Жээнбеков жедел үндеу жасады
Қырғызстан президенті Сооронбай Жээнбеков Бішкектегі халықтық дүмпуден кейін жедел үндеу жасады.
«Құрметті отандастар! Өткен түні кейбір саяси күштер мемлекеттік билікті заңсыз қолға алмақ болды. Олар сайлау қорытындысын себеп ретінде пайдаланып, қоғамдық тәртіпті бұзды. Олар қала тұрғындарының тыныштығын бұзды. Олар құқық қорғаушыларға бағынбай, медицина қызметкерлерін соққыға жығып, ғимараттарға нұқсан келтірді. Мен бірде бір азаматтың өміріне қауіп төндірмеу үшін күш құрылымдарына оқ жаудырып, қан төккізбеуді бұйырдым.
Әзірге біз жағдайды ушықтырмау үшін барлық шараларды қабылдадық. Мемлекет тыныштығы, қоғам тыныштығы кез келген депутаттық мандаттан бағалы.
Мен Орталық сайлау комиссиясына заңбұзушылықтарды әбден тергеп, қажеттілік туындаса, сайлау қорытындысын жоюды ұсындым.
Саяси партиялардың көшбасшыларын өз жақтастарын тыныштандырып, оларды жиналған жерлерінен таратуға шақырамын. Мен өз отандастарымды бейбітшілікті сақтап, арандатушы күштердің үндеуіне құлақ аспауға шақырамын!. Біздің еліміздің бейбітшілігі мен қоғамымыздың қауіпсіздігі – ең маңызды дүние. Мен барлық күштерді еліміздің тағдырын саяси менмендіктен жоғары қойып, құқықтық алаңға оралуға шақырамын!», -делінген мәлімдеме.
Естеріңізге сала кетейік, өткен түнде митингіге шыққандар мен қарулы күштердің текетіресі сағат 20.00-ден басталып, аяғы «Ақ үйді» басып алумен аяқталған еді.
Наразы халықтың әуелі Парламентті, кейін Президент резиденциясын басып алғаны ақпаратта айтылды. Бұдан бөлек, Қырғыз президенті Сооронбай Жээнбеков Бішкекті тастап, елдің оңтүстігіне «қашып» кеткені хабарланды.
Қырғызстанның экс-президенті Алмазбек Атамбаев пен экс-премьер Сапар Искаковты халық қамаудан босатып алды.
Қырғызстанда парламент сайлауының қорытындылары жойылды. Бұл туралы Бас прокурордың міндетін атқарушы Алмамбет Шықмаматов хабарлады. Ақ үйден өрт шықты.
4 қазанда Қырғызстанда Жогорку Кеңештің VII шақырылымына сайлау өтті. Оған 16 партия қатысты. Олардың тек төртеуі ғана 7 проценттік межеден өтті.
Жеңілген партиялар сайлауы кезінде әкімшілік ресурстардың көмегімен өрескел заң бұзушылықтардың орын алғанын мәлімдеді.
Ал жеңіске жеткен «Биримдик» партиясы қайта сайлауға дайын екенін жеткізді.
Abai.kz