Бейсенбі, 20 Қыркүйек 2018
Абай-ақпарат 1958 12 пікір 14 Қыркүйек, 2018 сағат 12:16

Қалбан Ынтыханұлы деген жазушының көздегені қазақты бөлу ме, әлде...

Қазақ халқының ғасырлар бойы руға, жүзге, жерге бөлінгені аздай тәуелсіздік алғалы «оралман қазақ», «жерлік қазақ» деген жаңа жік пайда болды. Қазақ бірлігіне қауіп төндіретін осы жікшілдік адамдардың ұлттық сана-сезімі оянуына орай жойыла бастаған еді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарымен салыстырғанда соңғы жылдары барша қазақтың өзара бауырмалдық, бауырлық сезімі артқан. Енді бұрынғыдай қазақ даласында бастары қосылған қандастар бір-біріне жау көзбен қарауды қойған да еді.

Алайда, қазақтың осы бірлігін қаламайтындар аз емес екен арамызда. Әдейі ортаға от салып, тыныш отырған туысты егестіретін тағы өзіміз болдық. Онсыз да аз қазақтың оралман-жерлік болып бөлінгені аздай, сол шетелден келген қазақтың өзін ішінен ірітіп, топ-топқа бөлетіндер пайда болыпты. Анықырық айтқанда, жақында баспасөзде «қытайшыл оралмандар», «ұлтшыл оралмандар» деген жаңа атаудың тұсауы кесілді.

Қалбан Ынтыханұлы есімді жазушы, аудармашы ағамыздың Қытайдың «хуачиау» деген терминін түсіндіру мақсатында жазылған мақаласы түрлі интернет сайттарда «Қазақтар мен хуачияулар: Қытайдан келген қандастар екіге жарылды», «Қытайдан келген қандастар, сіздерге не көрінді» деген секілді тақырыптармен жарияланды. Ақпарат құралдарында мұндай теріс түсініктің қалыптасуына автордың аталған сөзді түсіндіру барысында кейбір қателіктер жіберуі себеп болған.

Қалбан Ынтыханұлы мақаланы өзі айтқандай «өз жанынан ештеңе қоспай, қытайлардың өздері түсіндіріп бергені бойнша» жаза бермей, сөз арасында, «Дәл қазіргі таңда Қытайдан келген қазақтар екіге жарылып, бірі: «Біз хуачиаумыз, мемлекеттер арасындағы қарым-қатынастарды жақсартушылармыз»,-деп Қытай мәдениетін дәріптеп жүргендерін алға тартса, енді бірі: «Біз қазақпыз, Қазақстанға мәңгі қазақ болу үшін келдік», - деп қазақтың қамын жеп, қазақ қуанса қуанып, қазақ қамықса қамығып, жарғақ құлағы жастыққа тимей зыр жүгіріп жүрген жайы бар», - деп өз ойын қосады. Өздеріңіз көріп отырғандай осы бір сөйлемнің өзі Қытайдан келген қандастарды екі жікке бөуге жеткілікті болып тұр. Бөлгенде де Қытайдан келген қазақтардың тең жартысы Қазақстанға ұлты үшін емес, Қытайдың мәдениетін дәріптеу үшін келді деген түсінік қалыптастырып отыр.

Кәсіби аудармашы, қаламгер Қалбан ағамыздың аталған сөзді аударып түсіндіргені жөн-ақ. Алайда, осыны мақсат ете отырып аяқ астынан бағытынан жаңылып, ала қойды бөле қырыққандай айналдырған бес қазақтың тең жартысын Қытайдың қолшоқпары ретінде көрсеткенін көрегенділік дей алмас едік. Осы жерде сөз болып отырған «хуачиау» сөзі Қазақстан халқы түсінбесе болмайтындай маңызды мәселе емес екенін айтқымыз келеді. Себебі, бұл атау шетелдерде тұрақты тұратын, Қытай азаматтығынан шықпаған таза қытайларға қаратылған.

Анығы, бұл сөздің қазақтармен еш қатысы жоқ. Тіпті, хуачиау болсақ деп жүрген қазақ та жоқ. Демек, мақалада «Қытайдан келген қазақтың тең жартысы өздерін хуачиау санайды, олар екі елдің қарым-қатынасын жақсарту үшін жүр» деп дүниені тарының қауызына сиғызудың қажеті жоқ еді. Қазақ еліне көшіп келген қазақтар өздерін ешқашан хуачиаумыз деп (анығы қытаймын деп) санамайды. Бірен-саран сондай пиғылдағылар бар деген күннің өзінде оны «Қытайдан келген қазақтар екіге жарылды, жартысы қытайшыл» деп дабырайту ұят. Қаттырақ айтқанда, ағайынның арасна от жаққаны үшін бабалар алдында күнәлі, ұрпақтар алдында кінәлі болады.

Мақалада жазылуынша, жақында Қытайда өтен хуачиаулар құрылтайына 109 мемлекеттен 543 делегат қатысыпты. Ал оған Қазақстаннан үш адам шақырылыпты. Біреуі – қазақстандық дұнған диаспорасы, екеуі – қазақстандық қазақтар екен. Міне, мақала авторының қытайдың өздері толық білмейтін иероглифтерін түгендей отырып аталған сөзді түсіндіріп, Қытайдан келген қазақтың тең жартысы қытайшыл деп жар салуына себеп болып отырған осы құрылтайға қатысқан екі қазақ көрінеді. Ал мақалада бұл екі адамның аты аталмаған, құрылтайға шынымен екі қазақ қатысты ма, қатысса қандай мақсатпен қатысты ол жағы да белгісіз. Жарайды, шынымен екі қазақ қытайдың құрылтайына қатысты дейік, мейлі олар өздерін хуачиаумыз деп «туыстарын» іздеген дейік, сонда да бұл «Қытайдан келген қазақ екіге жарылды, оның жартысы қытайшылдар» деп айтуға негіз бола ала ма?!

Қытайдан келген қазақтар қытайдың мәдениетін дәріптеп, екі елдің қарым-қатынасын жақсартуға қызмет етіп жүр деген де басы артық сөз. Қытайға онсыз да Қазақстанның құшағы ашық. Халық қанша қарсы болса да қазақ билігінің Қытайды құдасындай сыйлайтыны жасырын емес. Басқасын айтпағанда Алматы төрінде  Қытай мектебінің ашылуына қолдау білдіріп, қытайлардың Қазақстанда алаңсыз өмір сүруіне жағдай жасап отырған билік, айдаһар көршімен байланысын жақсарту үшін оралман қазақтардан ақыл сұрай қоймайтыны анық.

Біз сөз етіп отырған мақала онсыз да түрлі қиыншылықтардан қажып, бір-бірін атарға оқ таппай жүрген қаймана қазақтың берекесін бұзары сөзсіз. Әр жерден көрген аз ақпаратқа сене салатын аңғал ағайын мына мақаланы оқыса «Қытайдан келген қазақтар шпион екен» деп шулайтыны шындық. Ширек ғасырлық аралас-құраластықтың арқасында беки бастаған берекенің балқаймағын осындай ойламсыз мақалалар бұзуы мүмкін. Дәл осы мақала жариялана сала, әлеуметтік желі қолданушылары біз айтып отырған пікірлерді жаза бастағанын айта кетейік. Бұл жағдай ұлтымыздың берекесіне ғана емес, онсызда тұралап тұрған қандастардың көші-қон мәселесіне де кері әсерін тигізуі мүмкін.

Қуаныш Қаппас

Abai.kz

12 пікір