Сенбі, 23 Қараша 2024
Желтоқсан жаңғырығы 11180 50 пікір 13 Желтоқсан, 2019 сағат 14:10

Қаһарман қазақ қызы

(Желтоқсаншы Сәбира Мұхамеджанова туралы)

Зайсан қаласынан Ақжар ауылына аттанып бара жатқан автобус iшiнде әрi-сәрi күй кешiп, қырық қадам жердi көрiнбес қылған құсқанатының қалқыған қарына көз тiгiп, Сәбира туралы естiген әңгiмелердi еске түсiруге тырыстым. “Бары-жоғы он алты жастағы бойжеткен қыз өзiн-өзiн өлiмге қалай қиды екен? Оған қандай ерiк-жiгер күшi жеттi екен?...” деген сұраулы ойлар бiрден-ақ қамап алды. Құсқанатының қарындай анталаған, ой мен жүрегiмдi шабақтаған сезiмнiң ортасында қалдым. Ерiксiзбiн... Әлден уақыттан кейiн ғана есiмдi жиғандай болып, жүрек тоқтатып, Сәбираға қатысты жайларды салмақтауға көштiм.

Сәбира... Сәбира Мұхамеджанова, 1985 жылы сегiзжылдықты үздiк бiтiрiсiмен, Өскемен қаласындағы педучилищенiң бастауыш кластарға мұғалiмдер даярлайтын қазақ бөлiмiне келiп түскен. Бiрiншi курсты орташа бiтiрген. Класс жетекшiсiнiң айтуына қарағанда, “математика, физика секiлдi пәндерден жақсы оқыса да, кей сабақтардан нашар оқитын”.

Класс жетекшiсi – Шолпан Мұхамедиева бұл оқиғаны көз алдынан кино лентасын өткiзiп отырғандай бастырмалата әңгiмеледi. Бiр таңқаларлығы: айтатын сөздерiн әлдеқашан жұптап, тақпақтай жаттап алған адам секiлдi, бiр сарынмен төндiре айтады. Сәбираның мiнезi тiк, сабақ үстiнде қатты сөзге келiп қалса, шығып жүре беретiнiн, онымен бiрге тұрған қыздардың айтуына қарағанда, бiр жолы кеудесiн, бiлегiн алмаспен тiлiп тастағанын, Сәбираның семьясында бұрын да бiр қыз асылып өлiптi дегендi естiгенiн, жалпы, шешесi де дұрыс емес секiлдi боп көрiнгенiн, соған қарағанда семьясында бiр “жетiспеушiлiк” бар ма деген күдiгiн айта келiп... “22-желтоқсан күнi екi қазақ бөлiмi сабаққа келмей қойды. Олар сол күнi кешкi сағат бес-алтыларға дейiн көшеге шығып, ЦУМ-ның маңайына барыпты. Кеш қарая жиналған қыздарды жиналысқа шақырып, мән-жайды түсiндiрдiк. Оларға неге шықтыңдар деп едiк, жатақханаға кеше жақсы киiнген бiр әйел келiп: “Ертең ЦУМ-ға келiңдер! Алматыдағы жағдайды сол жерде естисiңдер. Мұндағылар шындықты сендерге айтпай отыр. Алматы жақтан 9 адам келедi...” – деп айтты дестi. Оны қоқыс төгуге шыққан Нұрпейiсова Алмагүл көрiптi.

Ал, 26-желтоқсан күнi жеделхат салып шақырған ата-аналармен кездестiк. Iшiнде Сәбираның да мамасы бар. Арада көп уақыт өттi ғой, мен сол бiр жағдайды ұмытып та қалыппын... Сәбирамен де, мамасымен де оқу iсi меңгерушiмiз – Мария Жұмағұлованың кабинетiнде сөйлескенбiз. Қасымда қай мұғалiмдер болғаны есiмде жоқ. Сәбираның шешесi қиын адам екен. “Мен сенiмен сөйлеспеймiн. Директормен сөйлесем” деп жеделхатты лақтырды. Мен директорға кеткенiмде, Сәбира шешесiмен бiрге кабинетте қалған. Қайтып келсем – жоқ, жылап шығып кетiптi. Iле-шала “құлап кеттi” дегендi естiдiк... Десе де, Сәбира сондай сұмдық мiнез-кұлығымен бiрде болмаса, бiрде қайтыс болар едi. Бәрiбiр ол өлер едi!” – деп класс жетекшiсi сөзiн аяқтады.

