Бейсенбі, 13 Желтоқсан 2018
Абай-ақпарат 1649 0 пікір 5 Тамыз, 2013 сағат 06:09

Жемісбек Дулатбекұлы. Ел қаймағын бұзбаған

1. сурет:«Қазандық» бөлмесіндегі тізім

2-3. сурет: Мәрмәр тас стелладағы тізім

(Қаптағайда Бөрібай, кенже-матай Тоқпанбет)

 

  ХVІІІ ғасырдағы матай елінің ұраны - Бөрібай, таңбасы – бөрі, қылыш. Жоңғар жаугершілігінде Бөрібай батыр қаша көшкен елді бастап Алтайдан Алатауға, Жетісудан Сырға, одан Арқа, Атбасар, Сарысу бойына көшіріпті. Сарысу бойында қалмақ қолын бөгеп, батыс жаққа өткіздірмепті. «Ел қаймағын бұзбаған Қаптағайда Бөрібай, Қожаберген «Елім-ай» тұңған дерек беріп-ай» демекші, Толыбайұлы Қожаберген жыраудың «Елім-ай» жырында:

               «Қазақтар қаша көшіп, ұрыс салды,

               Бетпақта (Бетпақдала) адастырды қалмақтарды.

               Еділ-Жайық, Арқаға қазақ ауып,

               Шу, Талас, Сыр, Қаратау жауда қалды.

                Бостырып жалайыр мен наймандарды,

1. сурет:«Қазандық» бөлмесіндегі тізім

2-3. сурет: Мәрмәр тас стелладағы тізім

(Қаптағайда Бөрібай, кенже-матай Тоқпанбет)

 

  ХVІІІ ғасырдағы матай елінің ұраны - Бөрібай, таңбасы – бөрі, қылыш. Жоңғар жаугершілігінде Бөрібай батыр қаша көшкен елді бастап Алтайдан Алатауға, Жетісудан Сырға, одан Арқа, Атбасар, Сарысу бойына көшіріпті. Сарысу бойында қалмақ қолын бөгеп, батыс жаққа өткіздірмепті. «Ел қаймағын бұзбаған Қаптағайда Бөрібай, Қожаберген «Елім-ай» тұңған дерек беріп-ай» демекші, Толыбайұлы Қожаберген жыраудың «Елім-ай» жырында:

               «Қазақтар қаша көшіп, ұрыс салды,

               Бетпақта (Бетпақдала) адастырды қалмақтарды.

               Еділ-Жайық, Арқаға қазақ ауып,

               Шу, Талас, Сыр, Қаратау жауда қалды.

                Бостырып жалайыр мен наймандарды,

               Алтай мен Алатауды қалмақ алды.

               Жалайыр, найман, қоңырат Бөрібайға еріп,

               Сарысу бойына кеп қоныстанды», - делінеді. Бұдан ұғарымыз «ісі бар мың жігітке жеке татыр» дегендей,  «ақтабан шұбырынды, алқа көл сұламада» Бөрібай батыр жалайыр, найман (матай, садыр, төртуыл), қоңырат елдерін жоңғар жойқынынан амалдап, қырғынға ұшыратпай, аман алып қалғандығы. Арттарынан қуған қалмақты Бетпақдалада адастырып кеткендігі. Істеген ісі ғаламат. Қонысты Сарысуға апарып орналастырғандығы. Ауып, қаша босқан елдің көшін ерекше ұйымдастырып, береке-бірлік жасатқан озық екендігі.

           «Қалмақтар Жетісуды көктей өтіп,

           Қаратау баурайына келді жетіп.

           Жан алып, жан беріскен көп ұрыста,

           Бөрібай ер түспеді аттан селтіп», - деп баяндайтын суреттеме жыр да болған екен. Қайраны толық нұсқада жетпегені.

