Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 2811 0 пікір 6 Тамыз, 2020 сағат 12:02

Мемлекет басшысы Ливан Президентімен телефон арқылы сөйлесті

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ливан Республикасының Президенті Мишель Аунмен телефон арқылы сөйлесті.

Қасым-Жомарт Тоқаев Бейрут портындағы жарылыс салдарынан қаза тапқан адамдардың жақындары мен туыстарына көңіл айтып, зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдірді.

Жарылыс кезінде Қазақстанның дипломатиялық өкілдігінің ғимараты бүлініп, бір қызметкердің жеңіл жарақат алуына байланысты Қасым-Жомарт Тоқаев Мишель Аунға Бейрутте жүрген Қазақстан азаматтарының (200-ден астам) қауіпсіздігін қамтамасыз етуді сұрады.

Мемлекет басшысы Ливанның оңтүстігінде БҰҰ Уақытша күштерінің құрамында қазақстандық 120 бітімгер сарбаздың өз міндеттерін лайықты әрі жоғары деңгейде атқарып жатқанын атап өтті. Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев Ливан үкіметі қазақстандық әскери қызметшілердің ауысуы кезінде олардың қауіпсіздігін сақтау үшін қажетті көмек көрсететініне сенім білдірді.

Әңгімелесу барысында тараптар Қазақстан мен Ливан арасындағы қарым-қатынастарды одан әрі кеңейту мәселелері бойынша пікір алмасты. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, Ливан Қазақстанның Таяу Шығыстағы маңызды серіктесі және екі елдің ынтымақтастығына баса мән беріледі.

Өз кезегінде Мишель Аун Қасым-Жомарт Тоқаевқа осындай қиын-қыстау кезеңде телефон шалып, қолдау көрсеткені үшін ризашылығын білдіріп, оның жылы лебізін Ливан халқына жеткізетінін айтты. Сондай-ақ Ливан билігі Қазақстан азаматтары мен дипломаттарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қабылдайтынын жеткізді.

Ливан Президенті Қазақстанмен арадағы екіжақты және көпжақты форматтағы іс-қимылдарды одан әрі нығайту мақсатында бірлесе тығыз жұмыс істеуге мүдделі екенін нақтылады.

Сонымен қатар Мишель Аун Қазақстанның БҰҰ мандаты аясындағы бітімгершілік қызметін жоғары бағалап, еліміздің өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі рөлін атап өтті.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5394