Оның соңғы сөзi кеудемдi қанжармен осып жiбергендей болды. Класс жетекшiсiнiң сөзi “айттым-бiттi!” деп кескен үкiмiндей естiлдi. “Аузыңыз барып, қалай айтасыз?” деген сауалға: “Сәбира “Мен оқымаймын, өлемiн!” деп, маған бiрнеше рет айтқан. Ол бәрiбiр адам болмас едi. Шешесi зорлап оқытты ғой”, – деп жауап бердi. Бұл жерде Шолпан Мұхамедиеваның көп нәрсенi тайсақтап, шындықты толық айтпағанын, бүгiп қалғанын түсiндiм. Училищенiң директоры Николай Николаевич Баранов пен оқу iсiнiң меңгерушiсi Мария Жұмағұлова да, “Бiз ештеңе айта алмаймыз” деп ат-тондарын ала қашты.

Ал, сол 22-желтоқсан оқиғасына қатысты училищеден сегiз жасөспiрiм жiгiт шығарылыпты. Олардың кейiннен үшеуi ғана оқуға қайта қабылданып, бiреуi ғана аяқтаған. Училище қабырғасынан тек қана ер балалардың шығарылуы да, әрине, тегiн емес. Өйткенi сол күнi 4-курста оқитын қыздардан да көшеге шыққан ғой... Ол кезде жатақханада немесе оқу залында, жұмыс басында бiр сағат болмай қалған адам астана ғана емес, шет қалаларда да “сырттай” бұйрықпен-ақ шығарылып жiберiлгенi бүкпесiз шындық. Бiрақ, он алты жасар қаршадай қыздың қайғылы қазасы училищеде оқитын басқа қазақ қыздарын тергеп-тексеруден, оқу орнынан қуылудан құтқарғаны анық.

Толқу 22-желтоқсан күнi кешкi сағат 7 мен 9 аралығында болған. Сәбиралар да, яғни педучилищеде жиналыста отырған ғой... Толқу “Юбилейный” кинотеатры алдынан басталыпты. “Қаладағы желтоқсан жайын тап басу үшiн толқудың iшiнде болып, Өскемен жол құрылысы институтынан шығарылған, арада жыл салып барып кейiн аяқтаған Нұрғазы Сауханов пен Тiлеуғазы Құрманбаевтың әңгiмесiне құлақ түрейiк.

– 22-желтоқсан күнi кешкi сағат сегiз мөлшерiнде шымкенттiк Қалтаев Садуыл деген жолдасыммен үйге “переговор” соғуға бара жатқанбыз. Ойымызда ештеңе жоқ. Ушанов алаңындағы киоскiнiң қасынан өте берiп едiк, қасында қызметкерлерi бар милиция полковнигi жолыға кетiп, машинаға отырыңдар дедi. Бiз не iстедiк, переговорға бара жатырмыз деп едiм, барған соң сөйлесемiз, айыптарың жоқ болса босатып жiберемiз дедi полковник. Бiз полковниктiң өзi айтып тұрған соң ерiксiз иландық. Бiрақ ол бiздi алдап соқты! Барған бетте камераға жапты. Ертеңгiсiн тергеушiде болдық, кешке дейiн бiр сөтке бойы ас-сусыз жаттық. Кешкiсiн институттан деканымыз Тастанбеков бастаған мұғалiмдер келiп, бәрiмiздi шығарып әкеттi. Өзiм оқитын бөлiмнiң комсомол ұйымы ұнамды мiнездеме берген екен, бiрақ оған қарамапты да. Еңбек кiтапшама: “За идейно-морально-политической неубежденности отчислен из института” деп жазыпты, – деп семейлiк Тiлеуғазы Құрманбаев қасындағы Нұрғазыға қарады.