 Бөрібай батыр басқарған ел Қаратауда бас қолбасы Қожаберген Толыбайұлы мен қанжығалы Бөгенбай батыр қосынына, қазақтың жайсаң-жақсыларымен қосылады. Бөрібай батыр қазақ жерін жау қолынан азат ету ісіне бел шеше кірісіп, елді жаудан қорғауды да қолға алады. Қазақ қолдарымен бірлесіп Бөрібай батыр 1724 жылы Түркістанды жау қолынан азат етуге қатысады. 1725 жылы қазақ қолдарымен жауға бірігіп аттана шабу әрекеттеріне іс-қимыл әрекет, айла-тәсіл, ақыл-күшін аянбайды. Отырар, Сайрам, Түркістан аймағын жау қолынан азат етуде ерен ерліктерімен танылады. Қаратаудағы Теректі алқабында, Боралдайдың саласында, Садыр-Қамалбұлақ деген шағын өзенде қалмақтардың қалың қолын қазақтың біріккен қолымен талқандайды. Жаудың қашқандарын Үлкентұз тауына қуып тығып жояды. 1726 жылғы Ордабасындағы алқалы жиында жауды жеңу үшін күш біріктірудің қажеттілігін түсініп, өзіне қарасты елге, сарбаздар түйсіміне ұқтырады. 1728 жылғы Ұлытау етегіндегі Қарасиыр Бұланты немесе Білеуті өзендері аралығындағы шайқаста мұздай қаруланған жауды жеңуге талай ержүректердің басын қосып, ел мен жерді қорғау ортақ іс екенін ұқтырып, «сен тұр, мен атайын» деген озықтарды жұмылдыра білген сайыпқыран. 1730 жылғы тамыз айының аяғында өткен Іле өзенінің Аңырақай ағысы тұсындағы шайқасқа Бөрібай батыр қосағымен атқа қонып, «етектен тартып бөрідей анталаған» жауды найзасының ұшына мінгізген батыл. 1732 жылы жеті мың қолдан тұратын жоңғар әскері Орта жүзге шабуыл жасайды. «Қысқа күнде қырық шапқан» қалмаққа зор тойтарыс беріледі. Бөрібай батыр бел шешпей, Ер Тоқпанбет екеуі бұл шайқастан сырттап қалмайды.

 Қасық қаны қалғанынша жоңғарлармен аянбай күрескен батыр бабалар туралы нақты, шынайы зерттеулердің әлі күнге дейін жүзеге асырылмай келе жатқанынан болар, шежірелер мен құймақұлақ дана аталардың айтуларына, олардың артына қалдырған қолжазбаларына тірек артып, «естіген құлақта жазық жоқ» деп Мәшһүр Жүсіп Көпеев айтпақшы, халық ауыз әдебиетіне сүйенетіміз де сол.

 Жоңғарлар 1739 жылы 10 мың қолмен және 1742 жылы 20 мың қолмен Орта жүз жерін қайта ойрандайды. Зеңбіректен оқ атып қазақ қолын талқандайды. Соған қарамастан жоңғарға тойтарыс беріледі. Осы тойтарыс соғыстарда Бөрібай батыр ерен ерлік, ұйымдастыру қабылетімен еректенеді. Елді Бетпақтың даласына жасырып аман алып қалады. 1745 жылы жоңғарлар үлкен қолмен орта жүзді тағы шабады.  Бірақ, бұл жолы зеңбіректері болмайды. Осы соғыста беделді қазақ батырлары мен билеушілері жекпе-жек ұрысты талап етіп, ұрыс майданына шығады. Бөрібай батырдың жоңғарлық қолбасы Қапалды жеңуі осы соғыста болып, содан Абылай ханның бұйыруымен есімі ұранға айналған десе болады. Өйткені, кенже-матай Ер Тоқпанбет жекпе-жек ұрысында майданға қатарынан үш мәрте шығып, қарсылас жоңғар батырларын жеңіп, Абылай ханның «өсімтал бол» деген батасын алып, бас қолбасы Бөгенбай батыр бір түмен жасақты басқаруға тағайындағаны осы соғыста болған. Ер Тоқпанбет (Қолағаш) есімі матай-кенже елінің ұранына айналған. Ер Тоқпанбет жекпе-жек майданына матай елі атынан Бөрібай батырдан кейін екінші болып ұрысқа шыққандығы айқындалған жәйіт.

