Бейсенбі, 15 Қараша 2018
Сүйінші! 2319 29 пікір 13 Маусым, 2018 сағат 19:26

6 мың жылдық тарихы бар - домбыра

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен  шілденің бірінші жексенбісі  Ұлттық домбыра күні болып белгіленді, - деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Қазір Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының  айналасында талай келелі істер жүзеге асырылуда. Сол мақалада «Жаһандық өмірдегі заманауи Қазақстан мәдениеті» мәселесі де сөз болған еді.

«Жаһандық өмірдегі заманауи Қазақстан мәдениетін» әлемге таныту үшін алдымен 6 мың жылдық тарихы бар домбыраға көңіл бөлінуі тегін болмаса керек.

Енді шілденің бірінші жексенбісі "Ұлттық домбыра күні" болып бекітілді. Үкіметіміз осы Жарлықты іске асыру бойынша жұмыстар жасайтын болады. Ол жұмыстардың орындалу барысын ҚР Президенттік әкімшілігі қадағаламақ.

Бұл біреулерге қысқа ғана жарлық болып көрінуі мүмкін. Сонда да Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қол қойған бұл құжат бүкіл қазақты рухани тұрғыда бір серпілтеріне күмән жоқ.

Қадыр ақынның "Нағыз қазақ - қазақ емес, нағыз қазақ - домбыра" дейтінінің жаны бар.

Біздің домбырамыздың түп-тарихы 6 мың жылдықтардың ар жағынан басталады.

Тарихқа көз жүгіртер болсақ, Алматы облысы, Жамбыл ауданындағы Майтөбе жайлауыннан табылған тастағы билеп жүрген төрт адам мен домбыра суретінің осыдан 6 мың жыл бұрын қашалып жасалғанын зерттеушілер дәлелдеген болатын.

Енді осындай мың-сан дерегімізді алдымен қазаққа, сосын әлемге мойындатар кез туды.

Айтпақшы сол тастағы суретті 1986 жылы профессор С. Ақатаев этнограф Жағда Бабалықұлының көмегімен тапқан болатын.

Ол тас 1993 жылы мұражайдан жоғалып кеткен. 2008 жылы Abai.kz ақпараттық порталы "Домбыра - қазақтың бренді болуы керек" деген бастама көтеріп, ғылыми конференция өткізген еді. Сол конференцияның соңынан журналистер зерттеу жасап, тарихи құндылық саналатын аталмыш тасты сол кездегі "Ана тілі" газетінің журналисі Қанат Әбілқайыр (қазір біздің Abai.kz порталында шеф-редактор) екінші рет тауып, мұражайға қойғызды.

Осы қуанышты сәтте Жағда Бабалықұлы кемсеңдеп жылап, домбыраның күні туып келе жатқанын айтқан еді . Сол сөз, міне, расқа айналды!

Өзі де қолынан домбырасын тастамайтын Елбасымыз - мемлекетімізде қазақ руханиятының салтанат құруына мүмкіндік туғызды.

Бұл Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы  «Жаһандық өмірдегі заманауи Қазақстан мәдениеті» мәселесіне шынайы  көңіл бөліне бастағанының белгісі десек те болады.

Қолдап әкетер, халық аман болғай!

Нұрзат Тоғжан

Abai.kz 

29 пікір