Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 7176 0 пікір 29 Маусым, 2009 сағат 08:48

Қойшығұл Жылқышиев: «АЛПЫСҚА КЕЛДІМ… АЛЫСЫП ӨТТІ БАР ҒҰМЫР»

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Махамбет және Ахмет Байтұрсынов атындағы сыйлықтардың иегері, мәдениет майталманы, Индер ауданының Құрметті азаматы, ақын Қойшығұл Жылқышиев алпысқа толды. Махамбет атындағы облыстық қазақ драма театрын басқаратын ақынмен аз-кем сырласудың сәті түсті.
-Құрметті Қойшеке, 60 жасыңыз құтты болсын!
- Алпысқа келдім,
Айтысса жеңдім,
Алысып өтті бар ғұмыр...
Тағдырға көндім,
Жандым да сөндім
Айдауда болдым алты жыл,
Ақталып шықтым ақыры...
Алғысын елдің
Айнала бөлдім,
Алпысқа келдім а-қы-рын...
-Ой-хой деңіз! Шабытқа шалқып отыр екенсіз. Біз Сіздің төрт-бес кітаптың авторы екеніңізді білеміз. Бәрі де өлеңдер. Бірақ, соңғы кезде еш жерде жарияланған шығармаңыз байқалмайды. Ол неге?
- Мен 2001 жылы Алматыдан Атырауға Махамбеттің 200 жылдығын өткізетін штабтың бастығы болып келдім. Содан бері бір де бір шығармашылық кешім өткен жоқ. Жұрт менің не жазып, немен айналысып жатқанымды қайдан білсін! Әйтеуір, менің шығармашылық кешімді өткізуге келгенде ақша жетпей қалады. Жылдың соңына қарай туған өзімде де бар.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Махамбет және Ахмет Байтұрсынов атындағы сыйлықтардың иегері, мәдениет майталманы, Индер ауданының Құрметті азаматы, ақын Қойшығұл Жылқышиев алпысқа толды. Махамбет атындағы облыстық қазақ драма театрын басқаратын ақынмен аз-кем сырласудың сәті түсті.
-Құрметті Қойшеке, 60 жасыңыз құтты болсын!
- Алпысқа келдім,
Айтысса жеңдім,
Алысып өтті бар ғұмыр...
Тағдырға көндім,
Жандым да сөндім
Айдауда болдым алты жыл,
Ақталып шықтым ақыры...
Алғысын елдің
Айнала бөлдім,
Алпысқа келдім а-қы-рын...
-Ой-хой деңіз! Шабытқа шалқып отыр екенсіз. Біз Сіздің төрт-бес кітаптың авторы екеніңізді білеміз. Бәрі де өлеңдер. Бірақ, соңғы кезде еш жерде жарияланған шығармаңыз байқалмайды. Ол неге?
- Мен 2001 жылы Алматыдан Атырауға Махамбеттің 200 жылдығын өткізетін штабтың бастығы болып келдім. Содан бері бір де бір шығармашылық кешім өткен жоқ. Жұрт менің не жазып, немен айналысып жатқанымды қайдан білсін! Әйтеуір, менің шығармашылық кешімді өткізуге келгенде ақша жетпей қалады. Жылдың соңына қарай туған өзімде де бар.
Ал, әзіл-оспақсыз айтсам, мен өлеңді өте сирек жазатын адаммын, сосын шөп те өлең, шөңге де өлең болып, той-садақа,қазанамаға арналып жазылған шатпақтарды көргенде жүрегім айнып, жұрт мені де сол дәрежеде көретін шығар деп өлеңдерімді жариялауға да ынтам болмайтыны рас.
-Онда сиясы кеппеген бір өлеңіңізді оқып бермейсіз бе?
-Оқиын:
Мен алпысқа келгенмен,
Құдай сақтап сөнгеннен,
Жас жігіттей жанып-күйіп жүремін
Жалыныңнан сен берген.
Айдың жүзі, күннің нұры бетіңде,
Еркелігің-кекілде.
Алпыс пенен албырттықтың арасы
Ан-ау жердің шетінде.
Сондықтан да сақ болғайсың,
жарығым,
Жүрегімді онсыз да отқа қарыдың.
Сен қызығар менде ештеңе жоқ, сірә,
өмірімнің бәрі-мұң...