 Жоңғарлар мен қазақтар арасындағы екі жақты батырлардың жекпе-жек ұрысында Абылай хан мен бас қолбасы Бөгенбай батыр қазақ батырларына ақылдарымен бастұтқалық жасап, рет кезегімен әр елдің батырларын майданға шығарып, рухты дем, нұсқаулар беріп отырыпты. Жеңгендерінің  жеңісін бағалап, жеңілгендерінің орнына келесі майданға шығатын батырға кек алуды көксете жігерлендіріпті. Жекпе-жек майданы кейде көп күндік ұрысқа созылатыны белгілі. Бірақ, жоңғар-қалмақтар ондайды жаратып, қаламағаны тарихтан аян.

 - Матай елі атынан майданға кім шығады? – дегенде, жоңғарлық қолбасы Қапалдың намысқа тиер сөзі мен қылығына назаланып, басқа батырларға жолын бермей, ең алғашқы болып матай елі атынан қолбасы Бөрібай батырдың өзі жекпе-жек майданына шығып, жеңіске жетіп, мерт қылған Қапалдың ер-тұрман атын жетектеп, есен оралады. Абылай хан Бөрібай батырдың ерлік жеңісін жоғары бағалап, хандық жарлығымен бұйыра: «Есімің Матай елінің ұраны болсын!» - депті. Дес бермес, қайсар ерлігі үшін Бөрібай батыр есімі Абылай ханның ұйғаруымен найман-матай елінің ұранына айналған. Бәйгеден аты озған бала «Бөрібайлап» келген. Жауға шапқан ұлан «Бөрібайлап» шапқан. Кеңес өкіметінің оспадар озбыр ұстанымына қарсы 1930 жылы Ақсу өлкесінде матай елінің «Бөрібай» атаулы көтерілісі болған. Көтерілістің ұраны «Бөрібай» болғандықтан ел жаппай, шашау қалмай, тайлы-таяғымен  көтеріліске шыққан. Шежіре жинап-терген шежіреші Еспенбетов Намазбек атаға Бөрібек Телібайұлының жаздырған:

                   «Домалақ оқ қазақты қырар болған,

                    Қожаберген «Елім-ай» жыр, ән болған.

                    Жекпе-жек ұрысында жеңіп шыққан,

                    Бөрібай үш Матайға ұран болған», - дегені де Бөрібай батырдың есімі ұран болғанын айғақтап тұр. Шумақта келтірілген «домалақ оқ» деген тіркеу сөзді көпке дейін түсінбей келген едім. Сөйтсем, зеңбіректің оғы екен. Тегі Бөрібай батыр есімі үш Матай елінің ұраны болуына себепкер тек жекпе-жек майданында жауын жеңген өрлігі емес, жоңғар жойқынына қарсы игі ерлігінің өресін Абылай хан бағалаған десек, нақты болады. «Ағынды менің Ақсуым» тарихи деректер, құжаттар, естеліктер кітабында: «Жекпе-жекте жеңіліп көрмеген қалмақтың ең бір қанды қол батыры Қапалды шығарады. Сол уақыт тәртібі бойынша қолбасыға қарсы қолбасы шығуы жол болған. Отызға таянған Қапал өзінен егделеу көрінген Бөрібайды жеңемін деп есептесе керек. Бірақ, бәрі керісінше болды», - деп деректеледі.  Шежіре білгір Рахым Нұрахметов, Бірқұрман Садақбаев деген даналардың айтуында: «Бөрібай соғыс тактикасы мен стратегиясын жете меңгерген шебер қолбасы болған», - делінеді. Бөрібай батырдың ерліктері жайлы кезінде Сегізсері, Дәстем сал, Жанкісі жырау дастандар шығарыпты. Іздеу сап, мұрағаттар қойнауынан тапса, нұр болар еді. Қытайдағы қызай елі ішінде «Бөрібай батыр» туралы жыр барын Мәткәрім Нүсіпбай, Дәулетхан Қоңырбай растайды. «Мамания» кітабында: «Қаптағайдың (Келменбеттің) ұрпағы Бөрібай батыр 1723-1740 жылдары матай елін билеп басқарған», - деп жазылады. Қазақстанның халық ақыны Қуат Терібаев:

                         «Қаракерей Қабанбай, ер Бөрібай,

                          Ежелден ел намысын бермегенің,

                          Ел үшін жанын қиған қаныменен», - деп толғапты. Бұрынырақ өмірден өткен құймақұлақ, зере ақсақалдар:

                              «Қаракерей Қабанбай,

                              Қанжығалы Бөгенбай.

