Дүйсенбі, 18 Желтоқсан 2017
Мәңгілік ел 2613 13 пікір 30 Қараша, 2017 сағат 09:18

1-желтоқсан Мәңгілік ел болуға аттанған күн

Биыл ғана "Рухани жаңғыру: Болашаққа бағдар" атты Мемлекеттің келешегі үшін аса маңызды қадам жасаған Қазақстанның Тұңғыш Президенті екені екі бастан белгілі. Еліміз Тәуелсіздікке қол жеткізген алғашқы сәттен бастап күні бүгінге дейін ел еңсесінің тіктеліп, Әлем Мемлекеттерінің қатарында терезесінің тең тұруына елеулі үлес қосқан Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев екені әмбеге аян. Бүгін редакциямызға Сенаттың V-VI шақырылым депутаты Жабал Ерғалиевтің мақаласы келіп түсті.

2011 жылдың желтоқсан айының 10-жұл­ды­зында Қазақстан Республикасы Пар­ламен­ті­нің Сенаты «Қазақстан Респуб­лика­сын­дағы мерекелер туралы» Заңға то­лық­ты­рулар мен өзгерістер енгізу арқылы 1 жел­­тоқсанды Тұңғыш Президент күні есе­бінде белгілеп, бұл күн мемлекеттік мерекелер санатына енгізілген болатын. Бүгінгі рухани жаңғыру кеңістігіне шыққан Қазақстан тарихының бір күні осы 1 желтоқсанмен әйгіленеді. Қазақтың заманауи тарихында 1 желтоқсанның өзіндік орыны бар. Өйткені ел тәуелсіздігінің  аса қысқа кезеңінде егемен ел болуды қа­лып­тас­тырған және де қалыптастырып қана қой­май, тарихтың осы бір аса қысқа мерзі­мін­де өзін әлемге тыныта алған мемлекеттің ендігі тарихынан бұл күн, яғни желтоқсан­ның 1-і ойып тұрып өз орнын алуы керек еді. Солай болды да! Көне тарихтың әлми­сақ­тан бергі қағидаларына саяр болсақ, тіршілік жаралғаннан кейінгі бар оқиға­лардың басында тұлғалар тұрған. Ал енді қазақ елінің ғасырлар бойы арман болған тәуелсіздігін және соған жету жолында бір­неше ғасырдың жүздеген жылдарының қа­сіреті мен зобалаңын, тар жол, тайғақ ке­шуін басынан өткерген халықтың тағды­рын анықтап, тұтас бір елдің, тұтас бір халықтың сол тәуелсіздігін өзі жариялап, сол тәуелсіздіктің көк байрағын өз қолымен тұңғыш көтерген Қазақстан Республи­ка­сының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сынды тарихи тұлғаның ерлігі мен ұлылығы қазақ тарихының ғана емес, жалпы адамзат баласы тарихының беттеріне алтын әріптермен жазылып қойылғаны бар.

Біз күшті президенттік мемлекет құру таңдауын өте дұрыс жасағанымызды ел тәуелсіздігінің әр жылдарының әр кезең­дерінде айқын сезініп келе жатырмыз. Ең әуелі «бас-басына би болудан» ада тұрдық та, бұл еліміздің әлемдік дағдарыстардың ең бір ауыр да сындарлы кезеңдерінде тұ­рақ­ты дамуын қамтамасыз етуге зор ықпа­лын тигізді, әлі де тигізіп келе жатыр. Қа­зақстандағы президенттік билік жүйесі 1990 жылғы 24 сәуірде енгізілді де, 1991 жылғы 1 желтоқсанда тұңғыш рет президент сайлауы өткізілді. Сөйтіп, біз барша қазақстандықтар өз прези­ден­ті­мізді өзіміз сайлап алу құқымызды тұңғыш рет жүзеге асырдық та, еліміздің демо­кратиялық қағидаларға берік екендігін әлем алдында тағы да бір көрсетіп берген едік.

Сөйтіп, 1 желтоқсан – тұңғыш президент сайлауында Қазақстан Республи­касы­ның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаевтың барша қазақстан­дық­тар­дың зор сеніміне ие болған күні. Тұтас ел мен халықтың сеніміне ие болу арқылы Елбасы өзіне жүктелген бар жауапкершілікті айқын сезіне отырып, өз елі мен халқының тағдырын анықтауда өзінің перзенттік те, президенттік те борышын адал атқарып келеді. «Қазақ елін, қазақ деген ұлтты әлем ең әуелі Назарбаев есімімен, Назарбаев кел­бетімен таныды. Бұл – тарихи ақиқат» деген немесе «Назарбаев нені де болса елі­мен бірге көрді, елімен бірге төзді, елімен бірге жеңді!» деген бұдан бұрын айтқан ойларымызды тағы да бір қайталаймыз. Елбасының қазақ елі тарихындағы аса маңызды орнын қазір де, болашақта да анықтап тұратын бір күн қазақ тарихында болуы керек еді, сол бір күн 1 желтоқсан болып күнтізбелік тарихтың жылдар жылнамасынан орын алды.

