Министр Цойдың мәлемдемесі
Кеше Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке пандемия статистикасын біріздендіруді тапсырған болатын. Мемлекет басшысы бұл туралы Twitter желсіндегі жеке парақшасында жазды.
«Үкіметке пандемияның статистикасын біріздендіру міндеттелді. Азаматтардың денсаулығы мен өміріне коронавирустан бөлек, өкпе қабынуы да үлкен зардабын тигізіп отыр.
Пандемия ахуалы туралы барлық ақпарат қанша жерден ащы болса да, оны қоғам білуге тиіс. Жариялылық пен өзара сенім болғанда ғана, біз бірлесе отырып бұл індетті тезірек жеңеміз», - деді Президент.
Мемлекет басшысының осы тапсырмасынан кейін елімізде пневмониямен ауырғандар коронавирус жұқтырғандардың статистикасына енгізілетін болды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, коронавирус пен клиникалық және эпидемиологиялық белгілері коронавирусқа өте ұқсас пневмония індеті 1 тамыздан бастап бірге есептеледі.
«Коронавирус пен пневмония бойынша мәліметтердің ашықтығын барынша қамтамасыз ету үшін Денсаулық сақтау министрлігі статистикалық мәліметтерді тіркеу және ақпараттандырудың жаңа амал-әдістерін айқындады.
ДДСҰ-ның Еуропалық бюросы жүргізген техникалық кеңесті есепке ала отырып, біз КВИ жағдайларын кодтау мен тіркеуде халықаралық аурулар квалификациясының жаңа кодына өту туралы шешім қабылдадық», - деді Алексей Цой.
Министрдің айтуынша, коронавирус жұқтырғандар мен пневмониямен ауырғандарды бірге есептеудің артықшылығы - елдегі індет жағдайына дұрыс болжам жасауға пайдалы.
«Жаңа статистиканы жүргізу үшін COVID-19 ауруын кодтау тұрғысында медициналық қызметкерлердің құзыретін арттырып, ақпараттық жүйелерді реттеп, басқа да техникалық мәселелерді реттеу керек болады.
Сонымен қатар, Денсаулық сақтау министрлігі есеп жүргізудегі өзгеріс Қазақстанның коронавирус инфекциясын жұқтыру мен өлім-жітім бойынша халықаралық рейтингтегі позициясына жаман әсер ететінін түсініп отыр.
Бұл әдіс ауру жағдайына дұрыс болжам жасауға, қолдағы ресурсты, оның ішінде медициналық кадрларды, төсек-орынды, құрылғыларды, дәрі-дәрмекті ойлы жоспарлауға, статистиканы ашық жүргізуге мүмкіндік береді», - деді министр.
Алексей Цойдың айтуынша, жыл басынан бері 15 шілдеге дейін 234 187 пневмониямен ауыру жағдайы тіркелген. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 3-3,5 есе көп. Жыл басынан 15 шілдеге дейін пневмониядан 3327 адам қайтыс болған.
Айта кетейік, 3 маусымнан бастап денсаулық сақтау министрлігі коронавирус жұқтырғандарды симптомы бар-жоқ деп екі бөлек санап, тек ауру белгісі барларды коронавирус статистикасына кіргізіп отырды. Министрлік бұл тәжірибеден 1 шілде күні бас тартып, симптомы бар науқастар мен ауру белгісі жоқ науқастардың дерегін қайта қосқан болатын.
Осыдан бір апта бұрын Қытайдың Қазақстандағы елшілігі осы елде жүрген азаматтарына ақпар таратып, Қазақстанда «белгісіз» пневмония барын айтқан. Әлем басылымдары осы туралы жарыса жазып, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қазақстандағы пневмония ахуалы жөнінде пікір білдірді. Ұйым елдегі пневмония жағдайлары коронавирус болуы мүмкін екенін айтты.
Сондай-ақ, Қырғызстан билігі де бұған дейін пневмонияны коронавирус статистикасынан бөлек есептеп келген. Алайда кеше елдің вице-премьері Аида Смаилова Қырғызстанның пневмония жағдайларын коронавирус деп санауға көшкенін хабарлады.
Abai.kz