                                Қаптағайда Бөрібай,

                              Ер Тоқпанбет-Қолағаш,

                              Тентек матай Қалыбай», - деп аруақтарына сыйнып, құрандарын бағыштап отыратын еді. «Алтын ұям – Ақсуым» кітабының «Жердің аты – тарихтың хаты» айдарымен берілген тарауда: «Тарас жерінің атауы Бөрібай батырдың жоңғармен қантөгіссіз пәтуаға келіп, екі жақтың соғыссыз тарасқанынан аталған», - деп жазылыпты.

 Бөрібай батыр 1699 жылы туып, 1756 жылы ауыр жарақаттан Сарысу өзені бойындағы шайқаста қаза болыпты. Жазушы Қабдеш Жұмаділов «Дарабоз» романында: «Бөрібай батырдың бір өзі оншақты қалмақтың қоршауында қалып, ерлікпен мерт болды», - деген дерек келтіреді. Есқожаұлы Төребай ақын: «Қалмақтармен соғыста қаза тапқан,

            Осал деп біз айтпаймыз Бөрібайды.

            Аруақты ер Бөрібай найзаға ұшып,

             Қайғырып матай, садыр зар еңіреген.

             Басшысыз Сарысуда қалған кезде,

             Жұртыңды біздің батыр бастап келген.

             Есімі сол батырдың Ғайып екен...

             Сол батыр Бөрібайға сүйеу екен,

             Қарындасын алған соң күйеу екен», - деп деректейді. Яғни Бөрібай батыр найза тиген жарақаттан қаза болғандығын айтады. Ғайып батыр қырық туысынан айырылып шеттеп жүрген, елі кіші жүз, алшын болады. Әйелі Бөрібай батырдың қарындасы, есімі Айғанша. Ғайып Бөрібай батырға туған күйеу бала болып келеді. Бөрібай мерт болғандықтан Ғайып батыр матай-қаптағай, садыр қолдарын басқарып кетіпті. Сарыарқа жеріндегі Сарысу өзенінің бойындағы «Таңбалы тас» деген жерге Бөрібай батырдың сүйегі 1856 жылы «аманат» қойылып, 1760 жылы матай елі батыр ата мәйітін Түркістанға апарып, Ахмет Ясауи мазарына, жақсы жайға жерлепті. М.Тұяқбаевтың «Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде жерленген қазақ хандары мен сұлтандары» мағлұматы бойынша кесенеде жерленген батырлар тізімінде Бөрібай батыр № 89 болып көрсетіліп, 1699 жылы туған делінеді. Телібаев Бөрібек, Досбаев Жанатбек, Елубаев Жанатбек, Еспенбетов Намазбек, Түйтебаев Тұрлыбек аталар: «Бөрібай батыр 57 жасында өмірден өтті», - деп айтып, ерліктерін әңгімелеп отырушы еді. «Егемен Қазақстан» газеті, 1993 жыл, 29 наурыз, Қазақстан сәулетшілер одағының мүшесі Манат Бейсенбаев: «Бөрібайдың кесенесі «Телікөл» маңында, Қызылорда-Жезқазған жолынан 40 шақырым бұрылыста, дөңес жерде орныққан. Бөрібай кесенесі маңдайшасындағы жазуды өз көзімізбен көріп едік, қазір ол белгі жоқ. Зират сыртынан төрт бұрышты, ішіне кірсең сегіз бұрышты», - деп жазғаны бар. Нақтыласақ, Бөрібай батырдың сүйегі «аманат (уақытша)» бес жыл қойылып, сақталған зират орны осы болған. Бөрібай батырдың ол кесенесі туралы деректе: «Бөрібай батыр кесенесі – ХVІІІ ғасырдан сақталған сәулет өнер ескерткіші. Бөрібай кесенесі 6 х 19 х 33 см шикі кірпіштен тұрғызылған порталды құрылыс», - делінеді. Мұхамеджан Тынышбаев: «Кесене Бөрібай батырға арнап салынған. Оның негізі 6,40 х 6,68 метр шарғыға жуық. Ішкі жағы сегіз қырлы. Әр қырында бөлек-бөлек итарқалы қуыс бар. Бойлық және көлденең белдеулеріндегі қуыстар тік бұрышты. Биіктігі 1,15 метр. Күмбез барабанға өтер тұста бірінен-бірін оздыра қаланған қос қатар сөре барабанға негіз болған. Ғимарат қалдықтарына қарағанда кесене төбесі күмбезбен көмкерілмеген. Кіретін есік оңтүстік қабырғадағы қуыстан шығарылған. Оған тіркестіре жебенің ұшы сияқты үшкірлеп жабылған, ұзындығы 1,75 метр дәліз салынған. Құрылыс сыланбаған. Солтүстік қабырғадағы бөлмеде жартылай көміліп қалған сағана сақталған», - деп деректейді. Сонда Бөрібай кесенесін алғашқы зерттегеннің бірі Мұхамеджан Тынышбаев болған. Бөрібай кесенесін Алматы сәулет және құрылыс институтының экспедициясы, жетекшісі Е.Бәйтенов, 1988 жылы мұқият зерттегені тағы бар.  

