Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Талқы 6610 14 пікір 13 Қыркүйек, 2017 сағат 19:58

А. Перуашев: Жаңа алфавит қолдануға ыңғайлы, оқуға жеңіл болуы тиіс!

Кеше Мәжілісте латын графикасының бірыңғай стандартын енгізу туралы парламенттік тыңдау болды.

Міне, Парламенттегі жиында А.Байтұрсынов атындағы институт мамандары латын әліпбиінің жобасы қоғамда қызу талқыланып жатыр.

Осыдан кейін Ш.Шаяхметов атындағы республикалық тіл дамыту орталығы латын әліпбиіне қатысты ескертпелерді немесе ұсыныстарды қабылдайтынын мәлімдеді.

Иә, латын қәрпіне көшу мәселесі жүрдім-бардымның шаруасы емес. Барлық пікірлер мен ұсыныстар тыңдалып, пысықталып барып біріңғай норма қабылдануы керек.

Тыңдау барысында ұсынылған нұсқаны қолдаушылар аз болып шықты. Бұл тегінде қазақ әліпбиін латын графикасына көшіруге қарсылық дегенді білдірмесе керек. Қолдау – қос қолды көтеріп алып уралай беру емес, қолдау деген бізше болғанда, кем кетікті дер кезінде айту, көрсету.

Осы ретте Мәжіліс депутаты Азат Перуашев мырза «Abai.kz» ақпараттық порталына латын әліпбиі туралы өз пікірін айтқан еді.

Азат Перуашев, Мәжіліс депутаты:

-Алдымен қазақ тілінің латын қарпіне көшу жөніндегі комиссияның  атқарған жұмыстарына зор алғысымды білдіремін.

Латын қарпіне көшу жөніндегі шешімнің ұлттық мемлекетіміз бен қазақ ұлтының дамуында үлкен рөл атқаратындығына және дер кезінде қабылданғандығына сенемін. Енді кешігуге болмайды.

«Ақ жол» партиясы 2007 жылдан бері өзінің бағдарламалық құжаттарында, мәлімдемелерінде қазақ тілін латын қарпіне көшіруді жақтап бірнеше бастамалар көтерген болатын. Ол кезде бұл бәлкім ертерек болған шығар,ал, қазір оны кейінге қалдыруға болмайды. Кеше ерте болса, ертең кеш болады. Бұл біздің әлемдік өркениетке енуіміздің жаңа белесі. Бұл реформа- рухани отарсызданудың тура жолы!

Бүгінде қоғамда осы мәселеге байланысты қызу пікір талас жүріп жатыр. Меніңше ол өте дұрыс. Себебі бұл халықтық талқылауға ұсынылған жоба. Қазіргі ұсынылып отырған нұсқадағы ерекше бір белгілер мен әріптерді қоспай-ақ әлемдік ақпарат кеңістігіндегі дайын символдарды ұсынған дайындаушылардың ниетін де түсінуге болады. Олардың ойы - әлемдік ақпарат кеңістігіне еш кедергісіз ену екені де түсінікті. Сонымен бірге қазақ тілінің өзіндік ерекшеліктері мен үндестігін, сұлулығын, шұрайын сақтап қалуға тиіс екенімізді ұмытпағанымыз жөн. Оның түйткіл тұстарын қазақ тілін зерттеуші тіл мамандарының өздеріне тапсырып, олардың дұрыс жолды таңдайтынына сенгеніміз дұрыс.

Тіл – ұлттық мінездің көрінісі. Қазіргі қазақ тілі ешқандай бұралаңды білмейтін өрліктің, табандылықтың, шешендіктің белгісі. Сұлу да сүбелі тіл. Қазақтың ұлы билерінің бірі Қазыбекті Қаздауысты деп тегін атамаған ғой.

Бүгінгі мақсат біреу- түрлі ұсыныстарды ескере отырып, латын қарпіне көшудің ортақ нұсқасына келуіміз қажет. Одан соң, бір атаның балаларындай бірігіп, бүкіл халық болып қолдау, тарихи реформаны тоқтатпай әрі қарай қозғау –бәріміздің ортақ міндетіміз.

Abai.kz

14 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2053