– Тiлеуғазымен бiр камерада мен де отырдым, – деп бастады әңгiмесiн Н.Сауханов. – Қамерада он екi адам отырдық. Бәрiмiз де студентпiз. Өз басым 22-i күнi “Юбилейный” кинотеатры маңына жиналу туралы студенттер арасынан естiдiм. Бұл сөз пединститут жақтан шығыпты... Iлияс Алдекеев деген бiрге тұратын жолдасыммен митинг дегенге қызығушылықтан кешкi жетi мөлшерiнде кинотеатрға қарай тарттық. Обкомның алдындағы Ленин алаңы мен кинотеатр жақтан шыққан 50-60 адам шерулеп келе жатыр екен. Олардын көбiсi кинодан шықса керек. Барлығы да жастар. Бiз осы жерде қосылдық. Осы кезде бiр орыс капитан басқарған милиция қызметкерлерi жолымызды кес-кестеп: “Сендер неге жиналып жүрсiңдер? Ойларыңда бұзықтық бар, кетiңдер!” – деп араласты. Бiз: “Сендер айтпасаңдар да жатақханамызға кетiп барамыз”, – дедiк. Олар бiрақ қалмастан ерiп отырды. Ушанов алаңына жеткенше жол бойы бос болды. Алаңда бiздi күтiп тұрғандар бар екенiн бәрiмiз де сездiк. Артық ештеңе iстей қойған жоқпыз ғой, сондықтан бiзге қайтер дейсiң деген сенiмдi оймен алған беттен таймадық.

Алаң бос екен, бiрақ жан-жағынан түйiсетiн бес көшенiң торабын милиция мен басқа да жай көлiктер – жүк машинасы, автобустармен тығыңдап тастапты. Алаңға келген бойда әлгi көлiктерден қарғып-қарғып түскен милиция қызметкерлерi мен халық жасақтары бас салды. Қолдарында келтектерi бар. Бiз мұндай боларын алдын-ала сезгендiктен қарсыласпадық. Олар бiрақ дөкiрлiк танытты. Қыздардың шашынан сүйреп, жiгiттердiң қолдарын бұрап, келтекпен ұрып-соғып жатты. Екi қазақ жiгiтi қолымды қайырып, автобусқа дедектете итерiп кiргiздi. Бәрiмiздi де Ульба аудандық Iшкi iстер бөлiмiне алып келдi. Қасымдағы бiрге жүрген жолдастарыммен бiр камераға қамады. Адам көп болғандықтан, камера жетiспедi-ау деймiн, көбiсiн сол түнi-ақ босатып жiбердi. Камерада қамалғандар бiр тәулiк бойы отырдық. Мұғалiмдерiмiз келiсiмен бiздi де қоя бердi.

Бiрақ заң орны менi көп айналдырды. 24-i күнi бөлмемде прокурордың шақыруын тастап кетiптi. Мен, институттағы тағдырым белгiсiз болса да, сабақтан қалмай барып жүргем. Сабақтан кейiн тергеушiге келдiм. Ол: “Қанша, қандай транспарант жаздың?.. Қазақтарды айғайлап көшеге шақырдың...” – деп жала жапты. Осыны мойында, “организатор” екенiңдi мойында деп әуреледi. Мен мойындай қоймадым. Содан 30-желтоқсанға дейiн осы бiр-екi сұрақпен мазалап, “таскать” еттi. 30-ы күнi бәрiмiздi де шақырды. Мен бiрiншi боп келiппiн. Тергеушi бiр жапырақ қағаз ұстатты. Онда ұйымдастырушы, транспорант жазушы, көшеде ұран салып, қазақтарды көтерiлiске шақырушы екенiмдi мойындағаным туралы жазылыпты. Мен қол қоюдан бас тартып, дәлелдеп шығуын өтiндiм. Тергеушi ойланып қалды да: “Мен саған “очная ставка” берем, егер кiнәсiз екенiңдi дәлелдесең, босатамын”, – дедi. Бiрден-ақ келiстiм. Өзiммен бiрге барған Iлиястың бөлмелес жiгiттерiн куәға тарттым. Тергеушi олармен менi жүздестiрер алдында бес минөттей жеке-жеке жолығысып алды.

