Сейсенбі, 17 Қыркүйек 2019
Дат 12817 47 пікір 22 Тамыз, 2019 сағат 11:44

Елбасына жалған ақпарат берген кім?

Қазақстан Республикасы Президенті
Әкімшілігінің басшысы
Қ.Е. Көшербаевқа

Құрметті Қырымбек Елеуұлы!

Елбасының 21 тамызда өткен "Нұр Отан" партиясының саяси кеңесінің кеңейтілген мәжілісінде айтқан «1 миллион [шетел қазағын] шақырдық. Бұлай бірде-бір ел жасамады. Оларға балаларың үйленсін, өссін десек, [оралмандар] маған бер деп ақша сұрайды...» деген сөзі (ақпарат «Азаттық» радиосының сайтынан алынды) әлеуметтік желілерде жұрттың пікір-таласын тудырды. Сөз иесіне ащы-ащы сындар да айтылып жатыр.

Әрине, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев дәйексіз сөйлемейді. Қолына түскен мәліметтерге сүйене отырып, пікір білдіреді, соңынан нұсқау береді.

Мәселе – «[оралмандар] маған бер деп ақша сұрайды...» деген сол ақпаратты Партия Төрағасына кімнің қандай негізге сүйене отырып бергендігінде болып отыр. Жұртқа түсінікті болу үшін алдымен осы жағын анықтап алуымыз керек.

Оралман – тарихи отанында тұрақты тұру мақсатында Қазақстан Республикасына келген және осы Заңда белгіленген тәртіппен тиісті мәртебе алған, Қазақстан Республикасы егемендік алған кезде оның шегінен тыс жерде тұрақты тұрған этникалық қазақ және оның Қазақстан Республикасы егемендік алғаннан кейін оның шегінен тыс жерде туылған және тұрақты тұрған ұлты қазақ балалары.

Қолданыстағы «Халықтың көші-қоны туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 22 шілдедегі №477-IV Заңына сай, жергілікті атқарушы органдар Қазақстан Республикасына оралмандарды қабылдаудың өңірлік квотасынан тыс қоныс аударған оралмандарға және олардың отбасы мүшелеріне тұрақты тұрғылықты жеріне жол жүру және мүлкін тасымалдау шығындарын өтеуді қамтитын біржолғы жәрдемақылар белгілеуі мүмкін. Жәрдемақыларды төлеудің тәртібі мен шарттарын облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың әкімдіктері халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті орган бекітетін үлгілік қағидалар негізінде бекітеді.

Қазіргі таңда бұл көмек Қазақстанның барлық өңіріне келіп жатқан оралмандарға жасалып жатқан жоқ. Тек, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 18 ақпандағы №83 қаулысымен Оралмандарды қоныстандыру үшін арнайы бекітілген өңірлерге көшіп келген ағайындарға ғана беріледі.

Ал, алыс-жақын шетелдерден көшіп келіп, Қазақстан Республикасының азаматтығын алған қандастарымыздың жөні бөлек. Олар «оралман» болып саналмайды. Себебі, «Оралман» мәртебесi Қазақстан Республикасының азаматтығын алғаннан кейiн тоқтатылады.

Мұндай азаматтарды ескі атауымен «Оралман» деп бөлмей, Қазақстан Республикасының азаматы ретінде қарауымыз керек!

Бекер обалы не, қандастарымыз бұл күнде жоғарда айтылғандай  «Халықтың көші-қоны туралы» заңында көрсетілген бұл ақпараттан түгелге жуық хабардар. Сондай-ақ, олардың өз күшіне сүйеніп өмір сүруге дағдыланып оралғанын, өзін өзі жұмыспен қамтуға шебер екенін жергілікті халық үлгі етіп айтады.

Көші-қон саясатының басы-қасында келе жатқан азамат және «Нұр Отан» партиясының халықпен тығыз араласып жұмыс істеп жүрген қызметкері ретінде ашық айта алам, соңғы жылдары «Оралман» мәртебесін алған қандастарымыздың  партияға әлеуметтік көмек сұрап келуі азайған. Тіпті, жоқ деп айтуға болады. Біз де өз тарапымыздан бұл тақырыпта күн құрғатпай жазып, жұртқа тіліміз тесілгенше айтып келеміз.

Олар көбіне құжаттану мәселесімен көбірек келеді. Соңғы уақытта Қытайдан келген қандастарымыздың «Оралман» мәртебесінің мерзімі өтіп кетуіне байланысты біраз шудың болғаны рас. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев президенттік өкілеттігін тоқтатуға небары төрт-бес-күн қалғанда арнайы Жарлық шығарып, «Оралман» мәртебесінің мерзімін 2019 жылдың 31 желтоқсанына дейін бір мәрте ұзартып беру туралы шешім қабылдады. Сөйтіп, бұл мәселені Өзі шешіп беріп кетті...

Құрметті Қырымбек Елеуұлы!

Көші-қон – Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ЕЛ тәуелсіздігін жарялаудан бұрын жолға қойған ТҰҢҒЫШ һәм ҰЛЫ саясаты!

Нұрсұлтан Әбішұлының кемеңгер тұлға, көреген басшы екенін төрткүл дүниеге бірден танытқан да – осы алыста жүрген ағайынды Атажұртқа шақыру туралы шығарған БАТЫЛ әрі ТАРИХИ шешімі!

Біз – шеттен оралған қазақтар Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың осынау қамқорлығы үшін дән ризамыз және Ол кісіге мәңгі қарызармыз!

Айтпақшы, 2010 жылғы «Қызылағаш оқиғасы» кезінде облыс әкімінің осы ауылға шетелден көшіп келіп қоныстанған ағайынды «оқшаулап» қойып, Елбасына «Сендердің бұл елге еңбектерің сіңген жоқ!» дегізгені есімізде.

2011 жылғы жаз бойы жалғасқан «Жаңаөзен ереуілін» Тимур Құлыбаевтың оралмандар ұйымдастырды деп жариялағанын жұрт әлі ұмыта қойған жоқ.

Сөйтіп, осы қаралаушылардың кесірінен «Халықтың көші-қоны туралы» заңы 2013 жылы желтоқсанда қандастарымызға төрт жылсыз азаматтық берілмейтін етіліп, қатаңдатылып қабылданып тынған болатын.

Демек, Елбасы Қазақ көшін қаншама арандатушылардың тар жол-тайғақ кешуінен аман алып өтіп, Ұлы Дала Еліне екі миллинға жуық қандасын  жеткізді...

Қысқасы, бұл жерде Елбасының кінәсі жоқ. Ақпарат беруші немесе Елбасының көші-қон саясатына қарсы біреулер тағы да арандатып жіберген болуы мүмкін!

Сізден аталған мәселеге байланысты тексеру жүргізіп, Елбасына «оралмандар маған бер деп ақша сұрайды...» деп ақпарат берген кім екенін және бұл ақпаратты Елбасына қандай негізге сүйеніп айтқанын анықтауды сұраймын.

Ізгі ниетпен,

Ауыт Мұқибек

Abai.kz

47 пікір