 Матай елі әр түскен олжадан ұранға есімі шыққан Бөрібай батыр аруағының құрметіне «Бөрібай сыбағасы» деп еректеп, беріге дейін бөліп отырғандары үш Матай еліне әйгілі болатын. «Қара қылды қақ жарған» кітабында Өтепберген Ақыпбекұлы: «Бөрібай сыбағасы жеке бөлінетінін жастай көріп өскен Қыдыралы би: «Оу, ағалар! Бөрібай сыбағасын маған беріңдер?» - деп қолқалапты. «Тобықтай болып сыбаға сұрайтындай, мынау кім» дегендерге, Қыдыралы би: «Тобықтайдың да тайлық кұны бар,

                      Тайдың да тұлпарлық сыны бар.

                      «Дұлдұл тастың» тегіндей,

                      Теңбіл көк тарпаң тай екен,

                      Тақымыма сай екен.

                      Қалауым осы халайық!» - деп теңбіл көк тайдың жалына қол салып, қарғып мініп алып: «Ат жалын мен де тартайын,

                      Сауранға сауын айтайын.

                      «Таңбалы тасқа» тәу етіп,

                      Сарысу барып қайтайын,

                      «Ақсүйек» болмас ермегім,

                      Жақ сүйекке салмақ артайын!» - деп шаба жөнеліпті. Мұнда айтылған «Дұлдұл тас» Найманның әкесі Ер Қаптағайдың Әзіреті Әлімен жолыққан жері, қазіргі Сарқан ауданы жайлауында орналасқан. Теңбіл көк тайды Әзіреті Әлінің айшылық жерді екі-ақ аттайтын Теңбілкөк атына ұқсатады. «Сауранға сауын айтайын» деуі, матай Қаптағай (Келменбет) атаның сүйегі Сауранға жерленіпті. «Таңбалы тас» Сарысу өзенінің бойында, онда Қыдыралының әкесі Бөрібай жерленіп, «аманат» сақталғаны белгілі. «Ақ сүйек», «жақ сүйек» деп айтқаны, «ерте есейдім, елге билік айтуға жарадым» дегендігі болыпты. Қыдыралы алдынан һәм билігі бұзылмаған, «мен шешенмін» дегеннің тілін буған, ақылы жұрттан асқан би болған. Ол күнде Қыдыралыдан асқан кісі болмай, әкесі Бөрібайдың жолын қуыпты. Қыдыралының баласы Дос та би болып, үш ну найманды билепті.