Бетпе-бет жауап кезiнде Қайрат Жанәбiлев:

– Бiздi бөлмеге келiп шақырған – осы. Колбинге карсы көшеге шығамыз дедi, – деп салғаны. Мұндай жаланы күтпеген басым күйiп кеттiм, үстелдi жұдырықпен бiр-ақ қойдым да: “Болды!.. Ендi не iстесендер де ерiктерiң. Мен ештеңе де айтпаймын», – деп отыра кеттiм.

Екi-үш минөт тым-тырыс қалдық. Әлгiнде тергеушi Қайратты үгiттеп, қорқытқан ғой деп ойладым. Тергеушi маған көзiн тiккен. Бәлкiм, қазiр кiнәсiн мойнына алып, кешiрiм сұрап жалынар десе керек. Мен де үнсiз мелшидiм. Осы кезде Қайраттың ар-ұяты шыдамады-ау деймiн: “Жаңағының бәрi өтiрiк. Өшiрiп тастаңыз. Мен ендi шындықты айтамын”, – дедi. Ал, Iлияс болса, бiрден-ақ бар шындықты жайып салды. Сосын бiр сағаттан кейiн тергеушi iшке шақырып: “Сауханов, сен өзiңдi ақтадың. Боссың!” – дедi... Институтта бастауыш комсомол қатарынан, не оқудан шығару мәселесi күн тәртiбiне қойылды. Бiрге оқитын студенттер комсомол қатарынан шығаруға, бiрақ оқу орнында қалдыруға жүз процент қол көтердi. Сол-ақ екен, жиналысқа қатысып отырған институт комсомол ұйымының хатшысы:

– Егер бұл комсомол қатарынан шығарылса, институттан да автоматты түрде шығады, – деп мәселенi бiр-ақ ауыз сөзбен шешiп тастады. Отырғандар iштей қарсы болса да, өзiмiз бiрдеңеге ұшырап кетермiз деген қауiппен үнсiз калды. Бары – осы...

Иә, бары осы ма?

Сексен алтыншы жылғы желтоқсан сойқаны Өскемен қаласында да жастардың толқуына әсер еткенi даусыз. Бiрақ бұл толқуды сол кезде ешкiм де сабырлылықпен, салқынқандылықпен салмақтай қоймады. Жастардың көшеге стихиялы түрде шыққаны жоғарыдағы куәгердiң сөзiнен анық көрiнiп отыр. Тiптi олар әлi күнге дейiн өздерiне қандай айып тағылғанын, № 830 “с” бұйрығында берiлген айыптаудың мазмұнын да бiлмейдi екен. Сегiз адам қол қойған “за идейно-политической неубежденности в социалистическом строе, проявление чуждой морали, выразившихся в виде оголтелого национализма, учинении массовых беспорядков на улицах г.Усть-Каменогорска...” деген бұйрықтың өзi құпия түрде берiлсе керек. Өйткенi, бұл бұйрықтың өзiнде көп қайшылықтың ұшы көрiнiп тұр. Қалада “қаны тамшылаған ұлтшылдықтың” бола қоймағанынан, “жаппай бейбастақтықтың” еш жерде көрiнiс бермеуiнен осындай жалған бұйрық берiп отырған жоғарғы оқу орнының өз басшылары да қорықса керек.

Өскемен педагогика институтының ректоры Ережеп Мәмбетқазиевтiң айтуына қарағанда, сол кезде бұл оқу орнында еңбек және соғыс ардагерлерiнен құрылған институт мұғалiмдерi комиссиясы құрылып, олар көптеген жазықсыз студенттердi жазаланудан аман алып қалған. Мұндай игiлiктi iске институт партия ұйымының хатшысы Анатолий Адамович Поюк мұрындық болғанның орнына: “Обкомның идеология бөлiмiнен маған телефон соғып жатыр, сiздер неге кiнәлiлердi шығармайсыздар? Тезiрек шара қолданыңыз!” – деп ректор мен құрылған комиссияның мүшелерiн мазалай берiптi.

