Шығармашылық байқау: «Махаббат, қызық мол жылдар» романындағы кейіпкерлер әлемі
2012 жылы Қазақстанның Халық жазушысы Әзілхан Нұршайықовтың 90 жылдық мерейтойына орай оның шығармашылығымен байланысты үздік прозалық, поэзиялық шығармаларға жыл сайын байқау ұйымдастырып отыру ұйғарылды. Алғашқы байқауға Алматы қаласының магистранттары, студенттері және жоғары сынып оқушылары қатысты.
2013 жылы қаламгердің отбасы байқау жеңімпаздарына Халық жазушысы атындағы стипендия тағайындауды ұсынды. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ЖОО дейінгі білім беру факультетінің Ғылыми кеңесінің шешімімен аталған стипендия тағайындалды. «Адам және әлем» байқауы ресми деңгейге жеткізіліп, жыл сайын шетелдіктердің тілдік және жалпы білім беру дайындығы кафедрасы оқытушыларының ұйымдастыруымен өткізіліп жүр.
2019 жылдың 29 қарашасында сегізінші байқау өткізілді. Ғаламтор арқылы жарияланатын бұл байқауға еліміздің жоғары оқу орындарынан ғана емес, ауыл-ауылдан тілек білдірген жоғары сынып оқушылары да қатыса алады. Өткен ғасырдың ортасында астанадан алыс орналасқан еліміздің бір ауылынан жасөспірім Әзілхан орталық газеттерге өз өлеңдерін үлкен үмітпен қалай жолдаса, қазір де жас жеткіншектер өз шығармаларын сондай үмітпен осы байқауға ғаламтор арқылы жіберіп отырады.
2016 жылы ҚР Ұлттық кітапханасында Хаалық жазушысы Ә. Нұршайықовқа арналған мемориалды кабинет ашылды. Осыған байланысты жыл сайын болатын шығармашылық байқаудың қорытындысын осы білім ордасында өткізуге ұсыныс жасалды. Содан бері 4 жыл қатарынан ҚР Ұлттық кітапханасының Кітапханатану залында байқау жүлдегерлері марапатталып, шағын поэзиялық шығармашылық кеш өткізіліп келеді.
Бұл байқаудың түпкі мақсаты жастарға – әдеби шығарма, кітап оқыту. Байқау арқылы жастарды әдебиетке, өнерге, әдемілікке баулу, тілін құрметтеу, сол арқылы елін құрметтеу сияқты ұлы сезімдерді бойларына сіңіру. Өнердің қай түрі болмасын үлкен шығармашылық ізденісті талап етеді. Байқау жазушы Әзілхан Нұршайықов атындағы стипендия тағайындауға арналғандықтан жеті жыл өткізілген прозалық, поэзиялық байқаудың биыл, 2019 жылы, шартын өзгертіп сөз шеберлігінен бөлек сурет өнеріне арнау ұйғарылды.
Биылғы Байқау-2019-ға Ә. Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» романынан таңдап алынған қысқаша үзіндіге иллюстрация ретінде түрлі техникамен орындалған (әртүрлі бояулармен: акварельмен, майлы бояумен, пастельмен) фотосуреттер мен көркем суреттер қабылданды. Байқаудың шарты бойынша жіберілген жұмыстар аталған романнан қатысушы өзі таңдап алған (қазақ тілінде, орыс тілінде) қысқаша үзіндімен сәйкес орындалуы тиіс болды. Сондай-ақ байқауға қатысатын суреттің идеясы мен көтерген мәселесі «Махаббат, қызық мол жылдар» романынан алынған үзінді мәтініне сай болып, оның терең мазмұнын бере алуымен қатар, жұмыстың орындалу (техникалық) шеберлігіне де жоғары талап қойылды.
Жұмыстар пошта және электронды пошта арқылы қабылданды. Алматы қаласы бойынша қатысушылар жұмыстарын университеттің кафедрасына әкеліп тапсырды.
Байқауды ұйымдастырушылар, әрине, өздерін сурет өнерінің майталманы ретінде санамайды. Алайда дарынды адам қолынан шыққан өнер туындысы кез келген адамның ішкі сезіміне қозғау салары хақ. Байқау жарияланған романды оқыған адам ондағы кейіпкерлердің образын түсініп, олардың қуаныш, қайғысына ортақтасып, өз басынан кешкендей күйде бола білсе, сурет салушының да сол әсерді қаншалықты жеткізе білгенін бағалай алатындарына сенімді.
Биылғы байқауға барлығы Алматы, Нұр-Сұлтан, Семей қалаларының 9 оқу орнынан 21 сайыскер қатысты.
Байқау-2019-ға келіп түскен жұмыстардың сараптамасын әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың алдыңғы қатарлы профессорлары мен оқытушылары жасады. Ал байқаудың демеушілері – қаламгердің отбасы. Сараптама байқаудың қойған шарттары бойынша жүзеге асты. Байқау қорытындысы бойынша, үш жүлделі орын, «Үздік жұмыс» номинациясы бойынша 5 ынталандыру сыйлығы тағайындалды.
1-орын диплом және 50 000 теңге ақшалай сыйлық - Т.Жүргенев атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы Кескіндеме мүсін және дизайн факультетінің 1 курс студенті Өркен Аят «Бірақ ...» атты суретімен;
2-орын диплом және 40 000 теңге ақшалай сыйлық – Т.Жүргенев атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы Кескіндеме мүсін және дизайн факультетінің 1 курс студенті Жаханша Әлихан «СӘТ» атты суретімен;
3-орын диплом және 30 000 теңге ақшалай сыйлық – С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің Сәулет және дизайн факультетінің 1 курс студенті Жайлаубай Айсана Айдынқызы «Қызыл көрпе» атты суретімен жеңіп алды.
Оналбаева Арай Аскарқызы - Халықаралық білім беру корпорациясы Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясы, дизайн факультеті, 2 курс студенті «Хат» атты композициясымен сертификат және 10 000 теңге ақшалай сыйлыққа ие болды.
Момбек Айнұр Адилжанқызы - Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, филология және әлем тілдері факультетінің магистранты «Меңтай мен Ерболдың кездесуі» еңбегімен сертификат және 10 000 теңге ақшалай сыйлыққа ие болды.
Думан Мадина - Алматы облысы, А.Н. Бубенцов атындағы орта мектеп оқушысы «Орындалған арман» жұмысымен Сертификат және 10 000 теңге ақшалай сыйлыққа ие болды.
Гіміңгелді Ынтымақ және Тұнық Ғибрат - Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ЖОО дейінгі білім беру факультетінің тыңдаушылары сертификат және 5 000 теңге ақшалай сыйлыққа ие болды.
ҚР Ұлттық кітапханасында өткізілген байқау қорытындысында қатысушылар романды оқу барысында қандай әсер алып, оны өз жұмыстарында қалай бейнелегенін түсіндіріп, өз туындыларының идеясымен бөлісті.
Шара соңында стипендияны тағайындаушылар қонақтарға шағын дастарқан әзірлеп, Әзілхан Нұршайықовтың шығармалары жөнінде ой бөлісіп, байқау туралы, өнер туралы пікір алмасып тарасты.
Нұршайықова Ж.Ә., Мұсаева Г.Ә., Саденова А.Е.
Әл - Фараби атындағы ҚазҰУ, Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультеті. Шетелдіктердің тілдік және жалпы білім беру дайындығы кафедрасының оқытушылары
Abai.kz