Сенбі, 23 Қараша 2024
Мәйекті 16890 11 пікір 8 Ақпан, 2021 сағат 12:38

Бөкей Орда қазақтарының мақал-мәтел, жұмбақтары...

Халық мұрасы: мақал-мәтелдер мен жұмбақтар

Қазіргі жаһандану заманында тарихи құнды жәдігерлер мен құжаттарды көздің қарашығындай қорғаумен қатар, оны қалың көпшілікке таныту және халық игілігіне айналдыру аса маңызды да қиын, әрі жауапты іс. Сондықтан да «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында елімізде көптеген игі істер атқарылды. Сайып келгенде, Мәдени мұра – мәңгілік мирас. Алыс, таяу шет елдердегі архивтерден еліміздің тарихына қатысты құнды да баға жетпес тарихи құжаттардың көшірмесі елімізге қайтарылып, халқымыздың игілігіне қызмет етуде. Төл тарихымызға қатысты көптеген деректер көрші Ресейдің Мәскеу, Санкт-Петербург, Астрахань, Орынбор, Саратов, Омбы, Қазан, Уфа, Томск, басқа да қалалар архивтерінде жатыр.

Мысалы, Орынбор облыстық мемлекеттік архивінің №96 қорында халқымыздың қазақ тілінде жазылған 203 беттік ертегілері мен өлеңдері сақталған болса, осы қорда А.С.Добросмысловтың Торғай облысынан жинаған күміс, қола, мыстан жасалған 284 қолөнер бұйымдары тізімдемесі сақталған.

Осындай жәдігерлердің бірі де бірегейі – Бөкей Ордасы қазақтарының XX  ғасырдың басында, яғни 1909 жылы 19 қарашасы мен 1 желтоқсаны аралығында жинақталған ертегілері мен мақал-мәтелдері, жұмбақтары.

Олардың ішінде «Бір кісінің үш баласы хақында», «Бір кісінің отыз ұлы хақында» және «Бір байдың жалғыз баласы турасында» атты ертегілер қазақ ертегілері жинағына сұранып тұрған тұшымды дүниелер. Халықтың қазыналы мұрасына байланысты тоқталсақ. Ескі жәдігерлердің айтары-берері әлі де тұнып тұр. Мысалы, әдеби мұралардың бертінірек белгілі бір деңгейде бұрмаланып кеткенін көреміз. Мектеп оқушылары «Қабат-қабат қаттама, ақылың болса аттама» деген жұмбақтың шешімін «кітап» деп оқып жүр, ал ертедегі нұсқасында «Құран» деп көрсетілген.

Солардың бірі ретінде Қазан қаласы архиві қорында сақталған бірнеше ертегі  мен мақал-мәтел, жұмбақтар біздің қолымызға да тиді. Соның ертегілерден басқасын оқырмандар назарына ұсынғанды жөн көрдік.

Бөкей Ордасы қазақтарының мақал-мәтелдері:

Берген биге жарыған, бермеген неге жарыған?

***

Жоғары қарап пікір ет, төмен қарап шүкір ет

***

Сөздің расына сенбе, келісіне сен.

***

Рулының егі түссе жоғалмас, жалғыздың жағы түссе табылмас.

***

Атың барда жер таны, асың барда ел таны.

***

Бермесе де бай жақсы, жемесе де май жақсы.

***

Байдың малы ардақты, жарлының жаны ардақты

***

Күндік ғұмырың болса, түстік мал жина.

***

Байлық мұрат емес, жарлылық ұят емес.

***

Мал таппас жігіт болмас, құрарын айт, ұл таппас қатын болмас, тұрарын айт.

***

Қонақтың аты қолда игі.

***

Ат басына күн түссе, ауыздығымен су ішер, ер басына іс түссе, етегімен су кешер.

***

Шешеннің тілі ортақ,

Шебердің қолы ортақ.

***

Жоғалып табылған мал олжа, ауырып жазылған жан олжа.

***

Жаман атты суға айдаса жалдар дер,  жаманға ақыл айтса алдар дер.

***

Ат пысқырса шабады, байтал пысқырса табады.

***

Құдандалы болғанша, құл ма, би ме сұрарсың, құдандалы болған соң құл да болса сыйларсың.

***

Жарлы болсаң арлы болма, қарап тұрып сорлы болма.

***

Алып анадан туады, тұлпар биеден туады.

***

Жарлы өлгенше малдан дәмелі,

Ауру өлгенше жаннан дәмелі.

***

Дұғалы құл арымас,

Дұғасыз құл жарымас.

***

Жүйрік атқа жал бітпес, тақтаққа мал бітпес.

***

Жақсының жақсылығы тиер тар жерде, жаманның жамандығы тиер әр жерде.

***

Қатыңды бастан

Баланы жастан.

***

Балаңды молдаға бер, молдаға бермесең, Ордаға бер.

***

Ауру астан, дау қарындастан.

***

Ақылсыз досың болғанша,

Ақылды дұшпаның болсын.

***

Аузы жаман ел былғар,

Аяғы жаман төр былғар.

***

Атасы басқамен аң аулама,

Атар да жанына байлар.

***

Өз көзің өлгеніңді тірілтеді.

***

Ырыс қашша да, туыс қоймайды.

***

Құртым-майым барында құдағай келін деседі, құртым-майым жоғында қомағай келін деседі.

***

Біткен істің міні жоқ.

Бітірген ердің кемі жоқ.

***

Қараша хан тұсында,

Қатын ер тұсында.

***

Қолыңнан келместі беліңе байлама.

***

Өлім байдың малын шашады, жарлының етегін ашады.

***

Ілгері басқанның иті оттайды.