 Ақын Сарамен айтысында Төребай ақын: «Мақтасаң Бөрібайдай ерді ардақта», - деп Бөрібай батырды ерек санайды. Бөрібай батырдың жеке басының қасиеттеріне тоқталсақ, бұрынырақ өткен зерелі үлкендердің айтуынша: аз сөйлеп, көп тыңдайтын, мәселені екі-ақ ауыз сөзбен шешетін көшбасшы болған. Заманының көзі ашық, мысы басым алғыр, сараптар тақуа ел ағасы, арда болғаны айқын. Аждаһаның көмейі секілді өзіне көпті тартатын құдіреті де бар болыпты. Жауға шапса қасқайып қол бастап, артына ерлігімен сөз тастаған, жаудың шебін бұзған қаймықпас тұлға екендігі анық. Артынан жау, алдынан қиындық қысқанда елдіктің ерлігін көрсетіп жол тапқан, жоңғар-қалмақтан кек алуға дүйім жұртты ұмсындырған найза болат, пәруар пір қолбасы болғаны шындық. «Найман болсаң - Матай бол» дегендей, ормандай көп Орта жүзден шыққан белсенді тірек боп танылған. Ту байлап жауға шапқан. Ел мен жерді қорғап, өлімнен қорықпай басын байлаған, Бетпақтың ең бір шөлінен төтелеп жүріп жол салған, ел тұтастығын қорғаған нағыз көзел, жауының еңсесін түсіріп аласартқан, азаттықтың қаһарманы Бөрібай батырды ел болып есімін ардақтап құрметтеуге лайықты. 1928 жылы төменгі (құмдағы) матай және бес болыс садыр елі қарайтын Бөрібай батыр есімімен аталған Бөрібай ауданы құрылады. Оны Өлкелік Комиссия (ОГПУ) өктемдігі 1930 жылы таратып тынады.

 Бөрібайдың әкесі Сары би даладағы және еларалық қоғамдық істерге Әз Тәуке хан тұсында араласқан тарихи тұлға. «Үш ғасыр иінінде» атты мақаласында белгілі тарихшы Әбдікәрім Хасенов: «Матай Бөрібай батырдың әкесі Сары би 1688-1689 жылдары Қазақ елшілігін басқарып орысқа барғанында орыс өкімет орындары оларды ұстап қалады. Сары би үш-төрт жылдан соң оралады», - деп жазады. Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде жерленген тұлғалар атты айдарымен 2011 жылы шыққан «Тәуке хан» кітапшасында: «1683-1693 жылдар аралығында Тәуке хан Ресейге бес рет елшілік жіберген. Тәуке ханның елшілері: Сары, Көлдей, Тұманшы батыр, Қабай батыр (ноғас), Құлтыбай Аталықов дегендер. Олар осы кезеңде Ресей мен Қазақ хандығы арасындағы байланыстарды жүргізуде белсенділік танытқандар», - деп қанықты жазылған. Қолжазба шежіресінде Мұсабек Атағозин: «Бөрібай батырдың Алтын, бәйбішесі Бикен, оны ел «Бікен» деп атаған, «бікен елі» осы әйелден таралған ұрпақтар болады. Үшінші әйелінің есімі Жабай», - деп жазыпты. Бөрібай батырдың кіндігінен негізінде он сегіз ұл туыпты. «Ел ырысы Бөрібай, жер тынысы Бөрібай, он сегіз ұл кіндіктен маңдайына беру-ай» - деген ел ішінде нақылды сөз де қалыпты. Бұдан Бөрібай батыр - елдің ырысы, құт қамқоры, жер білгір тынысы болғандығы аңғарылады. Ұрпағы Айтұлы Жұмабек ата қолжазба шежіресінде: Қыдыралы, Құлшан, Есеналы, Елшен, Байембек, Қалибай, Сейітқұл, Бикен әйелінен алты ұл деп, он үш ұл тарағанын ғана жазыпты. «Ағынды менің Ақсуым» кітабында: «Бөрібайдың әйелі Бикен Қоңтәжінің қарындасы, нәсілі қалмақ», - делінеді. Қалмақтың сол тұстағы ханы Қалдан Церен (Бошақту) болғаны мәлім. Қазақтар оның есімін Қоңтәжі хан деп атапты. Жетісудағы Қаратал өзені бастау алатын Қора шатқалының төріндегі ең биік қарлы шоқы Қоңтәжі деп аталады. Аңыз бойынша Қоңтәжі хан осы шоқының маңында өмірден өткендіктен Қоңтәжі атымен аталған екен. Қоңтәжінің етегіндегі Қызыл деп аталатын жайлау Қапал өңіріне қарасты. Әз Тәуке ханның жұмсауымен Тайкелтір би бастаған, батыр Бөрібайдың әкесі Сары би қостаған қазақ елшілігі Түркістан маңынан Алатау жүйесі Қапал өңіріндегі Қызыл мен Қора жайлауын жайлап отырған Қоңтәжі ордасына 1685 жылы келгені тарихта бар. Осы елшілік білістіктің арқауы бара-бара Қоңтәжінің қарындасы Бикенді Бөрібай батырдың әкесі Сары баласына айттырып әперген. Басты салдары «Қоңтәжі қазақпен құдандалы болса, қазақты шаппай, тиымы болар» деген дәмелі үміт болған тәрізді. Дәуіт Қуатбековтың әкесі қалдырған шежіре деректе: «Бикеннен алты ұл тараған», - деп Жұмабек атаның шежіресіне сәйкес қуаттайды. Мұхамеджан Тынышбаев: «Матай Бөрібай батыр ұлдарымен 1740-1745 жылдары Сарысу бойында, Атбасар өңірінде жүрген», - деп деректейді. Бұл дерек нақты зерттеліп жазылған. Өйткені, сол кезеңде Ақмола атрабында саны 21 мың шаңырақ найман елі орнығыпты. Оның 17 мыңы шаңырағы қаракерейлер, үш мың шаңырағы матайлар, бір мың шаңырағы төртуылдар болыпты.

 Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Кемеңгер ғұламаның қабыры басына Әмір-Темір тұрғызған кесене ең қасиетті орын. Кесене маңына қазақ елінің айрықша пір тұтқан текті тұлғалары: хан, би, батыр, бегім, сопылар жерленген», - деп бағалауы тегіннен емес. Ендеше, текті тұлғалар матай-қаптағай Бөрібай батыр, матай-кенже Ер Тоқпанбет (Қолағаш) Тұңғатұлы Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесене-қорымынан жақсы жайдан орын алынып жерленгені қазіргі кезде ғылыми тұжырымдалған. Ғылыми дәлелденіп, Мәдениет және ақпарат министірлігі бекітіп жасалған «Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде жерленген қазақ халқының ел билеген хандары, билері мен батырлары игі жақсылары» деген тізімде екі батыр тұлғаның есімдері мен өмір сүрген жылдары алтын әріппен Ахмет Ясауи кесенесінің «Тайқазан» тұрған бөлме қабырғасында және Алматы аллеясындағы бас қақпаның қарама-қарсы тұсында мәрмәр тастан жасалған стеллада қашалып жазылған. Алтын әріппен жазылған Ахмет Ясауи кесенесіндегі «Тайқазан» тұрған бөлмедегі тізімде матай-қаптағай Сарыұлы Бөрібай батыр (1699-1756-60 ж.ж.) № 45, ал Ер Тоқпанбет (Қолағаш баба) Тұңғатұлы (1705-1801 ж.ж.) № 108 болып көрсетілген. Екі батырдың Түркістандағы Қожа Ахмет кесенесіне жерленуі – оларға деген құрмет. Ұрпаққа үлгі-өнеге болсын деген рухани тұрғыдағы байланыс. Халқын сүйіп, ел мен жеріне адал қызмет еткен, Отан үшін жанын берген Бөрібай батырдың өзі өлсе де, аруағы ардақталғандығының белгісі. «Қазақ Совет энциклопедиясы» 8 томының 262 бетінде: «Қалмақ басқыншыларына қарсы күресте аты белгілі Бөрібай батыр найманнан шыққан», - деп жазылыпты. Бөрібай батырдың шыққан тегі: Найман – Белгібай – Сүгірші – Толымбек - Сарымырза (Өкірек) – Құрманай – Ернияз – Қарнияз – Сүйініш (Шұбартай) - Төлегетай (Төлек ата) - Қытай би – Матай – Келменбет (Қаптағай) – Досан - Жолдас – Есенгелді – Жалаң – Асан – Сары – Бөрібай», - деп шежіре бойынша таратуды жөн деп білдім. Сары бидің әкесі Асан ақылы асқан батыр, халықты билеген ақылман, тентекті тезге салған, шынжыр балақ, шұбар төс болыпты. Сары би басына бақыт, дәулет бірдей қонған, жолы оңды, жақсы кісі атаныпты. Сарының ұлы Бөрібай сейіл құрып далада жүргенінде «тұяғы ұзын қысырақ» душар болып, қызыр қонған қасиетті, дәулетті, жаужүрек батыр болған екен.

