Жексенбі, 29 Қыркүйек 2024
Әлеумет 7185 3 пікір 2 Қараша, 2020 сағат 11:46

Зейнетақы қорында қанша қаржы бар?

Ұлттық банктің сөзіне сенсек, 2020 жылдың 1 қазанында дербес зейнетақы есепшотындағы салымның өсімі 10,8 млн-нан асып, осы аралықта жинақтау қорындағы барша қаржы 12,2 трлн-нан аса теңгені құрап отыр.  

Енді салымшылардың есепшотындағы қаржыны жас ерекшелігіне орай саралайтын болсақ: 31-40 жастағылар – 3,8 трлн теңге, 41-50 жастағылар – 3,7 трлн теңге, 51-60 жастағылар – 3,03 трлн теңге, 21-30 жастағылар – 1,1 трлн теңге және 61-70 жастағылар – 544,5 млрд теңге. Ең аз қаржы жинағандар 20 жасқа дейінгілер (11,6 млрд теңге), 71-80 жастағылар (4 млрд жуық теңге) және 81 жастан жоғарғылар (618,8 млн теңге) болып табылады.

Қай аймақ тұрғындары аз, қайсы көп салым жасағанын төмендегі Инфографикадан көре аласыздар. 

Амал не, тек 30-60 арасындағылардың 721 мыңы ғана өз жинақ ақшасын мерзімінен бұрын ала алады. Қалғандары инфилияция жем болып, қашан 63-ке толғанда өз салымшысының қолына тиетіні өкінішті. Өкініштісі, қазіргі өмір заңы сондай. 

Үй алам дегендерге ақшасын аударуға рұқсат етуін келесі сайланған депутаттардың еншісіне қалдырамыз. Қазіргі парламент шындығын айтсақ, өз сайлаушыларын осы мәселеге байланысты лақтырып кетіп отыр. Ал, қазанның құлағын ұстағандар қорда ақшасы бар салымшыларды болшағы бар бизнес-жобаларға қатыстырмай отырғандығын немен түсіндіреміз. Ең сорақысы салымшы мен жинақтаушы қор арасындағы әріптестік байланыстың тетігі болмауы да ойлантады. Салымшылар тарапынан көңілін алаңдатын сауал көп, бірақ жауап жоқ. Кезінде қазақ тіліндегі баспа және бейнеөнімдеріне жинақтаушы қордағы ақшаны салып пайда көзіне айналдыру мәселесін Abai.kz арқылы көтерген болатынбыз. Бұл жағынан келсек, орыс тілді билік құлағы саңырау.

Халықтың маңдай терімен тапқан нәпақасы топан ақшаға айналып кетпеуін айтып дабыл қағудың алды-арты бір мақаламен бітпейді. Жинақтаушы қордың өз салымшысына қазіргідей қып-қызыл зиян емес, тек таза пайда әкелуін біржола шешіп алатын кез туды. 

Әбіл-Серік Әлиакбар

Abai.kz

3 пікір