Кейін кеткеннің келіні ұры қылады.

***

Тойда тоныңды бер.

***

Істегенің жатық болса, ішкенің қатық болар.

***

Жүргенің қисық болса,

Ішкенің сұйық болар.

***

Ағайынның аты озғанша,

Ауылдастың тайы озсын.

***

Айтулы достың малы бір,

Кемеге мінгеннің жаны бір.

***

Есік көргенді алма, бесік көргенді ал.

***

Алыстан арбалағанша,

Жақыннан дорбала.

***

Би болсаң да – игі болмассың.

***

Кісі көре-көре көсем болады, сөйлей-сөйлей шешен болады.

Бөкей Ордасы қазақтарының жұмбақтары:

Бесік, бесік бес жұмбақ, бес атадан қалған жұмбақ, ағеке айтқан жұмбақ, ақ молдекем шешкен жұмбақ.

(Құран)

***

Қабат-қабат қаптама, ақылың болса, аттама.

(Құран)

***

Тасыр-тасыр тау үркер, жылғадағы жылқы үркер, жылқы ішінде түлкі үркер.

(Күннің күркіреуі)

 ***

Алдында екі аяғы бар, артында бір аяғы бар.

(Аттың шідері)

***

Мың бас, жерге түссе сынбас.

(Ине)

***

Біздің ауылдың күйеуі, басы қара бас.

(Сіріңке)

***

Қараңғы үйде қабан күркірейді.

(Күбі мен піскек)

***

Үрпек-үрпек тау, үрпек таудың астында екі қарақұндыз, оның астында екі жарық жұлдыз, оның астында екі тышқақ тоқты, оның астында жұтқын-жұтқын тағы бар.

(Шаш, қас, көз, мұрын, ауыз)

***

Мың қойымды бір шыбықпен айдадым.

(Шаш алу)

***

Қарабай аттан жығылды, тойына жұрт жиылды.

(Ет пен қазан)

***

Бір жасыл шөп пен судан басқа тағамы жоқ.

(Аққұман)

***

Алыстан хабар алынған, айтқан сөзі жазылған.

(Телеграф)

***

Кішкентай ғана былғары, ол жоқ болса жұртты жылатар.

(Ақша)

***

Ақ шалмалы молдалар, ыққа қарап алданар.

(Қамыстың басы)

***

Біз-біз, біз едік қырық арба қыз едік, таң атқанша жайылдық, таң атқан соң жойылдық.

(Жұлдыздар)

***

Ербегей де сербегей, ергізде үйге кірмеген.

(Арба)

***

Өмір, өмір, өмірден,

Жұмыртқасы көмірден.

Зымыран деген бір құс бар,

Жұмыртқасы темірден.

(Мылтық)

***

Алпыс кемпір ат ұстап тұр,

Жетпіс кемпір жер тістеп тұр.

(Уық пен кереге)

***

Терең-терең сайларға терек неге бітпейді, келепандай қошқарға құйрық неге бітпейді?!

(Түйе)

***

Мың қойым суға кетті, артынан көжек пақыр қуа кетті.

(Бидай мен ожау)

***

Дермен-дермен тасы бар, айқарағай қасы бар, соны тапқан кісінің жүз жиырмада жасы бар.

(Құлпытас)

***

Жер астында жездекем аты кетпейді.

(Тышқан)

***

Үй артында бүкір терек – күресуге кісі керек.

(Үй басатын тез)

***

Ана ауылдың бурасы, мына ауылдың бурасы, желпілдейді шудасы.

(Түтін)

***

Құрттай ғана қараша, қашағандағы тамаша.

(Бүрге)

***

Ай, құшақ, үй құшақ, жинап алса бір құшақ.

(Кереге)

***

Ұштым ұшбаққа шықтым, тептім терекке шықтым.

(Үзеңгіге шығып, атқа міну)

***

Құрттай ғана тостаған, көтеріп мені тастаған.

(Үзеңгі)

***

Қараңғы үйде қара орыс.

(Баған)

***

Көгенде көк лағым семіреді.

(Қарбыз)

***

Ары лап, бері лап, қызыл қап, темір сап.

(Сандық)

***

Белең, белең, белең ат, белі қайқы күрең ат, тауға шықса таймас ат, талау тисе өлмес ат.

(Құмырсқа)

***

Шидым, шидым, шидым құс,

Ши басына қонған құс.

Қарқыраған қара құс,

Хан басына қонған құс.

(Шыбын)

***

Аттан биік, иттен аласа.

(Ер)

***

Үй айнала қан тоқыдым.

(Басқұр)

***

Апаңн-апан ескі шапан, төрт таптауыш, бір былғауыш, екі діңгек, бір үйрек, жарық жұлдыз.

(Түйе)

***

Ұзын-ұзын үз келер, ұзын бойлы қыз келер, қабақтары қалтырап, беттері жалтырап.

(Су)

***

Бойы сырықтай, мойны құрықтай, сауайын десем иілмейді, саумасам күркірейді.

(Түйе)

***

Ақ күшігім жүгіре-жүгіре буаз болды.

(Ұршық)

***

Ел жатса да, енекем жатпайды.

(Мүйіз)

***

Ана ауылдың иті қабаған, мына ауылдың иті қабаған, маңдайына темір жамаған.

(Қырғыш)

***

Жабықта жарты таба.

(Ай)

***

Алаң-алаң ала аяқ, жүгіріп жете алмадым жалаң аяқ.

(Көлеңке)

***

Аттаған жері атандай, басқан жері бармақтай.

(Таяқ)


Аққали Ахмет,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті, т.ғ.д.

Abai.kz

11 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1469
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3244
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5404