Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Біздің шенеунік 12488 49 пікір 3 Ақпан, 2021 сағат 14:01

Жас министр мемлекеттік тілді білмей ме?

Әсет Ерғалиев дейтін Үкіметтегі ең жас министр еді. Оның жасы – 34-те. 18 қаңтарда президент Тоқаев Үкімет құрамын бекіткенде, Маминнің «командасына» жаңадан екі министр қосылған. Сол екеудің бірі жаңағы Әсет Ерғалиев болды. Министр креслосына қонжиярдан бұрын, Ерғалиев сол министрлікте (Ұлттық экономика министрлігі) вице-министр деген лауызым иесі болған.  

Міне, сол Ерғалиев бүгін баяндамасын қолтықтап алып, Мәжіліске кепті. Сөйтсе, Мәжіліс депутаты Берік Дүйсембинов жаңа тағайындалған экономика министрін сөзбен сыбап алыпты.

«Сіз отыз жылдық Тәуелсіздігі бар, Тәуелсіз мемлекеттің Мәжілісіне алғаш рет келіп тұрғандықтан, сізге ескерту жасайын.

Сіз қазақ тілінде қойылған сұраққа ешқандай рұқсат сұрамастан, орыс тілінде жауып беріп тұрсыз. Жас болғаныңызға қарамастан, Сіз 18 миллион халықтың ішінен министр лауазымына лайық деп таңдалдыңыз. Сізді Тәуелсіздіктің құрдасы деуге де болады. Сіздің ана тіліңізде жауап беруге дайын болмауыңызды – ұят деп есептеймін! Менен Сізге өтініш – ана тілімізде қойылған сұраққа ана тілімізде жауап беріңіз!», - депті депутат Дүйсембинов.

Мәжілістің «KAZINFORM LIVE» YouTube арнасындағы тікелей эфирін қарап отырып, көргеніміз: Министр өз баяндамасын қазақ тілінде ежіктеп оқып  шыққан. Ескерту жасаған депутат Дүйсембиновке мифрофон тоғызыншы болып тиген. Оған дейін үш сұрақ қазақ тілінде, бес сұрақ орыс тілінде қойылған.

Министр Ерғалиев қазақша қойылған сұрақтарды құлаққаппен тыңдады. Ал сұрақтар орыс тілінде қойылған кезде құлақап тақпады. Сосын, қазақ тіліндегі алғашқы сұраққа тұп-тура 13 сөзді қазақша айтып, әрі қарай орысша жауап берді. Қазақша қойылған екінші сұраққа 26 сөзді қазақша сөйлеп, арғысын орысша жалғады. Үшінші қазақша сұраққа 15 сөзін қазақша арнады да, әрі қарай орыс тілінде жалғастырды.

Осылайша, Үкіметегі ең жас министр деген Әсет Ерғалиев те ана тіліне «ақсақтар» қатарына қосылыпты. Ел үкіметінде мемлекеттік тілді мүлде білмейтін, тіпті қырын қарайтын қызметкерлер аз емес. Олардан бөлек Ерғалиев секілді ежіктеп сөйлейтіндер мен ана тілін ұмытып қалғандар да толып жүр.

Бір қызығы біз сөз етіп отырған Ұлттық экономика министрлігін көбіне мемлекеттік тілді жөнді білмейтіндер басқарады. Алысты айтпағанды, соңғы жылдары аталған министрлікті басқанған Ерболат Досаев, Руслан Дәленов қатарлы министрлер де мемлекеттік тілге жүйірік емес еді. Тіпті Тимур Сулейменов деген сабаз «Мәскеуде бес жыл тұрып, қазақ тілін ұмытып қалдым», айды аспанға шығарған.

Бейнесі, су жаңа экономика министрі Әсет Ерғалиев те Сүлейменов секілді «ағаларының» жолын жалғастыратын секілді. Депутат Дүйсембинов айтқандай, тәуелсіздіктің құрдасындай болса да ана тілінде ойын жеткізе алмайтын байқалды. 34 жастағы жас министрдің қазақ тілін толық білмеуі, «Тәуелсіздіктен кейінгі буын билікке араласқанда мемлекеттік тілдің мәртебесі арта ма», деген ойымыздың қате екенін көрсетті...

Abai.kz

49 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1961