Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3866 0 пікір 8 Қыркүйек, 2011 сағат 16:52

Бір ғасырлық шежіре

Доссор кенішінен мұнай алынғанына  100 жыл толу мерейтойы аталып өтті

Доссор кенішінен мұнай алынғанына  100 жыл толу мерейтойы аталып өтті

Доссор жайлы айтқанда, алдымен қазақтың белгілі ақыны Асқар Тоқ­мағамбетовтің «Мұнайшылар мұнай бер» деп басталатын жыр жолдары  ойға оралады. Өйткені, екінші дүние­жүзілік соғыста Доссордан өндірілген «қара алтын» тікелей майданға танктерге құю үшін жөнелтілген. Осының өзінен Доссор мұнайының сапасы қаншалықты жоғары болғаны  айқын аңғарылады. Ал кеніштен өнім  алғаш алынғаны жөніндегі тарихи дерекке жүгінсек, Доссор мұнайын барлау 1857 жылдан тамыр тартқан. Нақ осы жылы Кирпичников дейтін тау-кен инженері Доссорға таяу жатқан көлді зерттегеннен кейін «Бұл жерде мұнайдың мол қоры бар. Қазынаны игеру өте қиынға түседі. Себебі, ауыз судың жоқтығы, елді мекендермен бай­ланыстың болмауы, әрі шөп ша­батын шабындықтың кездеспеуі барынша қиындық туғызады» деп өз байламын қағазға түсірген. Бұдан өзге  орыстың тағы бір зерттеушісі  Н.Северцев 1857 жылы Жайық бойын зерттей жүріп, Доссор жайында алғашқы мәліметті жазған. Кейіннен 1892 жылы Жайық даласы мен Үс­тіртті зерттеуге жіберілген  С.Ни­ки­тиннің жетекшілігіндегі экспедиция барлау жұмыстарын жүргізуге кіріседі. Осы мақсаттағы жұмысты тың­ғылықты жүргізу үшін тау-кен инженері Ижицкий де экспедиция құра­мына кіріп, олар Доссорда тереңдігі 9 метрлік  6 қол ұңғымасын қазады. Осындай бастапқы қадам жасалған соң Доссорда 1907 жылы барлау әрі бұрғылау жұмыстары қатар жүргі­зіледі. Ал 1908-1909 жылдары мұнай қабатының жоғары бөлігі бұрғы­ланып, бір тәулікте 1,7 тонна «қара ал­тын» алуға қол жетеді. Доссор мұ­найының өнеркәсіптік игеру жылна­масының басталуына 1911 жылғы 29 сәуірде №3 ұңғымадан мұнай бұр­қағының атқылағаны оң ықпал етеді. Себебі, бір тәуліктен астам уақытта, дәлірек айтқанда, 30 сағатта 226 метр тереңдікте қазылған дәл осы №3 ұңғымадан 16 мың пұт «қара алтын» өндірілген. Сол кездің өлшемімен есептегенде, бұл аз өнім болмауы мүмкін. Содан бері 100 жыл өтсе де мұнда мұнай тасқыны әсте тоқтаған емес.  Доссор кенішінің мұнайын өнер­кәсіптік игеру де, алғашқы жұ­мысшы табының қалыптасу кезеңі де дәл сол кезден, яғни, 1911 жылдан бастау алады. Екі жылдан соң Дос­сорда 2100 жұмысшы тұрақты кә­сіпке орналасып, Ембі мұнай­шы­ларының қатары 6000-ға жеткен. Ал Доссор атауын иеленген елді мекенде мұнайшылар қалашығының іргесі қаланып, 10 тұрғын үй,  8 казарма,  3 барак, 2 асхана мен аурухана, сондай-ақ, монша мен электр стансасы секілді күнделікті тұрмыс пен ырғақты жұмысқа қажетті нысандар бой көтереді.

Доссор мұнайының игерілуімен бірге, бірнеше кен орындарына да бар­лау жасала бастайды.  Өйткені, Дос­сор мен оған іргелес барланған кен орындарының мұнайы құрамында күкірт пен парафин мөлшерінің азды­ғымен ерекшеленеді. Демек, Доссор құрылымының мұнайы жеңіл әрі сапалық құрамы жоғары болуымен де сала мамандарының назарын аудара түсті. Оған дәлел ретінде Доссор мұ­найына деген қызығушылықтың, әсі­ресе соғыс жылдарында да, одан кейінгі кезеңде де арта түскенін айтуға болады. Доссор мұнайшылары соғыс­қа алынбай, броньмен мұнай өндіруге қалдырылады. Жан алысып, жан беріскен соғыс жылдарында доссорлық мұнайшылар 12 сағаттық жұмыс кестесімен толассыз мұнай өндірді. Сөй­тіп, тылдағы  еңбектің көрігін қыз­ды­ра жүріп, майдан даласындағы танк­тердің іркіліссіз жауға қарсы шабуыл­дауы үшін жанармайлық мұнайды майданға үздіксіз жөнелтіп отырған.