Біз 1 желтоқсанды Қазақстан Респуб­ликасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақ елін мәңгілік ел ету арман-мүддесінің жүзеге асырыла бастаған күні деп те қастерлеуге тиістіміз.

Өйткені, мәңгілік ел болу бүгінгі біздің де және бізге дейінгі де талай бір ғасырлар иініндегі «елім-айлап» өткен ата-бабаларымыздың да аңсар арманы мен зар тілегі де болатын. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мәңгілік ел құру жөніндегі осы ойы мен арман-мүд­десінің тарихи маңыздылығын – біз толық сезіне алып отырмыз ба? Елордасы Астана қаласында «Мәңгілік ел» мону­ментті қақ­па­сы неге тұрғызылды? Қазір біздің әрқай­сымызды осы бір сауалдар ойландыруы керек те, біздің соған деген өз жауабымыз әр көкіректе сайрап тұруға тиісті. Елбасы ар­қа­лаған ел жүгін бірге көтеру және де ел бірлігін сақтау арқылы біз өзіміздің мәң­гілік ел бола алатындығымызды күн сайын­ғы ісімізбен де, білім, біліктілігімізбен де, еңбек еткіш қабілетімізбен де көрсете білер кез қазір. Нұрсұлтан Назарбаев өзінің пре­зиденттік қызметінде қазақ елін мәңгілік ел етудің барлық жағдайларын да, соның барлық алғышарттарын да жасап берді, әлі де жасап келеді деп тұжырым жасауға болар еді. Сол мәңгілік ел болудың бір алғы шарты болып саналатын «Қазақстан-2030» стратегиясы Елбасының алысты аңдаған, болашақты болжаған, келешекке көреген­ді­лік­пен көз тіккен, бүгінімізге бел шешіп, ертеңімізге еңсемізді тіктеп барар жолымыз еді. Солай болды және солай болып та келе жатыр!

Біз 1 желтоқсанды Қазақстанның Тұң­ғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақ елін әлемнің дамыған 50 елінің қата­рына қосу және бәсекеге қабілетті болуға бастаған күні деп те санаймыз.

Бұл Елба­сы­ның бағзы көшпенділердің тағдырлы тарихтың қилы-қилы кезеңдерінің тауқы­мет құдығының суын ішіп, ащылы сор­таңы­ның сорын кешкен, зобалаң жыл­дар­дың зарын тартқан, таршылықтан тарылып тұралаған, жоқтықтан ашығып бұратылған, жазықсыз жараланған, айыпсыз айдалған бүгінгі ұрпақтары, мына біздерді мына дү­бірлі әлемнің аламанына қосқан қайырлы күні деп те білеміз. Бүгінгі бірегей дүние­нің біртұтас экономикалық жүйесінде Нұр­сұлтан Назарбаев талмай таңдап та, дұрыс та, ұтымды да етіп қалыптастыра білген Қазақстанның өзіндік даму жолы небір сын­дарлы кезеңдерде өзінің өміршеңдігін көрсетіп те бере алды. Әлемдік эконо­ми­каның іргесін қайта-қайта шайқап тұрған бүгінгі қаржы дағдарысына дес бермей келе жатқан Қазақстанның қазіргі жағдайы бізге осыны айтқызады. Бұған дейін эконо­микалық әлеуеті жөнінен ешкімге жалынан ұстатпайды дейтін Еуропаның біраз елдері абдырап та, дағдарып та қалған осы бір тұста Қазақстан Президентінің елді инно­вациялық және индустриялық бағытпен дамыту бағдарламасын ұсынуы және де мұны ендігі Қазақстанның болашағы деп атап көрсетуі, бұл ұлы міндеттерге барша қазақ­стандықтарды жұмылдыруы манағы біз айтқан мәңгілік ел болудың жайын тере­ңі­нен саралап, тағы да бір ойластыруы дер едік.

Біз 1 желтоқсанды Қазақстанның Тұң­ғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы отар қазақ елін айдай әлемге танытуға ұмтылып, сол жолда ұта да білген және де әлемдік саясатқа олжа салған ұпайлы күні деп те білеміз.