Ал, сол бiр дүрбелең уақта Обкомның идеология бөлiмiн басқарып отырған Г.Л.Бердюгин жоғарыдан нұсқау мен бұйрықты телефонмен талай жерге шалған. Ол IIМ, МҚК т. б. мекемелер қарайтын обкомдағы әкiмшiлiк комиссиясын кейiн де көп уақытқа дейiн “курировать” етiп отырған. Желтоқсан жағдайында бұл билiктi де емiн-еркiн пайдаланып, тоқырау жылдары тұрғысынан “тiкелей басқарып”, тоталитарлық қана емес, империялық жолмен жедел жүзеге асырған. Бiрақ бұл жерде Бердюгиннiң өзiне де “жоғарыдан” бұйрық келгенiн, жоғарыдағы “ұр тоқпақ” Зақаш Камалиденовтың өзi жастарды “алашордашылдар” дегенiн ұмытпағанымыз жөн.

Алматыдағы желтоқсан ызғары сол күндерде ауыл-селоларға да жеттi. Күршiм ауданындағы аупарткомның идеология бөлiмiн басқарған Ысқақов та “Қалғұты” совхозындағы ауыл мұғалiмдерi Әлтай Есқалиев пен Ақбота Болатоваға жағдайдың мәнiсiн түсiндiргеннiң орнына, жиналыста дүрсе қоя берiп, тiптi мұғалiмдердiң артына шырақ алып түсiптi. Сол кезде Өскемен Сауда техникумының үшiншi курс студентi, Күршім ауданы Құйған аулынан шыққан Гүлжан Кәрiмғозина кәмелетке жасы толмаса да, қазақша бiлмесе де, “өкiметке қарсы қазақ тiлiнде листовка жазған қауiптi элемент” ретiнде жауапқа тартылып, бiр жылға сотталып кеттi. Жоғарғы Кеңесте құрылған Желтоқсан комиссиясы Гүлжанды қылмысының жоқтығына байланысты толықтай ақтап шықты.

*     *     *

...Зайсаннан шыққан автобус балықшылар ауылы Тұғылға түс ауа жеткенде күн шайдай ашық екен. Мұнда құсқанаты түнде жауып, Ертiстi бойлай Алтайға ауып кетсе керек. Тарбағатай өңiрiнiң көгi көкөңездене қалыпты. Наурыз күнi ғана шағырмақ. Тобықтан түскен құсқанаты қара жердiң бетiнде шала-пұла ерiп, темiреткiдей шұбартып жатыр. Тұғылдан әрi Ақжар жақын. Көп кешiкпей Толағай тауын бүйiрлей орағытып, Тарбағатай ауданының орталығына да жеттiк.

Ертеңгiсiн ертемен Тарбығатай ауданы басшыларының бірі Марат Қарасаевпен Сәбираның ауылы Ақмектепке келе жатып: “26.12.86 г. Между Мухамеджановой”, ее матерью и классным руководителем педагогического училища произошел разговор по поводу ее поведения и успеваемости, после чего Мухамеджанова пошла в общежитие. Зайдя в свою комнату, она пошла сразу же к окну стала на подоконник и высунулась в форточку, а потом через нее выбросилась с 5-этажа. В машине “скорой помощи” Мухамеджанова скончалась”, – деген Ульба аудандық прокуратурасының тергеушiсi А.М.Альферовтың қорытындысын еске түсiрiп, тергеушi “нелiктен желтоқсанға қатысты конфликтiнiң туғанын, ұрыс-керiстiң түп-төркiнiн жасырып қалды?” деген түйткiлге жүйрiк ой тiзгiнделе бердi.

Кешiкпей-ақ түйiлген түйткiлдi алпысқа кеп қалған ақ шашты Сағидолдина Күлшар-апа аз да болса тарқатты.

– Мен жатақханаға жеткенiмде, Сәбирам түскi сабаққа кеткен екен. Тәрбиешiсiнiң рұқсатымен кiлт әкелген соң 141 бөлмеге барып отырғанымда, қызым келiп құшақтап, денсаулығымды сұрады. Көңiлiм босап, оны қатты қысып жыладым... Көп кешiкпей жиналысқа шақырып келдi. Сол-ақ екен жүрегiм бiрдеңенi сезгендей атқалақтай, аузыма тығылып, барғым келмедi. Сол сәтте Сәбирам: “Менi 10-класқа қайта қабылдай ма?” – дедi. Мен: – қабылдайды, дедiм. Сосын: “Сатқын деген ат жақсы ма?” дедi абыржып, көзi ұшқын шашып тұр екен. Мен бейшара, ойымда түк жоқ: ол сөздiң несi бар деппiн. “Өзiңiз мұғалiм бола тұрып, оның жай сөз емес екенiн бiле тұрып, қалай айтып отырсыз?” – дедi ол ренжiп.