«Таста деп жалынса да Құдай үшін, Доссордан кете алмаспын мұнай үшін!» деп жергілікті қаламгер, марқұм Тәжі­бай Текеев жырлағандай, мұнайшылар осы мекеннен қоныс аударуды әсте ойлаған емес. Тіпті осы бір өлең шу­мақтары Доссор мұнайшыларының ұда­йы жадында жүреді. Сол себептен болар, байырғы мұнайшылар Доссорды баянды тұрмысының құтты мекеніне айналдырса, аға ұрпақтың ел игілігі жо­лындағы шежірелі еңбек жолын бүгінгі тәуелсіз елдің мұнайшылары  лайықты жалғастырып келеді.   Бір кездері бөш­кеге құйылып, түйеге теңделіп тасылған  «қара алтынды» өндірген байырғы мұ­найшылардың бүгінгі ізбасарлары енді осы заманның озық технологияларын меңгеріп, бір ғасырдан бері үздіксіз өндірілген мол өнімнің қайнар бұлағын   толастатпаудың қамына кіріскен. Тағы да дерекке жүгінер болсақ, алғашқы №3 ұңғымадан бұл күндері мұнай алынбайды. Бұл ұңғыма 1914 жылдан 1926 жылға дейін 12 жыл бойы мұнай берген. Бұл күндері жас мұнайшы Талғат Тасқынбаев басқаратын «Дос­сормұнайгаз» басқармасының иелігіндегі өзге кеніштерден мұнай алынады. Соның бірі 1993 жылдан бері мұнайдың толассыз тасқынын тасытқан кен алаңы -Шығыс Мақат. Мұнда 67 ұңғымадан мұнай өндіріледі. Биыл жаңадан бірнеше  ұңғыма қазуды көздепті басқарма мұнайшылары.

- Біз бала кезімізден Асқар Тоқ­мағамбетовтің «Мұнайшылар мұнай бер, Соны сенен сұрайды ел» деп бас­талатын өлеңін жаттап өскенбіз. Мұ­найшыларға жігер беретін осынау өлең жолдары ұдайы санамызда жаңғырып тұрады. Бір ғасыр толса да Доссордың берер мұнайы әлі таусылған жоқ. Жаңа ұңғымалар қазып жатырмыз. Зерттеулер жүргізілуде. Мұнай қабаттары қайта түзіліп жатқанын да білеміз, -дейді басқарма бастығы Талғат Тасқынбаев.

Доссор кенішін игерудің бір ғасыр­лық мерейтойына арналған шаралар әуелі Атырау қаласында басталды. Ал­дымен Махамбет атындағы драма теа­трында «Атамұнай» деп аталған кітап­тың тұсауы кесілді. Бұл жергілікті қа­лам­гер Айбосын Елеусіновтің бас редакторлығымен дайындалыпты. Кі­тап­ты парақтай бастасаң-ақ, тарихи деректер сырына қаныға түсесің. «Ата» сөзін қолдануға мынадай жәйт себеп болды. Доссор -қазақ жеріндегі тұңғыш игерілген кеніш, демек, мұнай өнер­кәсібінің кең көлемде өркен жаюының бастауы», дейді  авторлық ұжымға жетекшілік жасаған Айбосын аға Елеусінов. Кітап 6 тарауға бөлінген. Әр тарау­дың тарихи дерегі қазақ мұнай өнер­кәсібінің шежірелі жылнамасына қосы­латын құнды деректер. Сонымен бірге, мұнда 3000-ға жуық мұнайшының жеке суреттері, өмірдеректері қамтылған.  Ме­рей­тойлық іс-шаралар аясында  «Кас­пий: мұнай және мәдениет» атты фотоальбомның тұсаукесері болды. Ба­сылымға Маңғыстау,  Атырау облыс­тарының және Ресей Федерациясының  Астрахань облысының аумағы бойынша «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының қолдауымен жасалған алғашқы ғылыми-публицистикалық экспедицияға қаты­сушылардың сирек кездесетін, оның үстіне алғаш рет жарияланып отырған фотосуреттері мен жолжазбалары және философиялық эсселері еніп отыр. Басылым ғылыми-танымдық сипатта, өз елінің болашағына бейжай қарамайтын адамдарға арналған.

Ал салтанатты шарада мұнайшы­ларды алдымен облыс әкімі Бергей Рыс­қалиев  құттықтады. Ол осы мерейтойға орай Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтауын оқып берді. Содан кейін «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төр­ағасы Қайыргелді Қабылдин «Са­мұрық-Қазына» әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Тимур Құлыбаевтың құттық­тауымен таныстырды. Доссор кенішінің игерілгеніне 100 жыл толуына орай шығарылған естелік медальмен бір топ ардагерлер мен мұнайшыларды марапаттады.

«ҚазМұнайГаз» ҰК»  АҚ басқарма төрағасы Қайыргелді Қабылдин, «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ бас директоры Асқар Балжанов Атырау қаласындағы «Ембімұнайгаз» өндірістік филиалының мұнай даңқы мұражайы бар жаңа кеңсе ғимараты құрылысының негізін қалау салта­натына да қатысты. Бұл жаңа кеңсенің құрылысы екі жылдан соң аяқталады деп болжануда.