Қазақстанның кешегі кеңестік жүйені былай қойып, тұтас түркі әлемінде тұңғыш болып Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуі және де аузын айға білеген әлемнің не бір мемлекеттері он бір жыл бойы өткізе алмай келген, сөйтіп арқауы босай бастаған ЕҚЫҰ-ның жетінші Сам­митін 2010 жылдың 1-2 желтоқсан күндері қазақ елінің Астана қаласында өткізуі және де әлемдік маңызы бар бұл тарихи шараға қатысушылардың Астана Декларациясын бірауыздан қабылдауы қазақ елінің әлемдік көкжиектен жұлдызының жарқырай жан­ған сәті еді. «Біз бірін-бірі жылдар бойы көрмей келген ел басшыларының басын қосып, мәмілеге келтірдік. Еуропа мен Азия ұғымын кеңейттік. Біз алдымызға қой­ған барлық міндетті орындадық. Қа­зақ­стан Ұйымның жаңа ғасырда дамуына сер­пін бере алды. Бүкіл әлем Қазақстанға бас­қаша көзбен қарап, біздің халқымыздың бар­ша құндылықтарын көрді. Саммитті өткізу бүкіл Қазақстан халқының салтанаты, оның бірлігінің, болашаққа ұмты­лысы­ның дәлелі болды», деп Елбасының өзі атап көрсеткеніндей, бұл тарихи іс Қазақ­станның Тұңғыш Президентінің өз елін дүние жұртына сөзсіз мойындата білген тарихи жеңісі болатын. Астана Саммитін өткізу арқылы қазақ елі сан ғасырлық тарихы бар әлемнің дамыған, өркені өскен өркениетті мемлекеттерінің қатарына барып қосылып, жарқын жүзбен нық барып тұра алды деп те батыл айта аламыз. Біз сол биікке көтерілген елміз, бізді сол заңғар биікке алып шыққан да Елбасымыз, өзіміз­дің Тұңғыш Президентіміз!

Біз 1 желтоқсанды Қазақстан Респуб­ликасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ХХІ ғасырда дүние тіршілігі үшін жаһандық жаңа қатерлер бой көтере бастаған қатерлі тұста түрлі діндердің ға­сыр­лар бойғы ізгі де жасампаздық мол тә­жі­рибесі мен Құдай сөзін Адамзаттың бітім­гершілік пен келісімінің пәрменді құралы ретінде пайдалануды терең сезіне отырып, адам баласы жаратылып, олардың діндері қалыптаса бастаған кезеңдерден бермен қарай тұңғыш рет, өз ынтасымен және басшылығымен 2003, 2006 және 2009, 2012 жылдары қазақ жеріндегі Астана қа­ла­сында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидер­ле­рі­нің кездесулерін тұрақты өткізіле бастаған және де Адамзаттың жаңа мыңжыл­дығы­ның конфессияаралық диалог пен кеңесіп, кездесулер жүйесін құруға жол ашылған, өркениеттің қазақ жеріндегі тоғысуы мен табысуларының бастау алған күні деп те санаймыз.

Біз 1 желтоқсанды Қазақстан Респуб­ликасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Кеңестер Одағының ыдырауына байланысты дүниенің қайта бір бөлісі үшін жаңа қақтығыстар ошағындағы саясат қазаны бұрқ-сарқ қайнап, оқ атылып, жарылыстар дүмпуі естіліп жатқандығына да қарамастан қазақ жеріндегі Семей атом сынақ полигонын өз Жарлығымен жауып, өз қолындағы ядролық қарудан өз еркімен бас тартуын бүгінгі Адамзат пен жалпы өркениетті ядросыз әлем құруға шақырған батыл да ізгі қадамының басталған күні деп санай отырып және де өз Елбасымызды ядросыз әлем құрудың бас архитекторы деп те әспеттейміз!

«Нью-Йорк Таймстың» электронды нұсқасында және «Егемен Қазақстан» газетінде (27 наурыз 2012 жыл) жарияланған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қауіпсіз ядролық бола­шақ­қа жол сала отырып» атты мақаласында: «Мен барлық елдерге төмендегіше үндеу тастағым келеді: Қазақстан тәжірибесі көр­сетіп отырғанындай, елдер ядролық қару­дан бас тартса, үлкен пайдаға кенеледі. Осын­дай оң шешіміміздің арқасында біздің өсіп-өркендеген және тұрақты дамыған елге айналғанымызға, әлемде көптеген дос­тар тапқанымызға, ықпалымыздың да арта түскеніне мен еш күмәндаймын. Бізге өзі­міздің барлық ерік-жігерімізді пайдаланып, басқа проблемаларды шешуге және ядросыз елдерге өздерін қорғалып отыр­ғандай сезінуге көмектесуіміз керек. Бұл ядролық қарудың таралуын болдырмаудың жалғыз жолы болса, ол өз кезегінде өлім себетін материалдың терроршылардың қолына түсу ықтималдылығын азайтады. Бұл – біз еш жол беруге болмайтын тәуекел. Біздер, қа­зақ­стандықтар, ядролық қару қатері аласталатын әлем құруға көмектесуге қолдан келгеннің бәрін жасаймыз деп сендіре аламын», – деп айтқандығы біздің «өз Елбасымызды ядролық әлем құрудың бас архитекторы» деген пікірімізді нықтай түскендегі бар.