Бірақ, қалқам, сенің өрттей қызуың,
Көңілімнің оятады бұзығын...
Алпыстағы мен болмайын қызығың,
Аман жүрсін ардай таза жүзігің...
-Апырай,ә! Мына өлеңді оқыса жеңгеміз желкеңізді үзетін-ақ шығар.
- Жұбайы желкесін үзіпті деген әлі бір де бір ақынды естігенім жоқ.
-Бәрекелді. Сізде атақ көп. Қайсыбірін айтайын. Бірақ, соның ішінде айдалып келген Сіз түгілі, ғұмыр бойы ащы терін төгіп, тұщы терін теріп жүрген бірқауым азаматтар жете алмайтын атақтар бар...
-Соларды қалай алдыңыз дейсіз ғой, баяғы?
-Иә...
-Бір молда кісі машинаға мініп, әрі-беріден соң ыстықтап, жүргізушіге:
-Балам, мына терезең ашылмай ма?-деп сұрапты.
Қушыкеш бала мына кісінің молда екенін біліп, «Ата, бір дұға оқып жібермесеңіз ашыла қоймас» дейді ғой әзілдеп.Үлкен кісі әлгі әзілге шынымен сеніп, күбірлей бастайды, бала да мына жақтан терезе ашатын кнопканы баса береді. Аң-таң ақсақал кішкенеден кейін тоңазығанда әлгі қу бала тағы бір дұға оқытып, терезені жауып беріпті.
Сонда молдекең: «Құдайдың бар екеніне жаңа көзім жетті ғой» деген екен.
Осы әзілде үлкен шындық бар. Алланың бар екеніне ауызбен емес, шын көңілмен сену керек. Сол сенім мені талай тығырықтан алып шықты. Мені әуелі Махамбет мазарына жол салдың деп, ол дәлелденбегесін Махамбетті қайта жерлеуге ақша шаштың деп,қызмет бабында кететін қателіктерді қылмысқа айналдырып, 12 жылға соттағанда мен сол сенімімнен айнығам жоқ. Үкім оқығанда менің қарқылдап күлгенім, жұртпен ашық-жарқын күліп қоштасқаным сондықтан болар. Бірақ, ағайындарым менің бұл қылығымнан қатты шошыпты. Жынданып кетті деген ғой. Сол жерден мені сол кездегі Жоғарғы Кеңестің депутаттары Фариза Оңғарсынова, Мұхтар Шаханов, Камал Смайловтар алып шықты. Достарым Нәсіпқали Сейітов, Базарғали Суханқұлов, Мереке Құлкеновтер 6 жыл бойы заң орындарының соңынан қалмады. Мен түрмеден 1991 жылы шығып 1994 жылы ақталдым. Содан бастап маған атақтар бірінен соң бірі келе бастады. «Құдайдың бар екеніне сендім» деген осыдан шығады.
-Сонда Дендерден Махамбет мазарына баратын 18 шақырымдық грейдер жолын кім салды?
-Халықта «Айбын Исатайдікі, атақ Махамбеттікі» деген сөз бар. Бұл жолды сол кездегі Индер борат кенішінің бастығы Байбосын Құсайынов лениндік сембілік есебінен салдырды. Атақ менікі болатыны: мен осы жол туралы жан-жаққа жаздым, жүгірдім, бастамашысы болдым (кейін сол жазбаларымды атақты ақын, қазіргі Дендер ауданының мәдениетін басқаратын Табылды Досымов тауып маған табыс етті). Ең азы - сол жол салушыларға тамақ тасыдым(арағы да бар). Бұл жол жұрт аузында Қойшығұл салдырған жол болып аңыз ретінде ғана қалды, аңыз дейтінім, ол жолдың қазір ізі де жоқ, жаңбыр шайып,үлкен машиналардың доңғалақтары жан-жаққа жырып, быт-шытын шығарды. Мені Андроповтың әуенімен шатағысы келіп, шатағанда әуелі осы жолды жапсырды. Өйткені, аудандағы сенбіліктерде тек игерілген қаржы ғана көрсетіліп, кімнің не істегені айтылмаған екен. Сондықтан мен тергеушіге ол жолды кім салдырғанын әдейі айтпадым. Қ.Байбосынов аудандық партия комитетінің бюро мүшесі еді. Пәлем тиер дедім. Тергеушінің өзі де ол жаққа жақындамағанымды жақсы көрген сияқты...Облыстық прокурордың орынбасары Мельников деген кісі тергеушіге:
-Онда бұл музей салдырған, машиналарын жөндеген, ансамбльге ақша төлеген, соларды тексер де, осыған жап, - деді көзімше. Шұқи берсе қан шығады ғой. Сөйтіп көзім бозарып кете бардым... Осы жөнінде қазақтың көрнекті ақындары Жәркен Бөдешев «Жол киесі», Оңайгүл Тұржанова «Махамбетке баратын жол» деген дастандар жазды. Өзім ақын болып өзге ақындардың кейіпкеріне айналдым.
-Беу, дүние-ай, деген... Содан?
-Содан режиссер Лұқпан Есенов екеуміз 1979 жылы ашқан «Тамаша» ойын-сауық отауына қайтып оралдым.
- Одан 1993 жылы неге кеттіңіз?
-Менің үстімнен Құдайберген Сұлтанбаев, Лұқпанның өзі, ақын Жарасқан Әбдірашев және оператор Әзімхан Бердалиевтер республиканың Бас прокурорына арыз жазды.