Жиналыста менен басқа ата-аналардан екi әйел, үш еркек бар екен. Жиналыс жүрiп жатқанда Сәбирамның класс жетекшiсi Шолпан: “Сен барлық қыздар үшiн жауап берем деп едiң ғой, – деп қызыма шүйiлдi. – Соны шешеңе қайталап айтшы”. “Өзiңiз ауылдың мұғалiмi емессiз, осы сөздi қалада тұрып қалай айтасыз, ауыл мұғалiмiне?” – дедi де, қызым түрi бұзылып, булығып, еңiреп жiбердi намыстан.

“Менiң балам, сүт кенжем, өзiмнен де ауыр сөз естiген емес едi”, – дедi. “Иә, солай ма?” – дедi класс жетекшiсi. Сөйттi де: “Ендi бұлардың училищеде оқу-оқымауын директор шешедi” деп, есiктен шығып кеттi. Осы кезде Сәбирам өзiмен бiрге жиналысқа түскен қызбен қасымда тұр едi, iле-шала қайда шығып, қалай шығып кеткенiн байқай алмай қалдым. Класс жетекшiсi қайтып келдi, директор көрiнбедi. Бiз күтiп қалдық. Бес минөт өтпей жатып-ақ екi ер бала жүгiрiп келiп: “Апай, бесiншi этаждан құлап, қызыңыз өлiп қалды!”, – дедi аптығып. Менiң жүрегiм тас төбеме шықты. “Менiң Сәбирам ба?” дей бердiм. Есiктi таба алмай қалдым... Балам, бала-ақ едi!...» – деп көзiнен жас парлаған ана отырып қалды.

Ал, Сәбираның класс жетекшiсi Шолпан Мұхамедиеваның отыз жыл мектепте мұғалiм болып, құрметтi демалысқа шыққан бұл адамның ақыл-есiне күмән келтiргенiнiң бекер екенiне, ешқандай үлкен қызының асылып қайтыс болмағанына, шаңырағының естерi бүтiндiгiне көзiмiз жеттi. Рас, бiр ұлы рактан қайтыс болыпты. Он алты жасар кенжесiнiң өлiмi бұл шаңырақты дауыл тұрғандай шайқалтып кетiптi. Алпыс үшiншi жылғы Сәуле сiңiлiсi Сәбира өлiмiнен кейiн бас ауруына шалдығыпты, қарындасы қайтыс болған кезде әскерде жүрген алпыс сегiзiншi жылғы iнiсi Төрехан келген бойда iшiмдiкке салынып, бұзылып кете жаздапты. Бәрiнен де, “Сәбираны өлтiрiп әкелген сенсiң, сен кiнәлi!” деп екi күннiң бiрiнде ақ шашты ананың басынан сөз айырмайтын әкесi Ерсiнбектiң күйiгi бүкiл ауылды күңiрентедi. Ашынған әке: “Бәрi өлiп, сол аман жүрсе, артық едi!” – дейдi.

17-қазанда үйiне жазған хатында Сәбира сағынышты шерте келе, “Класс жетекшiмiз бiр мәжiн. Ананы iстеңдер, мынаны iстеңдер деп мылжыңдай бередi...” деп баға берiптi. Осының өзiнен-ақ желтоқсанға дейiн де оқушы мен класс жетекшiсi арасындағы жағдай шиеленiсе түскенi анық байқалады. Сондықтан шешесi қанша жалынса да, жиналыс үстiнде кешiрiм сұраудан Сәбира бас тартқан. Мұның өзi – Сәбираның бiржола тұйыққа тiрелгенiне, он алты жастағы өтпелi кезеңдегi жас қыздың өлiмнен басқа жол таңдай алмауына айғақ дер едiк. Әрине, бұл жерде класс жетекшiсi, мұғалiмдер ұжымы педагог ретiнде өтпелi кезеңде жасөспiрiмнiң қандай iске де бас тiгетiнiн ескерiп, оны iштей түсiнiп, тығырықтан шығарудың жолын қарастыруы керек едi. Өкiнiштiсi, олай болмай шықты.

