Қарабақтағы қақтығыс. Қазақстанның позициясы қандай?
Таулы Қарабақта қайтадан соғыс оты тұтанды. Армения билігі қақтығысты Әзірбайжан бастады деп айыптап отыр. Әзірбайжан әскерінің шабуылы жексенбі күні таңғы уақта басталған. Ал Әзірбайжан билігі мұны «контр шабуыл» деп мәлімдеген. Олардың өзінше, соғысты алдымен Армения бастаған.
Бір анығы – Әзірбайжан мен Армения қарулы күштерінің арасындағы Таулы Қарабақтағы әскери шабуылдар әлі тоқтаған жоқ. Соғыс ошағынан түрлі хабарлар тарауда. Екі тарап та өз қарсыластарының көбірек зардап шеккенін айтып жатыр. Әзірбайжан әскерилері Қарабақтағы бірнеше ауылды өз бақылауына алғанын хабарлаған. Армения бұл ақпаратты жоққа шығарған. Әзірге белгілісі екі тараптан да қаза тапқандар бар. Олардың арасында бейбіт тұрғындар да бары расталған.
Армения
27 қыркүйек күні Армения премьері Никол Пашинян «Facebook-тегі» парақшасында жазба жариялап, Әзірбайжан Қарулы күштерінің Таулы Қарабақтағы елдімекендерге шабуыл жасағанын мәлімдеді.
Армения мен өзін-өзі «Әзірбайжаннан тәуелсіз республика» деп жариялаған Таулы Қарабақта әскери жағдай енгізілген. Армения Үкіметі елдегі әскерге жарамды азаматтарды шұғыл ұйымдастырып, әскер қатарына шақырған.
Армения премьері Никол Пашинян Таулы Қарабақты «Тәуелсіз ел» ретінде мойындау мәлімдемесін қарастыратынын хабарлаған. Осыған дейін Армения Қарабақ билігіне әскери араласып, көмектескенімен, оның Тәуелсіздігін ресми мойындамаған еді.
Никол Пашинян әскери мәлімдеме жасап, «Әзірбайжан армян халқына қарсы соғыс ашты. Ереван Таулы Қарабақ қауіпсіздігінің кепілі», - деп мәлімдеген.
Әзірбайжан
Әзірбайжан Қорғаныс министрлігі керісінше, соғысты Армения бастағанын айтады. Армения Әзірбайжан әскеріне және сол аймақтағы елдімекендерге оқ жаудырған.
Әзірбайжан Парламенті Таулы Қарабақтағы жағдайға байланысты елде әскери жағдай енгізді. Дәлірек айтсақ, Әзірбайжан астанасы Бакуде және өзге қалаларда коменданттық сағат енгізілді.
Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиев әскери мәлімдеме жасап, «Әзірбайжан қарулы күштерінің қазіргі әскери операциясы Таулы Қарабақты оккупациядан босатады», - деп мәлімдеген.
Түркия
Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Армения билігін айыптаған. Армения қарулы қақығысты ушықтырды деп мәлімдеп, Әзірбайжанды қолдайтынын жеткізген. Бұл туралы Түркия Президентінің ресми өкілі Ибрагим Калын хабарлады.
Ал Армения премьері Никол Пашинян әлемдік қауымдастыққа қайрыла сөйлеп, Түркияны бұл жанжалға араласпауға шақыруды сұраған.
Қазақстанның позициясы
Кеше Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Таулы Қарабақтағы жағдайға қатысты ресми мәлімдеме жасады. Қайсыбір тарапты жақтайтын я жақтамайтынын айтқан жоқ. Бейтарап позиция ұстанды. Алаңдаушылық білдіріп, тараптарды татуластыру үшін алаң ұсынды.
«Қазақстан Республикасы 2020 жылғы 27 қыркүйекте Таулы Қарабақта орын алған армян-әзербайжан қақтығысының ушығуына аса алаңдаушылығын білдіреді.
Бізге достас Әзербайжан Республикасы мен Армения Республикасын жағдайды тұрақтандыру үшін барлық шараларды қабылдауға, күш құралдарын пайдаланудан бас тартуға және мәселені келіссөздер арқылы шешуге шақырамыз.
Халықаралық ұйымдардың алаңдарында жанжалды шешудің бейбіт жолдарын іздеуге көмектесуге дайынбыз. АӨСШК (Азиядағы Өзара Ықпалдастық және Сенім Шаралары Кеңесі) қазіргі төрағасы ретінде кеңестің сенім шаралары пакетін пайдалануды ұсынамыз», - делінген мәлімдемеде.
Ресейдің позициясы
Кеше Армения премьер-министрі Никол Пашинян мен Ресей президенті Владимир Путин телефон арқылы сөйлесіп, Таулы Қарабақтағы жағдайды талқылапты. Кремльдің ресми сайты солай деп жазды.
Бастамашы болып Армения премьері хабарласқан. Таулы Қарабақтағы жанжалды тоқтату үшін Ресей тарабы да алаң ұсыныпты.
