47 жастағы Қиясов Қазақ мемлекеттік медициналық университетін, Орталық Азия университетін, Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетін тәмамдаған.
Ол карьеарасын 1990 жылы Алматыдағы жедел медициналық көмек аураханасының жансақтау бөлімінің санитарлық дәрігері болып бастаған. 1997-99 жылдары Қазақстан әуе транспорттарының эпидемологиялық станциясында эпидемиолог дәрігер болған. 1999 жылдан бастап Президент іс басқармасы медициналық орталығында (мемлекеттің бірінші тұлғалары мен мемлекеттік қызметкерлерді емдеуге арналған аурухана, ғылыми орталық пен шипажайлар кешені) санитарлық дәрігер болып келген.
Қазақстан денсаулық сақтау министрі Алексей Цой бұл ведомствоға келгенге дейін Президент іс басқармасы медициналық орталығын басқарған.
Елде санитарлық дәрігер бір жылдың ішінде екінші рет ауысып отыр. 2020 жылдың 20 мамырында Жандарбек Бекшин қызметінен кетіп, орнына Айжан Есмағамбетова тағайындалған.
Айжан Есмағамбетованың қызметінен не үшін босатылғаны белгісіз.
Қазақстанда коронавирус пандемиясы өршіп, елде індетке шалдыққандар көбейген тұста елдің денсаулық саласында көптеген ауыс-түйіс болды. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов елде ауруханада орын жетпей, дәрі тапшылығы қысқан шақта қызметінен кетті. Өзі де коронавирус жұқтырғаны хабарланған Біртанов министрліктен "емделу үшін" кеткенін жазған. Кейін оның орнына Алексей Цой тағайындалды.
Бірақ ел президенті Қасым-Жомарт елдегі індеттің өршіп, ауруханадағы орын мен дәрі тапшылығына Елжан Біртановты айыптай сөйледі. Біртановтың тұсында жұмыс істеген вице-министр Олжас Әбішев "ақша жымқырды" деген күдікпен ұсталған. Қазір Біртанов жұрт көзінен таса болды. Ал Әбішевтің ісі қалай жүріп жатқаны белгісіз. Бұдан бөлек денсаулық сақтау министрлігімен тығыз байланысты Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры мен "СК-Фармация" компаниясының топ-менеджерлері жұмыстан босатылды. Билік Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры мен "СК-Фармация" компаниясына қатысты тергеу басталғанын хабарлаған.
Қазақстан - ТМД елдері ішінде коронавирустан қатты зардап шеккен елдің бірі. Елде 16 қыркүйектегі ресми статистикаға сай, 137 мыңнан аса адам індетке шалдығып, екі мыңнан аса адам қайтыс болды. Бұл есепке анализінен коронавирус табылғандар да; анализі теріс, бірақ клиникалық белгілері коронавирусқа ұқсас пневмонияға шалдыққандар да енген. Қазір елде індетке шалдыққан 127 мыңнан аса адам науқас дерттен айықты.
Abai.kz