Біз 1 желтоқсанды Қазақстан Респуб­ли­касының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ХХ ғасырдың соңғы он жыл­дығының дүниесi барынша өзгерiп, саяси жүйесi әлi де толық қалыптасып болмай жатқан өлiара тұста Қазақстан сияқты алып елдiң жаңа Астанасын жаңа орынға көшiрiп алып келiп, Есілдің бойына ел қондырып, алғашқы қазығынан бастап өзі қағып, бү­гінгі айдынды да айбынды Ақордалы Астананы дүниеге әкелген, сөйтіп өз елі мен өз халқына деген шексіз сүйіспеншілігінің бел­гісіндей етіп қасиетті қазақ жеріне, өз даласына тұтас әлемді қондырып, орнық­тыра білген, өз Астанасын өз қолымен салу арқылы біздің де мәңгілік ел бола алатын­дығымызға ең әуелі өз жұртының да, одан қалды дүние жұртының да көздерін жет­кізіп, иландыра білген бір ұлы күннің жасам­паздығының салтанаты деп те танимыз! Бұл Астана тәуелсіздігінің лүп-лүп соғып тұрған жүрегі емес пе?!

Тұңғыш Президентіміздің Қазақстан тарихында тұңғыш рет ел шекарасын анық­тап, оны заңдастыруы ежелгі қазақ елінің тағдырын анықтаған көрегендігі болса, Еуразия біртұтас кеңістігін қалыптас­тыру­дағы және Шанхай ынтымақтастық ұйы­мын құрудағы бастамашылдығы жалпы әлем тыныштығын, адамзат бірлігін сақтап қалудағы дүниелік маңызы бар істері болатын. Сондай-ақ, Қазақстанның Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына төрағалық етуін де әлемнің қазақ еліне, оның лидері Нұрсұлтан Назарбаевқа деген алқаусыз берік сенімі деп қарағанымыз да абзал.

Біз өзіміздің Тұңғыш Президентіміздің бүгінгі дағдарыстан толқып тұрған мынау дүние дариясындағы толқынды ағыста­ры­ның селі мен сеңінен, дауылы мен дауынан өзінің туған елі мен халқын аман алып өтудің бар амалын жасап та отырғандығын және де ол үшін қазір де болашақта да не істеп, не қою қажеттілігін де үзбей айтып келе жатқандығына да сүйсінуге тиістіміз. Елбасы өзінің «Қазақстанның әлеуметтік жаң­ғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қо­ғамына қарай 20 қадам» атты мақсатты сөзі­мен елді еңбек ете білуге үндеуі және де Назарбаев университетінде оқыған лекциясында да біздің ендігі тағдырымызды білімді ұрпақтың айқындайтындығын айта отырып, тағы да интеллектуалдық ұлт қалып­тас­ты­рудың мақсатты мұратын алға тартты. Осы арада елдің жайын да, жағдайын да Елбасыдай ойлайық деген бір ауыз сөздің көкейге қонғаны болды. Тарпаң да талайлы тағ­ды­ры мен тамырлы тарихы біртұтас түркі әлемі Назарбаевты өз көшбасшымыз деп танып, құрмет тұтып, ардақтап отырған Елба­сы­ның жалпы адамзат өркениеті мен тір­ші­лігін сақтап қалудағы қадамды да ақылды, парасатты да пайымды қазіргі істері бүгінгі күндеріміз аптығып, асыққан апталарға, ол қарайламай жылжи отырып, айлар мен жыл­дарға, ғұмырлы ғасырларға барып ұлас­қан сайын өзінің мәңгілік мүддесімен үн қатып отыратын болады.

Енді бүгіннен бастап бүгінгі ұрпақ та, дүниеге әлі де келер талай бір ұрпақтар да тарихи маңыздылығы жылдар көші ұзаған сайын терең айқындалып, анықтала түсер 1 желтоқсанды Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні деп мәңгілік атап өтер де, бұл күнді ХХІ ғасырдың алып та көрнекті тұлғасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақ елін мәңгілік ел болуға бастаған күні деп те әспеттей беретіндіктеріне де бек сенімдіміз.

Жабал Ерғалиев, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Парламент Сенатының V-VI шақырылым депутаты

Abai.kz

 

13 пікір