«Қақтығысты әрі қарай болдырмау үшін барлық шараларды қабылдау керек .Ең маңыздысы соғысты тоқтату керек», - депті Путин.
Батыс басылымдары Армения мен Ресей стратегиялық серіктес деп жазады. Себебі, Ресей Қарулы күштері Армения территориясында әскери база ұстап отыр.
Жалпы, 1994 жылы екі тарап қарулы қақтығысты тоқтату туралы келісімге келген. Алайда, аракідік екі ел әскерилерінің арасында ірілі-ұсақты қақтығыстар орын алып келеді. Кейінгі айларда осындай қарулы қақтығыстар жиіліген. Естеріңізде болса, биыл шілде айында Әзірбайжан мен Армения арасында қарулы қақтығыс болған. Ол кезде 17 адам қайтыс болған. Осыдан кейін Әзірбайжан президенті Ресейді айыптап сөйлеген. «Ресей Арменияға қару-жарақ жіберуді көбейтті», - деп мәлімдеген.
БҰҰ мәлімдемесі
БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гуттерриш Таулы Қарабақтағы әскери қақтығыстарға қатысты мәлімдеме жасап, БҰҰ позициясын білдірген.
Ол мәлімдемесінде екі тарапқа да үндеу тастап, «әскери қимылдарды дереу тоқтатып, келіссөз өткізуге» шақырған. БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гуттериш өз сөзінде Әзірбайжан және Армения лидерлерімен телефон арқылы сөйлесетін айтқан.
ЕО
ЕО ресми өкілі Жозеп Боррель Әзірбайжан Сыртқы істер министрімен телефон арқылы сөйлесіп, Таулы Қарабақтағы қақтығыс жайын талқылаған.
ЕЫҚҰ
ЕЫҚҰ Парламенттік ассамблеясының төрағасы Георгий Церетели қарулы қақтығысты тоқтатып, Минск жұмыс тобы аясында келіссөздерді жалғастыруға шақырған.
АҚШ
АҚШ билігі Таулы Қарабақтағы қақтығыстарды айыптап, оқ атуды доғаруға шақырған.
Президент Доналд Трамп Ақ Үйдегі брифинг кезінде: «АҚШ Таулы Қарабақтағы жанжалды мұқият бақылап отыр. Біз тараптарды қақтығыты дереу тоқтатуға шақырамыз», - деген.
Ал АҚШ президенттігіне үміткер Жозеп Байден Қарабақтағы қақтығыстар аймақтағы ірі жанжалға ұласып кетуі мүмкін екенін айтып, АҚШ президенті әкімшілігін қақтығысты тоқтатуға араласуды талап еткен.
Аргентина
Аргентина билігі Таулы Қарабақтағы қақтығыстарға қатысты алаңдаушылық білдіріп, Әзірбайжан мен Армения билігін ЕЫҚҰ-ның Минск жұмыс тобы шеңберінде келіссөздер жүргізуге шақырған.
Иран
Иранның Сыртқы істер министрлігі Баку мен Ереванға үндеу тастап, қақтығысты дереу тоқтатуға шақырған.
Иранның Сыртқы істер министрі Мохаммад Зариф Әзірбайжан және Армения Сыртқы істер министрлерімен телефон арқылы cөйлескен.
Эстония
Эстония БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде Таулы Қарабақтағы жағдайды талқылауды ұсынған.
Украина
«Украинаның Халықаралық әуежелісі» Армения мен Әзірбайжан арасындағы қақтығыстарға байланысты Ереванмен арадағы әуе байланыстарын уақытша тоқтатқан.
Греция
Греция билігі Таулы Қарабақтағы қақтығыстар кезінде бейбіт тұрғындардың қаза тапқанын айыптап, жанжалды тоқтату керектігін айтқан. Бұл туралы Греция Сыртқы істер министрлігі мәлімдеген.
Мексика
Мексика билігі де Қарабақтағы жанжалдарға қатысты алаңдаушылық білдіріп, жанжалды бейбіт жолмен шешуге үндеген.
Түйін. Таулы Қарабақ Армения мен Әзірбайжан арасындағы даулы территория. Қарабақтағы қақтығыс 1988 жылы Таулы Қарабақ автономиялық облысы Әзірбайжан КСР-нің құрамынан шыққанын жариялаған кезде басталған. 1992-1994 жылдардағы қарулы қақтығыстар кезінде Армения әскерінің қолдауына ие болған сепаратистер Әзірбайжанға тиесілі Таулы Қарабақ пен оған жақын орналасқан жеті облысты өз бақылауына алған. 1988-1994 жылдары аралығында болған әскери қақтығыс кезінде 30 мың адам қаза тауып, жүздеген мың адам босқынға айналған. Ал 1994 жылы қарулы қақтығысты тоқтату туралы Бішкек протоколы қабылданып, оған Армения да, Әзірбайжан да қол қойған.
Abai.kz