Сенбі, 23 Қараша 2024
Бетбұрыс 2184 0 пікір 4 Ақпан, 2020 сағат 15:57

«Nur Otan» мен Кәсіподақтар федерациясы күш біріктірді

Қазақстанның Кәсіподақтар федерациясы мен «Nur Otan» партиясы өзара әріптестік туралы меморандумға қол қойды. Ол бойынша алдағы уақытта партия мен федерация бірлесе отырып, елдегі һәм елден жырақта жүрген еңбеккерлердің құқығы мен мүддесін бірлесе қорғамақ.

Бүгін қабылданған өзара ынтымақтастық туралы меморандум - елдегі жұмыскерлердің әлеуметтік һәм экономикалық мәселелерде құқықтарын қорғау, олардың әлеуметтік кепілдіктер мен лайықты еңбекақымен қамтылуын қадағалау секілді маңызды аспектілерді қамтып отыр.

Жиында сөз алған «Nur Otan» партиясы тқрағасының бірінші орынбасары Бауырдан Байбек, екі ұйымның мақсаты бір, мүддесі ортақ екенін атап өтті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр тұңғыш рет кәсіби мереке ретінде енгізілген Кәсіподақтар күнінде «Қазіргі кәсіподақтардың қозғалыстары еңбеккерлердің жұмыс орнындағы құқықтары мен еңбек қауіпсіздігінің сақталуын, лайықты еңбекақы мен әлеуметтік кепілдіктер алуын қамтамасыз етеді», - деп атап өткен болатын. Осы ретте, «Nur Otan» партиясы әрқашан қазақстандықтардың еңбек құқықтарын қорғауға ерекше көңіл бөлуде. Яғни, қызметкерлердің еңбек құқықтары бойынша мәселелер біздің ел үшін өте өзекті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «партия қарапайым адамдардың мұғалімдердің, дәрігерлердің, өнеркәсіптік кәсіпорын еңбеккерлерінің мүдделерін қорғауы қажет» деген болатын. Осы бағытта бүгін Кәсіподақтар федерациясымен өзара ынтымақтастықты одан әрі дамыту туралы келісім жасастық», - деді Бауыржан Байбек.

Өз кезегінде Федерация төрағасы Ералы Тоғжанов Кәсіподақтар жұмысына «Nur Otan» партиясы тарапынан жасалып жатқан жан-жақты қолдаудың маңыздылығына тоқталды.

«Nur Otan» – істің партиясы. Халықтың жанашыры боп отырған ең ірі, беделді партия. Өздеріңіз білесіздер, 2012 жылдың өзінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еңбек адамына байланысты үлкен мәселелерді көтерген болатын. Сол сұрақтардың барлығы бүгін де күн тәртібінде тұр» - деді Ералы Тоғжанов.

Айта кетейік, қазіргі таңда елімізде 9 миллионнан астам еңбек адамы бар болса,  солардың 2 миллионнан астамы Қазақстанның Кәсіподақтар федерациясына мүшелікте. Ал Кәсіподақтың 600-ден аса адамы «Nur Otan» партиясының мүшесі екен. Сондай-ақ, кәсіподақ ұйымдарының облыстық деңгейдегі 10 өкілі, аудандық және қалалық деңгейдегі 16 өкілі «Nur Otan» партиясы атынан мәслихат депутаттары болып сайланған.

Ал партия жанындағы «Jas Otan» жастар қанаты мен «Келешек» кәсіподақ жастар кеңесінің белсенділері бүгінгі меморандумнан кейін қолға алынатын бірлескен жобаларға белсенді атсалысуға ниетті екендіктерін жеткізді.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371