Жұма, 22 Қараша 2024
46 - сөз 3325 1 пікір 1 Қыркүйек, 2020 сағат 13:23

Қырықкүйек - Білім күні - Кеңестік жазғы демалыс

1 қыркүйек - Білім күні. Күз мезгілінің алғашқы күні, алғашқы айы басталды. Кеңістік кезеңнен келе жатқан айтулы дата. Ертеде мал шаруашылығымен айналысқан қазақ қыркүйек айынан бастап үлкен науқанды жүргізетін. Ол -күйек алу науқаны. Күзде жақсы жүргізілген күйек науқаны көктемдегі төл басының көбею кепілі. Күйек шартты түрде қырық күнге созылатын, содан барып "қырық күйек" тіркесінің ауызекі сөйлеудегі қысқару құбылысна қарай "қыркүйек" деген ай атауы орныққан.

Кеңестік дәуірде қыркүйек жазғы демалыстың аяқталғанын, сөйтіп жаңа оқу маусымының басталғанын білдіретін таным орнықты. Оқу маусымын күз айында бастау патша заманынан келе жатқан дәстүр еді. Аграрлы, технология жағынан артқа қалған Ресей империясы жаз айында балаларды оқу ісіне тартпады. Себебі олар егін егіп, шөп орып, мал бағып ата-анасына жәрдем беруі тиіс еді. Сөйтіп, алты айға созылатын қыстың қамын ата-аналарымен бірігіп жасайтын.

Кеңес үкіметі де сол үлгіні жалғастырды. Социалистік меншік танымына сүйенген кеңес үкіметі балалар үшін жаз айларын демалыс етіп бекітті. Колхоз, совхоз балалары ата-анасына қыстың қамы үшін көмектесетін, қала балалары жаздық лагерьге тоғытылатын. Оның үстіне кеңес үкіметінің орталық басқару органдары Мәскеу қаласына, замануаи технологиямен жұмыс жасайтын зауыт-фабрикалар Ресейлік өңірге шоғырланып, шикізаттың мол көздері Солтүстік полис пен Сібір жақтан ашылып, онда жұмыс жасайтын кісілердің еңбек демалысын жаз айларына орайластыруға тура келді. Себебі қысы ұзақ, күн райының ашық күндері аз өңірлерде тұратын адамдарға (бұл кеңес үкіметінің көп өлкесіне тән еді) табиғи витаминдер (жеміс-жидек, күн шуағы) қажет болатын. Еңбек демалысын жаз айларында өткізу дәстүрі орталықтан басталып, кеңес одағына түгел жайылды. Енді ата-ана мен балалар жаз айында біршама уақыт бірге демалатын болды.

Кеңестік саяси элита жаз айында демалатын болғандықтан, саяси науқандар күзден басталатын болды. Жаз айлары кеңестік кеңістікте "өлі уақыт" болды. Кеңес одағының соңғы басшысы М.Горбачев жазғы демалыста жүрген уақытта "ГКЧП бұлғағы" болып, соның нәтижесінде одақ тарқап кетті.

Оқу жүйесі үшін де бұл уақыт сондай кезеңге айналды. Жаз айларындағы оқу үшін экономикалық, әлеуметтік тұрғыдан тиімді уақыт орталық өңірдегі кеңестік элитаның саяси танымына байланысты дұрыс пайдаланылмады. Оқу үрдісі - ол үздіксіз процесс. Онда көп уақытқа созылған демалыс болмауы керек. Дұрыс педагогикалық әдістемелік қағидаты да осыған тіреледі.

Айтайын дегенім, пандемия індеті адам денсаулығы үшін оқу үрдісін ұйымдастырудағы жұмыстарды қасаң қалыптан шығаруға болатынын көрсетті. Оқу да - еңбек . Ол бір қайықта немесе кемеде жүзіп бара жатқан балалардың, ұстаздардың еңбегі. Оның нәтижесі қайықтағы қос ескектің есуіне байланысты. Сондықтан оның кең айдында еркін жүзуіне экономикалық, әлеуметтік тиімділікті пайдалана отырып, оқу маусымын табиғи, географиялық ерекшеліктерге байланысты үйымдастыра білу қажет деп санаймыз. Бұл ойларымыздың кең нұсқасы бұған дейін де айтылған еді. Білім күніне орай сол ойлардың бір шетін қайта қозғап жатқан жайымыз бар. Әзірге, надандықтан адамгершілікке сүйрейтін ағартушылық сипаттағы әлеуметтік маңызы зор білім алу маусымының басталған күні құтты болсын!

Алмасбек Әбсадықтың әлеуметтік желідегі жазбасы

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5320