  Мемлекеттік хатшы М.Тажин «нағыз ұлттық қадыр-қасиет тарихтан басталады» деп айтқандай, есімдері ел мен жерді қорғап, ардақталып ұранға шыққан, жақсы жайдан Ахмет Ясауи кесене-қорымына жерленген Бөрібай батыр мен Ер Тоқпанбет аталарға білікті таным мен ғылыми негізде оңды іс-шаралар ұйғарылса және елеулі ерлік істерін ұрпақ біліп, айтып, сыйынып жүрерлік қабылеттер жасалса деген көп тілеуін қабыл қылғай. Ерлерін танитын елің болғаны қандай ғанибет. Сана тазарған тәуелсіздік жолында екі ердің есімдері тасқа түскенімен зады әлі зерделеніп, дәріптелген жоқ. Көп болып жұмылсақ, бәрі де оңалады.

Қолданылған дерек көздері:

  1. Қаратай Биғожин. Қожаберген Толыбайұлы «Елім-ай» жыр. Интернет.
  2. «Бөгенбай батыр» кітапша. Түркістан. 2011 жыл.
  3. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі. Түркістан. 2011 жыл.
  4. Абылай хан. Буклет. Түркістан. 2011 жыл.
  5. «Тәуке хан» кітапша. Түркістан. 2011 жыл.
  6. «Алтын ұям – Ақсуым». І-том. Алматы. 2007 жыл.
  7. Мәшһүр Жүсіп Көпеев. Алматы. 1992 жыл.
  8. Мамания. Алматы. «Ата мұра». 1999 жыл.
  9. Ағында менің Ақсуым. Алматы. «Нұр». 2000 жыл.
  10.  Қуат Терібаев. Ағынды Ақсу. Алматы. «Жазушы». 1986 жыл.
  11.  «Абыз Ақсу, аңыз Ақсу, нағыз Ақсу». Алматы. «СК-принт» баспасы.
  12.  Жұмабек Айтұлы. Қолжазба шежіре. 1960 жыл.
  13.  Еспенбетов Намазбек. Қолжазба шежіре. 1962 жыл.
  14.  Өкітай Ахметов. М. Маралбаев. «Алшын Төребай». 2012 жыл.
  15.  «Қазақ әдебиеті», «Егемен Қазақстан» газеттері, 1993 жыл.
  16.  «Қазақстан тарихы» журналдары. 1993-94 жылдар.
  17.  М.Тұяқбаев. «Қожахмет Ясауи» кесенесі. 1991 жыл.
  18.  Қабдеш Жұмаділов. «Дарабоз» романы.
  19.  «Армысың Аңырақай» кітабы.
  20.  Қазақ Совет энциклопедиясы. 8 том.
  21.  Мұхаметжан Тынышбаев. Материалдары. 1925 жыл. Ташкент.
  22.  «Қолағаш». Жемісбек Дулатбекұлы. Талдықорған. 2013 жыл.
  23.  «Төлегетай, Матай, шежіресі Сақай». Жемісбек Дулатбекұлы. Талдықорған. 2012 жыл.
  24.  Дәуіт Қуатбеков. Қолжазба шежіре. 1984 жыл.
  25.  «Жиған-терген». Жемісбектің қолжазбасы.
  26.  Ғабит Мүсірепов. Ер Қаптағай. «Туған өлке» журнал. 2003 жыл.
  27.  Түркістан. «Нәзір ас». 2012 жыл. Видео фильм.
  28.  Өкітай Ахметов, Уәлихан Қабышев. Базарбай Маметов. Алматы. 2013 жыл.
  29.  «Бабалар сөзі». 100 томдық. Шежірелік жыр-аңыздар. 82 том. Астана. 2012 жыл.

Abai. kz

0 пікір