Сондай-ақ, Шолпан Мұхамедиеваның “Сәбира бiр жолы кеудесiн, бiлегiн алмаспен тiлiп тастапты. Мұны айтып жүрген – Зәуреш Байырова” деген сөзiмен, Зәурешпен де кездестiк. Ол бiрiншi курста ғана бiрге тұрғанын, Сәбираның аса адал, өжет екендiгiн айта келiп, кеудесi мен бiлегiнен тiлiнген жерiн байқаусызда бiр көрiп қалғанын, бiрақ оның өлiмiне мұның ешқандай қатысы жоқтығына, Сәбира сана-сезiмiнiң сызатсыз мөлдiрлiгiне кепiлдiк бере сөйледi. Ал, екiншi курста бiрге тұрып, қайтыс болған сағатына шейiн бiр болған Уатқан Қасымова мұндай қылықты Сәбирадан мұлде байқамағанын, көзбен кермегенiн айта келiп, Сәбираға қатысты кезеңдi жасырмай жеткiздi.

– Сол, 1986 жылы 22 желтоқсанда бiздiң группа сабаққа барған жоқ. Ол күнi қазақтарды көтерiлiске шығасыңдар деп, тәрбиешiлер жатақханадан шығармай жүр екен. Бiздер бiрден-екiден дүкенге барамыз деп таңертең тоғыз жарым мөлшерiнде көшеге қыдырып кеткенiмiз – көшеде, пәтерге кеткенi – пәтерде, бiр сөзбен, әркiм өз шаруасымен тарап кеттi. Сағат бес мөлшерiнде бiздiң группаның қыздарын жатақханаға кiргiзбестен, келген бетте “сендердi училищеге шақырып жатыр” деп ауыздан аттандырып жатыр екен. Училище оқу iсiнiң меңгерушiсi Мария Жұмағұлованың кабинетiнiң алдына жиналып қалған қыздардың арасында кей қыздар жылап-сықтап тұр. Әсiресе, Сәбира елден ерек ботадай боздап, қыздардың қой дегенiне көнбей жылап отыр. “Не болды?” – деп сұрасақ, “Бәрiне кiнәлi мен! Қыздар үшiн мен берем жауапты. Мен бәрiн бастаған. Мен кiнәлi!” – деп айтыпты мұғалiмдерге.

Бiздi де бiр-бiрлеп шақырып алып сұрады. Iште Мария Жұмағұлова, Останина, Шолпан Мұхамедиева бар екен. Мұғалiмдерiмiз “күдiктi” қыздардың қатарына кiргендердiң ата-аналарын шақырып жеделхат салды. Зайсандық Жанат Ахмедиеваның: “Бiз не iстедiк? Ешкiмдi де бастап апарғанымыз жоқ қой. Бастағанда қайда апарамыз?” – деп зар жылағаны әлi есiмде...