-Неге?
-Менің Максим Қорғанбаев деген досым: «Қойды баға білмеген қуалап өлтіреді, Қойшығұлды бағалай білмеген қудалап өлтіреді» деген мақал шығарып еді кезінде. Сол айтқандай, олар: «Бұл Жылқышиев сотталып келіп алып неге директор болады, мұның бұрын қаржымен шатағы болған, тексеру керек, жұмысқа жерлестерін алады, мінезі шатақ, ашуланса...ай-дап жібереді» деп заулатты. Содан мені бір ай тексертіп, ештеңе шықпағасын әлгілер «Қазақстан» телеарнасынан қашып КТК-ға тығылды. Кейін «Хабарға» келді. Өмірінің соңғы жағында Лұқпан бәрін түсінді.Мені «Тамашаны» алып қалуға шақырды. Баруға мүмкіндігім болмады. Қазір «Тамашаны» қызы Әлия басқарып жатыр. Жақында барып, білген ақылымды айтып кеттім.Өйткені, меншік иесінің біреуі мен ғой. Олар кеткесін мен «Тамаша теледидар театры» (ТТТ) дегенді аштым. Қазіргі танымал Дулыға, Асылбек, «Шаншар» театры сол ТТТ-ның қойнынан шықты.
- «Жалын» журналының поэзия бөлімін басқардыңыз, Алматыдағы екі үлкен театрда қызмет істедіңіз, кейбіреулерге армандай болған ақындар астанасын тастап, Атырауға қалай келдіңіз?
-Біз «Махамбет»қорын 1993 жылы Мереке Құлкенов екеуміз құрғанбыз. Президенттікті үлкен адамдарға, жолы ашық қой деп, академик Зейнолла Қабдолов ағамызға бердік. Сол 1993 жылдан бастап біз Махамбет жөнінде не істелуі керектігін Үкіметке ұсына бердік. Кезеңі келгенде, бұл тойдың штабын кім басқарады дегенде Зейнолла Қабдолов пен Мереке Құлкенов мені ұсынды, олар ұсынғанмен, сол кездегі облыстық әкім аппаратының басшысы Мұрат Өтешев «Бұл тек Қойшығұлдың ғана қолынан келеді» деп әкімді сендірмегенде менің мұнда келуім екіталай еді.
- Осы жылдарда өзіңіз тындырған қандай істерге көңіліңіз толады?
-Бұл енді ал, жыртыл... дегенге келеді ғой...Махамбет тойын өткізіп, Махамбет сыйлығын, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері»деген біздер үшін ең жоғары атақты алғаным... , «Мәдени мұра» бағдарламасын атқаруға үлес қосып, Шернияз, Исатай, Бала Ораз секілді заңғарларымыздың мазарларын тұрғызуға себепші болғаным..., «Атырауда айтыскер жоқ» дегенді жоққа шығарып, 4 бірдей айтыскерді республика аренасына алып шыққаным, өзім басқаратын Қазақстан Жазушылар Одағының Атырау филиалының жанынан құрылған «Армантау»жас ақындар клубының мүшелері Бақытгүл Бабаштың Халықаралық «Шабыт» фестивалінен Бас жүлде алуы, ал, Баян Хасанованың лауреат атануы, ақырында қиын күндерімді Махамбетке байланысты өткеріп, қызметтің қызған көрігін Махамбет атындағы облыстық қазақ драма театрынан көруім - осыларды өзім ғұмыр бойы мақтаныш тұтатын шығармын.
-40 жыл мәдениет саласында қызмет еткен екенсіз, қазір өзіңізді қалай сезінесіз?
-40 жыл демекші, мен осы театрдағы директорлығыма 40 мың теңге айлық аламын. Жалпы, өнер мен мәдениеттің айналасында жүргендердің бәрі жанкешті адамдар. Аз жалақы, көп айқай. Марапат, мадақ аз.Сонда да болса өнерді сүйген жүрекке тоқтам жоқ. Көрерменнің қолпашы, ағайынның арқасынан қаққанына мәз. Ал, өз басыма келсем, маған құдайдың берген қабілетіне,сол азын-шоғын қабілетім арқылы халқыма қызмет еткеніме ризамын, «Қызмет еттім халқыма, қолымның кәне, қарасы» деген ғой Тұрмағамбет ақын, қаншама қиыншылық көрсем де, қудалауға түссем де өзімді бақытты жандардың қатарында сезінемін.
Бірінші, жер басып жүргеніңнің өзі бақыт. Екінші,бала-шағаң, ел-жұрттың амандығы. Үшінші, кешегі күндері қандай едім, бүгін қандаймын деген шүкіршілік сезімі мені «бақыттымын» деп айтқызуға мәжбүр етеді.
- Әңгімемізді өлеңмен бастап едік, өлеңмен аяқтасақ...
- Алпыс дегенің аяқтан әлі шалған жоқ,
Аяулыларға алаңдауларым қалған жоқ...
Таңмен таласып,тағымен жарасып, дүние-ай,
Тапатып біздің бара жатқанда тарланкөк,
Алпысқа келсең, келмесең-дағы арман жоқ!
- Па, шіркін-ай!

 

 

СырласқанӨтепберген ӘЛІМГЕРЕЕВ.

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3242
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5394