- Доссордың алғашқы мұнайшы­лары Батыс Қазақстанның басқа да мұнай кен орындарын игерудің қар­лығаштары болды, - деген   «Қаз­Мұнай­Газ» ҰК» АҚ басқармасы төрағасы Қайыргелді Қабылдин -Батыс Қазақстанның мұнай сала­сының дамуына өз үлесін қосқан­дардың атына Доссорда «Доссор мұнайына 100 жыл» ескерткіш тұ­ғыры мен Мұнайшылар даңқы саяжолының  ашы­луына қатысты. Осы жерде үздік мұнайшыларға 5 жеңіл автокөлік тарту етілді.

Доссор кентіндегі ме­рейтойлық іс-шаралар шең­берінде 80 орындық ба­ла­ларға арналған қазіргі за­манғы жабдықтармен, жи­һазбен, ойын ат­трак­цион­дарымен қамтамасыз етілген «Ботақан» бала­бақшасы да ашылды. Бұл балабақ­шаның құры­лы­сын салуға «Қаз­Мұнай­газ» Барлау Өн­діру» АҚ тапсырыс берген екен. Құ­рылысты жергілікті «Ғи­ма­рат» серіктестігі төрт ай мерзімде салып бітірген. Жаңа балабақшаның тұ­сауын облыс әкімінің орын­басары Асқар Керімов пен «ҚазМұнайГаз» Барлау Өн­діру» АҚ бас директоры Асқар Балжанов қиды. «Бұл - мұ­найшылардың Дос­сор ба­ла­ларына тартуы, осы жерде елдің келешегіне қыз­мет ететін патриот ұлан­дар тәлімді тәрбие алатынына сенімдімін», деді Асқар Балжанов.

Сонымен қатар, Доссор кентіндегі денешынықтыру- сауықтыру кешені қайта жаңартылып, күрделі жөндеу жүргізілді, тренажер және күрес залдары салынды. Стадионда футбол алаңының белгілерімен бірге жасанды газон жабындысы салынып,  қайта жаңарту жұмыстары атқарылды. «Мұ­найшы» мәдениет үйі мен «Дос­сормұнайгаз» МГӨБ ғимаратына, «Доссормұнайгаз» МГӨБ-тің қонақ үйіне де қайта жаңарту мен күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Осы кенттегі орта мектептердің аумағында жасанды жабыны бар бес спорт алаңы, кіші сәулет нысандары бар балаларға арналған бес аула алаңы орнатылды.   Доссордағы спорт кешенінде ембілік мұнайшылардың дәс­түр­лі спартакиадасы өтті.

- «ҚазМұнайГаз» ұлттық компа­ниясы жұмысының аса маңызды және ажырамас бөлігі - бұл әлеуметтік сала. Біздің кәсіпорындар қала түзуші болып табылады және оларға қызмет­керлеріміздің, олардың отбасы­лары­ның, біз қызметімізді жүзеге асырып жатқан кенттер, қалалар мен өңірлер тұрғындарының еңбек және өмір сүру жағдайын жақсарту үшін үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. «Қаз­МұнайГаз» Қазақстандағы ұлттық компаниялардың ішіндегі көшбасшы болғандықтан, осылардың бәрін жү­зеге асыру  біздің міндетіміз, -деп атап өтті ҚМГ басшысы. -Мәселен, Атырау облысы әкімдігімен әлеумет­тік серіктестіктің 2011 жылға арнал­ған бағдарламасы шеңберінде «Қаз­МұнайГаз» БӨ» АҚ Атырау облы­сында 300 млн. теңгеге 5 денешынық­тыру-сауықтыру кешені құрылысы­ның жобасын іске асырып отыр. Атырау облысындағы Миялы кентінде қазіргі заманға сай 150 млн. теңге тұратын денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталды. Бұл нысан Қазақстан Тәуелсіздігі күні қарсаңында іске қосылады.

«Ембімұнайгаз» өндірістік фи-лиал­­­ы­ның ең озық қызметкерлеріне және ардагерлерге «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ құрмет грамоталары мен естелік белгілері, сондай-ақ Доссор кен орнының - 100 жылдығына орай «Дос­сор мұнай кен орнына - 100 жыл» мерейтойлық белгілері табыс етілді. Мұнай-газ кешені қызмет­керлері күні қарсаңында Атырау қаласында және Атырау облысының Доссор кентінде, Доссор кен орнының 100 жылдығы және Қазақстан Тәуел­сіздігінің 20 жыл­дығына арналған іс-шаралар аясында еліміздің белгілі әртістері Нұрғали Нүсіпжанов, Айгүл Үлкен­баева, Жеңіс Ысқақова, Нұрлан Абдуллин және басқа да  өнерпаз­дардың қатысуымен гала-концерт өтті.

Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, Атырау облысы.

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1479
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3253
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5467