Ата-аналарын шақырған құрбыларыммен 26 желтоқсан күнi жеке жиналыс болып жатқанда мен сабақтан келiп, тамақ пiсiрiп қойып, үйлерiмен сөйлесуге телеграфқа кеткен Гүлнәр мен Жанарды және шешесiмен жиналысқа кеткен Сәбираны күтiп, алдыма дипломатымды қойып, төсек үстiнде сабақ қарап отырғам. Кеш қарайып қалған мезгiл. Кенет есiк сарт етiп ашылып, көзi жылағаннан қанталап, iсiнiп кеткен, жүзi ашу-ызадан өрт сөндiргендей Сәбира кiрiп келдi. Мен: “Не болды?” – дедiм жүрегiм қобалжи. “Ештеңе болған жоқ”, – деп бiр-ақ қайырды. “Мамаң қайда?” дедiм. Сәбира терезеге қарай қозғалған бетте: “Соны қарағалы тұрмын” деп, терезе ернеуiне секiрiп шықты. Сыртын перде жауып қалды. Ойымда түк жоқ, мен есебiмдi шығарып отыра бердiм. Iле-шала терезе пердесi сытырлады. Жалт қарасам, Сәбираның аяғы желдеткiштен көрiнедi. Шошығанымнан атып тұрып, жөнеле бергенiмдi бiлем. Сол кезде Сәбираның «Қош!» деген ащы бiр даусын естiп қалдым. Қарсы бөлмедегi қыздарға жүгiрiп барып: “Қыздар, Сәбира секiрiп кеттi!” – дедiм. 108-109-бөлмедегi қыздармен бiрге бәрiмiз төменге жүгiрдiк. Бiрақ бiздi бiрiншi қабаттан тысқа шығармай қойды. Қыздарды тәрбиешiлер бөлмелерiңе барыңдар деп таратып жiбердi. Мен бөлмеде отыра алмадым.

Желдеткiш ашық тұр... Сәбира шешемдi қараймын деп, менi алдап секiрiп кеткен сияқты болды да тұрды. Аяғының астына терезе алдындағы ток плитканы қойыпты. Жүрегiм қобалжып, шыдай алмай төменге түстiм. Бiрiншi қабатта Сәбираны зембiлмен көтерiп келе жатыр екен. Бетiне ақ жауып тастапты. Сосын “жедел жәрдеммен” ауруханаға алып кеттi. Көз алдым тұманытып, егiле бердiм.

Әлден уақытта Сәбираның шешесiн бөлмемiзге ертiп келдi. Ол кiсi: “Қызым, сүт кенжем-ау, бұл не iстегенiң? Не жазығың бар едi? Өлтiрдi ғой!.. Өлтiрдi!..” – деп үзiп-үзiп сөйлей бердi. Шешей бiр-екi күн Сәбираның төсегiнде жатып шықты... Кәрi ана қатты қиналып, көз алдымызда шөгiп кеттi.

– Қарағым! – деп жiп иiрiп отырған Уатқаннын анасы Жұмахан шешей әңгiмеге араласты. – Сол Сәбираның өлiмiнен кейiн, қасында бiрге болған бұған да оңай соққан жоқ. Түн баласында шошып оянатын болып кеттi. Жүрегi аузына тығылып, алғашқы кезде тiптi талып та қалатын. Дәрiгерлер қатты шошынған, жүрегi ауырады дейдi. Қазiр де тiлiнiң астына тәбiлеткi қойып, қысылып қалып жүредi...Сәбираны сол кезде не нәрсе итермеледi екен деп мен де кейде ойланамын. Он екiде бiр гүлi ашылмай кеттi ғой, қайран қарағым!..

Шешей көзiне жас iркiлiп, үнсiз қалды.

Иә, көңiлдегi көп түйткiлдiң түйiнi тарқағандай... Бiрақ тергеушi Альферов бұл өлiмнiң жай өлiм емес екенiн бiлсе де, мойынға алар жауапкершiлiк пен желтоқсан дүрбелеңi дегеннен бойын тартып, “разговор по поводу ее поведения и успеваемости” деп, сылап-сипап қана “жабулы қазан жабулы қалсын” ниетiмен, қасақана жылы жауып қойғаны сөзсiз. Бұл жерде класс жетекшiсi Шолпан Мұхамедиеваны ғана кiнәлi деу ағаттық болар едi. Егер Сәбирамен, оның анасымен әңгiме болған сәтте училище директоры Николай Баранов келiп, басқа да мұғалiмдермен бiрге бар жағдайдың анық-қанығына жеткенде, қайғылы жағдай болмас па едi?!

Сәбира туралы сол кезде Жоғарғы Кеңес комиссиясы өз сөзiн айтты. Бiрақ... суық қарыған жауқазындай жас ғұмыр ердiң – ерi, азаматтың – азаматы ғана шыдайтын нар iстi нахақ та болса мойнына алып, жарық дүниеден саналы түрде баз кештi.

Қайсар қазақ қызы Сәбира осындай қаһарман еді...

Асқар Алтай, 

Abai.kz

50 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1487
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5527