қаузаған. Біздің жоғарыдағы «үш жол» негізінде бөлектеп талдаудағы мақсатымыз – аз да болса, алаш идеясын жүйелей түсуге, жалпылама қарай бермей, тереңдей, жекелей үңілуге жол ашсақ деген ой. Аз мөлшерде болса да ой қосып, септігімізді тигізе алсақ зор жеңіс.

Сөз соңында мына бір мақалаға тоқтала кеткенді жөн көрдік. «Жас азаматтың» 5 қаңтарда шыққан 18-санындағы «Біздің ұлтшылдар» атты бас мақалада: «Көңілсіз болу – шын ұлтшылдарға лайық емес, өйткені, ұлт жұмысына белсене кіріспей жатып, қажып қалу. Анық толық екі жылға жетпей, ұлтшылдардың еңсесі түсіп, салы суға кетіп, қажып қалса, бұқараның жапқан көңілін кім ашады? Ұлтты теңдікке кім жеткізеді? Мұны ойласақ, еріксіз табанды әскер, ұлтжан боламыз. Ұлтжан болған кісі айға-жылға деп кесіп кірмейді. Өлшеулі күні ойлаған мақсатына жете алмаса, жұртқа сөзін тыңдата алмаса да, «қажыдым» деп тартынбас керек, әр тарапынан кедергі қойылған сайын, қайраты артып, қуаты күшейіп, тасқын судай екпіндей бермек. Шегіну, жасқану, қажу – ұлтшылдықтың жауы. Сонда да, дұрыс ойынан қайтпайтын, түзу, таза, мықты пікірлі болмақ керек. Имам ағзам айтады: «бір пікірді дұрыс деп сенгеннен кейін, біреу келіп, пікірің дұрыс емес деп, дұрыс еместігіне дәлел қылып, таяқты көз алдыңда жыланға айналдырса да, бір сенген пікіріңнен қайтпа!» деп... Ұлтшылдықтың жолы осы» деп қатарлас жас буынға жігер береді. Осыдан жүз жыл бұрын өткен бұл тарихқа да көз жіберсек, мәңгілік елдіктің асыл мұратын ту еткен жастар сол сертінен қайтпапты, бет алған жолдарынан айнымапты. Керек десеңіз осының бәрін өздерінің қыршын өмірімен дәлелдеп кетіпті. Осы күнгі бір айқайға дүр көтеріліп, ауыз жиналғанша суып қалатын, жасқаншақ, жігерсіз ұлтшылдығымызға қарап ұяласың да. Тыныш, алған бетінен қайтпай, ұстанған мұратына жеткенше күресе беретін асыл мінез қашан дариды екен деп қиналасың.

 

Есбол НҰРАХМЕТ

Abai.kz

 

0 пікір