Жексенбі, 10 Қараша 2024

Жоба туралы

Абай.kz ақпараттық порталының Доктринасы

Біз, қазақтың бір топ жас саясаткерлері, ғалымдары мен журналистері, кең-байтақ Отанында басым ұлтқа айналған қазақ жұртына арнап «Абай.кz» ақпараттық порталын ашып, елінің бүгіні мен болашағын ойлаған азаматтардың барлығын осы ресурстың айналасына бірігіп, еркін ой мен парасатты пікір айтуға шақырамыз.

Бұдан дәл 100 жыл бұрын, 1909 жылы Тұрағұл Құнанбаев, Кәкітай Ысқақұлы және Әлихан Бөкейхан үшеуі сергек қимылдап, сонау Санкт-Петербор қаласының мұсылман баспасынан ұлы дала абызы, қазақтың ой-санасына сілкініс жасаған ғұлама  ойшылы - Абайдың тұңғыш өлеңдер жинағын басып шығарыпты.

Біздің ойымызша, осы оқиға қазақ зиялыларының бірігуіне ықпал етті. Абай шығармашылығы керуенінен сән кеткен көшпелі қоғамның абыржыған көңілін аулап, заманға лайық тіршілік жасауға бел шеше кірісіп, ағарту жұмысына ден қойған жаңашыл күштерді, абайшыл буынды дүниеге әкелді.

Абайшыл буын бағыт-бағдарынан айырылған қазақтың рухын оятып, алда тұрған тарихтың сұрапыл сынынан сүрінбей, «тар жол, тайғақ кешулерден» ұлттық болмысын, тілін, ділін, дінін, тарихын аман алып шығатын жасампаз ұрпақты қалыптастыру жолында аянбай еңбек етті. Абайдың кітабынан кейін «Айқап» журналы мен «Қазақ» газеті дүниеге келді. Әлемдік деңгейде білім алып, әлемдік элитамен терезесі тең тұрып тілдескен абайшыл буын уақыт өте бүгінгі тәу еткен тәуелсіздігіміздің іргетасын қалаған «Алаш» қозғалысын құрды.

Енді, міне, араға 100 жыл салып күллі адамзат баласына кітап бетінен үн қатқан хакім атамыз жаңа дәуірде өзінің жаңа буын жас достарымен бірге әлемдік ақпарат кеңістігіне аяқ басты. Бірден ескертеміз: біз «қайран, елім, қазағым» деп қамыққан әз тұлғаның есімін ұран қылып ұпай жинаудан аулақпыз. Тағы да қадап айтамыз: аз ғана топтың аузындағы сөзіне, көкейіндегі пиғылына Абай атын араластырып аруақ күңірентуге қасық қанымызбен қарсымыз. Абай бәрімізге ортақ. Абай салған жол, Абай көрсеткен өнеге бәрімізге үлгі. Ендеше, екпіні есті алатын замана көшіне есесін жіберіп, еңсесі түсіп қала беретін халқымызды әрбір қапыл істен абай жүруге шақырсақ, оның несі айып?

Біздің мақсатымыз - Абай мұрасын, Алаш өсиетін кешенді түрде насихаттап, жарық көрген кітаптар мен баспасөзде басылған таңдаулы мақалаларды бір арнаға топтастырып, оны әлемтор арқылы әлемге паш ету! Абайшыл әм Алаш ұранын мұрат тұтқан  қазақ елінің шынайы патриоттарын қалыптастыру ісіне үлес қосу. Біз порталға кірген оқырманның «Абай» және «Алашорда» тарауларынан ана тілімізде жарық көрген шығармалар жиынтығынан мол мағлұмат алуына мүдделіміз. Біз абайшыл азаматтардың барлығын сайтқа жанашыр болып, оның кітапханасын бұрын шыққан немесе болашақта жарияланар туындылармен толықтырып тұруға үндейміз!
Ендігі бір мақсат  - қазақ журналистері мен интернет-тұтынушыларының басын қосып, жалпыұлттық ақпарат кеңістігін қалыптастыру. Порталда республикалық қазақ басылымдарында қызмет жасайтын журналистердің үздік мақалалары жарық көріп тұрады. Апта сайын порталдың тарауларында әлеуметтік зерттеулер мен тұрақты талқылар жүргізіледі. «Абай.кz» порталының басқа интернет-ресурстардан ерекшелігі - мұнда Қазақстанның барлық аймақтарындағы қазақ баспасөзі өкілдері бір тұтас қауымға айналып, өз ойларын ортаға салудың мүмкіндігіне ие. Осы мүмкіндіктің нәтижесінде, мысалы, Атырау журналистері Алтайдағы әріптестерінің шығармашылығымен танысып, Қызылорданың жастары өздерінің қызылжарлық достарын алаңдатып, толғатып жүрген мәселелер хақында хабардар болады. Аймақтағы журналистер республикалық басылымдардағы замандастарымен араласып, ортақ тақырыптар төңірегінде ой бөлісе алады. Сондай-ақ портал арқылы елімізге танымал тұлғаларға барлығымыз сұрақ қойып, олардың ұлттық дәрежедегі интернет-конференцияларын өткізіп отырамыз.

Порталымыздың атын «Абай.кz» деп қоюымызға және бір себеп бар. Біздің түсінігімізше, абайшыл ұрпақ еліміздің өткені мен бүгініне һәм ертеңіне сергек қарап, абай болуы абзал.

Олай болса, әлем картасында айлапат көлемімен таңбаланған жеріміздің бүтіндігі мен ұлтымыздың тұтастығына абай болайық!

Көк найзасын көлденең ұстап жортқан бабалардың ерлігі мен мұрасына, болашақтан алапаты асқан Алаш жұртын көргісі келіп, ғұмырын күреспен өткерген ғазиз ағалар аманатына абай болайық!

Сан ғасырдың сабағынан түзіліп, санамызды қалыптастырып ұлы дала төсінде салтанат құрған салт-дәстүрімізге абай болайық!
Көрікті ойымыз бен кеудеміздегі сәулені сөйлеткен тілімізді тіліп тастауға бар әрекеттерден абай болайық!

Тартып мінгеннің тақымында кеткен тарланбоздай тағасы тауға қадалып, тұяғы құмға сіңген баба тарихымызды енді біреулер  еншілеп алмас үшін абай болайық!

Қара жердің қыртысын жамылған қазына-байлығымыз ұқсатып ұстамайтынның, тер төгіп тістемейтіннің ұры қалтасында кетпес үшін абай болайық!

Сықпытын жасырып келіп, ортамызға сына қағып ойнайтын сыртқы мүдде, сынық пейілден абай болайық!

Бар қазақ - бір қазақ. Бір қазақ - бар қазақ. Ығып сөйлемейтін, ықтап өмір сүрмейтін бекзат болмысымызға абай болайық!

Алтай мен Атыраудың, Алатау мен Арқаның арасындағы ақпарат кеңістігінің алатайдай бүлінбеуіне абай болайық!

Абайшыл болайық, ағайын! Абай болайық!

15 сәуір, 2009 жыл