Үдерiстердi бөл. Бiр мезгiлде бiр жұмыс.
Желтоқсанның 31-і күні, 14 жасқа толып қалған кезім болатын. Аң аулап қайтып, жаңа жылда дастарханға әкеп қойғанға бір-екі қоян атып алғым келді. 16-ны (калибр) алып алдым қолыма. Талай нәрсе басынан өткен ескі мылтық. Сол мылтық өзіме қатты ұнайтын. Өткені менің ең алғаш ұстаған мылтығым болатын. Әкем өзіне ТОЗ-12 cатып алып, оны маған бере салған.
Үйден шыққаннан кейін жағасында қалың бұта өскен Сарыкеңгір өзеніне қарай бет алдым. Тағы біраз жүргеннен кейін бiр. жылымнан дүр етіп ұшқан жабайы үйректерді көрдім. Қыстың ортасында бұл жерде өмірі үйрек болмайтын. Қуанып кетіп, солай қарай асықтым. Үйректер жүрген келесі жылым бір –екі шақырымдай екен. Жақындай бергенде үйректер мені көріп қалып, тағы үркіп кеттi. Сөйтіп 5-6 рет қайталанды.
Ақыры қоймай жүріп семіз біреуін атып алдым. Мұз болып қатқан судың бетінде қалқып қана тұр екен. Әлгіні аламын деп ентелей берген кезде мұз ойылып кетіп, суға күмп ете түстім. Сонда да мылтығым су болып қалмасыншы деп, оны мұздың бетіне қарай лақтырып үлгердім. Өзім сол суда тұрған бетте киімнің бәрін шешіп, мұздың үстіне қарай лақтырдым да, әбден жеңілдегеннен кейін мұздың бетіне қарғып шықтым. Киімдерім қатып қалыпты. Бұтымдағы кальсон мен мұздың бетінде тұрған керзі етігім ғана сау екен.
Ауылға дейін 18 шақырым болатын. Күн 30 градустай аяз. Не істесем екен деп бірер минуттай аңтарылып тұрдым да, етігімді киіп, мылтық пен үйректі алып мұздың үстімен үйге қарай тұра жүгірдім. Кешкі сегізге қарай, үш сағаттан кейін үйге жеттім ентігіп. Әке-шешемді шошытпайыншы деп жолдан досымның үйіне соғып, соның киімдерін киіп алдым.
Үйрек алып келгенімді көрген шешем қатты қуанды. Жаңа жылды біз сол үйректің етін асып қарсы алдық. Осы оқиғадан үлкен сабақ алып, кейін оны талай рет ара-арасында есіме түсіріп отырдым. Бір оқпен бірден екі қоян атып алуға ұмтылмай, бір жолы бір-ақ жұмысты бітіріп алғаның дұрыс екен. Бiр уақытта екi үдерiстi жүргiзуге болмайды деген ереже шығардым өзiме. Егер маған біреу сол кезде үйректі алып кел деп айтса, мен қазір бәрін басқаша істейтін едім. Алдымен артық киімнің бәрін шешіп тастап, сосын жаңағы үйректі іліп алатын бір бұтақ сындырып алатын едім де, сөйтіп үйректі де алатын едім, киімдерім де құрғақ болып қалатын еді. Содан бері мен бір жұмысты екі рет істемес үшін алдымен жақсылап ойланып алып, сосын барып қана іске кірісетін болдым!
Марғұлан Сейсембайдың әлеуметтік желідегі жазбасынан
Abai.kz